СҮЙЕМІН

СҮЙЕМІН

Сарғайып сағыныштан, ғұмырымның
Батады талмаусырап күзгі кеші…
Мен мұңға сіңіп барып, ұмытылдым,
Өтінемін, іздемеші!

Айнам деп, еркелеткен сезіміңнің ,
Жүрекке қадап кеттің сынықтарын…
Ең соңы өзің болып төзімімнің,
Өтінемін, ұмыт бәрін!

Ызғардан тағдырымның түні тайып,
Ертегі сыйлар, бәлкім, көктем кеші…
Тозаққа күйсемдағы ұмытайын,
Өтінемін, тек келмеші!

Шын сүйу – айып екен қыз балаға,
Жоқ шығар үкім, сірә, бұдан ащы…
Жалғыз тастап кетіп ең мұз далаға,
Кешірім сұрамашы!

Дуалап махаббатты өз басыма,
Сорым бұл жалғаннан озбағаным…
Тұңшығып кетсең егер көз жасыма,
Қолыңды созба, жаным!

Өзіңе емес, құбылама қолды жайып,
Тәңірден табармын бір емін…
Алдау үшін оралмашы, мендік айып-
Әлі де сүйемін…

Өлеңді жазған: Ақерке АСАН