Эпатажды эпопея — қызыл балық

Істелуіне аз уақыт, минимум еңбек жұмсалатын әрі тез дайын болатын ауқатқа зәруміз делік. Тоңазытқышта тіскебасар провианттан қызыл балық бар деп қиялдайық. Төменгі сөрелерінде гарнирге лайықты кәкір-шүкір. Болды, енді турау-отқа қоюға ыңғайласамыз.

Аздап қыздырылған табаққа майдалап туралған пияз, ол қызғылт түске ауыса берген тұста орташалау туралған картопты үйеміз үстіне. Қалауымызша тұздаймыз. Ортадан жоғары отта 20 минуттай уақыт ішінде пісуі керек. Түбі қатып қалмауы үшін араластырып тұрыңыз.

Балбырап тұрған қызыл балықты жуып аламыз.

Екі жағын аздап тұздаңқырап, сковородаға саламыз. Оттың орташадан сәл жоғары болуы құп.

Әлгілеріміз баппен пісіп жатқанда, салат жасап жіберуге болады. Мысалы, қызан, қияр, салат жапырағы, брынза мен зәйтүннен жасалық.

Тәптіштеп жататын түгі де жоқ, майдалау етіп турап, тұз қосып, араластырып, үстінен аздап май құйыңыз. Салат дайын.

Он минуттай уақыттан кейін балықты төңкереміз. Тура сонша уақыт екінші жағы да қызынып, пісуі қажет. Одан кейінгі процесс тіптен оңай: ыдысқа мұқият орналастырасыз. Негізі, фантазияңызға қарай әрлей беруге болады түрліше. Гарнирге кейбіреу картоптың орнына күрішті талғауы мүмкін.

 

Тамақ желініп болғасын жеңіл десерт жасап жіберуге болады. Кептірілген өрік, мейіз бен жаңғақты майдалап, жинақталған массаны кішкентай қасық балмен араластырамыз. Алынған қоспаны балмұздақтың үстіне себеміз. Десертіміз дайын.

Барлығын дайындауға бас-аяғы отыз минуттай уақыт кетті.

Дайындаған: Нұрғиса. Сілтемесі көзі: http://www.kerekinfo.kz/blog/1714.html

Categories: Отбасы

Write a Comment

Your e-mail address will not be published.
Required fields are marked*