Өмірде не болмайды?.. Қысқа көйлек киіп көшеде тұрған қыз-келіншектерге қарап, ақыры автоапатқа ұшыраған жігіттердің алды мүгедек болып қалған. Бұдан шығар қорытынды – сұлулық деген – дерт. Әдемілік адамды қашанда өзіне баурап алады. Ал көрікті бойжеткендер еркек атаулыны баурамақ түгілі, өртеп жібереді (Сондықтан да болар, әлемге әйгілі Пикассо: «Еркектер қашанда өзі сүйетін әйелмен жасты», – депті жарықтық). Мұны бельгиялық оқымыстылар дәлелдеп отыр. Тіпті олар сұлу әйелдерді тірідей көру былай тұрсын, суретінің өзі жігіттердің қан құрамына өзгеріс енгізіп, жұмыс қабілетін азайтатындығын дәлелдеген.
Лувенс университетінің зерттеушілері жүргізген сараптамаға 18 бен 28 жастағы 176 гетеросексуалды еріктілер қатысқан. Оларға картамен құмар ойнау тапсырылған. Бірақ алдын ала жігіттерге арулардың іш киімдері көрсетіліп, соған немесе сұлу әйелдердің суретіне қарап баға беру тапсырылған. Ал екінші бір ойыншылар тобына қарапайым майкілер және кәрі кемпірлердің суреттері көрсетілген.
Ойын қорытындысы бойынша, жас әйелдің суреті мен іш киімдеріне баға берген жігіттер жағы қызба ойынды қыздыра алмаған. Әлгілер іш киім мен суреттен алған әсерлерінен арыла алмай, ақыры жүрістерінен жаңылысқан. Демек, әлді батырдың өзі қатты толқығанда «быламыққа тісін сындырып» алады. Оның арғы жағында жүйкеге тиіп, жаныңды ауыртатын «сағыныш» деген сары уайымды айтпай-ақ қойсақ та болар.
Кез келген жігіт сұлуды сыртынан ғана көруге құштар. Ал кездесіп, таныстықтары достыққа ұласқан жағдайда олар сол арудың құлына айналады. Мұның бір жағы құлай сүюге байланысты болса, екінші жағы сұлулардың бойында болатын көзарбаушылықпен байланысты. Егер қарым-қатынас қызғанышқа ұласса, мұның соңы адам өліміне дейін апарып соқтырады. Сондықтан айымдардың өзіне де, суретіне де көп қарамаңыз. Сұлулыққа тым құмарлық адамды ауру етеді.
Әйгілі комик Чарли Чаплин пайғамбар жасына таяғанда әке атанған. Бұл алпыстан асқанда балалы болған белгілі әртіс Асанәлі Әшімов, белгілі режиссер Асқар Тоқпановтардың қасында түк те емес. Ал енді Гераклге жететін жан жер бетінде жоқ. Ол бір түнде елу әйелді «ермекке» айналдырған. Көпшілігі одан бала сүйген. Мұндай ерлікке жігіттер қалай барған, орасан зор қуат оларға қалай біткен?
Осы сұрақтарға жауап іздегендер әлі күнге нақты шешімге келе алмай жүр. Ал бүгінгі күннің андролог мамандары «мұндай мүмкіндік әр еркектің бойында бар» дейді. Бірақ ол жасқа байланысты өзгеретіндігін ешкім жасыра алмайды. Мысалы, жиырма жастағылар тәулік бойына қабілетін жоғалтпайды. Отыз жасында ол әлдеқайда тынышталады. Қырықтағы қылжақпастардың дені үнемі өздерін мойындатуға тырысады. Елуге толғандар қырықтағы кезін сағынады. Өйткені олардың жыныс гармондарын бөлу қабілеті әлсірейді. Соған қарамастан, кейбір жуан жұдырықтылар қабілеттерін жоғалтпайды. Мысалы, кейде өзі жетпісте болғанымен, формасы әлдеқайда жас көрінетін адамдар ұшырасады. Дәрігерлер осындай азаматтарға қарап «биологиялық жас» деген терминді шығарған. Олардың жүрек-қан тамырлары, тыныс жолдары мен жүйкесін, қан құрамындағы холестерин мен шалт қимылын тексергенде, шын мәнінде мықты қасиеттері бірінші орынға шыққан.
Дәрігерлердің анықтаған тағы бір мәселесі – жігіттердің сексуалдық белсенділігі. «Осы мәселе неге бірінші орынға қойылды?» деген сұраққа жауап іздегенде бұл жігіттерді кез келген дерттен қаншалықты сау екендігін анықтайтын көрсеткіш екендігін айтқанымыз орынды. Ендеше, бөріктілер көріктілердің алдында ұятқа қалмас үшін андролог мамандарға барып, кеңес алып тұрудан қымсынбауы тиіс. Төсек қуатының кемімеуі денсаулықтың әлі қанша жылға сыр бермейтіндігін аңғартады.
Белсіздік – жігіттердің жүйкесіне тиеді, айтып келмейтін ауруға ұрындырады. Ол адамның «ішкенін ірің, жегенін желім» етеді. Мұндай күзеліс 40-тан кейінгілердің өзін тез қартайтады. Андрологтар берген анықтама – «15 еселік қорға» қатердің төнуі де белсіздікпен байланысты.
Екінші бір жағдай, бүгінгі жігіттер туабітті қалыптасатын қасиетке атүсті қарайды. Осының салдарынан елуден соң есі шыққандар амалсыздан «Виаграны» пайдалануға көшеді. Мұндай қасіреттің алдын алу үшін мамандар төмендегідей кеңестерді ұсынады.
1. Отыз жастан соң жыныс қатынасын үзбеу (өзге ағзалар секілді жыныс мүшесі де үнемі жаттықтыруды қалайды). Ол адам ағзасын, ұрықты жаңартып отырады.
2. Жігіттердің арақ-шарап, темекі, есірткі пайдаланбауы ағзаны жақсартып, күш-қуатты арттырады. Салауатты өмірді қалыптастырған жігіттерден дені сау, ақылды балалар дүниеге келеді.
3. Жыныс қатынасы барысында сақтық шараларын жасау да пайдалы. Өйткені жыныстық қатынас арқылы тарайтын аурулар жігіттердің өміріне қатер төндіреді (уретрит, простатит, везикулит, эпидидимит, орхит т.б.)
4. Ал белсіздіктің пайда болуына мына дерттер әсер етуі де мүмкін: жүрек қан тамырлары ауруы; артериальды гипертензия; эндокриннің бұзылуы; сусамыр; аденома; жүйке аурулары; зиянды препараттарды қолдану; ішімдік, есірткі, темекі; бір орында тапжылмай отыру; стресс; экологияның ластануы; дұрыс тамақтанбау; ұйқының жиі бұзылуы.
«Сұлу әйелдің өзі түгілі, суретіне қарап шала мас болып қалатындар үшін дәрігер алдына жиі барып тұру пайдалы», – дейді мамандар. Дәрігерлердің бұлайша жанталасуына ерлер мәселесінің жыл сайын күрделеніп бара жатқандығы себеп. Әлемде жиі өлетін де, ауру немеcе мүгедек болып қалатындардың денін осы топтағылар құрайды. Ауыр жұмыс пен отбасын асырау да жігіттердің еншісінде. Сондықтан, бұл проблема қазақ жігітіне де ортақ. Одан сырт қалмауды ұйғарғандықтан, бүгін өздеріңізге арнап біраз кеңес бергенді жөн санадық.
Жолдасбек Дуанабай
Мақала сілтемесі «Айқын» басылымы.
Кезінде туылған Тоқсанбай, Сексенбайлар қайдан шықты дейсің? Әрине, шалдардың мықтылығы
Казак ерлерi пиво дегеннен аулак журсендер 70те де аке атанасындар