Тегінде біздің халық атау беруге шебер. Қарап тұрсақ, қазақ жеріндегі кішкентай бұлақ, жайдақ төбе, арықтай жыра, жылап ағып жатқан титімдей жылғаға дейін атсыз емес және солар жайдан-жай қойыла салмаған. Белгілі бір ерекшелігіне, қасиетіне, әлденеге ұқсайтын көзге ілінер көрінісіне сәйкес атты дәл тауып қойған. Балаға жыл мезгіліне қарай да есім берген. Мысалы, қыстауда туған баланы – Қыстаубай, жаз жайлауда дүниеге келген баласын Жайлаубек деп атаған деген сияқты… Наурыз айында туған баланы «қасиетті айда туылды, Ұлыстың ұлы күнінде дүниеге келді» деп ерекшелеген. Қызық болғанда, Кеңес өкіметі кезінде қазақтың ырымшылдығы тіпті шектен шығып кетті ғой, оған мысал – Совхозбек, Колхозбай деген сияқты аттардың көбеюі. Клара, Индира сияқты есімдердің көптеп кездесуі де – сол кезеңнің «жемісі». Бірақ қалай десек те бәрібір соның түбінде жақсы ниет жатыр. Бұлардың барлығы шынайы көңілмен қойылған есімдер. Мысалы, өмірден өткеніне жиырма сегіз жылдан асса да, тіпті сонау соғыс кезінен бастап, күні бүгінге дейін атаның есімін қою жалғасып келе жатыр. Бүкіл алты алаштың ардақтысы болған, халқым деп қабырғасы қайысып, елім деп еңіреп, бүкіл бір қоғамдық құрылысқа қарсы шыққандай болып, ұлты, тілі, халқы үшін ешқашан өзін-өзі аямаған қазақ халқының адал перзенті болғандықтан, халық атаның есімін ардақтап, ұрпағына атын беріп жатады. Кішкене болса да киесі жұғысты болсын, ата секілді намысшыл, өр, халқына жанашыр, ұлтын алға сүйрейтін адал азамат болсын деген ниет-тілекпен атаның есімін ұлықтап қойып келеді. Құдайға шүкір, елден, жұрттан айналайын, атаның атын осылай күні бүгінге дейін ұмыттырмай келе жатыр. Халықтың ардақтысы болған адамдардың атын қою – ол адамдардың есімін ұмыттырмау, қайтадан жаңғырту, ұрпақтың есіне салу сияқты үлкен маңызға да ие. «Саған пәленше деген атаның атын қойдық, ол кісі мынадай болған» деп баланы өнегелі етіп тәрбиелеуге мұның да тигізер пайдасы бар. Жаңағы кісілердің қадір-қасиетін арттыру арқылы сәби санасына жақсылықтың дәнін егіп, оны тәрбие көзіне айналдыруға болады. Балаға ардақты адамның есімін бере отырып, соған лайықты етіп тәрбиелемесе, ол – ата-ананың кінәсі. Өйткені сәбиіне үлкен адамның есімін беру үлкен жауапкершілік жүктейді. Бір жағынан, тұлғаның есімін берудің, қазіргі тілмен айтқанда, ғарыштық салмағы болатын болса, екінші жағынан, баланы соған сай етіп тәрбиелеуде ата-ананың парызы мол болмақ. Айталық, бүгінде Абай атамыздың аты көптеп қойылып жүр, яғни перзентне үлкен адамның атын қойып, соны ұлықтаған ата-ана баласының сол атқа сай болып өсуіне үлкен күш салуға тиіс. Балаға сол аттың қойылу мәнін ұғындырып, оған кішкентай кезінен жауапкершілікті сезініп өсуіне ықпал еткен дұрыс. «Мен пәленше атаның атын көтеріп жүрмін ғой, ендеше, ол атқа кір келтірмеуім керек» деген сенімді жүрегіне ұялатып өсуіне ата-ана себеп болуы керек. Атақты, айтулы адамның атын қойып алып, бала келеңсіздікке ұрынып, жаман жолға түсіп кетсе, ол екі жаққа абырой әкелмейтіні сөзсіз…
Зейнеп АХМЕТОВА
Сурет: prodetey.ru