Жігіттердің қызбен танысқанда алғаш назар аударатын 10 пункті

Көшеде кетіп бара жатып, такси ішінде, қоғамдық көліктер ішінде, мерекелік жиындарда, ресторанда жігіт пен қыз кездейсоқ танысып жатады. Алғаш таныстықта жігіттің бар назарын өзіңізге аударғыңыз келе ме? Ендеше біз жүргізген сауалнама қорытындысына назар аударыңыз.

Сонымен жігіттер қызбен танысқанда алғаш назар аударатын 10 пункт:

1. Сыртқы келбет

Әрине жігіттер бірінші қыздың сыртқы келбетіне назар аударады. Оның ішінде:

  • Түрі (Бұл жағдайда бетіңіздегі тонна-тонна бояу сізге көмегін тигізе алмайды. Өйткені, жігіттер қыздың бетінен асқан сұлулықты іздемейді. Оларға қыздың сүйкімді, тартымды болғаны маңызды, оның ішінде көз бен жымиыстың рөлі басым)
  • Дене пропорциясы (Ия, бойыңыз ұзын немесе 90-60-90 болудың қажеті жоқ. Дененің бен бойыңыз бір-біріне сай болса, жетіп жатыр)
  • Шашы (Жігіттердің басым бөлігіне шашы ұзын қыздар ұнайды. Жәй ұзын болып қана қоймай, жібектей жалтырап, сіздің ажарыңызды аша түсуі керек. Ал, кей жігіттер бұйра шашты қыздарға ынтық.)

2. Тіл табыса алуы

Түріңіз бен мүсініңіз сұлу болмасын, шашыңыз да тақыр болсын, жігітпен тез тіл табысып, араласып кете алсаңыз, үнсіз тұрған сылқымдардан оза аласыз). Ол үшін:

  • Әзіл. Әзілді орынды жерде айта да білу керек және қабылдай да білу керек. Оны жігіттер жоғары бағалайды.
  • Қарапайымдылық. Өзіңізді жігіт алдында ақылды сөздермен көрсетіп, ұпай жинаймын деп ойлаудың қажеті жоқ. Ол кері әсерін береді.
  • Мөлшер. Тым көп сөйлеп кеткен қыздан жігіт тұра қашады. Сонымен қатар үнемі үнсіз қалуға да болмайды.
  • Көпшіліктің алдында өзін сенімді ұстай білу. Бұл көпшілік ішінде орын алған таныстыққа қатысты. Айналадағы адамдардан қысылып, сасқалақтап, өз ойын жеткізе алмай, дал болатын қызға жігіт мысқылмен қарап кетуі мүмкін. Бойыңызды тік, сөзіңізді нық етіңіз.
  • Сөз мәнері. Паразит сөздерді көп қолданатын қыздардың сөзі мағынасын жоғалтытын сияқты. Сондықтан одан тез арада арылыңыз. Ал, қыздың боқтағанына жігіттер үзілді-кесілді қарсы.

3. Киімі

Жігіттер үшін қыздың үстіндегі киімі қай бутиктен, қаншаға алынғаны, қай брендтікі екені маңызды емес. Жігіттерге маңыздысы – үстіндегі киімнің таза, жарасымды, қонымды болғаны. Әрине талғаммен, стилмен киіну де өте маңызды.

4. Қызығушылығы

Ән айту, би билеу, жүгіру, киім тігу, мысық асырау – жігіттерге маңыздысы бұл емес. Маңыздысы – өз өміріңіздің болуы, қызығушылығыңыз артқан сүйікті ісіңіздің болуы. Оның сізге не үшін керек екенін білу, ол туралы қызықты қылып, ашық айту.

5. Хабардар болуы

Қыздың кино әлемінде болсын, техника саласы болсын, соңғы жаңалықтардан хабардар болғаны жөн. Бұл – киноны жібермей, көруі керек деген емес, ол туралы ақпараттарға 2-3 минутын бөлсе болғаны. Әңгімеге арқау бола алатын әдеби кітаптарды да оқығаны жөн.

6. Түсінігі

Кейбір сөздерді өмірінде естіп көрмегендей шошып, жабайылық көрсетудің қажеті жоқ. Жігіттер аспанда қалықтап, арманымен өмір сүретін қияли қыздарды бағалай бермейді, реалист болу керек.

Сонымен қатар, балабақша ойынын ойнау да артық. Танысып, таныстықты ары қарай жалғастырғыңыз келсе, тағы да кездескіңіз келсе, ары-бері тартқыламай, телефон нөміріңізді қалдырыңыз. Ал, ештеңенің жалғаспағанын қаласаңыз, оны да ашық айтыңыз.

7. Жағдайы

Әрине өз нанын өзі тауып жей алатын, қызметі бар қыздарға кім қызықпасын?! Алайда, кей жігіттер қызметі бар, қолында қымбат ұялы телефоны бар, тіпті астында көлігі бар қыздарға көп мойын созады.

8. Сыпайылығы, жұмсақтығы

Адам мінезін, адамгершілігін  алғаш танысқаннан аңғара қою мүмкін емес. Тек дауысы, сөз мәнері арқылы бір жылылықты не керісінше дөрекілікті аңғаруға болады. Қыз неғұрлым сыпайы, сыңғырлы, жұмсақ дауыспен сөйлессе, жігіт ынтыға түсуі мүмкін.

9.  Жаман әдеттері

Темекі шегетін қызды жігіттердің бәрі дерлік, ұнатпайды. Сондықтан қызбен танысқанда онымен өткен бірнеше уақытта (жағдайға байланысты) темекі шегетін-шекпейтінін, ішімдікке қатынасын байқап қалуға тырысады.

10. Мақсаты

Бұл жерде сөз жігіттің мақсаты туралы. Жігіт қызбен түрлі мақсатта танысуы мүмкін: болашақ жарын іздеп, көңіл көтеретін жеңілтек қызды іздеуі де мүмкін. Қызды жігіттің көздегенімен сай келетін-келмейтін нысан ретінде бақылауы мүмкін.