Сүндетке отырғызу – тек мұсылмандық емес

 Сүндетке отырғызу - тек мұсылмандық емес

Анайы көрініс немесе бүгінгі сүндеттой

Сүндетке отырған баланың да мінез-құлқы бірден өзгереді. Шапқылап ойнап жүретін баланың мінезі салмақтанып, жүріс-тұрысы жинақталып, байсалды қалыпқа түседі. Айналасына да басқаша қарай бастайды.   

Бүгінде сүндетті арнайы хирургтер атқарып жүр. Олардың арасында бетін сипап, дұғасын айтып барып жасайтындары да бар. Қазіргі күні өткізіліп жүрген сүндеттойларда ауылдың балаларын – атқа мінгізіп, қалалы жерде машинаның алдына (капотына) кілем жауып, баланы сонда отырғызып жүр. Қалалы жерде атап берер, жетектеп әкелер мал жоқ, баланың қолына көп жағдайда ақша ұстатамыз. Кейбір ата-әжелер арнайы көрімдікке берген ақшаны «баланың қоры болсын» деген жақсы тілекпен жинақ кітапшасын ашып, соған салып жатады. Бұл – құптарлық іс. Болашақтағы оқуына, үйленгеніне қажет қаражаты жинала бергені де дұрыс қой. Заманына сай әркім шамасы келгенше жасап жүр. Бірақ маған ұнамаған нәрсе – сүндеттойда келіннің бетін ашқандай қылып, баланың «сұлуланған жерін» «он көрсетпе, бір көрсет, пәленше әжеңе бір көрсет, түгенше атаңа бір көрсет»  деп құлаққа түрпідей тиетін біртүрлі өлеңді айтып, көрімдік алатындардың кездесіп жатқаны. Мұндай анайы ұят істі өз көзіммен көрмесем, айтпас едім. Онсыз да ол балаға «сүндетің құтты болсын», «мінеки жігіт болды», «азамат болды деген – осы» деп ағайын-туыстары көрімдік береді. Ал өзін жігіт, азамат сезінген баланы жұрттың алдына алып шығып, тойдың үстінде абыройын түсіру – қайсыбір сұғанақ асабалардың шығарып жүрген дарақылығы. «Енді ұят болады, мен үлкен жігіт болдым» деген түсінікті санасына қалыптастырған баланы көпшіліктің алдына шығарып, табаққа ақша жинағанын көру кейбіреуге қызық шығар. Бірақ талай үлкен адамдар ұялып, ыңғайсыз күй кешті. Баланың өзі де қатты қысылды. Бұл – менің өзім көрген сүндеттойдағы көрініс. Мұндай бассыздық ата-бабамызда болмаған. Кез келген жаман нәрсенің халық арасына тез тарап, жылдам сіңетінін көріп жүрміз. Осындай анайы көрініс індет сияқты, тез тарауы мүмкін. Келіннің бір жасаған сәлемін ақша беріп сатып алуды тоқтата алмай жүргенде, осындай анайылықтың белең алуы ұят дер едім. Бұл – қазақтың табиғатына, болмысына қайшы келеді, бізге жат қылық.

Сүндетке отырғызу - тек мұсылмандық емес

Сүндетке отырғызу – тек мұсылмандық емес

Өзім басы-қасында болып, сүндетке отырғызуға мұрындық болған мына оқиғаны айта кетсем, артық болмас. Облыстық балалар қорында істеп жүргенімде, бұл 90-жылдардың аяғы болатын, балалар үйлерімен тығыз қарым-қатынаста болдық. Алматы қаласының жанындағы Бағанашылда №1 балалар үйі бар. Сол кезде аталмыш үйдегі сүндетке отырмаған балалардың алды – 15-те, кішісі 7 жаста екен. Мұны естіген бойда облыстық емхананың бас дәрігеріне барып, бар жағдайды, балаларды сүндеттеу керектігін түсіндіріп айттым. Өйткені олар – онсыз да өмірден соққы жеген, кінәсіз жазықты болған, жетімдіктің азабын тартқан, кейбірі керек десеңіздер қазақша сөйлей де алмайтын балалар. Сүндетке отырғызу тек мұсылмандық жолы емес, оның ер адамның денсаулығына, ертеңгі күні ұрпағының өсіп-өнуіне де маңызы зор екені медицинада  дәлелденген. Сондықтан да ол балалардың болашағын  ойладық. Ол кісі бұған қуана келісті. Алдымен молда шақыртып, дұғасын оқытқан соң, сол аурухананың хирургтері арнайы дайындалған бөлмелерде балаларды сүндетке отырғызды. Әр балаға арнап аппақ матадан «сүндетжейде» тіктірдік. Олар жазылған соң балалар үйінде той жасап, балалардың көңілін көтердік.  Бұл біздің сол балалардың алдындағы парызымыз болды. Қалай десек те, біз ғасырлардан бері келе жатқан мұсылмандық таққа мініп, имандылық жолға түскен аталардың өсіп-өнген ұрпағымыз. 

Зейнеп АХМЕТОВА

Суреттер: artcard.kz

1 thought on “Сүндетке отырғызу – тек мұсылмандық емес”

  1. бейшара қазақ, қазақтан басқаға істеп көрші, д**ыңды /іш киіміңді/ басыңа кигізсін…

    Жауап беру

Leave a Comment