Визажист: «Боянған әйел мұрнын кере жүреді»

Ибрагимова Айгүл Тохташқызы, визажист

 

— Сіз қазір 7 арнада визажист боп қызмет атқарасыз. Әу бастан осы саланы көздеген ба едіңіз?
— Мен әу баста шаштараз едім. Шаш қиюды 11 жаста бастадым деп айта алмаймын, бірақ, осы жасымда алғаш рет шаш қиғанмын. Інімді түрсишең далаға отырғызып қойып, шашын алғанымнан басталған. Үйде дәу қара қайшы болатын, онымен мата да, жіп те кеседі, мен сонымен шаш қиятынмын. Солай-солай үйдегі анамның, әкемнің, інілерімнің бастарын «жаңартып» тұратын болдым.
Кейін есейгенде шашатараздың оқуын оқимын дедім, үйдегілер жібергісі келмеді. «Ой, не бар, ешқашан өспейсің, бір креслоны айналып тұра бересің ба,керек емес,» — деп, мені бұғалтырдың оқуына жібергісі келді. Ал, менің ол оқуға барғым келмеді. Неге екенін, әйтеуір тартпады. Халықпен араласқан, сөйлескен ұнайтын, «шаштараз қылмасаңдар, товаровед болам,» — дедім. Мектепті 90 жылы бітірдім, ол кезде товароведтің қолы көзір еді ғой. Қазір колледж дейді ғой, сол кезде техникум еді, сонда товароведтің оқуын оқыдым. Сол салада жұмыс істедім.

— Товароведтен қалай визажистке айналып шыға келдіңіз?
— Қазіргі 7 арна ЭраТВ кезінде 2005 жылы жұмысқа тұрғам. Арасында Қазақстан телеарнасында жұмыс істедім, көптеген концерттерге, бағдарламаларға барып жүрдім. Кейін 7 арна болған кезде қайта шақырды бізді. Бұрын бірге істес болған таныс қыз-жігіттер болған соң қайта келдім.

DSC_0049

— Сонда қызметке орналасып алып барып, тәжірбие жинақтадыңыз, иә?
— 2005 жылы ЭраТВда конкурс боп жатыр екен. Жұмысқа орналасқысы келген қыздар журналистерді бояндырады да, оны тексеріп, «сізге хабарласамыз» деп шығарып салып жатты. Мен де біреуді бояндырып, жұмысымды көрсеттім. «Сізге хабарласамыз» деместен, «ертең жұмысқа келіңіз,» деп бірден айтты. Жұмысым ұнап қалса керек, оның үстіне сол кезде арнаға визажист өте қажет болып жатқан екен. Сонда сағат таңғы бесте басталатын бағдарлама болды, соған жұмысқа шығатын болдым. Алғашында қобалжу болды, кейін бойың да үйренеді, қолың да жаттығады. Тәжірбиемен келді бәрі.

— Сонша жылдық тәжірбиемен әлі телеарнада жұмыс істеп жүрсіз. Сіздің орныңызда басқа біреу болса, ендігісі жеке бизнесін бастап кетер еді…
— Жұлдыздармен жұмыс істеген ұнайды. Аты жақсы телеарнада жұмыс істейді деген. Табысың да тұрақты. Түбегейлі жеке кәсіпке кетсең, адамдар той-томалақ болмаса, күнде макияж істеме бермейді – табысың да бұлыңғыр болады. Ал, телеарнада күніне 4-5 адамға макияж, гримін жасап, қолымды жаттықтырамын, өзіме жақсы. Бұл жұмысымда тек үйрене беру керекпін, үйрене беру керекпін. Өзіме ұнайды, сондықтан теле арнадан шыққым келмейді.
Ал, жеке бизнеске келсек, кішігірім шаштараз ашып алғанбыз күйеуім екеуміз. Күйеуім де шаштараз, ерлердің шашын алады. Екеумізді табыстырған осы жұмыс негізі. Мен телеарнадан тыс уақытымда сонда боламын. Макияж жасатушылардан гөрі маған шашын түзетуге келетін қыздар көп. Интернет деген жақсы болды, жақында ғана Инстаграмға тіркелдім, клиенттерім сол арқылы да көбейетін шығар.

— Жұлдыздармен жұмыс істеген ұнайды дейсіз. Ең алғаш бояндырған жұлдыз кім еді?
— Роза Рымбаева. Сол телеарнаға алғаш қабылданған кез еді. Қобалжып, жүгіріп, шалынып жүріп бояндырдым. Шағым болған жоқ.

DSC_0034

— Саясаткерлер, шоу-бизнес өкілдерінің жеке визажисті болады. Жұмысыңызды ұнатып қалып, жеке визажисті болуға ұсыныстар болмады ма?
— Болды. Той-томалаққа, концертіне бояндырып беремін көп жұлдызды. Екі күн жұмыстамын, екі күн демалыстамын, графигіме қарай туралаймын көп тапсырыстарды. Жұмысыма кедергі келтірмейді.

— Мысалы, тікелей эфирге шыққалы тұрған журналисті 2-3 сағаттап бояндырдыңыз делік. Ол макияж журналистке ұнамай қалды. Не істейсіз ?
— Жағадан жұмысқа тұрған кезде мұндай оқиғалар болды ғой. Сонда ерте келіп алатынмын жұмысқа, түсірілім басталудан 2-3 сағат бұрын бояндырып алатынмын. Сосын ұнамағанын түзейтінмін, қайта бояйтынмын. Сосын қыздарға «ешқашан телевидение саласында жұмыс істемегенімді, енді үйреніп жүргенімді, қателіктерімді көрсетуін» айтатынмын. Олар түсіністікпен қарады. Қазір әбден жаттықтым ғой, ондай тосын оқиғалар болмайды.

— Діни бағдарламаның жүргізушілерін де бояндырасыз ба?
— Беті жылтырап көрінбес үшін опа ғана жағамыз, болды.

— Макияждың өзі фотосессия, телевидение, видео-съемкаға арналған деп бөлінеді. Айырмашылықтарын айтыңызшы.
— Жарықтарына байланысты. Фотоға түсіргенде бір ғана бағыттағы камерамен жұмыс істесе, бағдарлама түсірілімінде жан-жақтан бірнеше камера болады. Жарық та көп болған соң беттегі макияжлы жеп қояды. Камераның бір құдыреті сол – түзу бетті қисық, қисық бетті түзу қылып шығарады.

— Телеарна визажисті болғанның бір жақсысы жеке косметикаңызға ақша құртпайсыз, бояудың бәрі тегін шығар, иә?
— Жоооқ, косметика тегін болсын-болмасын кез келген визажисте ауру болады: бояу-сояуды ала бересің, ала бересің. Бір нәрсе алуға дүкенге кетіп бара жатасың, косметика сататын бутиктің қасынан өтіп кете салу жоқ. Қалай кіріп, бірдеңе алып шыққаныңды білмей қаласың. Артынан ішің ашып отырады.

— Макияж әйелдің түрін өзгертіп қана қоймай, мінезіне де ықпалын тигізе ма?
— Макияж әйелдің түрін өте қатты өзгертеді, ал, өзіне сенімділік береді. Мысалы, тойға боянып барған әйел мен боянбай барған әйелді сыртынан бақылаңызшы: боянып барған әйелдің жүзі жарқын, мұрнын кере жүреді.

10411410_678774058837723_289856405782081646_n

— Make-up үшін ең басты назар аударатын не: көз, беттің тоны, ерін?
— Менің назар аударатыным – бетті «тональный» кремнің дұрыс жауып, румянаның дұрыс жағылуы. Өкініштісі, қазір көп қыздар румянаны дұрыс жаға алмайды, тіпті жақпайды да. Көзді баттастырып бояғанда, ерінге де қанық түс жағады. Макияжы маскаға ұқсап шыға келеді.

— «Тональный» кремді жаққан соң опа жақпаймыз көбіне. Ол керек пе?
— Әрине, жағу керек. Макияждың соңында «тональный» кремнің үстінен жағу керек. Опа кремнің майын алып, құрғатады. Ал, «тональный» кремнің бетіне румяна жақсаң, жағал-жағал боп қалады.

DSC_0028

— Бетті бояудың реті бар, бірақ, оны көп қыздар біле бермейді. Үйде боянғанда көзіне сүрме (тушь) жағып алып, артынан бояуын жағып жатады.
— Дұрыс емес. Алдымен, бетке «тональный» кремді жағады. Сосын жоғарыдан төмен қарай: қас, көз, мұрын, сосын ерін. Сүрмені (тушь) жағып алып, түстінен көздің қабағын боясаң, ол кірпікке түседі де, сүрме жаққан-жақпағаның көрінбей қалады. Сүрме (тушь) соңында жағылу керек көзге. Опа (пудра) жағылған соң румяна. Румяна бетті сопайтып, формасын келтіріп алу үшін және беттегі бояудың мойын түсімен астасып кетуі үшін жағылады. Мысалы, бетіне жарық түскенде бояуы маска сияқты боп көрінетіндер бар. Ол румяна жақпағаннан.

— Көшеде көрген қыздардың макияжына назар аударып, кәсіби тұрғыдан бағалап жатасыз ба?
— Әрине қараймын. Тіпті, тоқтатып алып, қателіктерін айтқым кеп кетеді. Бірақ, сөз естіп қалғым келмейді. Көбісі, күндіз жұмысқа бара жатқан әйел кешкі макияжды жағып алады, дұрыс емес. Мезгілмен бояну керек.
Егер бет әдемі боялып тұрса, киімнің кем-кетіктерін жауып кетеді. Ал, егер қымбет, керемет киініп, бетіңдегі бояу нашар болса, бүкіл образың құриды.

— Макияж теріні қартайтады, бұзады деп жатады…
— Зияны бар. Бірақ, үнемі боянып жүрген әйел косметиканы жуып-шайып, тазалап, сосын түрлі кремдер, лосьондар жағып, барынша күтім жасайды. Ал, боянбайтын әйелдер бетін жуа салып, жүре береді. Бояусыз-ақ, теріге күннен, ауадан, шаң-топырақтан, экологиядан зиян келеді. Енді қараңыз, үнемі күтіммен жүретін әйелдің беті құри ма мұндайда, әлде бетін сумен шая салып жүретін әйелде ме? Сапалы бояуларды алу керек, зияны аз болады.

— Телеарнадағы журналистерден бөлек, жігіттер макияж жасата ма?
— Анда-санда өз тойына, қандай бір түсірілімге не Love Story түсіруге бара жатқан жігіттер беттеріндегі безеулерін жасыру үшін макияж жасатып жатады.

— Қазір визажист жігіттер өте көп. Құрбыларымнан «әйел визажисттен гөрі ер визажист жақсы бояндырады, ұқыпты,» деген сөздерді көп естимін. Рас па?
— Визажист жігіттер, бәрі емес, жұмсақ болады. Бұл — олардың ориентациясы өзгереді деген сөз емес. Жәй ғана бояндырған ұнайды. Әйелден гөрі еркектің жақсы бояндыруы жынысына емес, тәжірбиесіне байланысты. Ал, жігіттер жақсы бояндырады дегенге сенетіндердің мәселесі басқада. Біз бояндырғанда мақтау айтамыз, комплимент айтамыз. Сол комплиментті еркек айтса – әйелге майдай жағады, қуанады, қабылдау басқа болады. Ал, әйел мақтай берсе: — «е, сорлы, мынау ақша істегісі келіп, клиентін көбейткісі келіп, өтірік мақтап жатыр,» — деп ойлайды. Сондықтан мен көп мақтамауға тырысамын. Егер жұмысым ұнаса, ол қайтып келеді маған.

— Оқып отырған қыздарға қажетті ақпарат болсын, make-up пен шаш қию құнын айтыңызшы.
— Макияж 7 мыңнан басталады. Мереке кездерінде барлық жерде баға көтеріледі, менде де. Ал, шаш қию қымбат емес: 1500-3000 теңге арасы. 3000 алмаймын да көбіне.

— Сізге шаш қидыртқысы келген қыз-жігіттер қай мекен-жайға барсын?
— Астана қаласы, Күйші Дина көшесі, 28 үй.

— Сұхбаттасқаныңызға рахмет! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!

Макияж: жасты ұлғайтып көрсететін қателіктер

Макияждағы жасты ұлғайтып көрсететін қателіктер

Макияждың көмегімен бір сәтте беттегі кемшіліктерді жасырып, артық тұстарды айшықтай алатынымыз жасырын емес: қабақты үлкейтіп, көзді күлімдетіп, әжімдер мен дақтарды кетіріп, жүзіңізді жасартып аласың лезде. Алайда, макияждың барлығы сізді әдемі қыла бермейді, табиғи сұлулығыңыз бен сүйкімділігіңіз бояудың астында қалуы мүмкін.

Бояуды үстін-үстін баттастырып жаға беру оңай, ал, нәтижесі қуанта қоймайды. Макияждың негізгі ережесі бойынша тепе-теңдікті сақтау керек. Мысалы, көзіңізді қою, қара түспен бояйтын болсаңыз, ерніңізге жаққан далап ашық түсті, білінер-білінбес болуы керек. Ал, ерніңізді қып-қызыл, қанық түспен боятын болсаңыз, көздегі бояу білінбеуі қажет.

Егер жасыңызды ұйғайтып, ақыл тоқтатқан адамдай көрінгіңіз келсе:

  • Ерінге қошқыл түсті (қанық қызыл, қоңыр қызыл, т.б.) далап жағыңыз;
  • Ашық көк түсті қабаққа арналған бояу жағыңыз;
  • Көздің айналасын қара түспен (подводка) бояңыз;
  • Күңгірт (матовый) тоналды крем жағыңыз.
Макияждағы жасты ұлғайтып көрсететін қателіктер

Егер өз жасыңыздан әлдеқайда жас көрінгіңіз келсе:

  • Алқызыл түсті еңлік (румяна) жағыңыз;
  • Көздің ішкі бұрыштары мен қастың астына ашық түсті бояу жағыңыз;
  • Кірпікті арнайы құралмен қайырыңыз.

Бұл жәй кеңестер ғана. Енді макияж жағуда жиі жіберілетін қателіктерді атап өтейік.

№1 қателік. Тоналды кремді көп жағу. Бетке әжім, дақ, безеу шыға қалса, бірден тоналды кремнің көмегіне жүгінеміз. Ештеңе көрінбесін деп, үстін-үстіне жаға береміз, жаға береміз. Сондықтан беттегі «қиын» (безеулі, дақты) жерлерде тоналды крем көп жағылады да, дәл сол жер бірден көзге түседі.

Күңгірт (матовый) тоналды крем әжімдердің арасына кіріп кетеді де, кемшіліктерді одан сайын айқындай түседі. Екі не одан да көп қайтара жағылған тоналды кремдер бетте маскаға ұқсап қалады да, жасты тым үлкейтіп көрсетеді.

№2 қателік. Сүрме. «Бұл – қиындық емес, сүрте саласың, суға шыдамды сүрме (тушь) жаға саламын» дерсіздер. Суға төзімді сүрмелерді жаққан сайын кірпігіңіз құрғап, жұқарып, қысқара түсетінінен хабарсыз боларсыз. Өйткені, құрамында химикаттар өте көп. Ал қарапайым сүрме көзде көп сақталмай, айналасына жағылып шыға келеді. Сондықтан көздің кірпік тұрған үстіңгі қабағын іш жағынан қанық қоңыр қарындашпен ішкі бұрышынан сыртқы бұрышына дейін жақсылап бояңыз. Кірпігіңіз қалың әрі көлемді болып көрінеді, қарапайым күнде сүрме қолданбасаңыз да болады.

№3 қателік. Астынғы кірпікті бояу. Визажистер қандай жағдай болса да, астынғы кірпікті боямауға кеңес береді. Бұл – түрді бірнеше жасқа ұлғайтып көрсететін бірден-бір жол. Сондай-ақ астынғы кірпік боялса, көздің айналасындағы қара дақтар бірден көзге түседі. Одан да көздің үстінгі кірпігін әдемілеп қайырып, сүрмемен мұқият бояп шықсаңыз, әлдеқайда жас көрінесіз.

№4 қателік. Тым ашық рең. Бет терісінің өз түсінен ашықтау түсті тоналды крем, опа жаққанда сыртқа маска киіп алғандай көрінесіз және ашық түстер беттегі әжімдерді айқындап тұрады. Тіпті өз теріңіз сары, ақ болса да, қоңырлау, қанықтау түсті опа, кремді пайдаланыңыз.

Макияждағы жасты ұлғайтып көрсететін қателіктер

Суреттер: Интернеттен алынды. 

Әр нәрсе өз уақытымен…

Әр нәрсе өз уақытымен...

Қазақ халқы әу бастан-ақ балаларын әдемі, бойына қонымды етіп киіндіріп, сәндік бұйымдарға көп мән берген. Өйткені балаға тікелей қадалатын жанар, көздегі назар күші алдымен киімге, әшекей заттарға түседі. Кейде өте әдемі балаға жөнсалдау, қоңырқай, жұпынылау киім кигізіп қоятын да болған. Қазір, Құдайға шүкір, ақшаң болса, бала киімінің небір түрін таңдап алуға болады. Бірақ кейде орынсыз шектен шығып та жүрміз. Олай дейтінім, 6-7 жасар бүлдіршін қыздарға үлкендер киетін сәнімен тігілген кеудесі кереқарыс ашық, жеңсіз қымбат көйлек, шынтағына дейін капрон қолғап кигізіп жүрміз. Ол аз болса, шашын бойжеткендерше төбесіне түйіп, ерніне – далап, қабағының үстіне – жылтырақ бояу, бетіне грим жағатын әдет шықты. Мұны кез келген той-думанда, балалардың концерттерінде көруге болады. Титімдей кезінен бояу жағылған соң, 16-17 жасқа келмей-ақ терісі ескіріп, олар табиғи нәзіктіктен айырылары анық. Әр нәрсе өз уақытымен, жолымен ылайықты. Жас балалардың бейкүнә періште қалпына, Алла жаратқан пәктігіне ерте қол сұғудың қажеті бар ма?! Қызық үшін басқадан ерекшеленіп, «мәдениетін» көрсету үшін кішкентай өрендерді жасандылыққа үйреткеннен не ұтамыз? Әсіресе жас ата-аналар осыны бір сәт ойлаулары керек-ақ. Айтпай кетуге болмайтын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Бүгінде қасиетті ислам дінін бетке ұстап, қазақтың табиғатында болмаған, салтында кездеспеген арабтардың хиджаб деген киімі жайлап бара жатыр (бұл – үлкен тақырып, бөлек әңгіме). «Бояушы «бояушы» дегенге сақалын бояйды» дегендей, басқамыздан «артық» мұсылман екенін көрсеткісі келген қыз-келіншектер өздерінің тұмшаланғанын аз көргендей, 4-5 жасар кішкентай қыздарына да хиджаб кигізетін болды. Байғұс бала не адымдап жүре алмайды, не асыр салып секіре алмайды. Арқа-жарқа ойнап жатқан балаларға мөлие қарап, шұбатылған қара көйлекке шырмалып тұрады. Әрине, ата-ана өз баласын қалай тәрбиелеймін десе де, еркі біледі. Бірақ өз басым, өзі үшін шешім қабылдай алмайтын бейкүнә бүлдіршіннің қайталанбас балалық бал дәуренін ұрлап, «балалық шағың – патша тағың» деген бабалар даналығын аяққа таптауды мұсылмандық дей алмаймын. 

Әр нәрсе өз уақытымен...

   Зейнеп АХМЕТОВА

Суреттер: Интернеттен алынды

 

 

ӘЙЕЛ КӨЗІ — ЖАН ДҮНИЕСІНІҢ АЙНАСЫ

ӘЙЕЛ КӨЗІ - ЖАН ДҮНИЕСІНІҢ АЙНАСЫ

 Сіздіңше, бұрылып бір қарағаннан ер адамдарды құлату үшін кірпіктерді жоғары қайырып, оны қағып отыру жеткілікті ме?! Қыздың тұңғиыққа толы көзінің тартымдылығына тек бояну емес, қабақ терісін күте білу, сақтау да әсер етеді.  Ол үшін не істеу керек? Күнделікті көзіңізге жаққан бояудан бірде-бір дақ қалдырмай, көздің бояуын сүртуге арналған лосьондармен  өшіріп отыру керек. Одан кейін жылы сумен жуу жеткілікті. Көзді орамалмен сүрткенде, қатты ысқылап сүрту көздің тым нәзік терісіне әжім түсіреді. Жеңіл қимылмен, салмақ түсірмей сүртіп алыңыз. Ұйықтар алдында көп мөлшерде су ішу — көз қабағын ісіріп жіберетінін де ұмытпаған жөн.

Көз сіздің шаршағаныңызды, ұйқысыздық пен мазасыз күйіңізді сөзсіз айтып беретін күшке ие. Қыз жанарынан әркез нұрдың шашылып тұрғаны керемет емес пе?! Ол үшін күн сайын ұйқы алдында зәйтүн майын жеңіл қимылмен қабақтың үстіне жағып отыруды әдетке айналдырыңыз. Кәдімгі азық-түлік дүкенінен алынған зәйтүн майын косметикалық шыныға құйып, жастығыңыздың астына салып қойыңыз. Бұл ұмытып кетпеу үшін маңызды.

Көздің әдемілігінде ұзын кірпіктердің маңызы басым. Кірпіктерім ұзын болсын десеңіз, оны да тамшы зәйтүн майымен сүртіп қойыңыз. Қасыңыздың артық қылшықтарын теріп отыруды ұмытпаңыз.

Міне, осы қағиданы берік ұстансаңыз, бояусыз-ақ көздеріңіз әдемі болады.

Сурет: klassledy.ru