«Итжейде» қандай болуы керек?

«Итжейде» қандай болуы керек?

Баланың ең алғашқы киімі – «итжейдені» кіндік шеше тіккен. Жұмсақ матадан, кейде тіпті жаңа матаның өзін жуып, жұмсартып барып кең, мол әрі ұзын ғып тіккен екен. «Итжейденің» мол етіп тігілуінің өзіндік мәні бар. Тіршілік дегенің зырылдап өте шығатын тақтайдай жол емес. Бірде – өрге өрлейсің, бірде – төмен сырғисың дегендей, ойы-қыры көп. Өмірде барлығы қос-қостан жаралған. Күн мен түн секілді жақсылық пен жамандық та, байлық пен жоқшылық та бірге жүреді. «Мынау қамшының сабындай қысқа өмірде таршылық көрмесін, басына тартса, аяғына жетпейтін жоқшылық көрмесін» деген ниетпен, «итжейдені» кең, мол әрі ұзын етіп тіккен. Бұл, бір жағынан, баланың емін-еркін жатуына ыңғайлы. Баланың терісі өте нәзік болғандықтан, денесіне батпасын деп «итжейденің» тігісі сыртына қаратылып тігілген. Қазіргі кіндік шешелер дүкеннен дайын киімді апарып жүр. Тіпті кіндігіне де жетпейді… Ата-бабаларымыздың айтқаны, ырымдағаны негізсіз емес деп ойлаймын. Осынау ұлан-ғайыр кең-байтақ жерімізге иелік еткен ата-бабаларымыз сол кездің өзінде қазақ деген халықтың кемеңгерлігі мен даналығын өзгеге мойындата білген. Бүгінде… Қарап тұрсақ, өз жерінде жүріп, базарда ала қап арқалап, үйсіз-күйсіз күн кешіп жүрген де, тұрмыстың тауқыметін өзгелерден көп тартып жүрген де – өз ұлтымыз, қазақтың азаматтары, қазақтың әйелдері… Кім біледі…

«Итжейдені» бала қырқынан шыққанша кигізген. Кейін қырқынан шығарғанда «итжейдеге» тәтті-мәттіні түйіп, иттің мойнына байлап жібереді. Балалар итті қуып жүріп, ондағы тәттіні шешіп алып, таласып жеген. Бір жағынан, содан да «итжейде» аталуы мүмкін. Қазақ итті «жеті қазынаның бірі» деп есептеген. Өйткені ит – иесінің тілекшісі әрі ырыс пен берекенің күзетшісі саналған. Ит иесіне адал әрі ит көптеп күшіктейді. «Баланың артынан көп бала ерсін, осы шаңырақта бала улап-шулап жатсын» деген тілек жатыр мұның астарында. Содан кейін тілімізде «итжанды» деген сөз де жиі кездеседі. Иттің төзімділігіне, қайсарлығына, адалдығына байланысты айтылғандықтан да, баланың бойында адалдық пен қайсарлық қатар өрілсін, өмірдің қиындығына төзе білсін деген ырыммен «итжейде» итке байланған. Балалар тәттілерін таласып-тармасып, өзара бөлісіп алған соң, «итжейдені» бала көтермей жүрген әйелдер не жаңа түскен келіндердің бірі «тілеуімізге жетейік» деп ырымдап қалап алған екен. Мұны әркім әрқалай түсіндіріп жүр, бірақ менің ұғымымша, «итжейденің» сыры осында болса керек…

Зейнеп АХМЕТОВА

сурет: mamanyam.ru

Leave a Comment