Жақсы сөз жан семіртеді

Жақсы сөздің жақсы энергиясы бар. Біздің халық біріне-бірі жақсы сөзді көп айтқан, тіпті әл үстінде жатқан науқастың өзі хал сұрағандарға жаманмын демей, тәуірмін дейді. Осы жақында ғана атаның Мәскеуден келген қызын (атаның Мәскеуде тұратын қызы Елена Бауыржанқызы) әкесінің туған жеріне Бәкең екеуміз апарып келдік. Елдегі атаның нағашыларына бардық.

Атаның нағашылары – Текебай биден тараған текті кісілер. Көкеміз (атаның анасынын туған бауырының баласы) қазір сексеннен асты. Ал жеңешем –  сөзге өте шешен, тауып сөйлейтін кісі, копбалалы ардақты ана. Екеуі де – көпті көрген қарапайым ауыл адамдары.

«Айналайын, ұлы атаның сен де бір ұрпағысың. Алдыменен бізге келіп, сәлем бергенің үшін жүрегімді табаныңның астына төсейін», – деді жеңешем. Не деген ғажап сөз! Мінеки, тілек! Бәкең жеңешеміздің сөзін қарындасына аударып беріп, түсіндіріп айтып жатты. Бәкеңнің өзі де қатты тебіренді, менің де көзімнен жас ыршып кетті. Басқа салтты ұстанып, өзге діннің адамы болып өскен тілі басқа Бәкеңнің қарындасы сонда жылап жіберді. Өйткені шынайы айтылған тілекті жүрегімен қабылдады, жүрегінен өткізді.

Бірінші рет көрсе де, кетер кезде қимай, қайта-қайта құшақтап, жылап қоштасты. Бұл да – жақсы сөз арнаудың, көңіл сыйластығының бір мысалы. Өкінішке қарай, жаһандану деп жанұшырып жүріп көңіл сыйлауымызды сұйылтып бара жатырмыз. Бүгінде көңіл де сатулы. «Мен – саған», «сен – маған» дейтін күйге жеттік.

Ата-бабамыз нәрсесін қарымтасын қайтарсын деп бермеген. «Берген жомарт емес, алған – жомарт» деп алып жүретін де – біздің қазақ. «Орамал тон болмайды, жол болады» деп қолындағысын беріп жүретін де – біздің халық. Бүгінде барлығы сатулы болғандықтан да, біз өзіміздің қазақтық иісімізден ажырап барамыз.

Бұл күндері бір-бірімізге жылы сөз айтудан қалдық. Ал сөздің қадірін білу, сөзге тоқтау, жақсы сөз арнау, жақсы тілек тілеу –  қазақтың табиғи болмысы. Бұл – өзгеге ұқсамайтын етіп Алла тағаланың біздің ұлтқа берген сыйы…

1 thought on “Жақсы сөз жан семіртеді”

  1. Жақсы сөйлей білу, жақсы ойлау білудің нәтижесі. Ойымыз таза, ниетіміз ақ, көңіліміз көтерінкі болу үшін, үнемі ең бірінші жақсы тілекте жүрейік.

    Жауап беру

Leave a Comment