Адам қуатты табиғаттан алады

Адам қуатты табиғаттан алады
Бұл біз үшін жаңалық емес, бұрынғы өткен аналарымыз келіндерін табиғаттың өзімен тәрбиелеп, сол арқылы ұрпағына қамқорлық жасаған. «Шырағым, заңғар тауға қара, немеремнің өресі биік болсын. Жазық далаға, көкжиекке көз жібер, немерем кең пейілді дарқан болсын. Жайнаған гүлге қара, жайқалған көкорайға назар аудар, сәбиің шырайлы болады. Бұлақтың көзін аш, бала қайырымды, мейірімді болады» деген секілді ақыл-кеңестерін айтып, жас келіннің табиғатты қастерлей түсінуге, жақсы қасиеттерді жаратылыстың өзінен үйренуге баулыған. Ой жіберіп қарасаңыз, көңілі күпті аяғы ауыр әйел түгілі, былайғы адамның өзі бір сәт тауға көз жіберіп қарағанда ойы биіктеп, көңілі өседі. Сол секілді жазық далаға, сағымданған көкжиекке көз салсаң, жан сарайың кеңігендей болады әрі адамның көру қабілеті артады.
Көңіліне түйгені мол көргенді енелер келіннің айы-күні жақындағанда далаға алып шығып, аяғын жалаңаяқтап таза жермен жүргізеді. «О, кеудесі түкті қасиетті Жер-ана, өзің медет бере гөр! Перзентіңді пәле-кесірден сақтап, бойын жеңілдете гөр!» — деп тілек тілейді екен. Мұны негізсіз деп айта алмаймыз. Өйткені адамның денесіндегі артық энергияны, сыртқы әсерден бойға сіңген былғаныш күштерді жер өзіне тартып алатыны дәлелденген. Найзағай түскен, электр тоғы соққан адамды жерге көміп емдейтіні сондықтан. Оның үстіне жалаңаяқ жер басып жүргенде табандағы нерв нүктелерінің қызметі артып, адамның денсаулығына жағымды әсер береді. Қазір емшілердің емдеу тәсілдерінде табиғаттың өзінен, яғни науқасты күннің нұрынан, айдың сәулесінен, оттан, судан, жерден күш алып емдейтіндер жайлы жарыса жазып, жар салып жатады. Бұл да қазаққа таңсық емес. Қолында аяғы ауыр келіні бар қамқор ене ай сүттей жарық түнде келінді ай сәулесінің астында серуендетіп, ғарыш күшінің әсерін дарытқан. «Бала айдай сәулелі, айдай көпке ортақ, білікті болсын» деп тілепті. Келінді ай жарығында суға түсіріп «бала судай таза, судай тұнық, судай қажетті болсын» деп тілеген. Іле-шала маздап жанып жатқан отқа жақындатып «бала айналасына оттай опалы болсын, оттай мейірімді, оттай күшті болсын» деп жас келіннің көңілін жақсылыққа жетелеп, жігерлендіріпті. Суық пен ыстықты кезек алмастыру арқылы денеге күш-қуат беруді ата-бабаларымыз бағзы заманнан білген…

Зейнеп АХМЕТОВА

 

Write a Comment

Your e-mail address will not be published.
Required fields are marked*