ҚЫС МЕЗГІЛІНДЕГІ ШАШ КҮТІМІ

Қыс мезгілі келісімен шашымыздың «ауа райы» да өзгере бастайды. Үйдегі, ғимарат ішіндегі жылу жүйесінен бөлінетін құрғақ ауа салдарынан шаш құрғайды, электрленеді, оған көшедегі аяз соққысы қосылады. Нәтижесінде майлы шаштар одан сайын майланып, құрғақ шаштар тіптен өңінен айрылады, ұштанады, көп түседі.
Қыстың қыңыр мінезді күнінде де шашыңыздың жібектей жұмсақ болып, жылтырап тұруын сақтаудың бірнеше амалдарын жадыңызда жаттай жүріңіз.

Read more

ӘДЕМІ ТОРДЫҢ ТАРИХЫ

Гардеробымыздағы мойын орамал, көйлек, жейде, сөмкеміздегі түстері үйлескен торды мақтанышпен киіп жүрміз. Тіпті сәннен әлі хабарсыз болса да, кішкентай сіңлілеріміз «О, мынау Burberry ғой!» деп, жал ете қалады. Ерлер киімінің жағасында, жеңінде, қалтасында «таныс» тордың элементтерін көріп қалсақ, ол жігіттің талғамын жоғары бағалай бастаймыз. Сатушылар да осы тордың қазіргі таңда мол сұраныста екенін ұтымды пайдалануда.
Ал сіз осы Burberry торының қалай кең таралып кеткенін білесіз бе?
Жалпы Burberry брендінің тарихы 1856 жылдан басталған. 21 жасар Томас Барберри атты жігіт өз қаласында дайын киімдер сататын шағын дүкен ашады. Бірнеше уақыттан соң дүкеннің ауқымын кеңейтіп, үлкен киім сату орталығын иемденеді. Өз тәжірбиесінде Томас су өткізбейтін мата – габарин тоқу технологиясын игеріп, одан сырт киімдер тіге бастайды. Сырт киімнің астарын төрт түс үйлескен торлы матадан тігеді. Ол түстер: қызыл, қара, сарғыш және ақ.
Астар болған торлы мата Англия халқына жылы әрі жұмсақ үй пледін еске түсіргендіктен, сұраныс арта түседі. Burberryдің классикалық торы сауда маркасы болып тіркеледі де, халыққа мойын орамал, қолшатыр, қол сөмкесі сынды аксессуарлар ұсына бастады. Өз тауарларының қорын молайту мақсатында Томас 1990 жылдары басқа ірі компанияның дизайнері италяндық Роберто Манчеттиді жанына жұмысқа алады. Манчетти Burberry торына жаңа өмір әкелді. Ол халыққа ерекше үлгідегі киімдер ұсына бастады, бұл әсіресе жас тұтынушылардың назарын аударды.
Burberry торының беделі сән әлемінде шарықтай берді. Он жыл ішінде ең үздік классикалық дизайн, ең үздік заманауи дизайн деген марапаттауларға ие болып үлгерді.
2006 жылы Burberry фирмасы өзінің 150 жылдық мерейтойын атап өтті.
Сіз бен біз ұнататын жылы түске ие Burberry торының тарихы осындай.

УГГИ ЕТІГІНІҢ ДЕНСАУЛЫҚҚА ТИГІЗЕР ЗИЯНЫ КӨП ПЕ, ПАЙДАСЫ МА?

Сәнді әрі жылы!
Күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен ары да бері шапқылап, тынымсыз еңбек ететін адамзатқа ыңғайлы әрі жылы мына етік бізге Австралиядан жеткен. Әлемдік деңгейдегі шоу-бизнес өкілдерінің қолданысқа енгізуі Угги етігінің «танымалдылығын» арттыра түсті.
Классикалық угги табиғи қой терісінен тігілгендіктен қыста суық өткізбей, жылы болса, жазда, керісінше, суық өткізбей, салқын болады.

Уггиді немен киюге болады?
Уггиді кез келген стилде, кез келген киіммен киіп кете беруге болады. Джинсымен, белдемшемен (юбка), көйлекпен, шалбармен үйлестіріп кию, әсіресе жасөспірімдер арасында белең алды.
Әр түрлі түсте шығарылған бұл етік түрі кеңсеге де, қысқы саяхаттарға да, түнгі клубтарға да, тұрмыстық қажеттіліктерде де киіп жүруге өте ыңғайлы.

Уггидің түрлері.
Әйелдерге арналған угги классикалық, спорттық үлгіде, тоқылған, қалыңдатылған сияқты түрлерге бөлінеді. Сәнді уггилар да бар. Оларды бантиктермен, түрлі баулармен, моншақтармен, жапсырмалармен, әшекей бұйымдарымен безендіреді.
Ерлерге арналған угги етіктерінің классикалық және спорттық түрлері ғана болады.
Балаларға арналған уггидің тек классикалық түрі ғана қолданыста. Ыңғайлы спорттық түрі сирек кездеседі.

Угги денсаулыққа зиян ба?
Басты сұранысқа ие аяқ киімнің бұл түрі адамға кері әсерін тигізетін көрінеді.
«Күніне 8-9 сағат бойы аяғынан шешпей киетіндердің табан буынының сіңірі созылады», деп хабарлайды ортопедтер. Угги жалпақ әрі кең болғандықтан табанды ұстап, аяқ ұшының көтерілуіне демеу бермейді де, аяқты сүйретіңкіреп басуға тура келеді, буындағы сіңірдің созылуы осыдан.
Қалың жүнді етікпен сүйкелген сайын ауа өтпей, аяқ терісі терлейді, нәтижесінде – түрлі тері аурулары, тері қабынулары, әсіресе аяқ саусақтарының арасындағы терілер зардап шегеді екен.
Аяқ етікпен қысылмай, қалай болса, солай еркін басылған соң адамның жүрісі де өзгеретіні дәлелденген.
Америкалық ортопедтердің кеңесі бойынша, угги етігін күніне екі-үш сағаттан артық киюге болмайды.

КИІМДІ ДҰРЫС ҮТІКТЕЙ БІЛЕСІЗ БЕ?

Қолына үтік тисе, қиналып қалатын құрбыларымыз аз емес. Киімді бүлдіріп алмастан, дұрыс үтіктеу үшін алдымен үтік таза болуы тиіс.

• Үтік бетінде сары дақтар жиі пайда болады, ол – бүркіген судан не будан қалатын із. Сары дақты үтікті салқын күйінде сірке суымен (уксус) сүрту арқылы кетіруге болады. Сірке суының орнына ас содасының ерітіндісін де қолдана аласыз.

• Қолданылып болған үтік толық сууы қажет. Суыған соң ғана сымын орап, жинастыруыңызға болады.

• Киімді үтіктегенде ең аз температурадан бастағаныңыз дұрыс. Бірінші синтетикалық бұйымдарды үтіктеңіз. Жаймен температураны арттырып отырып, соңында қатты матаны, сырт киімдерді үтіктеңіз.

• Үтіктеу үдерісіндегі (процесс) үтіктің бағыты оңнан солға қарай болуы тиіс.

• Киіміңіздің алдымен жең, жаға, қалтасындағы қыртыстарды жазып алып барып, кеудесіне, етегіне ауысыңыз.

• Егер үтіктегенде мата жылтырай бастаса, су сеуіп немесе дәкені (марля) сулап, киімнің үстіне қойып, үтіктеңіз.

• Жібек матаны іш жағынан, су тигізбей үтіктеңіз. Су тиген жібек матада дақ қалып қоюы мүмкін.

• Тоқылған бас киімдерді үтіктеудің қажеті жоқ. 2-3 литрлік банкаға кигізіп, кептірсеңіз, жеткілікті.

• Шалбарға қыр салғанда үстіне сірке суы қосылған суға батырылған матаны қойып үтіктесеңіз, шалбардың қыры ұзақ сақталады.

• Көйлек, жейде, белдемшені (юбка) бірінші теріс жағынан, одан кейін оң жағынан тағы үтіктеңіз.

ЕРКЕКТЕР ЖАЙЛЫ ШЫНДЫҚ

Еркектер әйелдерге қарағанда тез әрі жиі ғашық болады. Әйелдер көзі түскен еркекпен болашақтағы қатынасын елестетіп болғанша, еркектердің жүрегі «жараланып» үлгереді. Ойнақшыған көз, әдемі аяқ, сұлу мүсін еркектің назарын еріксіз өзіне аудара түседі де, ойлануға мұрша бермейді.

Еркектер әйелдерге қарағанда кемінде сегіз жыл аз өмір сүреді және денсаулығына көңіл бөлгенді ұнатпайды. Еркектердің көбісінің ойынша денсаулығына шағым айтып, дәрігерлер алдына жүгіре беру – еркекке тән іс емес. Еркекті аурудың түрі не күтінудің жолдары жайындағы ешқандай да әңгімемен қызықтыра алмайсыз, одан ситуацияға құрылған шытырман оқиғалар әлдеқайда қызық.

Психикалық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да жігіттерге қарағанда қыздар төзімді. Әйелдерде организмнің қорғану күші жоғары болады, ал психикалық төңкерістерге мықтап төтеп береді. Себебі, көкіректегі қиындықтарды көз жасының көмегімен азайтып алу қасиеті бар. Тіпті апат бола қалған жағдайда көбіне нәзік жандылар басым санмен аман қалып жатады. Бұл еркектердің әйелдерге құрмет көрсетіп, бірінші құтқаруынан емес, әйелдер қиын жағдайдан шығудың жолын тез табады, жаңа оқиғаға бейімшіл.

Еркектердің терісі қалың. Сондықтан оларда әжім аз болады. Еркекті өзімен бір жастағы әйелмен салыстырғанда, жас көрінеді, сырт көркі ғана. Ал жас көрінген еркектің қауқары төмен болуы мүмкін. Себебі, әр он жыл сайын физикалық кедергіге төтеп беру мүмкіндігі әйелдерде екі пайызға кеміп отырса, еркектерде он пайызға кеміп отырады.

Еркек пен әйел әр түрлі ойлайды. Ми жұмыс істеуінің жынысқа қатысты айырмашылығы бар және бұл – тек адамдарға ғана емес, хайуандарға да, жануарларға да тән құбылыс. Еркек бір уақытта екі жұмысты істеуге қабілетті. Мысалы, машинасын жөндеп тұрып, газеттен оқыған мақаласын талқылауы мүмкін. Машинасының бұзылған тетігін түзеу үшін миының жарты бөлігі қызмет етсе, қалған жарты бөлігі мақаланы талқылауға жұмыс жасайды. Ал әйелдер бір ғана істі тындыру үшін миының екі жартысын да біріктіреді. Бұл берілген тапсырманың орындалуының жылдамдығын ғана арттырмайды, тиянақты болуын қамтамасыз етеді. Әйелдің қырағылығы кез келген өтірік әңгіменің шындыққа жанасымды болуына септігін тигізеді. Сондықтан еркектерді сендіру оңай.

«Барлық еркек – бала». Коко Шанель осылай айтқан. Бұл сөздің астарын түсінген әйел бәрін де түсінеді. Еркектер 50 жасында да ойға сыймайтын істерді істеуі мүмкін. Немересімен доп теуіп, асыр салып ойнауы да қалыпты. Басым бөлігі 40-тан асқанда бозбала секілді ғашық болғыш келетін көрінеді.

Ең қызығы, әйелдерге қарағанда, еркектер өмірлік серігіне көбірек көңілі толмайды екен. Айтпаса да, түсінікті. Қыздар қауымы ақылға салса, кімге күйеуге шығатынын, болашақта қалай болатынын біліп, болжап, іштей дайын болады. Ал еркектер сезім мен сұлулықтың шырмауынан шыға алмай, өзін жақсы көріп, аялап, еркелетіп жүргені жеткілікті деп ойлайды. Жыл өткен сайын әйелін жаңа қырынан көрген сайын таңырқай береді.

Отбасын құрған барлық еркектер шыдамсыздана мұрагерін күтеді. Баланың дүниеге келуі әйел мен ердің арасын неғұрлым жақындатса, соғұрлым алыстата түседі. Айтылған «бауы берік болсындар», құттықтаулар, «жуу», тойлау, өзін әке сезініп, марқайып қалу сияқты қуаныштардың арты баланың түні бойы жылап, сан рет ұйқыдан оятуы, төсегінің, киімдерінің «былғануына» ұласады. Оған қоса, әйелінің бар назары баласына ауып, еркектер бүкіл ықыласын шаранасына арнаған әйелін іштей қызғанады. Тұңғыш баласы қыз болып туылса, ұл дүниеге келгенше, еркектер шыдамсыздана күтетін көрінеді.

Еркектерде табысқа ұмтылыс басым. Мақсат, карьера, мол ақша – еркектер үшін өте маңызды. Жұмыссыз қалу не қаржы қорының ойсырауы – отағасына үлкен трагедия. Жағдайының төмен болуы намысын қытықтап, өзін-өзі іштей «жеп қояды». әйелін, баласын асырау үшін мол табыстың болуына ұмтыла түседі де, оған жетудің жолдарын ұтымды таба біледі.

Еркектер «қыдырудан» бас тартпайды. Егер ол сүйікті әке, құлай сүйген отағасы болса да, сұлулыққа, жастыққа сүйсініп, ойнап-күлуден қашпайды. Жан-жаққа «көз тастауы» 40-50 жас шамаларында көп орын алады екен. Отбасының күйбең тіршілігінен бірауық тыныштықты аңсап, «даладан» жылу іздеп, жаңа романдарға ықыласын аударуы мүмкін. Күйеуіңіздің бұл еркелігін кешірімділікпен түсіне білсеңіз, шаңырағыңыздың шайқалмауына, күйеуіңіздің одан сайын қадірлей түсуіне жол табасыз.

Төсек қатынасынан соң неге бірден ұйқыға кетеді? Бұл – дөрекілік, сізді сыйламағандық не ойында басқа бір арудың тұруында емес. Тән ләззәтін алған еркектерде аз секундтар ішінде ұйқыға тартатын зат бөлінетін көрінеді. Ол үшін ашуланбастан, жай ғана ұйықтатпауға тырысыңыз.
Еркектер жайлы қандай тақырыпта сөз қозғасақ та, біздің оларсыз күніміз жоқ.

Сағыз адамды семіртеді

Сағызды шектен тыс көп шайнау денсаулыққа зиян екенін ғалымдар дәлелдеп отыр.

Шайнауға арналған резеңкені әлемде ұзақ уақыт бойы дәрі-дәрмек санатына жатқызып келді. Сағыздың тек тіске ғана емес, ас қорыту жүйесіне де пайдалы екенін дәрігерлер да растады. Сағызды шайнаған сайын асқазаннан сөл бөлініп, тамақ тез қорытылады.

Бірақ, шайнауға арналған резеңке құрамына қатысты ғалымдар арасында дау туындады. Біреуі сағызды, бұрынғысынша, пайдалы десе, басқа біреуі сағыз адамның семіруіне себепкер болады деп есептейді.

Эдинбургтегі Нейпира университетінің ғалымдары жүргізген зерттеудің нәтижесінде сағыз адамды семіртетіні расталды. Адам организміндегі артық салмақтың жиналуына сағыз құрамындағы қант алмастырушы (заменитель сахара) – аспартам себепкер екен.
Бір жылда аспартамнан 215 әйел, 56 еркек зардап шеккен. Олар сағызды күніне бірнеше рет шайнағанда, айына 200 данадан аса сағызды «аттандырып» отырған. Жарты жыл өтпей-ақ адамдар тола бастаған. Ал 48 адам асқазанында гастрит және т.б. түрлі аурулар анықталған.

Дәрігерлердің айтуынша, күнделікті тұрмыстағы қантқа қарағанда, аспартам май қабаттарын 40 пайызға көбейтеді. Сондықтан күніне сағыздың бір данасын ғана шайнауға немес сағыздан мүлде бас тартуға кеңес береді.

wday.ru 

Есте сақтау қабілетін арттырыңыз

Есте сақтау қабілетін арттыруды қамтамасыз ететін азық-түлік пен сусындар бар ма?

Ия, бар. Мысалы, кофеин есте сақтау мен зейінділікті жақсартады. Кофеин тек қана кофе құрамында ғана емес, энергетикалық сусын, шоколад және арнайы дәрі-дәрмектер құрамында болады. Сонымен қатар, кофеин ақыл-ой белсенділігіне жағдай жасайды. Өкінішке орай, кофеиннің әсер ету салдары қысқа мерзімге ғана, яғни есте сақтау қабілетіңіз бірнеше уақытқа, күнге ғана жақсаруы мүмкін. Сондықтан кофеинді шамадан тыс қолданудың зияндарын да ескергеніңіз жөн.

Қант зейінділікті арттырады. Қант – энергия көзі, сондықтан бір шыны тәтті шырын немесе қанты мол сусын аз уақыт ішінде есте сақтау қабілетінің жылдамдығы мен көлемін ұлғайтып, логикалық ойлау жүйесі мен ақыл-ойдың жұмыс істеуін жақсартады. Солай екен деп, қантты шамадан тыс көп қолдану да есте сақтау қабілетіне зиян. Қант адамды толтырып жібереді деп, мүлде бас тартпаңыз, күніне орта мөлшерде қолданып тұрғаныңыз пайдалы.

Белоктар мен ми қызметі. Белоктар майлар мен көмірсуларға қарағанда адамның ұзақ уақыт тоқ жүруін қамтамасыз етеді. Тамақтану қорыңызда майлы емес белоктарды молайту денсаулығыңызды жақсартып, артық салмақтан арылуға көмектесіп қана қоймай, ми қызметінің қалыпты қызметіне ықпал етеді.

Балық – тек белоктың ғана емес, майдың да қайнар көзі. Және балық – миды қоректендіретін супер азық. Балық майы қазіргі уақытта инфаркт ауруларын азайту үшін де қолданылып жүр. Аптасына кемінде екі рет балық жеп отырыңыз.