Жасанды тырнақ жасатар алдында…

Ешкімге де жаңалық емес шығар, кейде біздер, қыздар, жасанды сұлулыққа бет бұрамыз. Түріміздің “қарауға болмайтындай” дәреже болғанынан емес, тіпті барына шүкіршілік жоқтан емес, бар болғаны шамалы басқа образға ену, бір кеш болса да өзгеше көріну (қыздардың көбі әртіс қой 🙂 ).

Сонымен, егер сіздер, қымбатты құрбыларым, жасанды тырнақ жасаймын десеңіз, алдымен төмендегі кеңестерді бір сүзіп өтіңіз:

– Жасанды тырнақ өсіру акрил немесе гель арқылы жүзеге асады. Екі материал да бір химиялық зат, акрилаттардан жасалады. Олардың бірі пайдалы, екіншісі зиян деуге болмайды. Шындығы, бұл екеуі де табиғи тырнаққа зиян келтіреді (менің кейбір әріптестерім осы сөз үшін жоқ шашымды жұлып, қолыма ұстатар еді ау J).

– Тырнақты формаға емес, типсаларға өсірген артық, себебі тура тырнақтың үстіне жағылатын акрил/гель мейілінше жаман әсер етіп, тырнақтың бүлінуіне әкеп соқтырады.

– 2-3 күнге жасайтын болсаңыз (той, мереке) онда жұқа қылып салуды сұраңыз. Әрине, олар тез түсіп қалады, бірақ барынша тез түссе, тырнаққа әсері аздау болмақ.

– Мастер сізге маска ұсынбаса, өзі тақпаса, ол салоннан қашыңыз. Не болмаса өзіңізбен бірге маска ала барыңыз. Акрилаттардың өзінен гөрі, сол акрилаттарды ерітетін ликвидтің адам ағзасына зияны көп. Кейде 2 сағаттан аса жасалатын процедура болған соң,  онымен дем алу аллергия тудырып, басқа да проблемаға әкелуі әбден мүмкін.

– Мастер френш өсірген болса, үстіне лак, сосын қаттырғыш (закрепитель) жағуын талап етіңіз.  көбірекке шыдап, сізді қайта қайта лак жаққаннан сақтайды.

– Егер, мастер “под лак” өсірген болса, онда түрлі-түсті лак жақпас бұрын үстіне түссіз лак жағып берсін. Себебі түрлі-түсті лак тырнаққа сіңіп, кейін сүрткен кезде реңі қалады. Соңынан ашық реңді лак жағам десеңіз әдемі болмай қалады.

– Жасап болғаннан кейін бір екі сағата суға салмаңыз қолыңызды. Мейілінше ұқыпты болып, сауна мен монша дегенді ұмытуға тура келеді.

– Ең соңғысы, тырнақты шешетін болсаңыз (егер ол акрил арқылы өсірілген болса) тырнағыңызға (ар бір саусаққа) арнайы акрил тырнағын алатын сұйықтыққа малындырған мақтаны салып, сыртына фольга орап қою керек. 45 минуттан кейін тырнақ жұмсайып, алып тастауға ыңғайлы болады.

– Гельдің акрилден кем жері, оны ерітіп алып тастау мүмкін емес, тек тырнақтың үстінен тырнақ егеуішпен сырып алады. Ол дегеніміз өз тырнағызыды да сырып кетеді деген сөз.

Авторы: АйжанНұр

 

Парфюмерияның қыр-сыры

Күнделікті пайдаланып жүрген иіссулардың көбі хош иісті майлар, спирт және судан тұрады және бір-бірінен осы компонеттердің арасалмағына байланысты ажыратылады. Сонымен қатар парфюмерия құрамына аз мөлшерде бояғыш заттар мен антиоксиданттарды қосу жіберіледі, бұл парфюмнің иісіне еш әсер ете қоймайды. Хош иіс тудыратын заттар концентрация нормасы әр парфюм түрлері үшін әр елде әртүрлі, бірақ белгілі бір шектеуден аспауға тырысады.

Парфюм пайдаланғанда Американдық концепция бойынша табиғи иісті біржолата жойып, парфюм иісін бойыңа сіңіру болып табылады. Ал Еуропалық концепция табиғи иісті сақтай отырып, денеге әлсін хош иіс сыйлауды жөн санайды. Бұл кезде адамның хош иісін жақын тұрған адам, не жанынан өткендер сезіне алады. Бізде көбіне осы Еуропалық тәсілді пайдаланатын ұқсайды.

Парфюм таңдауда мынадай кеңестерді ескерген жөн:

  • Иіс суды тек өзіңе ғана сеніп таңдау қажет. Сонымен қатар, иіс су жағылған қағаз, немесе паралон арқылы таңдаған дұрыс емес. Өйткені парфюм теріге тигенде оның иісі тіптен басқаша шығуы мүмкін. Одан да бір тамшы иіс суды білегіңіздің терісіне тамызыңыз да он минут күтіп, иіскеңіз.
  • Парфюм иісі сіздің имиджіңізге және жасыңызға сәйкес болуы керек.

Өздеріңізге белгілі парфюмнің де бірнеше түрлері болады:

  • Хош иісті майлар (ароматический масла) – таза күйдегі эфир майлары;
  • Духи (Parfum, Extrait —французша, және Perfume — ағылшынша «духи»). 18-30 % хош иісті майлардан тұрады. Бұлар ең құнарлы және иісі тұрақты парфюмерия қатарына жатады. Бағасы жағынан да қымбат болып келеді. Кішкентай құтыларда шығарылатын духи иісі 6 сағаттай сақталады.
  • Парфюмерлік иіссу (Eau de Parfum) – құрамында 10-20 % хош иісті майлар бар. Көбіне түскі кездесулерге пайдаланады, иісі 4 сағаттай сақталып тұрады.
  • Классикалық иіссу (Eau de Toilette) – бұл парфюмердердің ішіндегі ең жеңілі болып саналады. Онымен күніне бірнеше рет пайдалануға болады. Жаздық мезгілге жақсы келеді. Құрамында концентрациясы 4-10 % құрайды.
  • Одеколон (Eau de Cologne) – құрамы классикалық иіссуға жақын, бірақ композиция жағынан 1,5 % құрайды.
  • Парфюмерлік дезодорант (Deo parfum) – 3-5 % майдан, 2 % судан тұрады. Кейбірі бактериялардан қорғайды. Көбіне қолтықтан шығатын жағымсыз иісті кетіру мақсатында пайдаланады. Сонымен бірге денеге жағымды иіс беру ретінде де жүреді.
  • Жуыну құрылғылары: иіс сабын, душқа арналған гель, ваннаға арналған көпіршік, денеге арналған тазартқыш сүтті пайдалану жақыныңызбен қарым-қатынаста жақсы әсер сыйлайды.

Иіс су пайдаланғанда мынадай ережелерді ескеріңіз:

  • Иістің төменнен жоғары қарай шығу дағдысы бар. Сол себепті иіс су пайдаланғанда денеңіздің төменгі жағын да бей жай қалдырмағаныңыз жөн.
  • Иістің жақсы шығуына дененің бүгілетін жерлері жақсы әсер етеді. Оларға: тізе асты, шаптың бүгінділері, шынтақтың ішке бүгілетін жері, білектің ішкі беті, мойынның құлақ түбі жатады. Осы жерлерге иіссуды себу арқылы сіз өз табиғи кейпіңізді жоғалтпай, әрі тұрақты иісті қамтамасыз етесіз. Бұл киімге құйылған иіссудан бірнеше есе артық.
  • Егер жан-жағыңызға қайталанбас иіс таратқыңыз келсе, иіссуды таза, дымқыл шашыңызға сеуіп, табиғи жолмен кептіріңіз. Әр ізіңізден әлсін романтика мен құпиялық мүңкіп тұратын болады.

Дайындаған: Ақзере

Ақылмен жуынамыз

Бетті макияждан тазарту түк те емес сияқты. Бірақ көбіміз мұны неге дұрыс істемейміз?

1. Екі рет жуыныңыз.

Макияжды кетіру үшін макияж кетіргіш затты аямаңыз. Процедураны 2 рет жасаған абзал. Косметиканы ізін қалдырмай тазалау қажет. Әйтпеген жағдайда безеу мен тері асты қабынуларының пайда болуына үлес қосуы мүмкін.

2. Жылы су.

Макияж кетіргіш затты саусақтарыңыздың ұшымен жағыңыз. Ең бастысы – барынша кірді кетіру. Судың температурасына көңіл аударыңыз, бастапқыда суық сумен жуынбағаныңыз абзал. Суық су – сергектік бергенімен, алдын-ала тері клеткаларын тарылтады, бұл қара дақтардың пайда болуына әсер етеді. Судың жылулығын бөлмелік температураға сәйкестендіріңіз, макияж кетіргішті жағып, жуыныңыз. Содан кейін тері клеткаларын жабу үшін суық сумен жуынсаңыз болады.

3. Көзіңізді уқаламаңыз.

Мақтаны макияж кетіргішке батырып, көзіңізде 2 секундтай ұстаңыз. Кетіргіш зат теріге сіңе бастайды да бұл макияжды кетіру процессін жеңілдете түседі. Косметиканы соңына дейін кетіруге тырысыңыз. Түнге қалған кірпік бояғыш – кірпіктерді әлсіретіп, кейін оның түсуіне себепкер болады.

Назар аударыңыз!

Терінің типі. Макияж кетіргіш заттарды таңдағанда міндетті түрде терінің типін ескеру қажет. Майлы беттерге жазда гель пайдаланған жақсы, ал қыста терінің қай типі болмасын үлкен күтімділікті қажет етеді. Сондықтан тазартқыш сүт (молочко) – ең тиімдісі.

Майлық (салфетка). Қазіргі уақытта көп таралған тазартқыш майлықтар сапарға шыққанда пайдалануға жақсы. Алайда макияжды толық кетіруіне үлес қоса алмайды.

Тазартқыш сүт (молочко). Құрғақ терілер үшін ең ұтымды тәсіл. Жағып біраз массаж жасау керек. Содан кейін жылы сумен немесе тоникпен жуып тастау қажет.

Гель. Макияжды кетіретін бұл зат майлы терілер үшін өте пайдалы. Теріге абсолют тазалық сезімін береді. Гельдердің нәзік және жақсы көпіршіктенетін түрлерін іздеңіз.

Май (масла). Тазартқыш майларға су қоссаңыз тазартқыш сүтке айналады. Егер майды жаққаннан кейін өзіңізді жайсыз сезінсеңіз бетіңізді тоникке батырылған майлықпен немесе мақтамен сүртіңіз.

Әйел сұлулығы Одри Хепберннің көзқарасымен

Мына төмендегілер Одри Хепберннің: “Сіздің сұлулығыңыздың сыры неде?” – деген сұраққа жауап бергендері екен.

1. Еріндерім әдемі болсын десеңіз – жылы сөздер айтыңыз.
For attractive lips, speak words of kindness.

2. Көздерім әдемі болсын десеңіз – адамдардың жақсы жақтарын көре біліңіз.
For lovely eyes, seek out the good in people

3. Сыртқы пішімім сымбатты болсын десеңіз – аш-жалаңаштармен тамағыңызды бөлісе біліңіз.
For a slim figure, share your food with the hungry.

4. Шаштарым әдемі болсын десеңіз – балаңызға күніне бір рет болсын саусақтарымен сипалатыңыз.
For beautiful hair, let a child run his or her fingers throughit once a day.

5. Өз-өзіңізге сенімді болу үшін әркез өзіңізді жалғыз емес екеніңізді біліп жүріңіз.
For poise, walk with the knowledge that you never walk alone.

6. Адамдар заттарға қарағанда көбірек өзінің қайта қалпына келуін, оны кешіруін, мадақтауын т.б. қалайды. Ешқашан ешкімді (өміріңізден) “лақтырып тастамаңыз”.
People, even more than things, have to be restored, revived, reclaimed and redeemed; never throw out anyone.

7. Естеріңізде болсын, егер біркүні сізге көмек керек болса, сіз оны бір-бірлеріңіздің қолдарыңыздан табасыздар. Есейе келе сіз бір қолыңыз өзіңізге жәрдем үшін, ал екінші қолыңыз өзгелерге көмектесу үшін екенін ұғасыз.
Remember, if you ever need a helping hand, you’ll find them at the end of each of your arms. As you grow older, you will discover that you have two hands, one for helping yourself, the other for helping others.

8. Әйел әдемілігі оның киген киімінде емес, оның сымбаттылығы немесе шаш үлгісінде де емес. Әйел әдемілігі – оның көздерінде, өйткені бұл оның махаббатқа толы жүрегіне апарар бірден-бір жол.
The beauty of a woman is not in the clothes she wears, the figure that she carries, or the way she combs her hair. The beauty of a woman must be seen from in her eyes, because that is the doorway to her heart, the place where love resides.

9. Жасы ұлғайған сайын әйел тек әдемілене түседі.
The beauty of a woman grows with the passing years.

Иықтан шашың төгіліп жерге…

Әдемі, қолаң шаштарға қалай қол жеткізуге болады? Жалпы шашқа қандай күтім керек? Осындай сұрақтар көптеген қызды мазалайтыны белгілі. Егер шаштарыңыз көлемінен айрылып, ұштары құрғап, өңсіз, түсе берсе мына кеңестерге құлақ түріңіз.

Шашты жуғанда бір ғана ережені ұстаныңыз: мейлінше су сабынды (шампунь) аз қолдануға тырысыңыз. Егер көп жаққан жағдайда шашқа артық салмақ түсіп, құрғатып жібереді. Шаштараздардан кеңес: 1 шай қасық су сабынды 1 стақан суда араластырып, жағу.

Су сабынды шаштың барлық ұзындығына құймаңыз. Оны тек шаштың түбіне жақсаңыз болғаны. Жуған кезде су сабынның көпіршігі соңына қарай ағады. Бұл оларды жуу үшін жеткілікті.

Су сабынды жылы сумен кетіру қажет. Өйткені ыстық су шашты құрғатып, қайызғақтардың пайда болуына әсер етеді. Содан кейін барып бальзам-шайғышпен шайыңыз.
Бальзам-шайғыштар немесе кондиционерлер шашқа жұмсақтық пен олардың жақсы таралуын қамтамасыз етеді. Олармен әрдайым қолдануға тырысыңыз. Әр жуған сайын бальзамды массаждап шашқа жағып, 3 минутқа қалдырыңыз. Содан кейін жақсылап шайыңыз. 3 минуттан артық уақытқа қалдырып қажеті жоқ. Өйткені бальзам шашқа сіңбейді, тек сыртқы келбетіне әсер етеді.

Шаштарың жарнамадағы жұлдыздардың шаштарындай жарқырап тұрсын десеңіз, жуып, шайып болғаннан кейін шашты минералды сумен шайып жіберу қажет. Олар шашты біраз жұмсартып, жылтырауына көмектеседі және құнды минералдармен қамтамасыздандырады.

Шашқа арналған маскалар қоректік заттарға бай. Оларды шашта 10 минут ұстаған абзал. Егер масканы жаққаннан кейін сыртынан пленкамен, содан кейін орамалмен орап қойса маска жақсы әсер етеді. Әр жуған сайын маска қолданған міндетті емес. Аптасына 1-2 рет қолданса болады.
Құрғақ шаштар әрдайым ылғалдандыруды қажет етеді. Сондықтан аптасына 1 рет ылғалдандыратын маска жасап тұрған жақсы.

Сулы шаш сезімтал, нәзік болады. Жуғаннан кейін ысқылап сүртіп, орамалға орап тастау -олардың зақымдануына әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан шашты орамалға 4 минутқа тюрбан сияқты орап қою керек, ол суды сіңіріп алады.

Шашыңызды орамалмен кептіргеннен кейін жуан тісті тарақпен тарау абзал. Оларды абайлап тарау қажет. Шаштың құрылымын құртып алмас үшін тараған кезде ұшынан бастап, жоғарылай көтерілген жөн.

Фенмен кептірген жағдайда ең ұтымды тәсіл – феннің режимін “жөн жылыға” қойып, 15-20 см қашықтықты 20 минуттай ұстап, кептіру. Осылай кептіргенде шашқа еш зақым келмейді.

Егер шашты тезірек кептіру керек болса, онда феннің ыстық температурасын қолдану қажет болады. Ондай жағдайда шашты фенмен кептіруге арналған арнайы лосьон жағып алу керек.

Шашқа көлемді тек арнайы косметикалық құралдар ғана беріп қоймайды. Басқа жасалатын мини массаж да көлемін көтеруге жақсы көмектеседі. Алдыға қарай еңкейіп, 2 минуттай қолдарыңыздың ұштарымен мойыннан маңдайға қарай массаж жасаңыз.

Жұмсақ, әрі жұқа шаштарға көлем беру үшін, жұмыртқаның сарысы мен зайтүн майын алып, араластырып, шашты жумас бұрын жағып қойыңыз. Шашты арнайы пленкамен орап, сыртынан орамалмен орап 10 минуттай ұстаңыз.

Шашыңызды ұзын етіп өсіргіңіз келсе ұштарын әрдайым түзеп отыруды ұмытпаған жөн.

Шаштарыңыз мүлде жатпай, жан-жаққа ұшып, икемге келмейтін уақыттарда мынадай тәсіл қолданып көріңіз: аса майлы емес қолға арналған кремді алып, кішкене ғана түйірін алақаныңызға ысқылап шашыңызды сипап өтіңіз. Бұдан еш зиян болмайды, майланып, кір болып тұрғандай да әсер қалдырмайды.

Әдемі шаштар оларды дұрыс күтудің нәтижесінде ғана болмайды. Жеп-ішетін тағамдағы дәрумендер мен минералдар да шаштың мықтылығына іштен әсер береді. А, С, Е дәрумендері шашқа күш пен көлем береді.

Егер салтанатты кешке көлемді, сәнді шаш үлгісімен барғыңыз келсе мынадай кеңеске құлақ түріңіз. Арнайы құралдарыңыз бар болса бұл еш проблема емес. Көлем беретін көпіршікті молынан қолыңызға түсіріп, біраз сулы шаштарыңызға бөліп жағыңыз. Бірнеше иірімдерге бөліп, үлкен көлемді бигудилерге соңынан бастап ораңыз. Шаш кепкенше ұстаңыз да, содан кейін бигудилерді шешіп, қолдарыңызбен шашыңызды түзеңіз. Қатыратын және жылтыр әсер беретін лакпен аздап қатырыңыз.

Шаштарыңыз тез майланып, әлсізденіп, көлемін кетірмесін десеңіз мынадай масканы жасап көріңіз: бір шай қасық бал алып, оны ¼ стақан жылы суда араластыр да кішкене ғана миуалы (фруктовый) уксус қосыңыз. Бұл дәрілік масканы шаштың түбіне және біразын шаштың өзіне жағыңыз. Кепкенше 15 минуттай ұстап, жуып тастаңыз. Бұл маскадан кейін шаштарыңыз қатайып, түспейтін болады. Оларды жатқызу да оңайға түсіп, шаш үлгісі де көп уақытқа дейін ұсталады.

Әдемілене түсейік…

Соңғы кездері блогымда әдемілік жайлы мақалалар азайып кеткен сияқты, осы пробелды толтыру үшін арнайы пост қажет болды. Алдында бір үйде жатқан журналдарды ақтара отырып, пайдалы деп тапқан кеңестерді сіздермен бөлісе отырайын.

1. Көбімізде отырып жасайтын жұмыс болғандықтан, аяқты айқастырып отыру тіпті әдет болып кетті десек артық айтпайтын шығармын. Алайда бұл «арылу керек» әдеттердің қатарында екен. Аяқты айқастырып отыру көк тамырларға зиянын тигізеді. Осыдан барып варикоз пайда болып, қан ұйып, тамырлар арқылы қанның тарауына үлкен әсері бар екен. Сондықтан осы әдеттен ерте арылған өздеріңізге пайдалы.

2. Біздің қандай кейіпте ұйықтайтынымыз да көп роль атқаратын көрінеді. Мысалы, ішпен жату немесе бүгіліп ұйықтау деген сияқты позалар бет терісінің дұрыс қайта қалпына келмеуіне ықпалы бар екен. Сол себептен таңғы уақытта көзіміздің үстіңгі қабағының ісіп, ал кейін әжімдердің де тез түсуіне әсер етеді. Мұндай кемшіліктерді түзеу үшін арқамен жатып ұйықтауға дағдылану керек деп кеңес береді.

3. «Жалаң аяқ қыз, жалаң аяқ» деген өлеңнің кейіпкері, дәл сол жалаң аяқ жүрудің денсаулыққа зор пайдасы бар екенін білсе керек. Дәл солай, қыздар әсіресе, биік өкшеден кейін аяқтың біраз демалып, қан айналымын жақсарту үшін жалаң аяқ жүруге кеңес береді мамандар. Жалаң аяқ жүру мүмкіндігі бар бола қалса, бірден тайынбай аяқ киімді шешіп тастау керек екен… ))

4. Ащы тағамды жақсы көретіндерге де біраз сын. Тұзды көп жеу – ағзадағы судың алмасуын баяулатып, кейін ісінуге себеп болады екен. Сондықтан тұзды аз жеп үйрену керек, плюс бұл дағды біздің дәм сезу қызметімізді жоғарылататын көрінеді.

5. Ағзаны ара-тұра тазартып тұру керек. Ол үшін апта сайын тағамға күріш қосып отырған абзал. Апта сайын 250 г. күріш (каша болса тіптен жақсы), құрамындағы калий арқылы қажет емес шлактарды шығаруға көмектеседі. Сонымен қатар күрішті көкөністермен пайдалану тазарту жұмысын екі есе жақсартады.

6. Соңғы кеңес, әсіресе, қыздарға. Қолды әр сабындап жуған сайын қолға арналған кремді пайдаланған жөн. Көбіне кондиционер, тіпті компьютерден де қолдың сыртқы терісі құрғап, кейін қол терілерінің ерте қартаюына ықпал ететін көрінеді. Сол себептен қол кремдері сіздердің айрылмас атрибуттарыңызға айналуы тиіс дейді мамандар.