Шашты күнде жуу зиян

Шашты күнде жуу зиянды

Мамандар әр екі ай сайын сусабынды ауыстырып отыруға кеңес береді. Бағасы қымбат сусабындардың бәрі де сапалы бола бермейді. Бірақ, тым арзан да болмау керек. Өйткені, өте арзан құралдардың құрамында бас терісі мен шашқа зиянды элементтер табылуы мүмкін. Көптеген бағасы қымбат сусабындардың құрамында табиғи майлар мен мұқият тазалайтын қоспалар бар. Солардың әсерінен сусабынды кішкене үнемдеуге болады. Ал, шашын күнде жумаса, жүре алмайтын арулар үшін қымбат сусабынды қолдану – шығын болуы да мүмкін. Күнде жуылатын шашқа кететін қаржылай шығынды былай қойғанда, ол бас терісіне де зиян екенін трихология мамандары растап отыр.

         Әр адамның шашы өзіндік құрылым мен өзіндік түрге ие. Сусабынды шаш түріне қарай таңдау қажет. Құрғақ не майлы шашты күнара (араға бір күн тастап) жуып отырған тиімді. Шашты жиі жуған сайын оның майлылығы арта түседі. Май қабаты бас терісін құрғап кетуден сақтайтындықтан күнде тазарып отыратын шашта тез пайда болады.

Шашты күнде жуу зиянды

Байқасаңыздар, бұйраланған шашқа қарағанда бұйраланбаған шаштар тез майланады да, кір боп көрінеді. Оның мыры тіке шашта майдың тез таралуында ғана. Шаштың майлануы – кір емес, бас терісі аурудан аман, шаштың сау екендігінің кепілі. Өйткені, май қабаты шаш талшықтарындағы дымқылдың сақталуы мен су сіңірмеуіне ықпал етеді. Шашыңызды күнде жуған сайын оны табиғы қорғанысынан айырып отыратыныңызды ұмытпаңыз.

 Суреттер: iskusstvo-krasoti.ru; firstfemale.ru

Қателік

 Қателік  (қазіргі қоғамдағы аборт мәселесі)

(қазіргі қоғамдағы аборт мәселесі)

Анам мені алдыруды ойлаған,

Әкемде де мейірім жоқ әкелік.

Дүниеге әлі келе қоймаған

Сәби едім…

Менің атым  – қателік.

 

Әлди айтар әлемге бұл шыға алмай,

Бұлқынумен тар құрсақта тұншықтым.

Мен жылауды білмесем де, уанбай,

Тумай жатып,  қарғыс алған қырсықпын.

 

Әкем үшін әлі ертемін, дерт едім,

Алдымда ажал, жан-жағымда бекініс.

Ал шешемнің шерлі өзегін өртедім,

Шикі өкпемін… 

Менің атым – өкініш.

 

Жарып шығып жан анамның жатырын,

Жарық жалған, сені көрсем бір шығып.

Жанталасқан бір жетімге жасырын,

Төріңді бер, ей, тәкаппар тіршілік!

 

Әлсіз әке, ақылсыздау анама,

Тілім де жоқ айтар сыртқа теппе деп.

Сөніп барад бір шарасыз шарана

Өгейсіткен өміріне өкпелеп.

 

Келмей жатып, кең дүниеге сыймаған,

Бір ананың құрсағына сыйса да.

Мен – бәріне мұң мен қайғы сыйлаған,

Жақындары жатырқаған бейшара.

 

Бауыр еті бөлшектеген, безінген,

«Екеуіне» ел өсегі жоғары.

Селкілдеген бір-ақ сәттік сезімдер –

Бір бейкүнә жетімектің обалы.

 

Естімеген тірі пенде, бір адам

Іңгаламай іштен тынған шерлімін.

Мен анамның көз жасы боп құлағам,

Ал әкемнің күрсінісі – мендік үн.

 

Есік көрмей, анам ашқан етегін,

Маңдайымның соры болды сол менің.

Мешіт көрмей, менменсіген әкенің,

Баласы боп, мен де бесік көрмедім.

 

Уын таттым өзім білмес ғаламның,

Маған жабық бұл әлемге бөтенмін.

Мендік өмір – ащы өксігі анамның,

Ал, қабірім  – қателігі әкемнің.

Қателік  (қазіргі қоғамдағы аборт мәселесі)

 

Өлеңді жазған: Ботагөз Мұхиденқызы

Суреттер: Интернеттен алынды.

Наз

Наз

Хабарсыз кеттіңіз көп уақыт…

Ұқпадым

Жоғалттық нені біз?!

Ұялшақ жүректі тулатып,

Сіз мені «сүйем» деп едіңіз….

 

Ойымнан шықпайсыз күні-түн…

Сіз жоқсыз….(Өмірім мұздады-ай)

Біз шерткен сырларды ұмытып,

Алаңсыз жүресіз Сіз қалай?!

 

Үміті жылатпай жетелер

Көңілді…

Біз жүрген іздермен.

Мен Сізді жек көріп кетер ем,

Жүр мені Серт қинап Сіз берген…

 

Уәдеміз бір еді.

Білемін…

Мен берген Сертімді бұзбадым!

Селт етпей мен суйген жүрегің,

Қай жерде отырсыз Сіз…

Жаным…

Наз

Өлеңді жазған: Индира Кереева

Сурет: favim.ru

Қарағым, айналайын кекілдім-ай…

Қарағым, айналайын кекілдім-ай...

Халқымыздың балаларға арналған ғұрыптарының бірі – айдар қою. Айдар тек ер балаларға қойылған. Айдар қойғанда баланың төбесіне бір шоқ шаш қалдырып, қалғанын ұстарамен қырып тастайды. Айдар шашты кейде желбіретіп бос жіберіп, кейде жіпке өткізілген маржанды шашқа қосып өріп, ұшына шашақ тағып қойған. Бала сүндетке отырып, мұсылмандық парыздан өткен соң, айдар шашын алып тастаған. Кейбірі мүшелге толғанша айдарлы болып жүреді. Көнекөз қариялардың айтуынша, төре тұқымының жігіттері де айдар қойған екен. Адамның көзі баладан бұрын ерекше көрініп тұрған айдар шашқа түседі. Кейінгі кездері айдарлы балаларды жиі көретін болдық. Бұл – қазақ үшін тосын нәрсе емес, бұрын болған, ата-бабаларымыз қолданған ғұрыптың жаңғыруы, ұмытқанды еске алып, ескерудің көрінісі.

Қарағым, айналайын кекілдім-ай...

Кекіл қою да – бабаларымыздан қалған ғұрып. Кекіл – ұлға да, қызға да жарасып тұратын шаш. Ұл балалардың маңдайына бір шөкім шаш қалдырып, ұшын тегістеп, қасына түспейтіндей етіп қиып, қалған шашын алып тастаған. Ал қыз бала-лардың негізгі шашына тиіспей, маңдайына кекіл түсірген. Ер балаларға тек кішкене кезінде қойылса, қыздардың бойжеткенде де кекілі болған. Мұны:

Қарағым, айналайын кекілдім-ай,

Аққудың көгілдірі секілдім-ай.

Алтынның қолда барда қадірі жоқ,

Қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай, – деп жігіттің қызға арнаған өлеңінен көруге болады. Кекіл қоюдың өміршеңдігі соншалық, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Қазіргі шаш сәндеу үлгісінде кекілді жиі кездестіреміз. Кекіл көбінде қыздар мен жас келіншектерге әдемі жарасып, сән беріп тұрады. Тіпті бүгінде жасамыс әйелдердің өзі маңдайындағы әжімін көлегейлеп, кекіл қойып жүр.

Кекіл секілді тұлым қою ғұрпы да атам заманнан бар. Тұлым тек қыздарға қойылған. Екі самайдан құлақтың алдына төмен түсе желбіреп тұрған бір уыс шашты тұлым дейді. Қайсыбіреулер айтып, жазып жүргендей, кішкентай қыздар ғана емес, керісінше бойжеткендер де тұлым жіберген. Тұлым шаш қызды наздандырып бұла етіп көрсетеді. Өзінше сән беріп әрлендіріп тұрады. Мұны қылқалам шебері, суретші Әбілхан Қастеев атамыздың бұрынғы заман өміріндегі тұлымды арулар бейнеленген картиналардан көруге болады. Суретші қазақтың байырғы тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білген. Ол кісі – суреттері арқылы көргенін кейінгілерге қалдырған үлкен дарын иесі.

Қазақ қыздарының тұлымы ұзатылар кезде жиналып, бұрымына қосылып өріледі. Бұл – әке үйінің оң жағындағы қыз дәуренімен, ерке өмірімен қоштасудың бір белгісі. Тұлым кәмшат бөрікке, үкілі тақияға, моншақты сорабаға жарасқан. Ендігі жерде мұндай киіммен де, тұлыммен де қалыңдық біржола қоштасады. Ол бір жігітке – жар, бір елге келін болып, некеқиярда сәукеле киеді. Бір жыл бойы сәукеленің желегін салып жүреді. Содан кейін ғана күміс шеттікті, маржанды зермен кестеленген кимешек киеді. Қазақ әйелдері шашын қобыратып, самайын көрсетуді ұят санаған. Қазір де қыздардан тұлымды көріп жүрміз. Қазақтың қыздарына тұлым ерекше жарасып тұрады. Өкініштісі, мұны талайлар бізге бейнебір Батыстан келгендей қабылдап, бар жақсы бізге тек солардан жеткендей көріп жүр. Бұл да ғасырдан ғасыр өтіп келе жатқан өз ата-бабамыздың ғұрпы екенін біліп жүргеніміздің артықтығы жоқ деп ойлаймын.

  Зейнеп АХМЕТОВА

Суреттер: Интернеттен алынды.

Дүкен аралауда алданып жүрген жоқсыз ба?

Дүкен аралауда алданып жүрген жоқсыз ба?

Үлкен дүкен, супермаркет, гипермаркетке бара қалсаңыз, керек-жарақпен қоса, аса қажетті емес дүниелерді ала келесіз бе? Нәтижесінде босаған әмиян не сапасы күмән тудыратын азық түлікке тап боласыз.

«Сонша ақшаға не алдым?» деген сұрақ туындап, кассир ұсынған чекті мұқият қарап шықпас үшін дүкен аралауды қалай үнемді етуге болады? Біз ұсынар бірнеше ережені есте сақтай жүріңіз.

1. Үлкен дүкен желілерінде тауарларды өзіндік орналастыру тәртібі бар. Мұның бәрі сатып алушы көбірек ақша қалдырып кетуге бағытталғанын білесіз бе? Ең қажетті тауарлар, міндетті түрде дүкеннің ортасында не соңында тұрады. Бұл сіздің қажетті тауарды іздеп, дүкенді толық айналып шығуыңызға бағытталған. Ал, жол-жөнекей көзге түскен аса қажет емес тауарлардың арбаңызда жататыны белгілі.

Дүкен аралауда алданып жүрген жоқсыз ба?
2. Кассада кезекте тұрсаңыз, сырты көздің жауын алатын әдемі қораптармен қапталған майда-шүйдеге көзіңіз түседі. Әдетте мұндай тауарлар арбаңызға қалай сүңгіп кеткенін өзіңіз де байқамай қаласыз.
3. Дүкенге жаңа түскен тауарлар, ереже бойынша, сөренің арт жағында жатады. Ал қол жететін, алдыңға қатарда сақтау мерзімі аяқталуға жақын қалған тауарлар тұрады. Әрине ешкім де майда жазулы мәтіндерді мұқият оқып тұрмайды. Сондықтан тауар аларда сақтау мерзіміне көз қырын сала жүріңіз.
Дүкен аралауда алданып жүрген жоқсыз ба?
4. Үлкен дүкен желілерінде баға көрсеткіші уақтылы жаңартылмай қалған не адасып кеткен жағдайлар жиі болады. Алған затыңыздың бағасы кассаға барғанда сіз ойламаған бағадан жоғары боп шығуы да сол себепті болады. Мұндай жағдай орын алмас үшін штрих-код сәйкестігін тексеріңіз не арнайы қондырылған сканерлер арқылы тексеріп алуыңызға болады.
Дүкен аралауда алданып жүрген жоқсыз ба?
5. Көлемді тауар аларда мына бір қулыққа назар аударыңыз: дүкенге сүйрете кірген арбаңыз не себет толғанша, «алынатын зат қалып кетпеді ма екен» деген оймен дүкенді бірнеше рет айналасыз. Ол кезде көз тоймай, бірнеше артық заттарды алып шығуыңыз бек мүмкін. Аса қажетті тауарларға қосымш шығын жұмсамас үшін көлемі кішкентай арба не себетті таңдаңыз.
Дүкен аралауда алданып жүрген жоқсыз ба?
6. Көптеген дүкендердің ішіде дайын тағамдарды сататын не сол жерде пісіріп сататын бөлімдер бар. Олардың иісі мұрныңызды жарып, айналып өте алмай қаласыз. Сондықтан дүкенге аш баруға болмайды. Гипермаркетке келген аш адам мен тоқ адамның арасы мыңдаған теңгелермен өлшенеді.
7. Тағы бір «психологиялық» айла – 9 санымен аяқталатын баға көрсеткіштері. Мысалы, 149 теңгеден сатылатын мандарин 150 теңге тұратын мандариннен әлдеқайда арзан көрінеді. Демек, ұтымды, сатып алу керек! Адам психикасы солай және дүкен менеджерлері оны тиімді пайдалануда.
8. Бәріміз де жеңілдіктермен сатылып жатқан тауарларды алуға құмармыз. Бұл шынында да өте тиімді. Алайда, акция – алдамшы бағалар арқылы тұрып қалған, сұранысқа ие емес тауарларға сатып алушыларды тарту жолы екенін ұмытпаңыз.
Дүкен аралауда алданып жүрген жоқсыз ба?

Егер артық ақшаңыз шығындалмасын десеңіз, осы ережелерге назар аударыңыз және дүкенге аттанар алдын қажет заттардың тізімін құрып алыңыз. Алынатын заттың бағасын шамамен мөлшерлеп, соған сай ақшаны алып барыңыз, артығын үйде қалдырыңыз. Тағы бір мәселе, ақшаны банк карточкасы арқылы есеп айырысқаннан гөрі қолма-қол төлем жасаған сатып алушыға әлдеқайда тиімді. Көзіңізге көрінбей тұрған ақшаны шамадан тыс көп жұмсап жіберу ықтималдығы бар. 

Суреттер: Интернеттен алынды.

Баяғыда…

Баяғыда...

Жаз айы жай басса, ырғала,
Шақ келсе, сезімдер гүл атқан.
Есіме түседі бір бала,
Бір кезде біреуді ұнатқан.

Ол ару пәк еді, ерке еді,
Ал, әлгі ұл ұялшақ қыз десе.
Сол күндер ғажайып ертегі,
Ертекті жарар ед үзбесе.

Көзіне қарайтын қорғана,
Көздері ең нұрлы болатын.
Мектептен қызды емес, сол бала,
Құрбысын шығарып салатын.

Әлгі қыз сыр бермес болса да,
Қызғансын дегені-ау шамасы.
Қыз жайлы жыр жазды қаншама,
Апта мен аптаның арасы.

Сол кезде екеуі нешеде?
Көрген кез «Махаббат бекетін».
Кездесіп қалса егер көшеде,
Жай ғана бас изеп өтетін.

Қанатын кең жайған құстардай,
Жыл өтті…
Ол жағын тізбелік.
Сол қызға сөз айтпай, тіс жармай,
Мектепті бітірді, күз келіп.

Ол да бір құлыны-ау көгеннің,
Сол ару ойынан шықпады.
Алғашқы махаббат дегеннің
Не екенін алғаш рет ұққаны.

Жол бөлді сезімін таса ғып,
Сөз айта алмауы үшін-ді.
Көзінен ып-ысқтық жас ағып,
Енді оны көрмесін түсінді.

Содан-соң қадамын баста алға,
Сол ару кетті оны ақын қып.
Сүйдің бе, ешқашан жасқанба,
Махаббат талабы – батылдық!

Балалық ең таза қайнар-ды,
Қайнарды бөгеді бұл әлем.
Сол ару өлеңге айналды.
Сол бала біреу емес,
Мына Мен!…

Баяғыда...

Өлеңді жазған: Азамат Тасқараұлы

Сурет: Интернеттен алынды.

Ұйықтар алдында ұмытпаңыз!

Ұйықтар алдында ұмытпаңыз!

Ұйықтар алдында асқазанға ауыр болатын тағамдардың бары бұрыннан белгілі. Бірақ, қандай тағамдар?

Түн ортасында тоңазытқашқа жақындамай тұрып, қандай тағамдардан жатар алдында бас тарту керек екенін біліп алған жөн.

Ұйықтар алдында ұмытпаңыз!1. Өте майлы тағамдар

Өте кеш даярланған кешкі асты ішерде немесе түн ортасында тістей салуға майлы тағамдарды тұтынбаңыз. Картоп фриі, пицца сияқты тағамдар кешке қарай жеуге тыйым салынған тағамдар қатарына кіреді. Сонымен қатар, түн ортасында сары май, ірімшік сияқты тағамдардан да бас тартыңыз. Өйткені, бұлардың құрамындағы май қабаттары сіз ұйықтап жатқанда денеңізге жиналады.

Ұйықтар алдында ұмытпаңыз!2. Қант қосылған дәнді тағамдар

Қант қосылған дәнді ботқалар барлық жанға ұнайтын болар?! Кейбір жандар тіпті дәнді дақылдардан жасалған ботқаны кешке қарай тұтынғанды ұнатады. Әрине ол жақсы, дегенмен, уақыты мен құрамын дұрыс таңдай білу керек. Сұлы жармасынан жасалған ботқаны тек таңертеңгі не түскі асқа ғана тұтыныңыз. Кешке одан бас тартуды үйреніңіз.

Ұйықтар алдында ұмытпаңыз!3. Ащы тіскебасарлар

Кешкі астың құрамында ащының болмағанын қадағалаңыз. Ащы бұрыш қосылған тағам ұйқыңыздың сапасын бұзады және ішіңіз кеуіп, асқазанда қыжыл пайда болады.

Ұйықтар алдында ұмытпаңыз!4. Кофеин қосылған тағамдар

Егер ұйықтап кетуіңіз қиын болса, ұйқыға жатар алдында құрамында кофеин бар тағамдарды тұтынбаңыз. Өздеріңіз білетіндей, кофе не шай (соның ішінде көк шай) кофеинге өте бай. Құрамы кофеинге бай азық-түлік те аз емес. Қара шоколад – ағза үшін өте маңызды және пайдалы тағам болғанымен, түн ішінде тұтынатын тағам емес. Себебі, ағзаға түскен көп мөлшердегі кофеин қажетсіз сергектік сыйлап, тез ұйықтап кетуіңізге кедергі келтіреді. Салмақ қосуыңыз да мүмкін.

Ұйықтар алдында ұмытпаңыз!5. Ет

Үстел басына кеш отырып қалсаңыз, дастархандағы еттен, ет қосылған тағамнан бірден бас тартыңыз. Асқазанда ұзақ уақыт қорытылатын бұл тағам түрі де ұйқыңыздың тыныш болуына кедергі келтіреді және таңертең асқазаныңыз ауырлап, ауырып оянасыз.

Ұйықтар алдында ұмытпаңыз!6. Бұршақ тұқымдастардан жасалған тағамдар

Ия, ғалымдардың келтірген дәлелдері бойынша, бұршақ тұқымдастардан жасалған тағамдар денсаулыққа өте пайдалы. Алайда, бұл тағам түрін ұйықтар алдында асқазанға апаруға асықпаңыз. Өйткені, олар баяу қорытылады, асқазан ауырлап, түнімен дөңбекшіп шығуыңыз мүмкін. Ішіңіз де кебеді.

Ұйықтар алдында ұмытпаңыз!7. Балмұздақ

Ұйқыға жатар алдында балмұздақтан мүлде бас тартыңыз, әсіресе шоколадты балмұздақтан. Құрамындағы қант пен кофеин ұйқыңыздың тыныштығын кетіреді, артық салмақтың туындауына сбепші болады.

Ұйықтар алдында ұмытпаңыз!

 

Суреттер: Интернеттен алынды.

Әр нәрсе өз уақытымен…

Әр нәрсе өз уақытымен...

Қазақ халқы әу бастан-ақ балаларын әдемі, бойына қонымды етіп киіндіріп, сәндік бұйымдарға көп мән берген. Өйткені балаға тікелей қадалатын жанар, көздегі назар күші алдымен киімге, әшекей заттарға түседі. Кейде өте әдемі балаға жөнсалдау, қоңырқай, жұпынылау киім кигізіп қоятын да болған. Қазір, Құдайға шүкір, ақшаң болса, бала киімінің небір түрін таңдап алуға болады. Бірақ кейде орынсыз шектен шығып та жүрміз. Олай дейтінім, 6-7 жасар бүлдіршін қыздарға үлкендер киетін сәнімен тігілген кеудесі кереқарыс ашық, жеңсіз қымбат көйлек, шынтағына дейін капрон қолғап кигізіп жүрміз. Ол аз болса, шашын бойжеткендерше төбесіне түйіп, ерніне – далап, қабағының үстіне – жылтырақ бояу, бетіне грим жағатын әдет шықты. Мұны кез келген той-думанда, балалардың концерттерінде көруге болады. Титімдей кезінен бояу жағылған соң, 16-17 жасқа келмей-ақ терісі ескіріп, олар табиғи нәзіктіктен айырылары анық. Әр нәрсе өз уақытымен, жолымен ылайықты. Жас балалардың бейкүнә періште қалпына, Алла жаратқан пәктігіне ерте қол сұғудың қажеті бар ма?! Қызық үшін басқадан ерекшеленіп, «мәдениетін» көрсету үшін кішкентай өрендерді жасандылыққа үйреткеннен не ұтамыз? Әсіресе жас ата-аналар осыны бір сәт ойлаулары керек-ақ. Айтпай кетуге болмайтын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Бүгінде қасиетті ислам дінін бетке ұстап, қазақтың табиғатында болмаған, салтында кездеспеген арабтардың хиджаб деген киімі жайлап бара жатыр (бұл – үлкен тақырып, бөлек әңгіме). «Бояушы «бояушы» дегенге сақалын бояйды» дегендей, басқамыздан «артық» мұсылман екенін көрсеткісі келген қыз-келіншектер өздерінің тұмшаланғанын аз көргендей, 4-5 жасар кішкентай қыздарына да хиджаб кигізетін болды. Байғұс бала не адымдап жүре алмайды, не асыр салып секіре алмайды. Арқа-жарқа ойнап жатқан балаларға мөлие қарап, шұбатылған қара көйлекке шырмалып тұрады. Әрине, ата-ана өз баласын қалай тәрбиелеймін десе де, еркі біледі. Бірақ өз басым, өзі үшін шешім қабылдай алмайтын бейкүнә бүлдіршіннің қайталанбас балалық бал дәуренін ұрлап, «балалық шағың – патша тағың» деген бабалар даналығын аяққа таптауды мұсылмандық дей алмаймын. 

Әр нәрсе өз уақытымен...

   Зейнеп АХМЕТОВА

Суреттер: Интернеттен алынды

 

 

Адамдар шер тарқатқысы келгендей көрінеді…

Адамдар шер тарқатқысы келгендей көрінеді...

Қым-қуат өмір. Бәріміздің де иығымызда арқалаған көзге көрінбейтін бір-бір тіршілік қабы бар. «Жұмыс», «отбасы» деп жүріп, кейде айналаңда не болып жатқанына мән бере қоймайсың. Ағайын-туыстың өзімен анда-санда той-домалақта, жаназада кездесіп, бір жасап қалатының бар. Қалған күндері тағы да қарбалас тірлік мойын бұрғызбайды.

Бүгінде қарым-қатынастың орнын телефон алмастырды десек артық айтпаған болар едік. Кейде көп мәселе телефон арқылы шешіліп жатады. Телефон демекші, көп жағдайда қоңырау шалған адамдармен әңгімелесе қалсаң, тілші деп танығандықтан ба, ақтарыла сырын ашып, шер тарқатқысы келетінін байқайсың.

Кешегі күні қоңырау шалған келіншек жан толқынысын ақтарып, күйеуінің көңілдесі бар екенін айтты. Жылап, езіліп, егіліп, мұңын төкті.

Жанары семген зағип жан баспаханаларда дыбыс-жазбалы шығармалардың аз шығатынына шағымданды.

Жол апатына ұшыраған жан дәрігерлердің қызметіне көңілі толмайтындығын айтып, қамықты. Бүгінде оның бар ермегі – кітап оқу.

Әнебір күні көпбалалы ана хабарласып, қаржы тапшылығынан отбасының күйзеліп отырғанын жеткізді.

Көптен хабарласпай кеткен құрбым үйіме келіп, көз жасы көлдей боп алаяқтардың арбауына түсіп қалғанын айтты. Зейнетақы қорында жинақталған сомасын тұтастай алып беруге уәде еткен танысы 30 мың теңге ақшасын алғанда да, қарасын батырған. Бүгінде ұшты-күйлі жоғалған алаяқты қайдан іздерін білмей дал болып отыр.

Айта берсе, үйде де, қызметте де тығырыққа тіреліп, іште шемен бот қатқан сырын ақтарғысы келетін жандармен бетпе-бет кездесуге тура келеді. Олар жан толғаныстарын білдіреді. Ашпа¬ған сырын ашады. Ақыл сұрайды. Ақыл салады.

Адамдар шер тарқатқысы келгендей көрінеді...

Бұдан шығатын қорытынды: біздің қоғамда адамның жан-дүниесіне үңілетін, қажет кезде ақыл-кеңес беретін психология саласы жолға қойылмаған. Адамдар тұйыққа тап болғанда, қайда барып, кімнің көмегіне жүгіну қажет екенін білмейді. Кейде өзара дүрдараз адамдардың өзі бір-біріне қандай кінә артатынын айтып бере алмайды. Осындайда екі жақтың өкпе-назын тыңдап, татуластыратын араағайынның немесе психологтың көмегі қажет-ақ. Тіпті әр адамға бір-бір психологтан келсе де, артық болмас. Адам факторы екінші кезекке шыққанда, проблемалар да көбейе береді емес пе?

Дария Ертайқызы

Суреттер: liveinternet.ru; 1day-blog.info