«Современный» қайын енелер жас келінге қандай өнеге көрсетіп жүр?

«Современный» қайын енелер жас келінге қандай өнеге көрсетіп жүр?Салт-дәстүрдің тереңіне бойламай, мағынасын түсінбей, қателесіп жүргеніміз жасырын емес. Олай дейтінім, бұрынырақта той иесі бет ашқан адамға арнайы сый-сыяпатын өзі жасаған. Әл-ауқатына қарай бет ашқан адамды риза етіп аттандыра білген, құр қол қайтармаған. Яғни беташар барысында аты аталып, келін сәлем салған адамдарды әуреге салмаған. Үйлену тойларындағы тағы бір келеңсіздік жас келінге алты-жеті жасар балаға дейін иілтіп сәлем салғызатынымыз. Ескеретін жайт, келін күйеуінен жасы кіші адамға ешуақытта сәлем салмаған. Иіліп сәлем салу – үлкенді сыйлаудың белгісі. Келін түсіру тойындағы тағы бір жағымсыз көрініс келіннің екі жағындағы екі жеңгесіне қатысты. Үлбіреген келіннің екі жағындағы орамал салмаған, жалаңбас, ол аз десеңіз, шалбар киіп алған екі жеңгені «современный» абысындарды бәріңіз көріп жүрсіздер. Олар жаңадан босаға аттаған жас келінге қандай өнеге көрсетіп тұр? Сәлем салғандағы шалбарланған екеудің іс-әрекеті сырт көзге қалай көрінер еді? Міне, осыған мән бере бермейміз. Бұл біздің үлкен қателігіміз. Қазір салт-дәстүрді білмейтін, келінімен жарысып, ашық-шашық киінетін, күйеу баласымен стақан қағыстыратын «современный» енелер де аз емес. Олар келінге дұрыс бағыт көрсетіп, жөн сілтей алмағандықтан, ұрпақ тәрбиесі де белгісіз арналарға бұрып кетіп, зиян шеккізіп жүр.

Үлкенге иіліп сәлем салу арқылы «көп жаса», «бақытты бол, айналайын» деген тәрізді ақ бата, жақсы сөз, игі тілек еститін келіннің бағы артады, алдынан кесіп өтпей, бетіне бедірейіп қарамай, сәлем салған келінге үлкендер жағы да риза болады. Сол кішкене сәлемнің өзі сыйластық қарым-қатынасқа бастар үлкен жол емес пе?! Өкініштісі сол, бүгінде сәлем салуды, келін сәлемін тек кітаптан оқып, кіріптар болып жүрміз…

Зейнеп АХМЕТОВА

Comments

  1. Динара Абилденова
    Динара Абилденова 16 Ақпан, 2012, 23:10

    Рахмет Сізге Зейнеп апай! Осыған дейін кімге, қай кезде және сәлем салудың мәнін дұрыс білмей келіппін. Болашақта ескерермін.

    Reply this comment

Write a Comment

Your e-mail address will not be published.
Required fields are marked*