Ақжауын қыздың аңызы

Ақжауын қыздың аңызы

 

Бақыттың, бәлкім, кезегі кеш пе?
Мұңлыға ем боп қоншы, үміт.
Көшені жалғыз кезгенде кешке
Жауынға ғашық сол жігіт.

Көктемнен керім керіліп шыққан,
Сезімің емі жарамның.
Тылсымға ғашық жаныңды ұқсам,
Жұлдыз боп көктен ағармын!

Жанардан жыр боп үзілсе тамшы,
Тағдыр боп маған жаздың ба?
Селдетсем егер, бір өзің қалшы
Ақ, ерке жауын астында…

Күнің боп келер алдыңнан дәйім,
Жұбатам жыр боп , түнерсең.
Қорқыныш билеп , қаптаған уайым
Жаныңды жалғыз жүдетсе.

Ақ қанат бұлтқа құмартып әр күн,
Санаңды жаулап есер мұң,
Сағынышымды ұғарсың, бәлкім,
Екпінін сезіп нөсердің.

Нұр сеуіп жатсам жалынға кешкі,
Мазаңды алар шақтардың,
Терезе қаққан жаңбырды есті ,
Сырымды солай ақтардым…

Оралхан жазған керемет еді,
Жалғызын күткен Қар Қызы!
Тәңірдің жазар кезегі енді —  
Ақжауын қыздың аңызы…

Өлеңді жазған: Ақерке АСАН

СҮЙЕМІН

СҮЙЕМІН

Сарғайып сағыныштан, ғұмырымның
Батады талмаусырап күзгі кеші…
Мен мұңға сіңіп барып, ұмытылдым,
Өтінемін, іздемеші!

Айнам деп, еркелеткен сезіміңнің ,
Жүрекке қадап кеттің сынықтарын…
Ең соңы өзің болып төзімімнің,
Өтінемін, ұмыт бәрін!

Ызғардан тағдырымның түні тайып,
Ертегі сыйлар, бәлкім, көктем кеші…
Тозаққа күйсемдағы ұмытайын,
Өтінемін, тек келмеші!

Шын сүйу — айып екен қыз балаға,
Жоқ шығар үкім, сірә, бұдан ащы…
Жалғыз тастап кетіп ең мұз далаға,
Кешірім сұрамашы!

Дуалап махаббатты өз басыма,
Сорым бұл жалғаннан озбағаным…
Тұңшығып кетсең егер көз жасыма,
Қолыңды созба, жаным!

Өзіңе емес, құбылама қолды жайып,
Тәңірден табармын бір емін…
Алдау үшін оралмашы, мендік айып-
Әлі де сүйемін…

Өлеңді жазған: Ақерке АСАН

БЕЙТАНЫС ЖАН

 

БЕЙТАНЫС ЖАНБейтаныс жан…
Бейкүнә сезімдерім…
Мендегі арман мұңдылау, сезінбедің.
Жаныма шипа сыйлар жабыққанда,
Бейдауа қоңыр салқын күзім ба едің?!

Жаңбыр жауса…жалғыздық…санамда мұң,
Шын бақытты сезінген ғаламда кім?!
Ақ бұлттардан ақ қанат байлап алып,
Қолшатырмен келер деп алаңдадым.

Ойға батсам, көңілдің үлесі мұң,
Сезімге тұмар болып жүр есімің.
Тәңірдің тылсымында қалып қойған
Құранның жазылмаған сүресімін.

Тағдырдың сыйға тартқан жауын жыры,
Тамшы боп таң алдында тамылжыды.
Көңілсіз көшке ерген көлеңкедей
Жылжытып келем алға талай жылды…

Бейтаныс жан…
Жоқ шығар сөзімде мін.
Көңілде алаң болмасын, сезімде мұң.
Таң намазы оқылса алақан жай,
Мен де соны тілеумен көз ілмедім…

Өлеңді жазған: Ақерке АСАН