Әдетте үйдің тұңғышы үйленіп, дүниеге сәби келгенде атасы мен әжесі немерені бауырына салып жатады. Тіпті өздерінің баласы қылып «меншіктеп» алатын ата-әжелер жетерлік. Баланың туған ата-анасы да «атасының баласы», «әжесінің баласы» деп ата мен әжеге қарай икемдейді. Қандай халықтың болсын өзіне тән өзгеден ерекшелендіріп тұратын салт-дәстүрлері, дағдылары бар. Бауырына салу деген бізбен қатар өмір сүріп жатқан халықтардың ішінде тек қазаққа ғана тән. Әрине, өзге ұлттар да немерелеріне қамқорлық көрсетеді, бағады, қарайды. Ал қазақтың ерекшелігі сол, тұңғыш немерені міндетті түрде атасы мен әжесі бауырына салған. Ол сол үйдің кенжесі болып өседі. Бұл, бір жағынан, «он үште отау иесі» болған жас отбасына деген қамқорлық болса керек. Екіншіден, баланы тәрбиелеуде өздері әлі жас ұл мен келіннің тәжірибесінің аздығын білгендіктен де, немерені бауырына салған, яғни бауырына салу – немерені уызына жаритындай етіп тәрбиелеуге атсалысу.
Бала – балым, баламның баласы – жаным
Өйткені ата мен әже – көпті көрген, өмірдің талай белестерінен өткен, жақсылы-жаманды өмір кешкен тәжірибесі мол адамдар. Ата-әже тәрбиелеген баланың, біріншіден, тілі ерте шығады. Себебі үлкен кісілер әрбір сөзді анық айтады, баламен үлкен адамша сөйлеседі. Бала жүре бастағаннан-ақ өздерімен үнемі ертіп жүретін болған. Бала кішкентайынан үлкендердің әңгімесін тыңдап өседі. Үнемі үлкендердің қасында жүретіндіктен бала атасы мен әжесінің тең тұстарын «пәленше атам», «түгенше әжем» деп солардың барлығын өңдеп-түстеп, кімнің кім екенін біліп, туысқанын танып өседі. Бала әке-шешесін біліп тұрса да «атамның баласымын», «әжемнің баласымын» деп жөн сұрағандарға ата-әжесінің аттарын айтып жатады. Қонаққа барған балаға әдетте құлақ беріп жатамыз. Бұл да негізсіз емес. «Жақсы сөзге құлағы түрік болсын», «жақсы сөзді көп естісін», «ұғымтал әрі зерек болсын» деген ниет жатыр мұның астарында. Содан да болар, атасына еріп қонаққа барған бала да міндетті түрде құлақ күтіп отыратын болған. Қалай десек те, үлкен кісілердің сөздері орнықты, олар күнделікті күйбең тірліктің айналасындағы әңгімені айтпайды. Өздері бас қосқан кезде өткен-кеткен шежіреден, тарихтан әңгіме қозғайды. Ел ішіндегі әртүрлі түйткілді мәселелер, сол қоғамдағы болып жатқан жағдайлар үлкен кісілер арқылы баланың құлағына сіңеді.
Зейнеп АХМЕТОВА