Әр адамның болмысы, мінез-құлқы, айналасымен қарым-қатынасы әртүрлі ғой, біреу қатал, біреу мейірімді дегендей, кейбір адам өзімшілдеу болады. Осы бір өзімшілдіктің бауырына салған балаға зияны да бар. Кейбір жастау әжелер өзімсініп «ап дегенде аузымнан түстің», «сені өзім тудым, өзімнің баламсың» деп баланың тілін қызық көріп, әкесін боқтатып, шешесін жамандатып өсіреді. Осының өзі балаға үлкен зиян тигізетінін өзімшіл ата-әже ойлай бермейді. «Бұрын туған бұрын өледі» дегендей, өзін баққан ата-әже өмірден өткенде бала өз ата-анасына, өз бауырларына жұғыса алмай жетімсірейді. Өзін жалғыз қалғандай сезінеді әрі аттарын атап үйреткендіктен, әкесін – «әке», шешесін «апа» дей алмай, қатты тығырыққа тіреледі. Бұл жан дүниесіне қатты әсер етеді. Іші біліп тұрса да, өз ата-анасына, өз бауырларына қосыла алмайды. Әрине, барлық ата-әже немерені осылай тәрбиелейді деуден аулақпын. Десе де, ішінара осындай жайттар да кездесіп жатады. Ақылды ата-әжелер баланы ешқашан біржола бөлмей, ата-анасын білгізіп өсіреді. Анасының ақ сүтінен ажыратпайды. Өкінішке қарай, кеңестік кезеңнің орнауына, бүкіл қоғамдық құрылыстың іргетасы өзгеше қалануына байланысты әдемі дәстүр жойылып, ұрпақ жалғастығы үзіліп қалғандай болды… Балабақша бар ғой деп ойлаулары мүмкін баз біреулер. Шынын айту керек, балабақша – ата-аналары жұмыс істеу үшін ойластырылған заманның қажеттілігі. Балабақшаның тәрбиесі мен ата-әженің тәрбиесін салыстыруға келмейді. Өйткені ата мен әже – шежіре, олар ата-бабасынан бері қарайғының барлығын балаға үйретеді. Ал балабақшада бірдей тамақ ішетіні, бір өлеңді жаттайтыны, бір бөлмеде бәрі бір уақытта ұйықтайтыны, яғни жалпыға бірдей тәрбие берілетіні айтпаса да түсінікті. Бұл жерде бала тұлғалық қасиеттен айырылады, жеке адам ретінде қалыптаса алмайды, өзіне ғана тән болмысы жойылады. Балабақшада өскен баланың есінде ештеңе қалмайды. Үйренген тақпағын ғана ұмытпауы мүмкін, ал ата-әженің бауырында өскен бала жеке тәрбие алады. Бұл – өте үлкен мәселе. Әрине, мұны қазір біз өзгерте алмаймыз. Өйткені уақыт сондай, сондай кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Өкініштісі, қазіргі ата-әже – бір-екі баламен тоқтап қалып, қызметті бірінші кезекке қойған адамдар. Оларды кінәлауға болмайды, заманы солай болды. Бұл әжелердің бұрынғы әжелермен салыстырғанда өмір сүру қалпы өзгерген. Немере тәрбиесіне аса көңіл аударғысы келмейді. Көпке топырақ шашудан аулақпын, құдайға шүкір, немерелерін жетектеп жүрген ата-әжелер арамызда бар. Қалай десек те, ата мен әже көрген бала мейірімді, адал, тілалғыш болып, үлкенді сыйлап өседі. Әжесінің бауырында өскен бала әңгімешіл, сөзді тауып айтады, нықтап айтады. Қазақтың кез келген баласын тек өз ата-әжесі емес, бүкіл ауылдың абыз аталары мен өнегелі әжелері қамқорлығына алған. Ауыл ақсақалдары мен әжелері «пәленнің баласы ғой», «түгеншенің немересі ғой» деп еркелеткен. Тіпті баланың өз ата-әжесі өмірден өтіп кеткеннен соң да баланың әлдебір тентектігіне түсіністікпен, ағаттығына кешіріммен қарап, «ой, ол пәленшенің еркесі еді ғой, еркелегені шығар», «атасы мен әжесінің көзін көрген біз бармыз ғой, еркелігі басылар» дейді. Ата-әжесінің көзін көргендер сырттай қамқорлығын білдіріп, көрген кезде ақыл-кеңесін айтып, арқасынан қағып, маңдайынан сүйіп жатады. Қарап тұрсаңыз, мұның өзі – тәрбие. Өкініштісі, бүгінде біз сөз етіп отырған тәрбие жалғастығы үзілген. Көптеген жастарымыз бірге туған аға-әпкелерінен басқа туыстарын танымайды, жеті атасын білмейді. Оларда қаншылдық пен бауырмалдық сезім азайған. Туыстық атауларды ұмыттық. Көбінде «племяннигім», «двоюродной ағам» деп түсіндіруге үйірміз. Мұның барлығы туыстарды алыстата түседі.
Балалы үй – базар…
Баласы жоқ отбасылар жаттан емес, ағайын-туғанының баласын алатын болған. Мұны бауырына салу деп емес, асырап алу деп атайды. Аты қойылған бала болса, атын өзгертіп қойып, қолына асықты жілік ұстатып, той жасап, етегіне түсіріп асырап алған жағдайдар қазақ отбасыларында болған. Жақынына баласын бергендер ол баланы қайтарып ала алмайды. Баласы жоқ туысына қиып бергендіктен ағайын-туғанның алдында, Алланың алдында балаға таласпаған. Рас, бағып алған ата-ана балаға дұрыс қарамай, өз дәрежесінде тәрбиелемеген жағдайда ағайын-туғанның араласуымен бұл мәселені бір жақты етіп шешуге тырысады. Ондай жағдай өте сирек кездескен. Балаға аңсап жеткен отбасы мұндай өрескелдікке бармаған. Сондықтан бауырына салу ата-әжелерге тән болса, асырап алу – мүлде басқа. Бауырына салған бала өз ата-анасын біледі, ал асырап алған бала қайтпайды, ол – сол үйдің атын шығарып, сол шаңырақты ұстап қалатын бала. Бұлардың айырмашылығы – осы, екеуін шатастыруға болмайды. Ауылдағы үлкендер жағы ауыздарына берік болады, ал асырап алған баланың құпиясын ашқан адам жазаланатын болған.
Жасында көргені жоқтың өскенде айтары жоқ
Ата мен әже тәрбиелеген бала ерте есейеді. Ертеректе немересін бауырына салған аталар немересін сүндетке отырғызғаннан кейін-ақ қайтыс болған адамға топырақ салуға жетектеп алып барған. Өйткені бала тек қана той-жиын көріп өспеуі керек. Өмір бар жерде өлім бар екенін, ертеңгі күні сол әжесінен, атасынан немесе басқа туыстарынан осылай айырылып қалатынын, екінші қайтып көрмейтінін бала сезінуі керек. Сонда ол баланың бойында ерекше мейірімі, ата-әжесіне деген ерекше ықыласы болады, ата-анасын ардақтайтын болады. Өмірдің бәрі тек қана қызық-қуаныштан тұрмайтынын ұғынғымыз келмейді, мән бермейміз. Өкінішке қарай, қазір «шошынады» деп балаларды өлімге ертіп апармайды. Өмір дегенің сырғып өте шығатын тақта жол емес қой, өрге де өрлейсің, төмен де сырғисың. Тек қана жиын-тойға барып үйренген, өлімнің басында болмаған, қабірге топырақ салмаған бала өзінің басына сондай жағдай түскенде не істерін білмей, есеңгіреп кетеді. Ал біздің қазақтың балалары кішкентайынан барлығын біліп өскен. Бозбала жігіттердің өзі той-томалақты былай қойғанда, өлімді жөнелтудің бүкіл жөн-жобасын білген. Сондықтан сүндетке отырған баланы топырақты өлімге апару керек, бала көріп өскені дұрыс. Топырақ салуды көрген баланың ішкі жан дүниесінде өзгеріс пайда болады. «Күндердің күнінде мен де атамнан немесе әжемнен айырылып қалады екенмін ғой…» деп басқаша ойлай бастайды. Ой-өрісіне өзгеріс енеді. Бұл да – ата-әженің тәрбиесі. «Балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» дейді, ата-әжені соңғы сапарға шығарып салатын да – сол немере. Мүмкін болғанша немере сүйіп отырған ата-әжелер бір сәт немереге көңіл бөліп, оның тәрбиесіне үлес қосуы керек. Немере баққан ата-әжелердің өмір жасы да мейлінше «ұзарып» отырған. Олай дейтінім, бір жағынан, періштедей пәк сәбиден атасы мен әжесіне жақсы энергия тарайды, екіншіден, үлкендерді үміт атты үлкен күш жетелейді. «Ойпырым-ай, осы шырағымның атқа мінгенін, мектепке барғанын көрсем, азамат болғанын, үйленгенін көрсем…» деп армандап, алға қарай үміт сүйреу арқылы қазақтың ата-әжелері ұзақ жасаған.
Зейнеп АХМЕТОВА
Сурет: ameno.ru
Ya, ata-aje tarbyesin korip osken bala men kormei osken balanyn aiyrmashylygy kop bilinip turary sossiz… Allah kalap, jar atanyp, kelin bolyp jatsam, balamdy ata-ajesinin tarbyesine bersem degen nyetim bar.
Сәлеметсізбе Еркетай?Мен сіздің пікірінізбен келіспеймін,неге десеңіз бала туған ата-анасын қатты сағынады,ол сол сағынышпен күндерін өткізеді.Егер де сіз ата-енеңізбен бірге тұрсаңыз әрине болады неге бомасқа.Мен сізге мысалға айтайын менің жолдасым ата-апасының қолында өскен де қазір туған іні-қарындастарымен дұрыс ортақ тіл таба алмайды,ал әке-шешесімен мүлде сөйлесе алмайды,аттарын айтады,ашық әңгімелеспейді бөтен адамдар сияқты.Ал қазір біз үлкен ұлымызды сол кісілерге бердік,мен сонда ғана түсіндім.Балам не ішем не жеймін демейді,барлығы бар.Ұлым небәрі үште ғана бірақ біз барған кезде бізге жәутеңдеп келейін десе бата алмайды,келмейін десе бізді сағынған,не біз дұрыс жақындай алмаймыз,сол кісілердің қас-қабағына қарап.Сондықтан ойланғаның абзал.
Менде келиспеймин. Ажем дуниеден кетерде оз балдарынды оздерин багындар! Деп кеткен. Ол кенже баласын енесине берген жаксы окып жаксы тарбие алып ости. Бирак олар кайтыс болганнан кейн жаман жолга тусип кетти. Турмеге де жатты. Сол ажем дуниеден откенше окинип, букил пенсиясын турмеге зат апаруга жумсады. Ата-ажеси тарбие берсин, бермесин демеймин. Баланы бауырларынан, ата-анасынан болуге болмайды. Ата-анасынын махаббатын, бауырларынын махаббатын корип осуи керек. Солардын болашагы ушин. Казир менин де балам бар ата-ажеси жаксы, бирак кейде акен буйтпеди ма шешен буйтпеди ма деп жамандап жатады. Баланы аке-шешесин жамандамай жаксы коруге болатын шыгар. Шынайы болса екен деймин. Бала озин жаксы корген адамды, олай жасамаса да сезеди гой.