Визажист: «Боянған әйел мұрнын кере жүреді»

Визажист: «Боянған әйел мұрнын кере жүреді»

Ибрагимова Айгүл Тохташқызы, визажист

 

– Сіз қазір 7 арнада визажист боп қызмет атқарасыз. Әу бастан осы саланы көздеген ба едіңіз?
– Мен әу баста шаштараз едім. Шаш қиюды 11 жаста бастадым деп айта алмаймын, бірақ, осы жасымда алғаш рет шаш қиғанмын. Інімді түрсишең далаға отырғызып қойып, шашын алғанымнан басталған. Үйде дәу қара қайшы болатын, онымен мата да, жіп те кеседі, мен сонымен шаш қиятынмын. Солай-солай үйдегі анамның, әкемнің, інілерімнің бастарын «жаңартып» тұратын болдым.
Кейін есейгенде шашатараздың оқуын оқимын дедім, үйдегілер жібергісі келмеді. «Ой, не бар, ешқашан өспейсің, бір креслоны айналып тұра бересің ба,керек емес,» – деп, мені бұғалтырдың оқуына жібергісі келді. Ал, менің ол оқуға барғым келмеді. Неге екенін, әйтеуір тартпады. Халықпен араласқан, сөйлескен ұнайтын, «шаштараз қылмасаңдар, товаровед болам,» – дедім. Мектепті 90 жылы бітірдім, ол кезде товароведтің қолы көзір еді ғой. Қазір колледж дейді ғой, сол кезде техникум еді, сонда товароведтің оқуын оқыдым. Сол салада жұмыс істедім.

– Товароведтен қалай визажистке айналып шыға келдіңіз?
– Қазіргі 7 арна ЭраТВ кезінде 2005 жылы жұмысқа тұрғам. Арасында Қазақстан телеарнасында жұмыс істедім, көптеген концерттерге, бағдарламаларға барып жүрдім. Кейін 7 арна болған кезде қайта шақырды бізді. Бұрын бірге істес болған таныс қыз-жігіттер болған соң қайта келдім.

DSC_0049

– Сонда қызметке орналасып алып барып, тәжірбие жинақтадыңыз, иә?
– 2005 жылы ЭраТВда конкурс боп жатыр екен. Жұмысқа орналасқысы келген қыздар журналистерді бояндырады да, оны тексеріп, «сізге хабарласамыз» деп шығарып салып жатты. Мен де біреуді бояндырып, жұмысымды көрсеттім. «Сізге хабарласамыз» деместен, «ертең жұмысқа келіңіз,» деп бірден айтты. Жұмысым ұнап қалса керек, оның үстіне сол кезде арнаға визажист өте қажет болып жатқан екен. Сонда сағат таңғы бесте басталатын бағдарлама болды, соған жұмысқа шығатын болдым. Алғашында қобалжу болды, кейін бойың да үйренеді, қолың да жаттығады. Тәжірбиемен келді бәрі.

– Сонша жылдық тәжірбиемен әлі телеарнада жұмыс істеп жүрсіз. Сіздің орныңызда басқа біреу болса, ендігісі жеке бизнесін бастап кетер еді…
– Жұлдыздармен жұмыс істеген ұнайды. Аты жақсы телеарнада жұмыс істейді деген. Табысың да тұрақты. Түбегейлі жеке кәсіпке кетсең, адамдар той-томалақ болмаса, күнде макияж істеме бермейді – табысың да бұлыңғыр болады. Ал, телеарнада күніне 4-5 адамға макияж, гримін жасап, қолымды жаттықтырамын, өзіме жақсы. Бұл жұмысымда тек үйрене беру керекпін, үйрене беру керекпін. Өзіме ұнайды, сондықтан теле арнадан шыққым келмейді.
Ал, жеке бизнеске келсек, кішігірім шаштараз ашып алғанбыз күйеуім екеуміз. Күйеуім де шаштараз, ерлердің шашын алады. Екеумізді табыстырған осы жұмыс негізі. Мен телеарнадан тыс уақытымда сонда боламын. Макияж жасатушылардан гөрі маған шашын түзетуге келетін қыздар көп. Интернет деген жақсы болды, жақында ғана Инстаграмға тіркелдім, клиенттерім сол арқылы да көбейетін шығар.

– Жұлдыздармен жұмыс істеген ұнайды дейсіз. Ең алғаш бояндырған жұлдыз кім еді?
– Роза Рымбаева. Сол телеарнаға алғаш қабылданған кез еді. Қобалжып, жүгіріп, шалынып жүріп бояндырдым. Шағым болған жоқ.

DSC_0034

– Саясаткерлер, шоу-бизнес өкілдерінің жеке визажисті болады. Жұмысыңызды ұнатып қалып, жеке визажисті болуға ұсыныстар болмады ма?
– Болды. Той-томалаққа, концертіне бояндырып беремін көп жұлдызды. Екі күн жұмыстамын, екі күн демалыстамын, графигіме қарай туралаймын көп тапсырыстарды. Жұмысыма кедергі келтірмейді.

– Мысалы, тікелей эфирге шыққалы тұрған журналисті 2-3 сағаттап бояндырдыңыз делік. Ол макияж журналистке ұнамай қалды. Не істейсіз ?
– Жағадан жұмысқа тұрған кезде мұндай оқиғалар болды ғой. Сонда ерте келіп алатынмын жұмысқа, түсірілім басталудан 2-3 сағат бұрын бояндырып алатынмын. Сосын ұнамағанын түзейтінмін, қайта бояйтынмын. Сосын қыздарға «ешқашан телевидение саласында жұмыс істемегенімді, енді үйреніп жүргенімді, қателіктерімді көрсетуін» айтатынмын. Олар түсіністікпен қарады. Қазір әбден жаттықтым ғой, ондай тосын оқиғалар болмайды.

– Діни бағдарламаның жүргізушілерін де бояндырасыз ба?
– Беті жылтырап көрінбес үшін опа ғана жағамыз, болды.

– Макияждың өзі фотосессия, телевидение, видео-съемкаға арналған деп бөлінеді. Айырмашылықтарын айтыңызшы.
– Жарықтарына байланысты. Фотоға түсіргенде бір ғана бағыттағы камерамен жұмыс істесе, бағдарлама түсірілімінде жан-жақтан бірнеше камера болады. Жарық та көп болған соң беттегі макияжлы жеп қояды. Камераның бір құдыреті сол – түзу бетті қисық, қисық бетті түзу қылып шығарады.

– Телеарна визажисті болғанның бір жақсысы жеке косметикаңызға ақша құртпайсыз, бояудың бәрі тегін шығар, иә?
– Жоооқ, косметика тегін болсын-болмасын кез келген визажисте ауру болады: бояу-сояуды ала бересің, ала бересің. Бір нәрсе алуға дүкенге кетіп бара жатасың, косметика сататын бутиктің қасынан өтіп кете салу жоқ. Қалай кіріп, бірдеңе алып шыққаныңды білмей қаласың. Артынан ішің ашып отырады.

– Макияж әйелдің түрін өзгертіп қана қоймай, мінезіне де ықпалын тигізе ма?
– Макияж әйелдің түрін өте қатты өзгертеді, ал, өзіне сенімділік береді. Мысалы, тойға боянып барған әйел мен боянбай барған әйелді сыртынан бақылаңызшы: боянып барған әйелдің жүзі жарқын, мұрнын кере жүреді.

10411410_678774058837723_289856405782081646_n

– Make-up үшін ең басты назар аударатын не: көз, беттің тоны, ерін?
– Менің назар аударатыным – бетті «тональный» кремнің дұрыс жауып, румянаның дұрыс жағылуы. Өкініштісі, қазір көп қыздар румянаны дұрыс жаға алмайды, тіпті жақпайды да. Көзді баттастырып бояғанда, ерінге де қанық түс жағады. Макияжы маскаға ұқсап шыға келеді.

– «Тональный» кремді жаққан соң опа жақпаймыз көбіне. Ол керек пе?
– Әрине, жағу керек. Макияждың соңында «тональный» кремнің үстінен жағу керек. Опа кремнің майын алып, құрғатады. Ал, «тональный» кремнің бетіне румяна жақсаң, жағал-жағал боп қалады.

DSC_0028

– Бетті бояудың реті бар, бірақ, оны көп қыздар біле бермейді. Үйде боянғанда көзіне сүрме (тушь) жағып алып, артынан бояуын жағып жатады.
– Дұрыс емес. Алдымен, бетке «тональный» кремді жағады. Сосын жоғарыдан төмен қарай: қас, көз, мұрын, сосын ерін. Сүрмені (тушь) жағып алып, түстінен көздің қабағын боясаң, ол кірпікке түседі де, сүрме жаққан-жақпағаның көрінбей қалады. Сүрме (тушь) соңында жағылу керек көзге. Опа (пудра) жағылған соң румяна. Румяна бетті сопайтып, формасын келтіріп алу үшін және беттегі бояудың мойын түсімен астасып кетуі үшін жағылады. Мысалы, бетіне жарық түскенде бояуы маска сияқты боп көрінетіндер бар. Ол румяна жақпағаннан.

– Көшеде көрген қыздардың макияжына назар аударып, кәсіби тұрғыдан бағалап жатасыз ба?
– Әрине қараймын. Тіпті, тоқтатып алып, қателіктерін айтқым кеп кетеді. Бірақ, сөз естіп қалғым келмейді. Көбісі, күндіз жұмысқа бара жатқан әйел кешкі макияжды жағып алады, дұрыс емес. Мезгілмен бояну керек.
Егер бет әдемі боялып тұрса, киімнің кем-кетіктерін жауып кетеді. Ал, егер қымбет, керемет киініп, бетіңдегі бояу нашар болса, бүкіл образың құриды.

– Макияж теріні қартайтады, бұзады деп жатады…
– Зияны бар. Бірақ, үнемі боянып жүрген әйел косметиканы жуып-шайып, тазалап, сосын түрлі кремдер, лосьондар жағып, барынша күтім жасайды. Ал, боянбайтын әйелдер бетін жуа салып, жүре береді. Бояусыз-ақ, теріге күннен, ауадан, шаң-топырақтан, экологиядан зиян келеді. Енді қараңыз, үнемі күтіммен жүретін әйелдің беті құри ма мұндайда, әлде бетін сумен шая салып жүретін әйелде ме? Сапалы бояуларды алу керек, зияны аз болады.

– Телеарнадағы журналистерден бөлек, жігіттер макияж жасата ма?
– Анда-санда өз тойына, қандай бір түсірілімге не Love Story түсіруге бара жатқан жігіттер беттеріндегі безеулерін жасыру үшін макияж жасатып жатады.

– Қазір визажист жігіттер өте көп. Құрбыларымнан «әйел визажисттен гөрі ер визажист жақсы бояндырады, ұқыпты,» деген сөздерді көп естимін. Рас па?
– Визажист жігіттер, бәрі емес, жұмсақ болады. Бұл – олардың ориентациясы өзгереді деген сөз емес. Жәй ғана бояндырған ұнайды. Әйелден гөрі еркектің жақсы бояндыруы жынысына емес, тәжірбиесіне байланысты. Ал, жігіттер жақсы бояндырады дегенге сенетіндердің мәселесі басқада. Біз бояндырғанда мақтау айтамыз, комплимент айтамыз. Сол комплиментті еркек айтса – әйелге майдай жағады, қуанады, қабылдау басқа болады. Ал, әйел мақтай берсе: – «е, сорлы, мынау ақша істегісі келіп, клиентін көбейткісі келіп, өтірік мақтап жатыр,» – деп ойлайды. Сондықтан мен көп мақтамауға тырысамын. Егер жұмысым ұнаса, ол қайтып келеді маған.

– Оқып отырған қыздарға қажетті ақпарат болсын, make-up пен шаш қию құнын айтыңызшы.
– Макияж 7 мыңнан басталады. Мереке кездерінде барлық жерде баға көтеріледі, менде де. Ал, шаш қию қымбат емес: 1500-3000 теңге арасы. 3000 алмаймын да көбіне.

– Сізге шаш қидыртқысы келген қыз-жігіттер қай мекен-жайға барсын?
– Астана қаласы, Күйші Дина көшесі, 28 үй.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!

Comments

  1. сабира
    сабира 9 Маусым, 2014, 14:35

    Айгүл апай сұхбатыңыз өте адеми,менде сіз секілді бояндырғанды өте ұнатамын,бірақ мен нагыз маманы болмағансоң қате жасаймын сиз қайда турасыз мен сізге макияж жасатқым келеді.

    Reply this comment
  2. Жанат
    Жанат 10 Маусым, 2014, 10:52

    ,байланыс телефонынызды алуға бола ма

    Reply this comment
  3. Айгерим
    Айгерим 30 Шілде, 2014, 10:40

    мен озим боянам бирак озиме ұнамайды бояудында оз әдістері бар сиз сиакты билип орнымен боянғым келеді

    Reply this comment
  4. Айгерим
    Айгерим 16 Ақпан, 2015, 22:55

    Сәлеметсіз бе. Мен бетіме макияж жасап көрмедім. Калай бастайтынымдыда білмеймiн. Сiз маған кандай кеңес бере аласыз?

    Reply this comment

Write a Comment

Your e-mail address will not be published.
Required fields are marked*