Ашамайға мінгізудің мәні

Ашамайға мінгізудің мәніБаланы үлкен аталарының бірі қолтығынан көтеріп тайына мінгізеді. Тайына мінген бала ағайын-туғанына барып, ауыл аралайды. Олар шашу шашып,  баланың тайы мен ашамайына көрімдік береді. Бұл жолы балаға міндетті түрде ерге қажет ат әбзелдерін тарту етеді, қамшы сыйланады. Бұл да – қазақтың өзінің салты. Көшпенді халық болғандықтан әркімнің өзінің жеке ер-тұрманы болған. Өйткені аттың табылуы оңай болғанымен ер табу қиын. Сол себепті де тайына мініп келген балаға барынша тек ер-тұрман жабдықтарын сыйлаған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ баласының атқа мінуі таңсық емес. Сөйте тұра «жайдағыңнан жаяу артық» деп жайдақ атқа мінуді қош көрмеген. Ауыл арасында апыл-ғұпыл асығыста мал қайыруға болмаса, былайынша жайдақ атқа мінгенді қазақтың баласы намыс санап өскен. Сол себепті де әр азамат алдымен ер-тұрманын сайлаған.

Үлкендер жағы «міне, сен ат жалын тартып мінер жігіт болдың» деп бұдан кейін  өзінің жеке тайы бар екенін балаға ұғындырып өсірген. Ашамайға мінудің ерекшелігі – ендігі жерде баланың өзінің ер-тұрманы, өзінің басыбайлы тайы болғандығында. Көшіп-қонған кезде де бұрынғыдай ата-анасының алдында отырмайды, яғни енді бәсіресі, өзінің жекеменшік тайы бар. Ашамайға мінгізу баланы еңбекке баулудың алғашқы баспалдағы деуге болады. Олай дейтініміз, кез келген бала өзінің бәсіре тайын ендігі жерде өзі бағып-қағады. Оны уақытымен жемдеп, уақытымен суарып, жал-құйрығын, үстін тарап, күтімге алады. Бала тайының алдында жауапты екенін, сол тайдың иесі өзі екенін сезініп өседі. Ендігі жерде тайдың күтіміне өзі жауап береді. Сонымен қатар ол бір ғана бәсіре тайды бағып-қағудың айналасында қаншама жаңа сөздерді үйренеді. Бұрын сөздік қорында болмаған жылқыға қатысты қаншама сөз баланың санасына сіңеді. Айталық, терлік, тоқым, үзеңгі, айыл, ер-тоқым, жүген, ауыздық, шідер, құрық, т.б…  Ол бұл атауларды үйреніп қана қоймайды, қалай қолданылуын да меңгереді. Бірте-бірте бала тайына мініп, өз үйінің қозы-лағын қарап, өз шаруасына араласа бастайды. Сол себепті де қазақтың баласы кішкентайынан мал танып өседі. Ол жауапкершілікке осы бастан үйренеді. Ерте есейеді, ақылы толысады, ой-санасы өседі, салмақты, байсалды мінез қалыптасады. Әсілі, біздің қазақтың балалары, қыз болсын, ұл болсын, ойыншықпен көп ойнамаған. Оларда көп ойыншық та болмаған. Ал қазіргі отызға келген жігіттерге қарап, балалығы әлі қалмағанын байқаймыз. Бүгінде баласы бар қай үйге барсақ та, бөлме толы ойыншықты көреміз. Отбасында нақты шешім шығара алмайтын, аталы сөзді ұғынбайтын ұрпақтың көбейгенінің бір ұшы осында да жатыр. Бұрынырақта керісінше, баланың ойыншықпен ойнағаны көпке созылмаған…

Кішкентай қазақты жауынгер, шабандоз әрі ер-азамат етіп тәрбиелеудің басы – осы ашамайлы тайға мінгізуден басталады. Лездің арасында көшуге, ашамайын ерттей салуға  қазақ баласы кез келген уақытта дайын болған. Демнің арасында киіз үй тігуге де қазақ баласы ерте машықтанған, яғни жинақылыққа, сақтыққа бейімделіп өскен.

 Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: xrest.ru

Comments

  1. Казак
    Казак 5 Июнь, 2012, 16:30

    ТАМАША ЖАЗЫЛГАН

    Reply this comment

Write a Comment

Your e-mail address will not be published.
Required fields are marked*