Қанат Үмбетов: Жергілікті телеарна бейнебаянды көрсетпеді…

Қанат Үмбетов: Жергілікті телеарна бейнебаянды көрсетпеді...  

     – Тоқтар Серіковтың шәкірті болмай тұрып, сіз Астанада ән айтып жүрдіңіз. Бір топтың құрамында болдыңыз. Өзіңіз Оңтүстіктің тумасысыз. Алматыға қалай келдіңіз?

    – Туылған жерім – шырайлы Шымкент. 1996 жылы отбасымызбен Астанаға көштік. Мектепті де, жоғары оқу орнын да сол жақта бітірдім. Өнерге бала кезімнен ғашық болдым. Ұмытпасам, 3-сыныптан бастап ән айта бастадым. «Әнші балапан» сияқты байқауларға қатысып, солай-солай өнерге қадам басып, қанатымды қатайттым. Сахнаға мені үйреткен қазіргі «Казахи» көңілді тапқырлар клубының мүшесі – Нұржан Бейсенов. Осы ұстазым КВН-да ойнауға үйретті. 3-4 жылдай КВН-да жүріп, одан кейін тек ән айтуға көштім. Өйткені менің орыным КВН емес екенін сездім. Үлкен сахналарға шыға бастадым. Алматыдан әншілер келсе, солармен бірге ән айтып жүрдім. Солай ән әлеміне, сахнаға келдім.

      – Әзілдеу, әзіл түсіну дегеннен қаражаяу емес екенсіз. Қай жоғары оқу орнында білім алғаныңызды, мамандығыңызды айтып өтсеңіз…

       – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін сырттай оқыдым. Мамандығым – экономист. Студент болып жүріп, Әділ Орынбасарұлы деген жолдас жігітім екеуміз бірігіп ән айтамыз деп шештік. Студияда ән жаздырып, сапалы дүниелер туғызғанды жөн деп таптық. Ең бірінші жаздырған әніміз – Шәмші Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең» әні. Осы әнге бейнебаян да түсірілді. Ол Астананың айналасына ғана таралатын телеарналарда көрсетілді де, республикаға тарамады. Біраз уақыт өткен соң «Алтын самұрық» өнер орталығына келдік. 2009 жылы орталықтағы әншілер бірігіп, «Алтын самұрық» квинтеті құрылды, мен сондағы бесеудің бірі болып ән салдым. Осы өнер орталығында жүріп, Тоқтар ағамен таныстым. Арамызда ағалы-інілі қатынас орнап, ол кісінің Астанаға келуін асыға күтетін болдым. Өзім Тоқтар, Мейрамбек сияқты ағаларға еліктеп өскендіктен, оларды жақын тұтпау мүмкін емес қой. «Алтын самұрық» квинтеті тарап кетті де, мен сахнаға жалғыз шығып жүрдім. Сонда мені байқап қалған Тоқтар аға: «Қанат, жүр, сен менің шәкіртім боласың», – деп  Алматыға алып кетті. Міне, екі жыл болды Алматыда жүргеніме.

        – Алматыда кіммен тұрасыз?

        – Алматыда Тоқтар ағаның үйінде тұрамын. Ата-анам, туыстарым Астанада қалды.

        – Сонда сіз Тоқтар Серіковтің продюсерлік орталығысындасыз ба?

        – Бізде «Тоқтар Серіковтің продюсерлік орталығы» деген ұғым мүлде жоқ. Тоқтар аға менің продюсерім емес. Ортадағы сыйластықтан ол – аға, мен іні болып кеткен жайымыз бар. Арада келісім-шарт не басқа да нәрселер болған емес.

       – Алматыға келгелі екі жылда  екі бейнебаян түсірдіңіз. Әншілер «менің жұлдызымды жаққан ән» деп, бір әнді ерекше атап жатады. Сіздің екі әніңіз де халыққа ұнады, тыңдаушысын тапқан әндер. Сіз қайсысын «жұлдызыңызды жаққан ән» деп атайсыз?

       – Мен үнемі өзімнің жаныма жақын әнді айтуға тырысам. Ұнамаса, айтпаймын. Барлық әнім де жаныма жақын. Халық өзі бағасын бере жатар. Дегенмен, мені халықпен табыстырған – «Шамшырағым» әні. Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық демей ме, «Шамшырағым» жаныма жақын.

         – Сіз өнер әлеміне бірден «Шамшырағым» әніне түсірілген сапалы бейнебаянмен жарқ етіп келдіңіз. Кейбір әншілер бірнеше жыл еңбек етіп жүріп, халыққа өтімді, сөзі де, әні де, көрінісі де үйлескен сапалы бейнебаянды ұсына алмай жатады. «Шамшырағым» әнінің сөзін жазған Тоқтар ағаңыз ғой?

          –  «Шамшырағымның» әні де, сөзі де  – Тоқтар ағанікі. Бейнебаянның режиссері де – Тоқтар аға.

         – Бейнебаяндағы актерлерді қалай таптыңыздар, әлде арнайы кастинг жарияладыңыздар ма?

         – Кастинг те, ештеңе де жүрген жоқ. Бірінші бейнебаянға менің еш қатысым болған жоқ. Бәрін Тоқтар аға өзі ұйымдастырып, актерлерді өзі таңдап, бейнебаянды өзі жасап шықты. Мен тек клипті түсіретін Сардар Расулов деген азаматты тауып бердім.

        – Бейнебаянға түскен кішкентай баланы жылату қиын болмады ма?

        – Бұл бейнебаянның түсірілімін көрген адам күлетін еді. Халыққа сезім сыйлай алғанына қуаныштымын, әрине. Кішкентай баланың рөлін сомдаған бала – Тоқтар ағаның ұлы Беколжас бауырым. Оны басында ойнай алмайды деп ойладық бәріміз. Керісінше, біз ойлағаннан мүлде басқа болды, ол рөлін шебер алып шықты. Клиптің «фишкасы» да сол болды.

Бейнебаянның мағынасы – жігіттердің отбасын, әйелін, анасын қадірлеу. Екі әйел алып кетуіне тосқауыл болса деген ниет.

         – Бейнебаянда ұлы мен әкесі мешітте намаз оқып отыратын көрініс бар. Қазір қоғамда дін жайлы қалыптасып жатқан түрлі пікірлер мен болып жатқан жағдайлардың әсері болады деп қорықпадыңыз ба?

         – Ақтөбе қаласында діннің қатысы бар оқиғалар, жарылыстар болып жатқан кезде жергілікті телеарна эфирінен осы бейнебаян алынып тасталды. Себебін түсіндіріп айтпаса да, мешітті көрсеткеннен деп ойладым. Біздің діни ағымға ешқандай қатысымыз жоқ екенін айтқым келеді.

          – Екінші бейнебаяныңыз дүниеге қалай келді? Авторы кім?

          – Екінші клиптің әнін де, сөзін де жазған –Тоқтар Серіков. Бұл  жолғы идея да – Тоқтар ағанікі.

         – Осы екінші бейнебаяныңызды мұзайдында түсіруді кім ұсынды? Оны ерекшелік деп таңдадыңыздар ма?

         – Иә, мұзайдында қазақ эстрадасынан әлі ешкім клип түсірмепті. Бейнебаян желісі бойынша, тренердің әйеліне жас жігіт ғашық болады, бірақ қолы жетпейтінін біледі. Мәтіні де соған орай. Әннің сөзі мен клиптің мағынасын ұштастырдық. Бұл да бір ерекшелік деп білдік.

        – Бейнебаян қай жерде түсірілді?

        – Екеуін де Алматыда түсірдік. Тек «Шамшырағымдағы» өзімнің  айтатын трэгім ғана Ташкентте түсірілді.

       – Ғаламтор арқылы белгілі бір ортада танымалдыққа ие болып жататындар бар. Сіздің екінші бейнебаяныңыз халыққа алғаш ғаламтор  арқылы жетті. Өзіңіз әлеуметтік желілерде отырасыз ба?

       – Интернетке аса қызығушылық танытпайтын адаммын. Сайттарды білем, кіріп, қажетімді оқып тұрам. Бірақ интернеттің «құлағында ойнаймын» деп айта алмаймын. Әлеуметтік желілерде де көп отыра бермеймін.

        – Қазіргі «жылаңқы ән», үйлесімсіз көрініс, мағынасыз сөз дегеннің бәрінен жалыққаннан болар, сіздің бейнебаяндарыңызды халық өте жылы қабылдады.Әрине, көрерменге  сапалы ән ұнайды. Жастардың ортасында белгілі болып қалдыңыз дегендей… Сол танымалдығыңыз сізге қалай әсер етеді? Танымалдықты сезіндіңіз бе?

        – Әрине, сезіндім. Әнші бір ғана бейнебаянымен  көрерменнің ықыласына бөлене алса, ол – бақ. Алланың маған берген бағы. Танымалдықты, халықтың ыстық ықыласын, ізгі ниеттерін сезіндім. Өміріме пәлендей әсер етті дей алмаймын, бәрі орнында. Адам бата-тілекке одан сайын шабыттанады екен. Халқымның үмітін ақтасам деген арманым бар.

       – Сізді  тек бейнебаяныңыз арқылы ғана көреміз. Концерттерге сізді шақырмай ма, әлде өзіңіз бармайсыз ба?

       – Иә, солай. Шақыртулар алам, бірақ сол уақытта Тоқтар ағаның басқа қалада концерті болып қалады не өзге тірліктер шығып қалады. Тоқтар ағаның шәкірті болғандықтан оның концертіне бар ынты-шынтымызбен кірісеміз де, басқа ісімізді жиып қоямыз. Қазір ақырындап шығып жатырмын. «Сағындырған әндер-айға» шықтым, «Жарайсың» бағдарламасына да сұхбат бердім. Бәрі бірден болып кетпейді ғой, әр нәрсе өз уақытымен…

         – Отбасыңыз бар ма?

         – Жоқ, бойдақпын. Жақын арада отбасы құру жоспарда да жоқ.

Анамның аты – Гүлман, әкемнің аты – Сапаралы. Менің алдымда екі әпкем бар, мен – жалғыз ұлмын.

         – Болашақта орыс тілінде ән айтуыңыз мүмкін бе?

         – Құдай сақтасын, орысша да, өзге тілде де ән айтпаймын. Айтсам, қазағымның әнін ғана айтамын. Ол – мен үшін мақтаныш.

         –  Тойға барып, ән саласыз ба?

         – Тойға шығам, оны жасырмаймын.

         – Әншілікті өнер адамының қалтасын қампайтатын табыс көзі деп түсінесіз бе?

         – Құдайға шүкір,  ән айтып, табыс тауып жүрмін. Бірақ ол қалта қампайтатын табыс көзі емес,байып кетпейсің.

         – Жеке альбомыңызды шығару ойыңызда бар ма?

         – Қыркүйек айында өзімнің жеке альбомымды шығарсам деймін…

         – Сұхбатыңызға рақмет!

4 thoughts on “Қанат Үмбетов: Жергілікті телеарна бейнебаянды көрсетпеді…”

  1. Менин омиримде ерекше из калдырган адам.Сиздин андериниз менин омиримди мулдем озгертип жиберди.Сондыктан да мен сизди ерекше багалаймын.Биздин конак уйимизге конак болып келгенинизде де куана куана карсы алдым.Сизге алгысым шексиз!

    Жауап беру

Aigerim үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау