«Құлақсүйінші» немесе құрсақтойдың қасиеті

Ата-ананың арманы
Қазақ – ерекше балажан халық. «Балалы үй базар» деп, баланың көптігінен үйі базардай шуға толып, «миы ашып» жатса да, көп көрмеген. Тіпті ырым етіп балаларының санын бадырайтып айтпаған. Сұрай қалғандарға «құдайға шүкір, біраз жаман қаралар бар ғой…» деп жорта жауап берген. Енді бір сәт әжелер «ғылымына» назар аударып көрейік. Ата-ананың ұрпақ жалғастығы дегенде тілеуі бітпейді. Өз баласын қанаттандырған соң, баланың баласын көруді көксейді. Әсіресе ұлы ержеткен ата-ана отау көтеріп, оң жағын қызартып келін түсіруді армандайды. Тіршілікте тірі адамның арманы таусылған ба, келін түсіп, басына бас қосылған соң, «балам балым, баламның баласы жаным» деп немере сүюді аңсайды. Жаңа түскен жас келінге қойдың ұлтабарын жегізіп ырым етуі де сол ақ ниетті ізгі арманның бір көрінісі. Үлкендердің жас келінге: «Көп жаса, үбірлі-шүбірлі бол! Етегің баладан кеппесін, ұл тап!» деп бата беруі де адам өмірінде ұрпақтың қаншалықты маңызды екендігін білдірсе керек.
Сөйтіп, келін түсіп бір тілегіне жеткен тілеуқор ана күн өткен сайын келіннің бойындағы, жүріс-тұрысындағы кішкентай өзгерістің өзін қалт жібермей, оның себебін турасынан сұрамай, жайлап, қамқорлығын жасай жүріп, бақылауға алады. Тек ене ғана емес, абысын-ажындары, ауылдағы жанашыр аналар «жақсылықтың нышаны қашан байқалар екен» деп күте бастайды.

«Құлақсүйінші» немесе құрсақтойдың қасиеті«Құлақсүйінші» немесе құрсақтойдың қасиеті
Күндердің күні келіннің асқа тәбеті соқпай, қалтарысқа жиі барып лоқсып жүргенін көрген әйелдердің бірі оның енесіне келіп, «келініңіздің құрсағы аққа жарыпты» немесе «келініңіз ақ алғысты болыпты» деп келіннің жерік екенін әдемілеп, астарлап жеткізеді. Қуанышты хабарды алғаш жеткізген адамға жөн білетін ене көңіл ризашылығын білдіріп, «құлақ сүйіншісін» береді. Жайды ұғар жақсы ене көптен күтіп жүрген жүрекжарды хабарды естіген соң бір шаршы ақ орамалды қара шаңырақ саналатын сол әулеттің үлкен үйінің оң босағасына апарып байлайды. Бұл тұңғыш перзенті бойына біткен келінді «ата-бабалар рухы қолдап-қоршап жүрсін» деген ізгі ниеттен туған ырым әрі келіннің аяғы ауыр екенін басқаларға да жеткізіп, жақсылықты жариялау. Сол ақ орамал белгісінен бастап, ауылдың үлкен-кішісі келінге болашақ ана ретінде қарап, көңіл демеуін, қол көмегін көрсетуді өздеріне парыз санаған. Парасатты ене арнайы дастарқан әзірлеп, «құрсақшашу» немесе «құрсақтой» деп аталатын дәстүрлі қонақтыққа ауылдағы әйелдерді түгел шақырған. Шақырылған әйелдер құрқол келмейді, әрқайсысы өз үйлерінен бір-бір тағам әкеледі.
Ондағы мақсат келіннің жерік асын табуға жәрдемдесу. «Құрсақшашудың» мәні де осында жатыр. Егер келін сол дәмдердің бірін сүйсініп жесе, тағамды әкелген әйелдің де қуанышы артып, көңілі асып-тасыған. Мүмкіндігінше келіннің жерігі басылғанша сол асты өзі даярлап берген. «Құрсақшашуда» келіннің аңсары ауған дәм табылмаған жағдайда да, жерік асты іздеу тоқтатылмаған. Ретін келтіріп қалайда табуға әрекеттенген. Бұған тек әйелдер ғана емес, ер-азаматтар да шет қалмай атсалысқан. Әсіресе келіншектің қайнылары, күйеуінің құрбы-құрдастары, дос-жарандары аңның, құстың еті секілді әуес дәмдерді тауып әкеліп, жәрдемдесе білген. Жерік ас кейде тосын, күтпеген нәрсе болуы да мүмкін. Ол болашақ ананың өз таңдауына байланысты емес, еркінен тыс болатын құпиялы құбылыс.
Ел ішіндегі аңыз-әңгімелерде жолбарыстың, қабыланның, аюдың, ұлардың етіне жерік болған аналардан туған балалар кейін алып батыр, ақылгөй дана болғандығы жайлы көп айтылады. Әрине, аңыз тарих емес, алайда әр аңыздың түбінде тарих жатады…

Зейнеп АХМЕТОВА

Comments

  1. Еркалар
    Еркалар 20 Ақпан, 2012, 12:08

    Жақсы мақала, сайттарыңыз дами берсiн…

    Reply this comment

Write a Comment

Your e-mail address will not be published.
Required fields are marked*