Дүкен кезген еркектің іздегені не екен?

Дүкен кезген еркектің іздегені не екен?

Британдық психологтар ұзақ жылдар бойына жүргізген тәжірибе барысында «джентльмендердің» 70 пайызы дүкен аралау барысында нағыз «аңшыларға» айналатындығы анықталған. Өйткені олар ешқандай зат сатып алмаса да сөрелерде сырты жылтыраған тауарларға қызыға қарағанды ұнатады. Керісінше әйелдердің 80 пайызы дүкенге кіргенде міндетті түрде бірдеңені қолтығына қыстыра шығуға дағдыланған.

Әрі олар орман ішінен саңырауқұлақ іздеген адамдардай асықпайды, сабыр сақтап, бір затты алу үшін тауарды сағаттап тұрып қарайды. Өкінішке қарай, жігіттердің жүйкесі жұқалау. Еркектер есіктен кіре асықпауға тырысқанымен, бірінші кезекте өзіне аса қажетті затты табуға тырысады. Дүкен ішінде ұзақ жүрсе де жүрісі шапшаң, сөрелерге көз тоқтата алмайды. Сараптама қорытындыларына қарағанда, британдық «аңшылар» сауда орнына барған жағдайда кемі 72 минут уақытын сарп етсе, бұл шаруаны орыстар 20 минутта реттейді.
Еркектерге дүкенде ұнамайтын бір ғана нәрсе – кезек. Қанша зәру зат болса да ерлер кезекке тұруды жаратпайды. Сондықтан болар, көп жағдайда тауарды кезексіз алуға тырысатындар арасында бір-біріне жұдырық ала жүгіретіндерді жиі көруге болады. Сатушылардың сөздеріне қарағанда, жуанжұдырықтылар әйелдерге қарағанда ең сенімді тұтынуны. Ол дүкеншіден бір затты сұраса, оны ұзақ уақыт не аларын, не алмасын білмей, әр¬нәрсені сылтауратып тұрмайды. Ұнады ма, бітті. Ақшасын санап береді. Алайда әйелімен бірге қыдырған жігіттің жүй¬кесі азық-түлік немесе киім-кешек толы сөмкені көтеруден-ақ шаршайды.
Қысқасы, «магазиномания» дертіне шалдыққан отағаларының қатары күн санап өсуде. Мәселен, Батыс елдерінде жігіттердің 5 пайызы, тіпті сауда-саттық қызығымен жүріп «ауру» тапқан. Бір ерекшелігі, олардың дені қалталылар емес, тұрмысы орташа отбасылардан. Енді бұл әдет адамға қандай зиян немесе пайда әкелетіндігін ой елегінен өткізіп көрейік. Егер жұмыс уақытында қыдырып кетпесе, бос уақытта дүкен аралаған әйелге де, еркекке де пайдалы. Біріншеден – адам айналасында не болып жатқанын, адамдардың күнделікті тіршілігін бақыласа, екіншіден – бұл миға массаж жасаудың бір түрі.
Бірақ басты мәселе ақшаға тірелетіні анық. Мысалы, британдықтар дүкенге бір бас сұққанда жүйкесін жұқартпай-ақ ай¬лық жалақысының үштен бір бөлігін жұмсап қояды. Бұл жағынан орыстар өте сақ қимылдайтын көрінеді. Ал қазақтардың арасында «ақшадан тау тұрғызған» байлар теңгенің бетіне қарамайды. Қара нан мен қара шайға қараған қазақ¬тар ғана қаржыға келгенде, қытымырлығын көрсетіп алады. Сонымен қатар, зерттеулер көрсеткендей, ерлердің сауда-саттыққа араласуы әйелдерге қарағанда қауіпті екенін ескерте кеткеніміз дұрыс. Олар дүкен ішіне кірген бойда айналасына жіті назар аудармастан, өзіне керекті зат тұрған бөлімге бірден ентелей жетіп барады. Расын айтқанда, әйелдер секілді заттың бағасына бас ауыртып, саудаласып жатпайды. Ал үйде аһ ұрып қалатын баяғы әйел. Бір мысал: май құю стансасындағы дүкеннен әдемі пышақ көрген еркек әйелін қуанту үшін сатып ала салады. Сол пышағыңыз базарда өте арзан. Осыдан соң әйелдер күйеулеріне зат сатып алуға қалай сенсін? Басы бәлеге қалып, нәзікжандылардың жынына тиіп, ауыр сөз естиді.
Лондонда жүргізілген сауалнама барысында жігіттердің сауда-саттыққа араласуының соңы олардың көпшілігінің денсаулығына зиян екені анықталған. Тіпті араларында ауыр сөзді көтере алмай, жүрек дертіне шалдығатындар да бар.
Сізге қарапайым тілмен түсіндерер болсақ, әйелдер мен еркектер дүкенде өздерін түрліше сезінеді. Өйткені заттың бағасы мен сапасы жұмсалған қаржыға тати ма? Бұл сауалға екі жыныстағылардың берер жауабы әртүрлі болып шығады. Мәселенки ерлер оған соншалықты мән бермесе, әйелдер үшін ол өте маңызды. Арулар жағы кейде сапалы затты қымбатқа алса да, өзгелерден қуанышын жасыра алмайды. Өкінішке қарай, мұндай сезімге берілу жігіттер жағында бола бермейді. Осыдан барып стресстің кімге қалай әсер ететіндігі анық байқалады.
Әйелдер электродүкендерге кіргенде күйеуінің көзіне қараса, жанарынан қуаныштың ізін байқай алады. Дәл осындай көріністі ерлер әйелімен ыдыс-аяқ немесе киім-кешек дүкеніне барғанда наық байқайды. Басында баспанасы жоқ отағасының өзі құрылыс заттары базарын ұзақ уақыт алаңсыз аралайды. Сағат алар болса, оның бүге-шігесін жалықпай сұрайды. Олардың жанында шүйкебастар дүкенді тез-тез аралағанды ұнатады. Бәрінен де қызығы, соңғы жылдары кейбір дамыған елдерде ерлерді саудаға қазіргіден де жиі тарту үшін психологиялық қызмет жандана түскен. Ірі супермаркеттер арнайы ерлер залын ашқан. Батыс елдерінде ерлерге арналған сауда залдарының арнайы тұжырымдамасы жасалған.
Мамандардың пікіріне қарағанда, тек шығармашылыққа бір табан жақын адамдар сауда-саттыққа да икемді келеді. Ал интернет арқылы сауда жасайтындардың басым көпшілігі – еркектер. Олардың 42 пайызы интернет-дүкендердің сайтына кіруде алдыларына жан салмайды. 41 пайызы сәтті сауда жасаса, 45 пайызы тауар туралы ақпараттарды ақтарып, өзге жерлердегі бағалармен салыстыруға көп уақытын жұмсайды. Негізінде олардың 35 пайызы ғана нақты сауда жасайды. Енді өздеріңізге берер кеңесіміз біреу: Егер әйеліңіз базар жағалауды жаны сүйсе, мұндайға сіздің әуестігіңіз болмаса, оған ілеспегеніз дұрыс. Ондай жағдайда жүйкеңіз сыр беріп қалуы мүмкін. Ал денсаулық бәрінен де қымбат.

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
Британдық жігіттер дүкен аралау барысында сұлу қыздар мен көрікті келіншектерге көз тастауды да ұмытпайды екен. Орта есеппен алғанда британдық ерлер өз өмірінде алты айды нәзік жандарға көз сүзумен өткізеді.
Әр еркек күн сайын біріне-бірі ұқсамайтын сегіз аруға көз қырын салады. Бұл кезде әрқайсысына кемі екі минут уақыт жұмсайды.
Жігіттердің бірден көзі түсетін нүкте анары, содан соң – қасы мен аяқтары. Өз кезектерінде арулар да күніне екі жігітке орта есеппен бір минуттай көз тоқтатады. Сөйтіп, өз өмірінің бір айын ғана мұрттыларды бақылауға арнайды.
Ерлер арасында жүргізілген сауалнамаға жауап берген жігіттердің жартысынан көпшілігі «мұндай «бақылаудың» ешқандай сөкеттігі жоқ» деп есептейді. Ал әр үшінші еркек көзі түскен аруды «құшып» тынғанын жасырмаған.

Мақала «Айқын» басылымынан алынды.

Write a Comment

Your e-mail address will not be published.
Required fields are marked*