Кіндік шешенің бала тәрбиесіндегі орны

Кіндік шешенің бала тәрбиесіндегі орны«Жарыс қазан» қайдан шыққан?
Ертеректе перзентхана болмағандықтан, әйелдердің үйде босанғаны белгілі. Келін толғатқан заматта әйелдер қазанға ас салған. «Қазан қайнағанша бала дүниеге келсін», «толғағы жеңіл болсын» деп қазан менен толғақты жарыстырған. «Қазан қайнағанша аман-есен босанып қалсын» деген тілек жатыр мұның астарында. Бір жағынан, жаңадан босанған ананың сорпа-суы, әрі қуанышқа жиналғандарға дайындалған ас деп қарауға болады. «Жарыс қазан» деген дәстүр осыдан шықса керек…
Тіліміздегі «қол-аяғын аман-есен бауырына алды», «аман-есен жеңілденді» деген сөздер келіннің дүниеге перзент әкелгеніне қатысты айтылған. Қазақ еш уақытта «туды» деп айтпаған. Бұл сөз аңға, малға, жан-жануарға қатысты айтылады. Жақсылық хабарды жеткізушілер «атұстар», «құрықұстар келді» деп – ұл баланың, «шай қайнатарың келді, үкіңді дайында» деп қыз баланың дүниеге келгенін жеткізіп, бір-бірінен сүйінші сұрасқан. Осыдан-ақ әрбір сөздің айтылатын жері болатынын әрі қазақ халқының тектілігін аңғаруға болады.

Кіндік шешенің бала тәрбиесіндегі орны
Қазақ халқында кіндік шеше ерекше орны бар өте қадірлі тұлға деуге болады. Баланың өзінің туған анасынан кейінгі ардақтап құрметпен қарайтұғын анасы – осы кіндік шеше. Келіннің бойына алғаш бала бітіп, «ақ алғысты» болып, жерік болып жүрген кезінен бастап, енелері балаға кіндік шешені іздеп, іштей таңдай бастаған екен. Ол аралықта «мен болайын» деп қолқа салушылар да көбейеді. Солардың арасынан енелер болашақ кіндік шешені өздері таңдаған. «Ой, ана пәленшенің мінезі биязы, өзі үнемі жайдары жүреді», «түгеншенің қолының ісмерлігі бар» деп келіншектердің жақсы қасиеттерін жинақтай келе, кіндік шеше алдын ала белгіленеді. «Болашақ немереміздің кіндік шешесі өзің бол, ниетіңе жет» деп келіннің енесі қолқасын айтқаннан кейін кіндік шеше келінге қамқор болады. Ол аяғы ауыр болашақ анаға бойын күтуді, жүріп-тұруды, тіпті қалай тамақтану керектігіне дейін – барлығын үйретіп, іште жатқан шарананың өзіне әу бастан-ақ осылай қамқорлығын жасаған. Арасында үйдің тірлігіне де келіп көмектесіп жүрген. Бұрынғы кіндік шешелер келіннің босанатын күнін міндетті түрде білген. Өйткені «ай толғақ», «апта толғақ» деген сияқты босанғанға дейін болатын толғақтардың әр күнін санап, келіннің қай кезде босанатынын алдын ала болжап отырған.
Кеңес өкіметінің кезінде туылған балалардың барлығы деуге болады, өзінің кіндік шешесін білмеген. Өз алдымызға дербес мемлекет болмай тұрған жетпіс жылдың ішінде қазақ баласының кіндігін кім кеспеді дейсің… Қазақ «бала кіндік шешеге тартады» деп бекер айтпайды. Өйткені жаңадан шыр етіп жарық дүниеге келген баланың тірі тәнін қолымен ұстап тұрып, кіндігін кесу арқылы әрбір адамның бойында болатын биоөріс пен адам бойындағы қасиеттер белгілі бір мөлшерде балаға беріледі. Бала да бірден қабылдайды оны. Сондықтан баланың ата-анасына, ата-әжесіне тартпаған кейбір мінездері міндетті түрде кіндік шешесіне тартады. Кіндік шешені ардақтап, қадірлейтіні де, оған үлкен мән беретіні де сондықтан. «Ой, ол пәленшенің кіндік баласы ғой, әне, мінезі аумай қалған» дегенді естіп жататынымыз сол себепті. Біздің қазақ халқының психологиясының, мінез-құлқының өзгергені, кәдімгідей басқа жаққа қарай ауыңқырап кеткені осы жетпіс жыл бойы кіндігімізді кім көрінгеннің кескендігінде жатыр ма деп те ойлаймын кейде. Бұл негізсіз емес. Өз басым, баламның кіндік шешесінің кім екенін білмеймін. Сонау 1968 жылдары перзентханаларда қазақ дәрігерлері, қазақ медбикелері бірлі-жарым ғана болатын. Әсіресе, Алматыда. Перзентханаларда көбінде кілең басқа ұлттың өкілдері істеді. Қазір бір қуанарлығы, аналар өз баласының кіндігін кім кескенін біліп жатады. «Баламның кіндігін кескен адам» деп сый-сияпатын да жасап жатқанын көріп жүрміз. Бірақ олар – дәрігерлер, олар жас аналарды өздері босандырып, кіндігін өздері кесіп жатыр. Осы орайда «неге ұлттық перзентхана ашпасқа» деген ой мені жиі мазалайды. Ата-аналар өздері қалаған, өздерінің көңілдерінен шыққан, алдын ала сайлап қойған адамын перзентханаға апарып, арнайы медициналық бетперде мен халат кигізіп, неге кіндік кескізбеске, дәрігермен бірге жас босанған ананың жанында болмасқа?! Дәрігер өзінің міндетін атқарса, ал кіндік шеше баланың кіндігін кессе… Кейбір дәрігерлер «олай етуге рұқсат жоқ, бала босанатын жерге бөтен адамды кіргізуге болмайды» деп жатады. Ал енді кейінгі кезде әйелі босанып жатқан жерге күйеулері камерамен кіретұғын бір «мода» шықты. Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің, «былай тұрыңызшы, түсіріп алайын» деп гинеколог дәрігер мен акушерлерді былай ысырып жүретін сорақы жағдайлар кездеседі. Сонда олар қалай кіріп жүр? Қалай кіргізеді оларды? «Бір аяғы – көрде, бір аяғы – жерде», адамнан адам шығып жатқан қауіпті сәтте күйеулері сол жерде жүреді. Жасыратын ештеңе жоқ, бұл – талай перзентханаларда болып жатқан нәрсе. Олай болса, неге кіндік шешені де кіргізбеске?
Дәрігерлерге мың да бір рақмет, ана мен баланың өміріне жауап беріп, олардың денсаулықтарының қауіпсіздігін мойнына алып жүр. Олар өз міндеттерін атқарып жатыр, ал кіндік шешелік парыз мүлде басқа ғой. Бүгінде өзін босандырып алған дәрігерді «кіндік шеше» деп қабылдап жүр, ол да – дұрыс. Бастысы, баласының кіндік шешесін біліп жатыр. Көп жағдайда баланың кіндігін кескен адам басқа болғанымен, мына жақтан ата-ене сайлаған кіндік шешесі гүлін көтеріп, перзентханадан кіндік баласын шығарып алып та жатады. Шындап келгенде, бұл көзбояушылық емес пе… Ырым етіп, ниет қылғаны жақсы шығар, бірақ шынайы болғанға не жетсін?! Кіндігін кеспей, сырттай сайланған кіндік шешелер баланың тәрбиесіне қандай қолғабыс беріп жатыр? Ешқандай. Ары кетсе, жылына бір рет баланың туған күнінде сыйлықтарын әкеледі. Ара-арасында ойыншығын көтеріп келетіні болмаса, бәлендей жауапкершілікті сезінбейді. Ал бұрынғы кіндік шешелер баланың тәрбиесіне көп күш салған. Жас ана қол-аяғын бауырына алғанша, әбден үйренгенше баланы суға шомылдыру, керіп-созу, күту – соның барлығын енесінен бұрын кіндік шеше мойнына алып, өзі үйреткен. Балаға қатысты өткізілетін қырқынан шығарудан үйлену тойына дейінгі барлық игі шаралардың басы-қасында кіндік шеше ең бір қадірлі тұлға болған. Баланың ата-анасымен қатар, кіндік шешеге көрсетілер құрметтің орны бөлек. Қыз алысып, құдандалы болып жатқанда да, ата-анасымен аты бірге аталып, кіндік шешеге төрден орын берілген. Кейін бала да ержеткенде «кіндік ананың парызы» деп өз парызын өтеп жүретін болған. Қазақ кіндік шешені осылай қастерлеген, дәріптеген…

Зейнеп АХМЕТОВА

сурет:  mamamsk.ru

Write a Comment

Your e-mail address will not be published.
Required fields are marked*