«Сүндетжейде» мен «сүндеткөрпе» жайында

«Сүндетжейде» мен «сүндеткөрпе» жайында

Ерте кезде баланы сүндетке қожалар, молдалар отырғызған. Баланы кез келген адам сүндеттемеген. Бұрынырақта бала сүндеттейтін қолы жеңіл, барлық жөн-жобаны білетін қожалар болған. Қу тілді біреу «қожасы жоқ ауыл жетім» деп бала сүндеттейтін адамы жоқ ауылды осылай қағытқан көрінеді.  Қалай десе де, сол заманда әр ауылда дерлік бала сүндеттейтін қолы жеңіл молдалар, қожалар болған. Баланы тақ жаста – үш, бес, жеті жаста сүндетке отырғызған.  Мейлінше көктем мен күз айларында сүндеттеу қолайлы деп есептелген.

Сүндетке отырғызған балаға арнайылап «сүндетжейде» мен «сүндеткөрпе» тігіледі. «Сүндетжейде» – кең әрі ұзын етіп тігілетін баланың жарасы жазылғанша киетін жейдесі. Мысалы, мен өзімнің немерелеріме өз қолыммен түйе жүннен «сүндеткөрпе» дайындадым. Базарда көрпенің сан түрі бар. Бірақ мен өз қолыммен жүнді түтіп отырып «айналасына жұғымды болсын», «ешкімге жамандық жасамасын», «өмірден тек жақсылық көрсін» деген жақсы тілегімді тілеп, көрпені өз қолыммен тіктім. Көрпенің бас жағына үкі қададым. Өйткені үкі қасиетті саналады әрі бала көрпенің бас жағы мен аяқ жағын шатастырмауы керек.   Көрпенің біресе – бас жағын, біресе аяқ жағын қалай болса, солай жамылуға болмайды. «Сүндеткөрпе» де – қазақта бұрыннан бар нәрсе. Дүкеннен дайын көрпені сатып алғаннан гөрі әр әже немересіне «сүндеткөрпені» өзі қолымен дайындағаны дұрыс деп ойлаймын. Кезінде Ержанымның «сүндеткөрпесін» әжесі тіккен болатын. Соның қабын сөгіп, жүнін жуып, содан Нұрсұлтанға «сүндеткөрпе» дайындадым. Өзінің әкесінің «сүндеткөрпесінің» түйе жүнінен баласына қайтадан «сүндеткөрпе» тіктім солай. «Сүндетжейде» мен «сүндеткөрпе» балаға міндетті түрде тігілуі керек.

 «Бұл менің міндетім еді…»

Менің әкем үлкен дәрігер болатын. Өзі де көп балаларды сүндетке отырғызған.  Есіме мына бір оқиға түсіп отыр. Ұмытпасам, әкем «Ислам және медицина» деген кітапты оқып отырып: «Ақымақ! Мына бір дәрігерсымақ елді шатастырып мынандай нәрсе жазыпты…», – деп ашуланып лақтырып жіберді. Жаңағы кітапқа «сүндетке отырғызу баланың өміріне қауіпті, бала мүгедек болып қалады» деген сияқты нәрселер жазылған екен. Мұндай түсінік Кеңес өкіметі кезінде белең алды. Өйткені ол кездегі жүйе адамның Жаратқан иеге деген сенімін тартып алды. Салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа деген сенімін жоғалтты. Сол кездері құрылған «Құдайсыздар қоғамының» ең бірінші белсене кіріскен шаруасы – осы сүндеттойды болдырмау, яғни сүндетті жою болды. Осының кесірінен Кеңес Одағы кезінде балалардың көпшілігі, әсіресе орысша оқығандардың балалары сүндетсіз қалды, ол – рас. Кеңес өкіметінің кезінде сүндеттой жасау деген мүлде ұмытылды деуге болады. Бірақ көптеген қазақ отбасылары жасырын болса да, баласын сүндетке отырғызуға тырысты. Той-томалақ жасап, дабыра қылмағанмен, қазақ мұсылмандығынан айныған жоқ. Біз қалада тұрсақ та ұлымызды сүндетке отырғыздық. Ол кезде атаның өз отбасы болды,  бізден бөлек тұрды. Бір жағынан, сол кезде Мәскеуге жолушылап кетіп, үйінде болмаған еді. Ержанның әжесі (Бәкеңнің нағашы апасы) өзінің сіңлісінің дәрігер баласын шақыртып, баламызды сүндеттеді. Кейін атасы келгенде айттық. Ата сонда қатты қуанды. «Бұл менің міндетім еді», – деп апаға алғысын айтты. Немересіне көрімдігін беріп, мәз болды. «Жылады ма» деп сұрады бірден. Ержанның жыламағанын, «Батыр бала Болатбекті» айғайлап айтып жатқанын айтып бердік. Атамның Мәскеудегі досына кішкентай немересінің сүндетке отырғызғанда қайсарлық танытқанын қуана жеткізгені жайлы жазылған хатының көшірмесін кейінірек архивінен таптық. Ата хат жазғанда міндетті түрде көшірмесін алып қалатын…

 Зейнеп АХМЕТОВА

 

Write a Comment

Your e-mail address will not be published.
Required fields are marked*