БОС БЕСІКТІ ТЕРБЕТПЕЙДІ…

БОС БЕСІКТІ ТЕРБЕТПЕЙДІ...Ата-бабаларымыз ешқандай ғылыми атақ алмай-ақ ата дәстүрімен ұрпақ өсіріп, бала тәрбиелеп сіз бен бізге мол рухани қазына қалдырыпты. Қазақ халқы – өте балажан халық. «Артымда қарайып ұрпақ қалсын, шаңырағымда шырақ жансын» деп ұрпақ жалғастығына зор мән беріп, баланың ат жалын тартып мінер азамат болуы жолында күш қайратын аямаған. Қазақта бала шыр етіп жарық дүниеге келген күннен бастап бірінен кейін бірі ретімен келіп жататын үлкенді-кішілі той-томалақтарының бірі – бесікке салу. Келіннің төркіні ерекше сән-салтанатымен әкелген бесік әкелудің жалғасы нәрестені бесікке бөлеуге, яғни бесіктойға ұласады. Кейбіреулер «баланы қырқынан шығарған соң бесікке бөлейді» деп жүр. Бұл дұрыс емес. Олай дейтінім, қырқынан шыққан бала бос жатып үйреніп қалады, көп жағдайда бесікке жатпай қояды. Ал баланы кіндігі түсе салысымен бесікке бөлеген.

Бесіктой – бала өміріндегі атқарылатын тойлардың маңыздысы. Алдымен бесікті баланың жатқанына ыңғайлы етіп бүкіл жасау-жабдығын салып дайындайды. Содан соң міндетті түрде аршамен, адыраспанмен аластайтын болған. Мұның өзі де тазалыққа жатады әрі жын-шайтан үйір болмасын деген ырым. Жын-шайтан деп отырғанымыз – бір жерге жиналып қалған ауыр энергия. Нәресте тіл-көзді көтере алмайтын нәзік болғандықтан, бесікке періштедей пәк сәби жататындықтан да бесікті аластайтын болған. Сосын бесіктің түбек орнатылатын жерінен (арнайы ойылған ойық тесік) орамалға түйілген қант-кәмпит, құрт-ірімшікті «тышты ма» деп сұрай отырып ары-бері өткізеді екен. Жан-жақтан әйелдер шуылдасып «тышты-тышты» дегеннен кейін  орамалдағы түйілген дәмді ырымдап таласып алған. Бұл – бесікте жатқан баланы дәреті қинамасын деген ырым. Баланы бесікке үбірлі-шүбірлі, немере-шөберелері көп, өсіп-өнген әрі елдің анасы атанған әжелер салған. Бұл әжелер үшін мәртебе саналған әрі олар құрмет пен сый-сияпатқа ие болады.

Бесікті кез келген ағаштан жасамайды. Бұл мүлікті қасиеттеп аршадан, иіуге икемді болғандықтан көп жағдайда талдан жасаған. Талбесік аталуының негізі де осында жатыр. Бұл екі ағаштың әрі әдемі иістері бар, әрі мықты, құрт түспейді, шірімейді. Баланың иіс сезу, көру, есту қабілеттерінің дамуына, яғни баланың денсаулығына да бесіктің әсері мол болған. Қазіргі базарларда сатылып жүрген бесіктер қандай ағаштан жасалғаны белгісіз және түрлі-түсті бояулармен боялған. Бесік қынамен бояса бояған шығар… бірақ әлеміштеп сырламаған. Көрер көзге әдемі болғанымен мұндай құрамында химиялық қоспасы бар әрі кез келген ағаштан жасалған бесіктердің бала денсаулығына пайдасынан гөрі зияны мол екені айтпаса да түсінікті…

                                                                                               Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: akbosaga.citylife.kz 

БЕСІКТІ КІМ ӘКЕЛГЕН?

БЕСІКТІ КІМ ӘКЕЛГЕН?

      Біздің қазақта бесік әкелу деген бар. Бұл салт, әсіресе, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жақсы сақталған. Тіпті бұл – Кеңес өкіметі кезінде де осы аталған өңірлерде маңызын жоймай сақталған салт. Бесікті баланың нағашы әжесі әкеледі. Келін босанғаннан кейін өзін-өзі сыйлайтын кез келген ана міндетті түрде құдаларына құтты болсын айтып, қызының қал-жағдайын білуге келеді. Бұл – ана үшін парыз. Өйткені жатжұрттық болған перзентің «ана» атанып жатыр. Ана болудың қандай екенін жүрегінен жұлып қызын ұзатқан әр ана жақсы біледі. Демек, қызының жағдайын білуге, құда-құдағиына құтты болсын айтып баруға әрбір қазақ әйелі міндетті.

Қазақтың жаңа түскен келіні басына ақ орамал салмаған. Олар әдетте көйлегінің түсіне орайластырып түрлі-түсті орамал таққан. Алғашқы перзенті туып, тұңғышын өмірге келтіріп, «ана» деген атқа ие болған кезде қыздың анасы ақ орамалын әдейі арнап алып келген. Тіліміздегі «ақ жаулықты ана» деген тіркес осыдан пайда болған. Жатжұрттық қыз өмірге сәби әкеліп, өзі ана атанғандықтан да басына салынған ақ орамалды «ананың ақ жаулығы, ақ орамалы» деп қасиеттейді.

БАЛА ӘСЕМДІККЕ БЕСІКТЕН ҮЙРЕНУІ КЕРЕК
Бесік әкелудің өзі керемет бір сән-салтанат десек те болады. Келіннің төркіні «іздеушісі, сұраушысы бар екен» дегізіп, бір топ болып келетін болған және де жай келмей, баланың бесік жабдығын түгелімен, түбек-шүмегіне дейін жасап әкелген. Бесіктің жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған. Түбегі мен шүмегінен басқа, қолтық жастық, тізе жастық дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті маталардан тігіледі. Бесіктің басына үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезден бастап үйренуі керек. Бала бесікте көп жатады. Бесік – баланың жылы ұясы. Баланың нағашы жұрты бесікпен бірге, немерелі болып жатқан құда-құдағиға да сый-сияпатын ала келеді. Қызы мен күйеу баласын да құр қалдырмайды. Әрине, мұның бәрі әркімнің қал-қадерінше жасалады, шелектік айраны бар қоңырқай тұрмыстылар өз шама-шарқынша дегендей… яғни белгілі бір тәртібі, қатып қалған қағидасы жоқ, әркім өз шамасына қарай атқаратын болған. Тұрмысы барлар баланың киім-кешегін, жөргегін салатын арнайы кішкентай сандыққа дейін жасап әкелген екен. Сәбилі болып жатқан қызының нәрестесіне бесік әкелу – қыз төркінінің, әсіресе, анасының парызы. Қазірдің өзінде бесік әкеліп жатқан, тіпті болмағанда баланың арнайы төсегі (манеж), арбасы, үстелі дегендей, балаға қажет жабдықты әкеліп жатқан аналар баршылық. Бұл – бір жағынан, құда-жекжат арасындағы үлкен сыйластық. «Бие құлындамаса, ат болады, ағайын-туыс алысып-беріспесе, жат болады» дегендей, бұл – екі жаққа дәнекер ғана. Әйтпесе ешкім алғаннан – бай, бергеннен кедей болмайды. Бесік әкелу құда-құдағи арасындағы көңіл сыйлау болса, екіншіден, жас босанған келіннің көңілі көтеріліп, сағынышы басылады әрі енесіне айта алмағанын анасымен бөліседі, көңілі өседі. Өйткені әр адамға өз анасынан жақын адам жоқ. Ал келіннің жүзі жарқын, көңілі тоқ болса, баланың да денсаулығы мықты болатыны белгілі емес пе…

Зейнеп АХМЕТОВА

 

БЕСІК ПЕН ШАҢЫРАҚ – КИЕЛІ ҰҒЫМ

БЕСІК ПЕН ШАҢЫРАҚ – КИЕЛІ ҰҒЫМ        Халқымыздың дарқан көңілі мен көл көсір пейіліне қарай біздің жеріміз де ұлан-байтақ кең далаға, өзен-көлге, орман-тоғайға бай. Халқымызбен бірге жасап келе жатқан небір әдемі де айшықты салттарымыз жетерлік Соның бәрінің көзін тауып, ретін келтіріп кешегі құндылықтарымызды бүгінгі жақсымен ұштастырып, тұрмысымызға енгізгеніміз дұрыс. Біздің салтта бәрі бар әрі текті, барлығының ізгі ниеті мен астары бар. Өзімізге мүлде жат әрі болмаған өзгенің салтын тықпалағанша, өзіміздің таным-нанымдарымызды насихаттасақ, ұрпақ алдындағы борышымызды өтеген болар едік.

        Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бірімен-бірі байланысып, ұштасып жатады. Осынау қасиетті үш затты қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған әрі күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған. Неге? Өйткені кез келген үй табалдырықтан басталады, отыңның басы сол табалдырықтан бастау алады. Ал бесікпен сенің ұрпағың, әулетің өседі. Бесік – киелі мүлік. Біз өмірге жаңа келген баланы періштеге балаймыз. Дүниеге жаңа келген бала періштедей пәк, таза. Сәби мен періштенің аты қатар аталады, сондықтан да бесікті қазақ таза ұстаған. Бесіктің бірде-бір затын кірлетпейді. Шаңырақпен еңсең биіктейді, түтінің шығады. Кей өңірде тым ескірген шаңырақтан ләйлекке (айст) арнап ұя жасайды. Бабаларымыз, осылайша, бір кездері түтіні шыққан шаңырақты да ендігі жерде балапанын өрбітетін құстың мекеніне, ұясына айналдыра білген. Шаңырақты қиратып кететіндер де болған, «шаңырағын ортасына түсірді, бесігін бұзды» деп жатады. Бұл – дұшпанның ісі.

       Бұрындары адамдар сырттан келгенге «ауылда осынша шаңырақ, осынша түтін бар» деп таныстырып жатушы еді. Түтіні шықпаған, ешкімі қалмаған үйді «оты өшті» деп жатады. Немесе қайсыбір асып-тасып тұрғандарға «әй, шаңыраққа қара» деп жатамыз. «Түтінің түзу ұшсын», «шаңырағың биік болсын» деп бір-біріне жүрекжарды тілегін айтатын да – біздің дана халық. Бүгінде осындай әдемі де астарлы сөздерді «жанұя» деген мағынасыз сөздің басып жатқаны өкінішті-ақ.

   Зейнеп АХМЕТОВА

 

Кез келген жөн-жоралғы рухани күшке ие


Кез келген жөн-жоралғы рухани күшке иеРасында, бүгінде көп балаларды «уызға жарымағандар», «емшектің сүтін тауысып ішпегендер» деп айтуға дәлел жетіп жатыр. Шыны керек, әсіресе, Кеңес Одағының кезінде перзентханаларда баланы анасына үш-төрт күннен кейін бір-ақ көрсеткен. Ол екі аралықта ананың уызы кетіп қалады. Арнайы шыны құтыға сауып берген сүтті балаға берген-бермегенін кім білсін… Бүгінде бала туыла салысымен анасының жанында болады, яғни баланы уыз сүтімен тойдыруға толық мүмкіндік бар.

Ертеректе қазақтың келіндері баланы міндетті түрде 1,5-2 жасқа дейін емізген. Неғұрлым сүтті қалдырмай қақтап емсе, ана да сау болады әрі бала да жақсы жетіледі. Бүгінгі келіндеріміз, керісінше, бір-екі айдан соң-ақ баласын емшектен шығаруға асығады. Дәрігерлердің дабыл қағып айтып жүрген төс ауруларының көбейіп кеткені жайлы естіп те, оқып та жүрміз. Түптеп келгенде, бұл – баланы емшектен ерте шығарғаннан пайда болатын кесел. Қазір балаларға арналған жасанды тамақтың түрінің көптігінен де келіндеріміз соған сүйеніп алған, емізгілері келмейді. Соның салдарынан қазір әлжуаз, аурушаң бала көп. Өз басым, ел аузындағы аңыз-әңгімелерде суреттелетін алып батырларымыздың тұлғасын кітаптан ғана оқып қаламыз ба деп қорқам. Өйткені ұрпағымыздың ұсақталып, майдаланып бара жатқаны – уыз сүтке тоймағанның, емшек сүтін ұзақ ембегеннің салдары. Бүгінгі әскер қатарына шақырылғандардың көбінің әскерге жарамсыз болып жатқанының бір ұшы осында жатыр. Қанша жерден өркениетті елміз, білімді ұрпақ өсіп жатыр дегенмен «әжелер университетінің» ұлағаты мол тәлім-тәрбиенің қайнар көзі екенін ұмытып жатамыз.

 

 ЖАСАНДЫЛЫҚҚА БОЙ ҰРҒАННАН ҰТАРЫМЫЗ НЕ?

Он-он бес құрсаққа дейін көтеріп, он шақты баланы дүниеге әкеліп, салт-дәстүрден ажыратпай, ұрпағына тектік қасиетті сіңіріп өсірген әжелеріміздің бүгінгі келіндері жайлы ауыз толтырып айта аламыз ба? Қазақ әйелдерінің өмірге бір-екі бала ғана әкелуінің себебі неде? «Балалы үй – базар» дейтін ата-бабамыздың бүгінгі ұрпағы көпбалалы болудан неге қашады? Құдайға шүкір, бүгінде 4-5 баланы дүниеге әкеп жатқан келіндер баршылық. Бір кездері қазақ отбасыларының, әсіресе қалалық қазақтардың «бір бала – аз, үш бала көптік етеді, екі бала жетеді» деген кертартпа ұғымына қарсы келіп, бала санын шектемейтіндердің қатары, құдайға тәубе, көбейіп келеді. Айналып келгенде, «байлықтың еріп кетер мұз екенін» қазақы болмысымызбен мойындап, соңында қалар ізі – ұрпағының көп болуына саналы түрде мән беретін отбасылар санының көбейгені көңіл қуантады. Бірақ кейінгі кездері белең алып бара жатқан бір жай мені аз ойландырмайды. Ол – бүгінгі келіндеріміздің көпшілігінің «кесер тілігі» арқылы босанатындығы. Мені алаңдататыны – табиғи толғақтың орнын дәрі егу арқылы жүзеге асыратын жасанды толғақтың басып жатқандығы, яғни келіндеріміздің көп жағдайда баланы жарып алуға келісетіндігі. Неге екені, бүгінгі келіндеріміздің көбі «кесер тілігі» арқылы босануға келіседі әрі көп жағдайда дәрігер де соған үгіттеуге «әуес». Бала бойына біткен жас ананың санасына арнайы тіркеуге алынған күннен бастап, солай сіңіріп, баланы жарып алуға бейімдейтіні өкінішті. Ал біздің қазақта жаныңды азапқа салатын толғақ босана сала ұмытылатын «ұмытшақ» ауру болып саналған. Сүйегің сынып кетердей сырқырап, жаныңды көзіңе көрсетіп ауыртатын бұл «ауру» өмірге перзентіңді әкелген минутта-ақ ұмытылады. Бебеулеткен азапты аурудың соңы тілмен айтып жеткізе алмайтын құдіретті сезімге ұласатынын сәбиін тоғыз ай көтеріп дүниеге өзі әкелген кез келген ана біледі. Кез келген ана перзентін дүниеге әкелген сәтте-ақ біраз уақыт бұрынғы бастан өткерген толғақ ауруын ұмытып үлгереді. Өйткені жаңағы адам айтқысыз «ауруды» одан да құдіретті, одан да ғажап ана деген ат, аналық ұлы сезім басып кетеді. Құрсағын жарып шыққан сәбиінің аман-есен өмірге келгенінің өзі-ақ ащы толғақтың азабын ұмыттырып жібереді. Бұрынырақта тұңғышына аяғы ауыр келіндерден әжелеріміз ақыл-кеңесін аямаған. Басынан өтер ащы толғақтың уақытша екенін түсіндіре білген. «Итке кет деме», «түйенің етін жеуге болмайды» деп сақтандырып, ырым қылса, бір жағынан, ақ алғысты атанған келіндерге кемеңгер әжелеріміз «жаратқан оң толғағын берсін» деп батасын беріп, қол-аяғын аман-есен бауырына алуын тілеген екен.

Бір өкініштісі, бүгінде көп келіндеріміз толғақты ауырсынып, табиғаттың құдіретті сыйынан саналы түрде бас тартып жатыр. Мені таңдандыратыны  – бар болғаны 21-22 жастағы тұңғыш баласын дүниеге әкелетін жас аналардың осыған келісетіні. Барлығы емес, бірақ көптеген келіндеріміз табиғи түрде өмірге бала әкелуден бас тартады. Олардың дүниеге перзент әкелу сәтінде бастан өткеретін жаратылыстың құпияға толы сырын білуге ұмтылмайтындығы, «кесер тілігіне» оп-оңай келісе салатындығы ойландырады.

 Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: vse-pro-detey.ru 

ӘЖЕЛЕР «УНИВЕРСИТЕТІ» – ТӘЛІМ-ТӘРБИЕНІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

 

ӘЖЕЛЕР «УНИВЕРСИТЕТІ» – ТӘЛІМ-ТӘРБИЕНІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Қазақтың өзіне ғана тән салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы жылдар бойы халықпен бірге жасасып келеді. «Әйеліңнің аяғы ауыр, салмағын өзің көтеріс» дейтін дана сөзді де біздің кемеңгер әжелеріміз айтқан, яғни бала дүниеге келмей жатып, ер-азаматқа да осылай жауапкершілік жүктеген екен. Өмірде «уызына жарымаған…» дегенді жиі естіп жатамыз… Осы сөздің астарына үңіліп көрдік пе?..  

Уыз сүттің қасиеті

Әжелеріміз бала дүниеге келе салып құйрықмаймен ауыздандырған. Алғаш аузына алып татқан дәмі май болғандықтан да, қазақтың баласының асқазаны ауырмаған. Кейде ер балаларды қасқырдай қайсар болсын деген ниетпен қасқырдың қылымен де ауыздандыратын болған. «Қара суға қарап қалады» деган сеніммен ешуақытта сумен ауыздандырмаған. Бүгінде «америкалық тәсіл» дегенді жиі естиміз. Ол не тәсіл екенін қайдам, біздің қазақ ежелден-ақ өмірге келе салысымен сәбиді анасының бауырына салған. Анада аналық сезімі баласын емізген кезде пайда болады. Алғаш сәбиін қолына алып омырауын тосқан ананың алпыс екі тамыры шымырлап, өзгеше бір сезімге бөленеді. Қазақ әйелі ешқашан шашын қобыратып, орамалын байламай баласын қолына алмаған. Үнсіз оңаша отырып емізетін болған. Көргенді ене «балаңның жүзіне мейірлене қарап, іштей тілеуіңді тілеп отырып еміз, сонда балаң мейірімді әрі сенің қадіріңді біліп өседі» деп үнемі келініне айтып отырған. Баланы өзгелер қанша күтіп-бақса да, ананың мейірімі мен ақ сүтіне ештеңе жетпейді. Нәресте бүкіл өміріне жететін иммунитетті екі күн еметұғын уыздан алады екен. Қазақта «уызына жарымаған» дейтін сөз бар. Мысалы, уыз ембеген жетім қозылар тез өліп қалады. Тіпті тірі қалған күнде басқа қозылармен салыстырғанда, шөкімдей болып, өспей қалады. Адам баласы да сондай. Біз ананың екі-үш күн ғана болатын уызында тектік қасиет болатынын біле бермейміз. Ал тектік қасиет дегеніміз – ұлттық қасиет. Ата-бабаларымыздың уызға аса қатты мән бергенінің себебі – осы. Мейіріммен берілген сүт баланың бойына дәрумен болып, шипа болып сіңеді. Құр әншейін қарын тойғызу емес, мейірлене емізу арқылы балаға күш-қуат құйылған. Тіпті мұның астарында да үлкен тәрбие жатыр, бұл да негізсіз емес. Ештеңеге жаны ашымайтын қатыгез ұрпақтың көбейіп бара жатқанына баласын мейірлене емізбейтін аналар себеп пе деп ойлаймын кейде. Олай дейтінім, бүгінде тоғыз ай көтерген баласын ойланбай-ақ сәбилер үйіне тастап кететін безбүйрек аналар көбейді…

Зейнеп АХМЕТОВА

Өзгеге еліктеуден не ұтамыз?

Өзгеге еліктеуден не ұтамыз?

Қазіргі кезде қазақтың ат қоюы өз бағытын жоғалтып барады. Олай дейтінім, өзіміздің ардақтыларымыздың емес, шетелдің танымал адамдарының есімін беру, біз үшін мағынасы жоқ әртүрлі аттарды қою белең алып бара жатыр. Бүгінде Диана, Тансу, Даяна, Алсу, Дамир деген сияқты қазаққа жат жеңіл аттарды қоюға әуестеніп кеттік. Одан кейінгі көңіл қынжылтарлық нәрсе – өзіміздің әдемі есімдерімізге келсін-келмесін «а» әрпін жалғап жүргендігіміз. Анарымыз – Анара, Жанарымыз – Жанара болып мәнін жоғалтып жүр. Ең сорақысы, ауызекі тілде айтылғаны былай тұрсын, құжаттарын солай толтырып жүргендер де баршылық. Сосын әп-әдемі аттарды екіге бөліп жазу «сәнге» айналды. Айталық, Алтын-Ай, Айдар-Бек деген сияқты… Мұны өздерінше жаңалыққа балап жүргендер бар, бірақ шындап келгенде, бұл да соқыр еліктеу ғой. Сондықтан есіміміздің дұрыс аталуы мен жазылуына да мән беру керек. Кеудесінде кішкене болса да ұлттық намысы бар, өзінің халқын, ұлтын мақтан тұтатын әрбір ата-ана баласына ойланып барып ат қойса екен деймін. Жаңа туып жатқан сәби ештеңеден хабары жоқ, өзін қалай атаса да бәрібір, ол біліп жатқан жоқ, бірақ есейе келе бала өз атының қандай мағынаға ие екенін білуге талпынады. Сондықтан ат қоюдағы үлкен жауапкершілік – ата-анада. Баласының өмір бойы көтеріп жүретін есімі болғандықтан алдымен ата-анасы бұған бейжай қарамай, барлық жағын ескеруі керек. Қанша жерден Батысқа еліктеп жаһанданып кетсек те, ата-бабаның киесінен, аруағынан аттап өтуге болмайды. Белгілі бір атты қоясың деп қысым көрсетіп жатқан ешкім жоқ, десе де әр бала есейгенде өзіне қойылған аттан ұялмаса, есімінің қойылу себебін біліп мақтанып жүрсе, атына лайық болып өсуге талпынып жатса жөн емес пе?!

Немеремнің есімі Нұрсұлтан

Момынқұл атамыздың немересі, менің қайным жақында өзі немерелі болды. Ұлының шаңырағында өмірге өздері көптен күткен егіз қыз келді. Олар әкелеріне хабарласып, «немерелі болып жатырсыз, атын қойып берсеңіз» деп өтінген екен: «Андағы жақын жердегі үлкен үйде, қара шаңырақта көкем отырғанда (Бәкеңді айтады) маған ат қой дегендерің не?!» – деп қайным жолды Бәкеңе берді. «Ата, біздің қыздарымызға ат қойып беріңіз» дегеннен Бәкең көп ойланған жоқ қыздардың есімдерін Айғаным, Зере деп қойды. Әрине, бұл – тарихта алтын әріптермен жазылып қалған әжелеріміздің аттары, ерекше есімдер. Бірі – Шоқандай ғалымды, бірі – Абайдай ақынды тәрбиелеген кемеңгер дана аналар. Қос сәбиге бірден сол есімдер қойылды. Бір қызығы, келініміз перзентханадан шығып келген күні телеарналардың бірі Айғаным әжеміз туралы тарихи деректі хабар көрсетіп жатқан екен. Ұзақ уақыт бала көтермей жүріп, қос бірдей (тфә-тфә) қызды дүниеге әкелген келініміз жаңағы хабардың перзентханадан шығып келе сап, бір қызына әжеміздің есімі берілгенде көрсетілгенін де жақсы ырымға балап, қуана хабарлап жатты. Сол әжелердегі қасиет қос періштеге жұғысты болсын деп ырымдадық біз. «Өзің ол әжелеріміз жайлы егжей-тегжейлі біліп алған соң, қыздарыңның бойына олардың даналықтарын сіңіре біл. Жақсы болып өсулеріне осы бастан тәрбиеле», – деп ол келінімізге жиі айтып отырамыз. Өзіміздің отбасымызға келсек, елу жыл Кремльдің құрсауында жатқан атаның алтын жұлдызын, шынын айту керек, Нұрсұлтан Назарбаев қызметіне кірісе сала алып берді. Қарапайым жұрт біле бермейді, бірақ өте көп күш жұмсап, сол алтын жұлдызды алып берген біздің Президентіміз. Елбасы «бір ғана адамды ұсынсақ, ештеңе ала алмай, құр қалуымыз мүмкін» деп атамен қоса Р.Қошқарбаев пен Қ.Қайсенов аталарды да ұсынды. Ең болмағанда біреуіне Батыр атағы берілсе деген тілек қабыл болып, атаның атағы қазақ халқының кеудесіне алтын жұлдыз болып тағылды. Бұған бүкіл ел қуанды. Тілек – халықтікі, еңбек Елбасынікі болды. Бұл – тарихи шындық. Бұл – қалай айтсақ та, тарихта қалатын ақиқат. Сол күндердің бірінде батырдың отбасына Президенттен жеделхат келді. «Бауырым, Бақытжан… – деп басталатын жеделхаттың соңы: – Баукең жұлдызды болған күн – халықтың жұлдызы жанған күн!» – деп аяқталған. Сол әділеттілік орнаған күннен бастап, еліміздің егемендігі бастау алды десек артық емес. Өйткені осыдан соң-ақ Кеңес Одағы ыдырады. Ал Орталықтан Қазақстанға келген соңғы жұлдыз атанікі болды. Сол жылы Назарбаевтар әулетінде дүниеге ұл бала келді. Ол балаға атаның атын беру арқылы батыр атамызға деген ілтипаты мен құрметін Нұрекең екінші рет көрсетті. Сол кездері «алғашқы немерем ұл болса, оған атаның жұлдызын алып берген осы кісінің атын қоямын» деген едім. Ата Махамбеттің өлеңдерін жатқа білетін. Ал Махамбеттің ұлының аты да Нұрсұлтан болған екен. Соның барлығы орайласып келіп, біздің немеремізді Нұрсұлтан деп атауымызға себеп болды. Біз өз шаңырағымыздың Елбасына деген алғысы мен құрметін осылай білдірдік. Кішкентай Нұрсұлтанымызға ататегінің өзіне үлкен жауапкершілік арттыратынын үнемі ұғындырып отырамыз. Ал екінші немереміздің атын нағашы атасы Мадияр деп атады…

 Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: funchild.ru

Атау беруге шебер халық

              

Атау беруге шебер халық

Тегінде біздің халық атау беруге шебер. Қарап тұрсақ, қазақ жеріндегі кішкентай бұлақ, жайдақ төбе, арықтай жыра, жылап ағып жатқан титімдей жылғаға дейін атсыз емес және солар жайдан-жай қойыла салмаған. Белгілі бір ерекшелігіне, қасиетіне, әлденеге ұқсайтын көзге ілінер көрінісіне сәйкес атты дәл тауып қойған. Балаға жыл мезгіліне қарай да есім берген. Мысалы, қыстауда туған баланы – Қыстаубай, жаз жайлауда дүниеге келген баласын Жайлаубек деп атаған деген сияқты… Наурыз айында туған баланы «қасиетті айда туылды, Ұлыстың ұлы күнінде дүниеге келді» деп ерекшелеген. Қызық болғанда, Кеңес өкіметі кезінде қазақтың ырымшылдығы тіпті шектен шығып кетті ғой, оған мысал – Совхозбек, Колхозбай деген сияқты аттардың көбеюі. Клара, Индира сияқты есімдердің көптеп кездесуі де – сол кезеңнің «жемісі». Бірақ қалай десек те бәрібір соның түбінде жақсы ниет жатыр. Бұлардың барлығы шынайы көңілмен қойылған есімдер. Мысалы, өмірден өткеніне жиырма сегіз жылдан асса да, тіпті сонау соғыс кезінен бастап, күні бүгінге дейін атаның есімін қою жалғасып келе жатыр. Бүкіл алты алаштың ардақтысы болған, халқым деп қабырғасы қайысып, елім деп еңіреп, бүкіл бір қоғамдық құрылысқа қарсы шыққандай болып, ұлты, тілі, халқы үшін ешқашан өзін-өзі аямаған қазақ халқының адал перзенті болғандықтан, халық атаның есімін ардақтап, ұрпағына атын беріп жатады. Кішкене болса да киесі жұғысты болсын, ата секілді намысшыл, өр, халқына жанашыр, ұлтын алға сүйрейтін адал азамат болсын деген ниет-тілекпен атаның есімін ұлықтап қойып келеді. Құдайға шүкір, елден, жұрттан айналайын, атаның атын осылай күні бүгінге дейін ұмыттырмай келе жатыр. Халықтың ардақтысы болған адамдардың атын қою – ол адамдардың есімін ұмыттырмау, қайтадан жаңғырту, ұрпақтың есіне салу сияқты үлкен маңызға да ие. «Саған пәленше деген атаның атын қойдық, ол кісі мынадай болған» деп баланы өнегелі етіп тәрбиелеуге мұның да тигізер пайдасы бар. Жаңағы кісілердің қадір-қасиетін арттыру арқылы сәби санасына жақсылықтың дәнін егіп, оны тәрбие көзіне айналдыруға болады. Балаға ардақты адамның есімін бере отырып, соған лайықты етіп тәрбиелемесе, ол – ата-ананың кінәсі. Өйткені сәбиіне үлкен адамның есімін беру үлкен жауапкершілік жүктейді. Бір жағынан, тұлғаның есімін берудің, қазіргі тілмен айтқанда, ғарыштық салмағы болатын болса, екінші жағынан, баланы соған сай етіп тәрбиелеуде ата-ананың парызы мол болмақ.  Айталық, бүгінде Абай атамыздың аты көптеп қойылып жүр, яғни перзентне үлкен адамның атын қойып, соны ұлықтаған ата-ана баласының сол атқа сай болып өсуіне үлкен күш салуға тиіс. Балаға сол аттың қойылу мәнін ұғындырып, оған кішкентай кезінен жауапкершілікті сезініп өсуіне ықпал еткен дұрыс. «Мен пәленше атаның атын көтеріп жүрмін ғой, ендеше, ол атқа кір келтірмеуім керек» деген сенімді жүрегіне ұялатып өсуіне ата-ана себеп болуы керек. Атақты, айтулы адамның атын қойып алып, бала келеңсіздікке ұрынып, жаман жолға түсіп кетсе, ол екі жаққа абырой әкелмейтіні сөзсіз…

Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: prodetey.ru

БАЛАҒА АТ ҚОЮ – АТА-АНА ҮШІН ЖАУАПТЫ ІС


 

БАЛАҒА АТ ҚОЮ – АТА-АНА ҮШІН ЖАУАПТЫ ІС

… Апам әлгіндегі ауыр үнсіздікті бөліп, әңгіме тақырыбын басқа арнаға бұрып жіберді:

    – Немереңе ат қойып бер. Балалар өзіңді күтіп, «атасы қойсын» деп отыр.

    Атам ойланып қалғандай болды.

    – Мен Москваға бара жатырмын. Қазір аяқ астынан қалай болса, солай бірдемені қоя салуға болмайды. Адамны ң аты иттің кличкасы емес. Ойланып өзім хабар берем.


Жарайды деп біз қалдық, хабарласам деп атам кетті. Ол кезде қазіргідей туыла салып атын қойып, перзентханадан куәлігін алып бірақ шықпайтын. Баламыз аты да жоқ,, кім екенін дәлелдейтін қағазы да жоқ, айға жуық жатты. Уақытша бірдеме деп атау керек қой, «Мырқымбай» дейміз, мультфильмдердің кейіпкерлерінің атымен «Умка», «Чипполино», «Гау-гау» дейміз. Әйтеуір қоймаған атымыз қалмады. Бір күні атадан хат алдық. Хатты маған арнап жазыпты. «Балам, мені сыйлағаныңа рақмет! Жолымды саған бердім. Атын өзің қойғын. Марқұм Жамал мен соғыста жүргенде Бақытжанның атын өзі қойған. Балаға туған анасынан жақын ешкім болмайды. Ал саған перзентіңнің қаншалық қымбат екенін дәлелдеулің қажеті жоқ. Атаң, гвардия полковнигі Б.Момышұлы. 12.ІХ.69».   

    Мен немересінің атын Ержан қойдым. Кейін атам: «Бұл да «жан» болды ма? Бірақ қазаққа тән жақсы есім», – деді…

                                                                       («Шуақты күндер»)

Қазақ халқының ерекше бір көңіл бөлетін ғұрыптарының бірі – өмірге жаңа келген бөпеге ат қою. Әрбір ата-ана өзінің баласына әдемі әрі мағыналы есімді қоюды қалайды. Сондықтан болар ырымшыл халқымыз перзентіне қол бастаған батырлардың, сөз бастаған шешендердің, ел бастаған билердің, жез таңдай, күміс көмей әнші-жыршылардың атын қоюға тырысады.

Балаға ат қойған кезде кез келген адамға емес, тағы да сол ырым қылып көпті көрген ел ағаларына, айналасына сыйлы, аузы дуалы кісілерге баласының атын қойғызуды мәртебе санаған. «Қырықтың бірі – қыдыр» деп келіп қалған қонағына да ырымдап ат қойғызған екен. «Бұл баламның атын пәленшекең қойып еді…» деп соны тіпті айтып жүретін болған. Бірақ қанша ырымшыл әрі үлкен адамдардың атын қойғанымен балаға өте киелі, қасиетті, әулие абыздардың атын қоймаған. «Ол өте ауыр болады, бала көтере алмайды» деп түсінген мұны. Халқымызда азан шақырып, ат қою деген сөз бар. Баланың атын қояр кезде үш қайтара «Аллаһу акбар» деп азан шақырып, содан кейін баланың құлағына қойылған атты үш рет айтады. Баланың есінде сол есім қалады, құлағына сол есім сіңеді деген ырым бұл. Ал кейде бала тұрмай жүрген жағдайда «көз тимесін», «тіл тимесін» деп әртүрлі, тіпті құлаққа ерсі естілетін оғаш аттарды да қоятын болған. Отбасында ылғи қыз болғандықтын «ұлды болсын» деген ниетпен қыздарға Ұлбосын, Ұлмекен, Ұлбала деген сияқты аттар қойылған.

 Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: romeolove.ru

Кіндік жайлы не білеміз?

 Кіндік жайлы не білеміз?

Бұл күнде қыздарымыздың белдері ашық-шашық жүреді. Бүйректеріне суық тиетінін, бүйректің суықты бірден қабылдайтын өте нәзік әрі сезімтал мүше екенін білмейді. Кіндікті көрсетіп жүргенді сән көріп жүрген қаракөз қыздарымыз жетерлік. Ал біздің қазақ кіндікті өте қасиетті деп санаған. Бұрын ұл баланың жолдасын алты қырды асырып, ал кіндігін табалдырықтың астына көмген. Әжелеріміздің «табалдырықты баспа» дейтіндері сондықтан. Ұл – шаңырақтың иесі, елін-жерін қорғайтын ертеңгі азамат, болашақ жауынгер әрі түздің адамы. Ал қыз баланың жолдасын да, кіндігін де оттың басына көмген. Олай болатыны, ол – қай жерге бармасын, қазан-ошаққа ие болар болашақ келін, ұрпақ өрбітетін болашақ ана. «Оттың басына түкірме» дейтін тыйымның мәні осында жатыр. Жетпіс жыл бойы біздің кіндігімізді кім кеспеді, түскен кіндіктің қайда тасталғаны да бізге белгісіз. Күл-қоқысқа лақтырылып, ит пен мысық жегендіктен де, бірімізді біріміз тыңдамай, сөзімізді көтере алмай, итше ырылдасып жататынымыз осыдан болуы да мүмкін ғой… Кім біледі… Былай қарасаң, кіндік – соншама қадірлеп әрі дәстүрлеп көметіндей емес, тырнақтай тері. Бірақ ата-бабаларымыз кіндікке соншама мән беріп, қасиетін бағалағандықтан да жаужүрек ұлдары, үлкеннің алдынан кесіп өтпеген ибалы келіндері болды. Ата-бабамыздан бізге осыншама кең-байтақ жер қалуының бір сыры осында жатса керек. «Кіндік қаны тамған жер» деп те айтып жатамыз… Қалай десек те, бұл негізсіз емес. Бұл күндері, Құдайға тәубе, баланың кіндігі түспей жатып үйге шығарып жібереді. Белгілі себептермен перзентханада ұзағырақ жатып қалса, кіндікті сұрап алып, адам аяғы баспайтын ағаштың түбіне көміп тастайтын отбасылар қатары көбейіп келеді.Бір өкіндіретін жайт – дұрыстап түсіндірілмейтіндіктен, белін жалаңаштап, кіндікті көрсетіп жүретін қыздарымыздың қатары көбейгендігі. Бұл қыздарымыз өз денсаулықтарына үлкен зиян келтіріп жүргенін білмейді, жете түсінгісі де келмейді. Бұрындары жігіттерге қыздардың қолынан ұстау арман болса, бұл күнде керісінше, құпия қалмай бара жатыр. «Қытығы кетеді» деп ұяттың жоғалатынын ескеріп, қолын беріп амандаспаған қазақтың қылықты қызы бүгінде кіндік көрсетіп жүруге ұялмайтын болды. Бұған қазақ қызының ұяты деп қана емес, бүкіл бір ұлттың болашағы деп қарайтын кез келді. Ұлттық намысты, қазақ қызының санасын оятатын кез жетті…

Зейнеп АХМЕТОВА

сурет: ithegirl.ru

Көп аздан көлемді көп жиналады

Көп аздан көлемді көп жиналады

Қазақ халқының бала дүниеге келгеннен кейінгі атқаратын жөн-жоралғысының барлығы – жеке адамның басына тиесілі нәрсе емес, бұл ұлттың келешегіне байланысты өнеге. Бұған немқұрайды қарауға болмайды. Мұның барлығы жиналып келіп ұлттық қадір-қасиетті құрайды.       

Өз басым, өзім білмейтін нәрсеге жоламаймын. Көзіммен көрген, ананың тәрбиесімен келген, қанымда бар, әдет болып қалыптасқан жақсылықтарды ғана насихаттауға ұмтыламын. Біз көп жағдайда жастарды кінәлап жатамыз. Біздің басты кемшілігіміз – өзіміз жастарға ештеңе көрсетпей тұрып, үйретпей жатып, оларды кінәлайтынымызда. Өзіміз көзіне көрсетіп, қолына ұстатпаған соң, жастарға «ештеңе білмейді» деп орынсыз өкпе артатынымыз да дұрыс емес. Мысалы, өз келінімді босанған соң екі немеремді де қырық күннен асырып күттім. Тіпті айналамдағы араласып жүргендер қайран қалды. Бірінші немеремде келінім: «Ой, апа, өзім жуамын, өзім істеймін», – деп қатты қысылып, ыңғайсызданды. Ол түсінікті де. Үлкенді сыйлай білетіндіктен де біздің келіндеріміз енесінің күйбеңдеп жүргеніне шыдамайды, көп жағдайда үлкен адамның өзіне қызмет еткеніне ұялып, қабылдай алмайды. Анарым да алғашында сөйтті. «Қозғалма, сенің жұмыс істейтін кезің алда. Қазір мен саған қызмет етейін, балам, есесіне, сенің денің сау болады. Сенің денің сау болса, немерем де аман, менің де көңілім шат, біз де марқайып жүреміз. Сондықтан сен мені дұрыс түсінгін. «Апам жұмыс істеп, мен қарап жатырмын» деген нәрсені ойыңнан шығар. Мен саған келін болмаймын бәрібір, өз тірлігіңді өзің істейсің. Бірақ қазіргі міндет – менікі. Ол – менің ата-бабамнан қалған салт. Менің әжем, менің анам істеген салт, мен соларды көргенмін. Сондықтан мен осыны істеуім керек», – дедім келініме. Тамағын дайындап, белін байлап, қадағалап жүрдім. Жылы жүруіне қатты мән бердім. Қазіргілерге бұл тіпті басқаша көрінуі мүмкін. Бірақ біле білген адамға, бұл жерде, мен, алдымен немереме қамқорлық жасадым. Анасы арқылы өз немеремнің аман-есен өсуіне ықпал етіп тұрмын. Өйткені ол – Момышұлы  әулетінің көптен күткен, аңсап күткен ұрпағы. Содан кейін «қашан келін алар екем», «қашан немеремнің жаялығын жуар екем» деп армандап жүрдім ғой. Алла тағала арманыма жеткізіп, маған немере сүйгізіп, мені – «әже», Бәкеңді «ата» атандырып отырғанда мен ата-бабамның салтын істемеуім, келінімді күтпеуім дұрыс емес. Тіпті өзіме күнә санар едім… Өкінішке қарай, көп енелер білместікпен келіндеріне осындай қамқорлық көрсете алмай жатады. Білгенімізді үйретіп, естігенімізді айтып отырсақ, бүгінгі ұрпақтың ештеңеден ұтылмасы анық.

Зейнеп АХМЕТОВА

сурет: stranadetok.ru  

«Қалжаның» сыры неде?

Қазақтың өте бір қасиетті ырымы – келінге қалжа жегізу. Бұрынырақта кедейдің кедейі әйеліне қалжа жегізген. Тіпті бұған өзінің шамасы келмеген күнде ауқатты адамдар қалжасын әкеліп берген. Өйткені қалжа әкеп беру де сауабы үлкен іс болып саналған. Қалжаның күнделікті желінетін еттен айырмашылығы – ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы. Әрі құрметті ас саналады. Қалжа, біріншіден, дүниеге келген нәрестенің құрметіне арналса, екіншіден, жас анаға дүниеге перзент әкелгені үшін арнайы сойылатын болған. Күнде келінге сорпасын ішкізіп, етін жегізіп отырғандықтан, жас босанған ана өзінің жоғалтқан күш-қуатын осы қалжа арқылы қалпына келтіреді. Босанғаннан кейінгі күтімге қалжаның тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Қалжа жеп, жас сорпа ішкен келіншектің сүті де маңызды, құнарлы болады. Баланың тез ет алып өсуіне әсер етеді. Қазіргі жігіттерді қайдам, бұрындары жігіттердің бірі ауырлау затты көтеруге әлі келмесе немесе абайламай жығылып қалса, құрдастары келеке қылып: «Әй, немене, сенің шешең қалжа жемеген бе?» – деп қағытқан. Кей жағдайда «құдайға шүкір, біздің де шешеміз қалжа жеген» деп өзін-өзі көтермелеп, шамасы келмей жатқанын білдірмеуге тырысып баққан. Тілімізде жиі қолданылатын осы сөздің өзінде мән-мағына жатыр. Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеп жатады, бірақ қалжа, негізінен, келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парызы болып есептеледі…

ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ОЯТПАЙ, ҚҰР МАҚТАНУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ…

Осы күні баспасөз беттерінде әйелдердің түрлі аурулары жайлы аз жазылып жүрген жоқ. Әйелдерде кездесетін қатерлі ісіктің көбейіп әрі «жасарып» кеткені жайлы да жиі айтылып келеді. Дерттің асқынып, белең алғаны сонша, мұның соңы қайғылы оқиғаға ұласып жатыр. Бұл жағдай бүгінде әйелдер дәрігерлерін де қатты алаңдатып отыр. Сондықтан кез келген әйелдер консультациясында дәрігерлік кеңестер беріліп, қатерлі ісіктің алдын алу шаралары жайлы жазылған кішкентай кітапшалар таратылады. Ал ешқандай медицинасы дамымаған қазақ даласында өмір сүрген қазақ келіндері әйелдерде кездесетін түрлі аурулардан қалай сақтанды? Қазақ жас босанған ананың күтіміне не себепті соншалықты мән берген?

                                                                                                Зейнеп АХМЕТОВА

 

ҚАЗАҚТЫҢ ЫРЫМЫ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КҮШКЕ АЙНАЛЫП КЕТКЕН…

 

ҚАЗАҚТЫҢ ЫРЫМЫ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КҮШКЕ АЙНАЛЫП КЕТКЕН...Бұл күндері, Құдайға шүкір, өз дәстүр-салтымыз бен әдет-ғұрпымызға мойын бұрып, шамамыз келгенше ұлықтап-ақ жүрміз. Әсіресе, жастар жағы. Бүгінгі үйлену тойларының арақ-шарапсыз өткізіліп жатқандығы, әр-әр жерде торттың орнына «келін шайының» беріліп жүргендігі осының айғағы болса керек. Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ырым-тыйымы ұлттық кодқа, энергетикалық күшке айналып кеткендігін іштей мойындасақ та, жеме-жемге келгенде кежегеміз кейін тартып, үркіп тұратын кезіміз көп. Дегенмен бүгінде сәбилерін бесікке бөлейтін, тұсаукесерге мән беретін отбасылар көбейді. Бұл – көңіл қуантарлық жағдай. Өз таным-нанымымыз өзімізге ғана жұғысты болатынын түсіне бастағандаймыз.

 Шілдехана тойының қандай маңызы бар?

Бала алғаш дүниеге келген күні қазақ шілдехана тойын жасайды. Шілдеханада түнімен ән айтылып, күй тартылған, яғни жаңа туған нәрестенің алғаш құлағына естілетіні қазақтың әні мен жыры болған. Осыдан соң қазақ қалай әнші болмайды дейсің?! Бұрындары жас босанған әйелді түн күзететін болған. Сол түні ән мен жыр, күмбірлеген күй түні бойы бір толастамаған екен. Ол, бір жағынан, «жаңа туған баланы жын-шайтан иектемесін» деген ойдан шыққан. Өйткені ән салған адамның жаман ой ойлауға мүмкіндігі болмайды. Ал әнде үлкен құдірет бар. Сол дыбыс, әуен, саз жаңа туған нәрестенің құлағына сіңеді. Тек шілдехана жасалған күні болмаса, баланы қырқынан шығарғанша үйге көп адамды топырлатып шақырмаған екен. Ол екі аралықта балаға «бауы берік болсын» айта келгендердің өзі келін мен баланы көруге талпынбаған. Өйткені «келінге көз тиеді», «балаға сұқ өтеді» деп түсінген. Қазақ жаңадан туған ботаның өзін жетілгенше тасада ұстап, ешкімге көрсетпеген ғой, сол сияқты «біреу қолға алып, жүзіне көз салып қараса, соның өзі жас балаға ауырлық әкеледі» деп қауіптенген. Бір жағынан, бұл да дұрыс. Өйткені біздің өзіміз де бізде қандай энергия, қандай биоөрістер бар екенін біле бермейміз. Ал адамдар әртүрлі. Балаға жамандық ойламаған күннің өзінде бейсаналы түрде зиян тигізуі мүмкін. Сондықтан ересек адамдар мүмкіндігінше жас босанған келіні бар, жаңадан туылған бөпесі бар үйге бара бермеген. Өйткені қырық күн толмаған сәби жердің баласы деп есептелмеген. Бір есептен, «жердің баласы емес» деуге негіз де бар. Мұны қырқынан шықпаған баланы білегін ұстап көріп, еті мен сүйегі бірікпегенінен-ақ байқауға болады…

Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: babyzzz.ru

Немерелерімнің кіндік шешесі жайында…

 

Немерелерімнің кіндік шешесі жайында...Кеңес өкіметі кезінде «кіндік шеше» деген сөздің өзі жоғалып кетті. Бала тәрбиесінде кіндік шешенің рөлін қайтадан қазақи қалпына келтіру үшін дәрігерлер де баланың кіндігін өзінің сайланған кіндік шешесіне кескізуге рұқсат етулері керек деп ойлаймын. Өз басыма келсем, немеремнің дүниге келетін уақыты жақындағанда кіндік шешені өзім апарсам деп дәрігерден рұқсат сұрамақ болып, перзентханаға барғанмын. Бұл 90-жылдардың ортасы болатын. Мұнда келген кезде менің көзіме сол перзентхананың бір дәрігері жарқ етіп көрінді. Олай дейтінім, оны көргенде өзінен керемет бір шуақ тарағандай әсерде болдым. Үнемі аналардың сәби әкелуіне қолғабысы тиіп, ылғи жаңа туған баланы қолына ұстап, таза энергиямен қуаттанғандықтан ба, маңдайы жарқырап, көзі жайнап тұр екен. Содан сол келіншекке: «Айналайын, менде бар-жоғы – бір тал бала, бір келін. Алғашқы немеремнің келуін күтіп жүрмін. Сен бізге кіндік шеше болып, келінімді қамқорлығыңа ал», – деп өтіндім. Сонда ол қатты толқыды. «Апа, мен мұндай шаңырақтың келініне қамқор болып, аман-есен босандырсам, соның өзі мен үшін үлкен мәртебе болар еді…», – деді. «Мен кіндік шешені өзім таңдаймын, соған рұқсат ет» деп айтпақ болып барғаныммен, Ұлтай Дауылбекқызы атты жүзінен мейірім төгілген сол дәрігер келіншек тңғыш немереміздің кіндік шешесі болды. Кейінгі немереміздің де кіндік шешесі – сол Ұлтай. Ол әншейін кіндік шеше ғана болып қойған жоқ, өзі біздің үйдің қызындай болып кетті, бізді «аға-тәтелеп» жаны қалмай сыйлап жүреді. Біз де оны аялаймыз. Бұл бұрынғы қазақи қарым-қатынасқа ұқсас деуге болады. Ол өзінің кіндік балаларын үнемі көріп тұрады. Денсаулықтарын қадағалап, олардың титтей қуаныштарының өзіне ортақтасып, үнемі келіп-кетіп жүреді. Балам мен келінім де «Ұлтай мамамыз» деп құрақ ұшып жатады. Біздің халық үшін сыйластықтан асқан сый да, дәреже де жоқ. Мұндай сый-құрметтің бастауы өзіміздің ұлтымызға тән қазақы болмысымыздан, ықылас пен пейілімізден басталып, осылай нәр алатын болса керек…         

Зейнеп АХМЕТОВА

Кіндік шешенің бала тәрбиесіндегі орны

«Жарыс қазан» қайдан шыққан?Кіндік шешенің бала тәрбиесіндегі орны
Ертеректе перзентхана болмағандықтан, әйелдердің үйде босанғаны белгілі. Келін толғатқан заматта әйелдер қазанға ас салған. «Қазан қайнағанша бала дүниеге келсін», «толғағы жеңіл болсын» деп қазан менен толғақты жарыстырған. «Қазан қайнағанша аман-есен босанып қалсын» деген тілек жатыр мұның астарында. Бір жағынан, жаңадан босанған ананың сорпа-суы, әрі қуанышқа жиналғандарға дайындалған ас деп қарауға болады. «Жарыс қазан» деген дәстүр осыдан шықса керек…

Тіліміздегі «қол-аяғын аман-есен бауырына алды», «аман-есен жеңілденді» деген сөздер келіннің дүниеге перзент әкелгеніне қатысты айтылған. Қазақ еш уақытта «туды» деп айтпаған. Бұл сөз аңға, малға, жан-жануарға қатысты айтылады. Жақсылық хабарды жеткізушілер «атұстар», «құрықұстар келді» деп – ұл баланың, «шай қайнатарың келді, үкіңді дайында» деп қыз баланың дүниеге келгенін жеткізіп, бір-бірінен сүйінші сұрасқан. Осыдан-ақ әрбір сөздің айтылатын жері болатынын әрі қазақ халқының тектілігін аңғаруға болады.

Кіндік шешенің бала тәрбиесіндегі орны

Қазақ халқында кіндік шеше ерекше орны бар өте қадірлі тұлға деуге болады. Баланың өзінің туған анасынан кейінгі ардақтап құрметпен қарайтұғын анасы – осы кіндік шеше. Келіннің бойына алғаш бала бітіп, «ақ алғысты» болып, жерік болып жүрген кезінен бастап, енелері балаға кіндік шешені іздеп, іштей таңдай бастаған екен. Ол аралықта «мен болайын» деп қолқа салушылар да көбейеді. Солардың арасынан енелер болашақ кіндік шешені өздері таңдаған. «Ой, ана пәленшенің мінезі биязы, өзі үнемі жайдары жүреді», «түгеншенің қолының ісмерлігі бар» деп келіншектердің жақсы қасиеттерін жинақтай келе, кіндік шеше алдын ала белгіленеді.

«Болашақ немереміздің кіндік шешесі өзің бол, ниетіңе жет» деп келіннің енесі қолқасын айтқаннан кейін кіндік шеше келінге қамқор болады. Ол аяғы ауыр болашақ анаға бойын күтуді, жүріп-тұруды, тіпті қалай тамақтану керектігіне дейін – барлығын үйретіп, іште жатқан шарананың өзіне әу бастан-ақ осылай қамқорлығын жасаған. Арасында үйдің тірлігіне де келіп көмектесіп жүрген. Бұрынғы кіндік шешелер келіннің босанатын күнін міндетті түрде білген. Өйткені «ай толғақ», «апта толғақ» деген сияқты босанғанға дейін болатын толғақтардың әр күнін санап, келіннің қай кезде босанатынын алдын ала болжап отырған.

Кеңес өкіметінің кезінде туылған балалардың барлығы деуге болады, өзінің кіндік шешесін білмеген. Өз алдымызға дербес мемлекет болмай тұрған жетпіс жылдың ішінде қазақ баласының кіндігін кім кеспеді дейсің… Қазақ «бала кіндік шешеге тартады» деп бекер айтпайды. Өйткені жаңадан шыр етіп жарық дүниеге келген баланың тірі тәнін қолымен ұстап тұрып, кіндігін кесу арқылы әрбір адамның бойында болатын биоөріс пен адам бойындағы қасиеттер белгілі бір мөлшерде балаға беріледі. Бала да бірден қабылдайды оны. Сондықтан баланың ата-анасына, ата-әжесіне тартпаған кейбір мінездері міндетті түрде кіндік шешесіне тартады. Кіндік шешені ардақтап, қадірлейтіні де, оған үлкен мән беретіні де сондықтан.

«Ой, ол пәленшенің кіндік баласы ғой, әне, мінезі аумай қалған» дегенді естіп жататынымыз сол себепті. Біздің қазақ халқының психологиясының, мінез-құлқының өзгергені, кәдімгідей басқа жаққа қарай ауыңқырап кеткені осы жетпіс жыл бойы кіндігімізді кім көрінгеннің кескендігінде жатыр ма деп те ойлаймын кейде. Бұл негізсіз емес. Өз басым, баламның кіндік шешесінің кім екенін білмеймін. Сонау 1968 жылдары перзентханаларда қазақ дәрігерлері, қазақ медбикелері бірлі-жарым ғана болатын.Әсіресе, Алматыда. Перзентханаларда көбінде кілең басқа ұлттың өкілдері істеді. Қазір бір қуанарлығы, аналар өз баласының кіндігін кім кескенін біліп жатады.

«Баламның кіндігін кескен адам» деп сый-сияпатын да жасап жатқанын көріп жүрміз. Бірақ олар – дәрігерлер, олар жас аналарды өздері босандырып, кіндігін өздері кесіп жатыр. Осы орайда «неге ұлттық перзентхана ашпасқа» деген ой мені жиі мазалайды. Ата-аналар өздері қалаған, өздерінің көңілдерінен шыққан, алдын ала сайлап қойған адамын перзентханаға апарып, арнайы медициналық бетперде мен халат кигізіп, неге кіндік кескізбеске, дәрігермен бірге жас босанған ананың жанында болмасқа?!

Дәрігер өзінің міндетін атқарса, ал кіндік шеше баланың кіндігін кессе… Кейбір дәрігерлер «олай етуге рұқсат жоқ, бала босанатын жерге бөтен адамды кіргізуге болмайды» деп жатады. Ал енді кейінгі кезде әйелі босанып жатқан жерге күйеулері камерамен кіретұғын бір «мода» шықты. Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің, «былай тұрыңызшы, түсіріп алайын» деп гинеколог дәрігер мен акушерлерді былай ысырып жүретін сорақы жағдайлар кездеседі. Сонда олар қалай кіріп жүр? Қалай кіргізеді оларды? «Бір аяғы – көрде, бір аяғы – жерде», адамнан адам шығып жатқан қауіпті сәтте күйеулері сол жерде жүреді. Жасыратын ештеңе жоқ, бұл – талай перзентханаларда болып жатқан нәрсе. Олай болса, неге кіндік шешені де кіргізбеске?

Дәрігерлерге мың да бір рақмет, ана мен баланың өміріне жауап беріп, олардың денсаулықтарының қауіпсіздігін мойнына алып жүр. Олар өз міндеттерін атқарып жатыр, ал кіндік шешелік парыз мүлде басқа ғой. Бүгінде өзін босандырып алған дәрігерді «кіндік шеше» деп қабылдап жүр, ол да – дұрыс. Бастысы, баласының кіндік шешесін біліп жатыр. Көп жағдайда баланың кіндігін кескен адам басқа болғанымен, мына жақтан ата-ене сайлаған кіндік шешесі гүлін көтеріп, перзентханадан кіндік баласын шығарып алып та жатады. Шындап келгенде, бұл көзбояушылық емес пе… Ырым етіп, ниет қылғаны жақсы шығар, бірақ шынайы болғанға не жетсін?! Кіндігін кеспей, сырттай сайланған кіндік шешелер баланың тәрбиесіне қандай қолғабыс беріп жатыр? Ешқандай.

Ары кетсе, жылына бір рет баланың туған күнінде сыйлықтарын әкеледі. Ара-арасында ойыншығын көтеріп келетіні болмаса, бәлендей жауапкершілікті сезінбейді. Ал бұрынғы кіндік шешелер баланың тәрбиесіне көп күш салған. Жас ана қол-аяғын бауырына алғанша, әбден үйренгенше баланы суға шомылдыру, керіп-созу, күту – соның барлығын енесінен бұрын кіндік шеше мойнына алып, өзі үйреткен.

Балаға қатысты өткізілетін қырқынан шығарудан үйлену тойына дейінгі барлық игі шаралардың басы-қасында кіндік шеше ең бір қадірлі тұлға болған. Баланың ата-анасымен қатар, кіндік шешеге көрсетілер құрметтің орны бөлек. Қыз алысып, құдандалы болып жатқанда да, ата-анасымен аты бірге аталып, кіндік шешеге төрден орын берілген. Кейін бала да ержеткенде «кіндік ананың парызы» деп өз парызын өтеп жүретін болған. Қазақ кіндік шешені осылай қастерлеген, дәріптеген…

ҰЛТТЫҚ ПЕРЗАНТХАНА АШАТЫН КЕЗ КЕЛДІ

ҰЛТТЫҚ ПЕРЗАНТХАНА АШАТЫН КЕЗ КЕЛДІ

Қазақ дейтін халықтың тарихы мен үлгі-өнегесі ұшан-теңіз, інжу-маржан секілді. Біздің халықтың әрбір кішкентай ырымы мен тыйымының астарында үлкен мән-мағына жатыр. Кез келген жөн-жоралғы жайдан-жай жасалмайды. Ғасырлардан бері жасап келе жатқан тектік қасиет деген тағы бар. Тектік қасиет ұлттық қасиетпен бірге өріліп, бірімен-бірі сабақтасып жатады екен.

  «Аққолды ана» деген кім?

Бұрынырақта қазақ ауылдарында келінді босандырып алатын қолы епті әрі шипалы, есімдері ел аузына ілінген апалар болған. Ауыл адамдары оларды «ақжарқын ана», «аққолды ана» деп құрметтеген. Олай болатыны, кей жағдайда бала теріс келіп, жас ана босана алмай, қиналып қалатын сәттер болады. Сондай қауіпті алдын ала біле қойған сезімталдығы үшін әрі ондай қысылтаяң шақтан ананы да, сәбиді де аман алып қалғаны үшін ондай апаларды «аққолды ана» деп атаған. Қолы епті «аққолды аналар» бала дұрыс келмеген жағдайда қойдың жақсылап жуылған ұлтабарын қолына киіп, теріс келген баланы оңына                                                                                                                                                                         

келтіріп, келінді солай босандырып алған. Бір таңданарлығы, ұлтабар – жаңадан сойылған қойдікі әрі жасанды зат емес, «табиғи қолғап» болғандықтан, анаға да, балаға да зияны тимеген. Біздің халықтың кемеңгерлігінің бір ұшы осындай көп білетіндігінде жатса керек… «Аққолды аналарымыздың» көрегендігі, даналығы сол – толғатып жатқан келіннің аузына тары салған екен. Белі үзіліп кетердей бебеулеп, ащы толғақтан әлсіреген келінге тары әрі нәр береді, әрі тарыны қышырлатып шайнау арқылы жақтың қарысып қалуынан сақтаған. Тарыны құшырланып шайнаған келін дауысын шығарып айғайлай да алмаған, ал айғайлап-ойбайламаған адамның күш-қуаты да кемімейді. Бұл бір жағынан, дәтке қуат болса, екінші жағынан тыста жақсылық күтіп жүргендерді үрейлендірмеудің амалы деп білген. Міне, осының өзінде ғана қаншама тәрбие жатыр.

Бір қызығы, «ақ қолды ана», «ақжарқын ана» атанған ол кісілер ешқашан кіндік шеше болуға таласпаған. Олар тек қана өздерінің міндеттерін атқарған. Ана мен баланың жағдайының жақсы болуын, сәбидің аман-есен дүниеге келуін, сонымен қатар туытпен бірге болатын әртүрлі анау-мынау қауіп-қатерлердің болмауын, тіпті босанғаннан кейінгі күтіну жолдарын осы «аққолды аналар» қадағалап, ем-домын жасап, жас анаға ақыл-кеңестерін айтып отырған. «Аққолды» аналар – бүгінгі тілмен айтқанда, әйелдер дәрігері, яғни баланың өмірге аман келуіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын адамдар.

 Зейнеп АХМЕТОВА

сурет: mama.ua

Адам қуатты табиғаттан алады

Адам қуатты табиғаттан алады
Бұл біз үшін жаңалық емес, бұрынғы өткен аналарымыз келіндерін табиғаттың өзімен тәрбиелеп, сол арқылы ұрпағына қамқорлық жасаған. «Шырағым, заңғар тауға қара, немеремнің өресі биік болсын. Жазық далаға, көкжиекке көз жібер, немерем кең пейілді дарқан болсын. Жайнаған гүлге қара, жайқалған көкорайға назар аудар, сәбиің шырайлы болады. Бұлақтың көзін аш, бала қайырымды, мейірімді болады» деген секілді ақыл-кеңестерін айтып, жас келіннің табиғатты қастерлей түсінуге, жақсы қасиеттерді жаратылыстың өзінен үйренуге баулыған. Ой жіберіп қарасаңыз, көңілі күпті аяғы ауыр әйел түгілі, былайғы адамның өзі бір сәт тауға көз жіберіп қарағанда ойы биіктеп, көңілі өседі. Сол секілді жазық далаға, сағымданған көкжиекке көз салсаң, жан сарайың кеңігендей болады әрі адамның көру қабілеті артады.
Көңіліне түйгені мол көргенді енелер келіннің айы-күні жақындағанда далаға алып шығып, аяғын жалаңаяқтап таза жермен жүргізеді. «О, кеудесі түкті қасиетті Жер-ана, өзің медет бере гөр! Перзентіңді пәле-кесірден сақтап, бойын жеңілдете гөр!» – деп тілек тілейді екен. Мұны негізсіз деп айта алмаймыз. Өйткені адамның денесіндегі артық энергияны, сыртқы әсерден бойға сіңген былғаныш күштерді жер өзіне тартып алатыны дәлелденген. Найзағай түскен, электр тоғы соққан адамды жерге көміп емдейтіні сондықтан. Оның үстіне жалаңаяқ жер басып жүргенде табандағы нерв нүктелерінің қызметі артып, адамның денсаулығына жағымды әсер береді. Қазір емшілердің емдеу тәсілдерінде табиғаттың өзінен, яғни науқасты күннің нұрынан, айдың сәулесінен, оттан, судан, жерден күш алып емдейтіндер жайлы жарыса жазып, жар салып жатады. Бұл да қазаққа таңсық емес. Қолында аяғы ауыр келіні бар қамқор ене ай сүттей жарық түнде келінді ай сәулесінің астында серуендетіп, ғарыш күшінің әсерін дарытқан. «Бала айдай сәулелі, айдай көпке ортақ, білікті болсын» деп тілепті. Келінді ай жарығында суға түсіріп «бала судай таза, судай тұнық, судай қажетті болсын» деп тілеген. Іле-шала маздап жанып жатқан отқа жақындатып «бала айналасына оттай опалы болсын, оттай мейірімді, оттай күшті болсын» деп жас келіннің көңілін жақсылыққа жетелеп, жігерлендіріпті. Суық пен ыстықты кезек алмастыру арқылы денеге күш-қуат беруді ата-бабаларымыз бағзы заманнан білген…

Зейнеп АХМЕТОВА

 

Келінді күте алмаған күң етеді…

Келінді күте алмаған күң етеді...Келіннің мезгілімен тынығуына қамқорлық жасап, нәрлі тағамдарды, әсіресе ақ қосылған асты көбірек ішуін қадалаған. Баланың сүйегі шымыр, мықты болсын деп қызыл ірімшік жегізіп, арасында сағыз шайнатады. Қарағайсағыз, құмсағыз, жерсағыз секілді таза өсімдіктерден алынған ешбір қоспасыз, табиғи сағыздарды берген.

Сонымен бірге баланың көру, есту қабілеті жақсы жетілсін әрі тамағы бойына сіңсін деп келінге рауғаш, жуа, қымыздық, саумалдық, түйетабан секілді өсімдіктерді, қарақат, бүлдірген, мойыл, жидек секілді жемістерді жегізген. Келіннің өзін күтіп, таза жүруіне көп көңіл бөлген. Киікоты, көкемарал, жалбыз, шайшөп, жұпар сияқты хош иісті шөптердің қоспасымен жуынуға үйреткен. Үйге арша, адыраспан секілді емдік қасиеті бар өсімдіктерді түтіндетіп, іштегі баланың тыныс мүшелерінің сезімтал болуына әсері барын да білген. «Балаға жағымсыз, кесірі тиеді» деп келіншектің тіс тазалығына да көп көңіл бөліпті. Азанда және жатарда тұзды сумен немесе жоғарыдағы аталған хош иісті өсімдіктердің қайнатпа тұнбасымен ауызды шайқатқан.
Үлкен кісілер немерелі болуды аңсап күтумен бірге нәрестенің өмірге аман-сау келуін өздері де міндетті санаған. Қамқор ене келінге ауыр нәрсе көтертпей, шаң-тозаңы, күл-қоқысы бар жұмысқа салмаған. «Әлденеден шошып қалмасын» деп түнде далаға жалғыз шығармаған. Ұрыс-керіс, айғай-шу болып жатқан жерден келінді аулақ ұстаған. Оның көзінше кім-кімге де өрескел сөйлеуге, айғайлауға, мінез көрсетуге тыйым салған. Оның өзіне де «қарағым, дауысыңды көтеріп даурықпай, биязы, сыпайы сөйле, әйтпесе бөпеңнің мінезі шәлкем-шалыс, содыр болып қалады» дейді екен. «Келген кісіні есіктен қайтарма, «қырықтың бірі қыдыр» деген, қолыңнан дәм татқыз, ықыласын ал, шарапаты тиеді. Жас балаға зекіме, олар періштедей пәк, баланың мейірімі түссе бойың жеңілдейді. Итке «кет» деме, ол жеті қазынаның бірі, иесіне жақсылық тілеп жүретін берекенің күзетшісі» деген секілді қарапайым да астарлы кеңестерін беріп, келінді жағымсыз әдеттен сақтандырып, әдептілікке, кісілікке жетелепті. Сол арқылы іштегі балаға да тәрбие ұрығын сеуіпті.
«Келін жыласа, бала жасық болады» деп келінді жылауға жеткізбей, қас-қабағына қарап, әлдебір суық хабар болса естіртпей, кездейсоқ зардаптардан қорғапты. Келіншектің күйеуіне «қосағыңның аяғы ауырлады, салмағын өзің көтеріс» деп, оның азаматтығына сенім артып, міндет жүктеген екен. Бала көтерген болашақ ананы боқтап, ауыр сөз айту немесе қол жұмсау қазақта үлкен күнә саналған. Ондай парықсыздыққа барғанды бүкіл ауыл болып айыптап, қатты сынға алған, жазалаған.
Ертедегі ата-бабаларымыз жаратылысқа табына отырып, оны аялаған, табиғатпен үйлесімділікті сақтай отырып, сол табиғаттан көп нәрсе үйренген, жаратылыстың тылсым сырларын түсініп, танып-білуге құлшынған. Сол түсініп-түйсінгенін күнделікті тыныс тіршілігіне пайдаланған. Бүгінде ғылыммен қаруланған біздің үлкен сорымыз Табиғат-анадан бөлініп, ешбір құдіретке, тылсымға иланбай, «сенім» дейтін ұлы күшті тұншықтырып алғанымыз. Соның нәтижесінде ішкі жан-дүниеміз, ұлттық дүниетанымымыз лайланып, обалды түсінбейтін, сауапты жасай алмайтын, парызды өтемейтін, күнәні мойындамайтын, тіршілікке тәуба демейтін мәңгүрттік дертке шалдыққанымыз жасырын емес. Қаттырақ кетіп, ащылау айтып жатқан себебіміз тәрбие талғамын табиғаттан ажыратып, оқшау қарамасақ деген ойдан туып отыр.

Зейнеп АХМЕТОВА

«Жеріктік тоқырау» немесе тектік сәйкессіздік

 

 «Жеріктік тоқырау» немесе тектік сәйкессіздікАна болып көрмеген тәжірибесіз келінге «жеріктіктің» мәнін түсіндіріп, жіліктеп ұқтыратын енелер бүгінде сирек. Бүгінгі келіндер дәрігер-кеңесшілерге жүгінеді. Дәрігерлер ғылыми тұрғыдан ақыл-кеңестерін айтып, арнайы дәрі-дәрмегін беріп, ай сайын тексеріп тұрады. Бұл – әрине, үлкен қамқорлық. Алайда әр адам – индивидиум. Оның жеке-дара, бөлек жаратылысы, өзгеге ұқсамайтын мінез-құлық, табиғи талғамы бар. Тіпті адамның дене бітімінің өзі қайталанбайды. Оған қоса, ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан тектік (гендік) қасиет деген бар. Тектік қасиет ұлттық қасиетпен бірге өріліп жатады. Мұның барлығын ескермей, тек дәрігерлерге ғана көзсіз арқа сүйеудің нәтижесінде тәніміз бен жанымыздың өрістік қалауын өздігімізден ажырата алмайтын ішкі сезімдік тоқырауға ұрынғанбыз. Бұл ұлттық қасиеттерден ауытқуға әкелді. Кішкентай бір мысал келтірейік: осы күні «мынандай дәмге жерікпін» дегенді айтатын келін сирек. Есесіне, кез келгені тұздалған қияр мен капуста жеп, жеріктігін басады. Бұл нені көрсетеді? Бұл – жеріктік сезімнің тоқырауы, тектік сәйкессіздік.

«Көңілсізден көзсіз бала туады» деген бар. «Аяғы ауыр келін ашық-жарқын, көңіл күйі көтеріңкі жүрсе, толғағы жеңіл болып, аман-сау босанады, бала ерте ширайды» деуші еді әжелеріміз. Ұрпағының қамын ол өмірге келмей жатып ойлаған ақылды ене ауыл жастарын шақырып «келін көңілі» деп аталатын әдемі басқосуды жасап береді. Жастар әуелетіп ән салып, күмбірлетіп күй шертіп, қызық ойындар ойнап, жарасымды әзіл-қалжыңмен болашақ ананың көңілін сергіткен. Қазіргі ғылыми-зерттеу тәжірибелері жағымды сезімде жүретін ананың баласы мейірімді, сезімтал, кісіге жақын, үйірсек болатынын дәлелдеп жүр. Ал әжелеріміз мұның бәрін баяғыда оқымай-ақ білген ғой.

Тұңғыш баласына аяғы ауыр келіншек өзінің ана болатынын білгенімен, шын мәніндегі жүрек елжіретер шынайы аналық сезімді әлі түсінбейді. Бірақ оның бүкіл жаратылыс-болмысында өзгерістер жүріп жатады.

Айналаны қабылдауы басқаша бір ағысқа түскендей болады.Өзінен-өзі мазасызданып, сәл нәрсеге кейіп, болар-болмасқа тарылып, әр нәрседен секемденіп, бұрын өзіне тән емес күй таңдау пайда болады. Әлгі ақын-жазушылар асқақтатып суреттейтін алып-ұшқан жүрек қуанышы, ана болу мақтанышы, шынын айтқанда, алғаш бала көтерген әйелде бола бермейді. Неге десеңіз, белгісіздік – қашанда құпиялы, қорқынышты. Ал өмірге адам әкелу – әлемдегі ең қасиетті құбылыс. Сол үшін де әжелеріміз «екіқабат әйелдің бір аяғы – жерде, бір аяғы – көрде» деп, ана болу бақытының қасында толып жатқан қауіп-қатердің бар екенін айтады. Ұғымды енелер бұл жағдайды жақсы біледі, біледі де, келін мінезіндегі құбылып тұрған көрініске, аумалы-төкпелі жай-күйіне кешіріммен, жанашырлықпен қарап, бауырына тарта мейірім көрсетеді.

Сурет: sidimdoma.net

ӨМІРГЕ АДАМ ӘКЕЛУ – ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҚАСИЕТТІ ҚҰБЫЛЫС…

  

ӨМІРГЕ АДАМ ӘКЕЛУ – ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҚАСИЕТТІ ҚҰБЫЛЫС...

 Жеріктіктің құпиясы

Бойына алғаш бала біткен тәжірибесіз жас келіншек бұрын-соңды болмаған сезім-түйсіктерді басынан кешеді. Көңілінің неменеге соғып тұрғанын, тәбетінің қандай асқа ауатынын дөп басып айта алмай, не екенін өзі де түсінбей аласұрып қиналады. Осы бір аса жауапты кезеңде ақыл-кеңес айтып, көмек жасау, мейірім таныту сауабы мол қасиетті іс саналады

Егер келіннің жерік асы табылмаса, босанғанша ішкені бойына сіңбей, әл-дәрмені құрып, басы айналып, көңілі жер тартып, әбден титықтайды. Қазақ мұндайды «итжерік» дейді. Ал осындай жаны мен тәні бірдей азаптанып жүрген адамның жай-күйінің қаншалықты жағымсыз болатыны өзінен-өзі түсінікті. Бұл жағдай тікелей іштегі шаранаға әсер етеді. Өйткені ананың жерігі, ең алдымен, баланың табиғи қажеттілігінен, қандай да бір дәруменнің жетіспеушілігінен туындайды. Жерігі қанбаған анадан туған нәрестенің есейгенше аузынан сілекейі шұбырып, үнемі қанағатсызданып жылай беретін беймаза болады. Сондықтан да келіннің жерік асына аса жауапкершілікпен, үлкен қамқорлықпен қараған жөн.

Тілімізде «жерік асын жегендей балбырады», «жерік асы табылғандай қуанды» дейтін қалыптасқан сөз тіркестері бар. Айтса айтқандай, болашақ ананың аңсары ауған тағамы табылып, соны құмары қанып қабылдаған соң еш нәрсемен салыстыруға болмайтын ғажайып рахат сезім сәттеріне бөленеді. «Тортасынан айырған сары майдай» жан дүниесі еріп, мінез-құлқы жайдарыланады. Айналасы алқызыл гүлдерге тұнып тұрғандай, төрт құбыласы түгелденгендей, өзінен-өзі қуанып, жүзіне нұр ұялайды, езуіне күлкі үйіріледі. Жанындағы адамдарға мейірлене қарайды, қолға алған ісін ықылас-пейілімен тыңғылықты атқарады. Осындай көл-көсір дарқан көңіл күйдің іштегі баланың жетілуіне қандай жағымды әсер ететіні ешбір талас туғызбайды. Өкінішке қарай, қазіргі жас келіндердің көпшілігі «жеріктік» дейтін аса маңызды табиғи іңкәрліктің мән-мағынасын, қадір-қасиетін ұғына бермейді. Оның бала үшін орны толмас салдары болатынын бағалап та жатпайды.

Зейнеп АХМЕТОВА

«Құлақсүйінші» немесе құрсақтойдың қасиеті

Ата-ананың арманы
Қазақ – ерекше балажан халық. «Балалы үй базар» деп, баланың көптігінен үйі базардай шуға толып, «миы ашып» жатса да, көп көрмеген. Тіпті ырым етіп балаларының санын бадырайтып айтпаған. Сұрай қалғандарға «құдайға шүкір, біраз жаман қаралар бар ғой…» деп жорта жауап берген. Енді бір сәт әжелер «ғылымына» назар аударып көрейік. Ата-ананың ұрпақ жалғастығы дегенде тілеуі бітпейді. Өз баласын қанаттандырған соң, баланың баласын көруді көксейді. Әсіресе ұлы ержеткен ата-ана отау көтеріп, оң жағын қызартып келін түсіруді армандайды. Тіршілікте тірі адамның арманы таусылған ба, келін түсіп, басына бас қосылған соң, «балам балым, баламның баласы жаным» деп немере сүюді аңсайды. Жаңа түскен жас келінге қойдың ұлтабарын жегізіп ырым етуі де сол ақ ниетті ізгі арманның бір көрінісі. Үлкендердің жас келінге: «Көп жаса, үбірлі-шүбірлі бол! Етегің баладан кеппесін, ұл тап!» деп бата беруі де адам өмірінде ұрпақтың қаншалықты маңызды екендігін білдірсе керек.
Сөйтіп, келін түсіп бір тілегіне жеткен тілеуқор ана күн өткен сайын келіннің бойындағы, жүріс-тұрысындағы кішкентай өзгерістің өзін қалт жібермей, оның себебін турасынан сұрамай, жайлап, қамқорлығын жасай жүріп, бақылауға алады. Тек ене ғана емес, абысын-ажындары, ауылдағы жанашыр аналар «жақсылықтың нышаны қашан байқалар екен» деп күте бастайды.

«Құлақсүйінші» немесе құрсақтойдың қасиеті«Құлақсүйінші» немесе құрсақтойдың қасиеті
Күндердің күні келіннің асқа тәбеті соқпай, қалтарысқа жиі барып лоқсып жүргенін көрген әйелдердің бірі оның енесіне келіп, «келініңіздің құрсағы аққа жарыпты» немесе «келініңіз ақ алғысты болыпты» деп келіннің жерік екенін әдемілеп, астарлап жеткізеді. Қуанышты хабарды алғаш жеткізген адамға жөн білетін ене көңіл ризашылығын білдіріп, «құлақ сүйіншісін» береді. Жайды ұғар жақсы ене көптен күтіп жүрген жүрекжарды хабарды естіген соң бір шаршы ақ орамалды қара шаңырақ саналатын сол әулеттің үлкен үйінің оң босағасына апарып байлайды. Бұл тұңғыш перзенті бойына біткен келінді «ата-бабалар рухы қолдап-қоршап жүрсін» деген ізгі ниеттен туған ырым әрі келіннің аяғы ауыр екенін басқаларға да жеткізіп, жақсылықты жариялау. Сол ақ орамал белгісінен бастап, ауылдың үлкен-кішісі келінге болашақ ана ретінде қарап, көңіл демеуін, қол көмегін көрсетуді өздеріне парыз санаған. Парасатты ене арнайы дастарқан әзірлеп, «құрсақшашу» немесе «құрсақтой» деп аталатын дәстүрлі қонақтыққа ауылдағы әйелдерді түгел шақырған. Шақырылған әйелдер құрқол келмейді, әрқайсысы өз үйлерінен бір-бір тағам әкеледі.
Ондағы мақсат келіннің жерік асын табуға жәрдемдесу. «Құрсақшашудың» мәні де осында жатыр. Егер келін сол дәмдердің бірін сүйсініп жесе, тағамды әкелген әйелдің де қуанышы артып, көңілі асып-тасыған. Мүмкіндігінше келіннің жерігі басылғанша сол асты өзі даярлап берген. «Құрсақшашуда» келіннің аңсары ауған дәм табылмаған жағдайда да, жерік асты іздеу тоқтатылмаған. Ретін келтіріп қалайда табуға әрекеттенген. Бұған тек әйелдер ғана емес, ер-азаматтар да шет қалмай атсалысқан. Әсіресе келіншектің қайнылары, күйеуінің құрбы-құрдастары, дос-жарандары аңның, құстың еті секілді әуес дәмдерді тауып әкеліп, жәрдемдесе білген. Жерік ас кейде тосын, күтпеген нәрсе болуы да мүмкін. Ол болашақ ананың өз таңдауына байланысты емес, еркінен тыс болатын құпиялы құбылыс.
Ел ішіндегі аңыз-әңгімелерде жолбарыстың, қабыланның, аюдың, ұлардың етіне жерік болған аналардан туған балалар кейін алып батыр, ақылгөй дана болғандығы жайлы көп айтылады. Әрине, аңыз тарих емес, алайда әр аңыздың түбінде тарих жатады…

Зейнеп АХМЕТОВА