Бүгінде көңіл де сатулы…

Бүгінде көңіл де сатулы...Баланың ана құрсағына біткені,  жарық дүниеге шыр етіп келгені, өсетіні – осының барлығы жаратылыстың өз ретімен келетін кезеңі.Балаға қатысты ендігі кезекте сөз еткелі отырған ырымдар жайлы не білеміз? «Бауырынан табақ алу» ырымы неге еңбектеп жүрген балаға жасалады? «Көгентүпте» не мән бар? «Танабау» жайлы білеміз бе?

Көп еңбектегеннің де пайдасы бар

Әсілі, қазақ халқы табиғаттың құпия сырларын жақсы білген. Жаратылыстың заңдылықтарымен үндесе отырып, соған орай өзінің тұрмыс-тіршілігін сәйкестендіріп, бағыттап өмір сүрген. Қазақтың толып жатқан ырымдары мен салттары жаратылыстың сондай заңдылықтарымен астасып, сәйкес келіп жатады. Әр нәрсе орнымен ғой, мысалы, ағарып таң атады, таңның шапағы көрінеді, күннің нұры түседі, содан кейін күн шығады, сөйтіп, рет-ретімен көктем келеді, жаз шығады, күз түседі, қыс болады дегендей, табиғаттың әрбір сәті, кезеңі өз уақытында, өз орнымен жүреді. Қазақ халқы осы заңдылықтарды терең түсінген, өйткені табиғаттан ажырамаған. Қазір «техника заманы» деп жүріп жаратылыспен байланысымызды үзіп алдық. Адам өміріндегі неше түрлі сәйкессіздіктердің, келеңсіздіктердің, ауру-сырқаулардың көбейгенінің бір ұшы осында жатыр деуге болады.

Бала дүниеге келді, қырқына шықты, езу тартты, талпынды, отырады, еңбектей бастады… Бала еңбектеуден де толық өтуі керек. Өйткені ол да –Алла тағаланың өзі жаратқан пендесінің басынан өткеруі тиіс өсу кезеңі. Қазіргі балалар көп еңбектемейді, өйткені жүруге бейімдейтін арбалар (ходунок) бар. Баланы бірден жүргізуге ұмтылған дұрыс емес. Оның зияны кейін шығады. Сүйектері әлі жетілмеген, буындары дұрыс бекімеген бұл кезеңде бала еңбектеуі керек. Сонда бұлшық еттері де толық жетіледі. Ол біраз уақыт алақандарымен жер тіреп, тізесімен еңбектейді. Еңбектеуге әбден үйренген балалардың  «ерініп» кеудесін көтергісі келмей қоятыны бар. Дегенмен ендігі жерде бала аяғын басып, қаз тұруы керек. Сондықтан «көбірек еңбектеуге үйреніп алып, кеудесін көтермей қоймасын» деп уақыты келгенде  «бауырынан табақ алу» деген әдемі бір дәстүрді ырымдап істейді. Баланың алақаны мен тізесін жерге тіретіп, бауырын көтертеді. Сол кезде оңнан солға қарай қант-кәмпит, құрт-ірімшік толтырылған табақты «бауыры тез жазылып кетсін», «еңсесі тез көтерілсін» деген жақсы тілектерді айтып, жеті рет бауырынан өткізеді. Сосын барып баланы ақырын қаз тұруға, жағалап жүруге үйретеді. Артынан «бала бауырын жазды» деп ауылдың әйелдері табаққа салынған түрлі дәмнен ауыз тиіп, «бауырынан табақ алу» шайын ішеді. Әңгіме шай ішуде емес, тілекте жатыр. Біздің халқымыз – өте тілеуқор әрі батагөй халық. Қиын-қыстау заманды, жаугершілікті, аштықты, зобалаңды, қанқұйлы шапқыншылықты бастан өткерген қазақты  аман сақтап келе жатқан осы тілеуқорлығы мен ниетінің кеңдігі дер едім.

                                                                                              Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: infomed.by

«Жақсы сөз — жарым ырыс»

"Жақсы сөз - жарым ырыс"Алдын ала бұлақтың суын дайындап, оны қайнатып алады. Содан кейін арнайылап алынған жаңа ыдысқа жаңағы суды суытып құяды. Сол суға күмістен жасалған сақина, білезік, сөлкебай сияқты бұйым салынады. Оның себебі халқымыз күмістің қасиетін ерте кезден-ақ білген. Күмістің қасиетіне байланысты «күміс – емдікке, алтын – сәндікке» деп те айтады. Өйткені күміс судың қасиетін арттырады, тазартады, судың құрамындағы көзге көрінбейтін микробтарды жояды. Күміс жағымсыз нәрседен де сақтайды.Қазір қайсыбіреулер алтынды салып жүр. Алтынның сәндікке болмаса, күміс сияқты қасиеті жоқ. Кейінгі кезде теңгелерді салып жүргендерді көріп жүрміз. Мен өз басым мұны қоштамаймын, қанша айтқанмен қолдан-қолға өтетін ақшада тазалық болмайды. Тағы бір айта кетерлігі, теңге таза күмістен жасалмайды, ол – әртүрлі металдардың қоспасы. Сондықтан оны суға салмай-ақ таратып берген дұрысырақ шығар. Бұдан кейін жағалай отырған үлкен әжелер, апалар, яғни  шақырылған кісілердің әрқайсысы арнайы қасықпен екінші бір жаңа ыдысқа жаңағы күміс салынған судан «өмірлі болсын», «бақытты болсын» деп әркім өзінің жүрегінен шыққан жақсы тілегін айта отырып, қырық қасық су құяды. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп айтамыз, «сөздің жаны бар» дейміз, жан дегеніміз – энергия, яғни бұл – күміс салынған бұлақтың таза суына жақсы сөз, жақсы тілек айта отырып, жақсы энергия сіңіру. Әр үйден келіп отырған көпті көрген, немере-шөбере сүйген аналар балаға жақсы тілегін айтып құйылған қырық қасық сумен баланы жуындырады. Тағы бір мән беретін нәрсе, бала денесінің қырық қасық су тимеген жері қалмауы керек. «Баланың денесі бөртіп, «шілдежара» шығатын болады» деп  баланың саусақтарының арасын, құлағының іші-сыртын, мұрнының ішіне дейін жаңағы күміс салынған әрі ізгі тілек айтылған қырық қасық суға шомылдырады. Осы күні сәбидің «қарыншашы» мен тырнағы алынады.                                                                                                                                                                                      

Баланың шашын ер адамдар алған. Оларды аяқасты етпей, ағаштың түбіне көмген. Баланы қырқынан шығарып, жақсы тілек айтқандары үшін той иесі судағы күміс бұйымдармен қоса, өзге де сый-сияпатын әже-апаларға таратып береді. Бір жапырақ мата немесе бір шаршы орамал әркімде бар нәрсе, бірақ, шындап келгенде, бұл да – біздің халқымыздың бір-біріне деген көңіл сыйластығы. Бір-бірінің қызық-қуаныштарына ортақтаса білуі. Қырқынан шығарудың астарында да соншама адамның ағыл-тегіл тілегі сіңген әрі күміспен тазартылған ерекше сумен шомылған балаға жақсылық тілеу мен көл-көсір пейіл, ақ ниет жатыр.

 Әр нәрсе өз жолымен…

Халқымыздың кез келген салт-дәстүрі, той-томалағы негізсіз атқарылмайды. Сәбиді қырқынан шығару да – солардың бірі. Салт-дәстүрге, ырым-тыйымға қатысты білмек болып менен осының жай-жапсарын сұрайтындар көп. Таяуда бір жігіт сәбиді қырқынан шығарудың мән-жайы туралы сұрап хабарласып, ата-анасы шалғайда, өзі іссапарға кететіндіктен баласын қырқынан қаншалықты ерте шығаруға болатыны жайлы білгісі келетінін айтты. «Мешітке хабарласып білгенімде ондағылар «жиырма күннен кейін, яғни күн мен түнді қоса есептеп, жиырма күннен кейін қырқынан шығара беруге болады» деп отыр, қалай істегенім дұрыс?» – деп сұрады. Кейінгі кезде  кіші қырқынан шығару дегенді ара-тұра естіп қалып жүрміз. Бұл – қате түсінік. Бұл – қазақта жоқ, болмаған жағдай. «Дүмше молда дін бұзар» дегендей, дәстүрді бұрмалап түсіндіргеннен көпшілік шатысып жүр. Осындай кертартпа түсініктен белең алып кетіп бара жатқан қазақта жоқ мұндай нәрсені салт-дәстүрге қиянат жасау деп білемін. Қала берді бұл – қазақтың салтына қол сұғу.  Атауының өзінен-ақ бұл рәсімнің қырық күннен кейін жасалатыны белгілі ғой. Айталық, тіліміздегі «тоғыз ай, он күн көтерген» деген тіркес те нақтылықты көрсетіп тұр емес пе?! Ендеше, күн мен түнді біріктіріп есептей беруге болады деген түсінік қалай қалыптасып жүр? Әр нәрсенің өзінің белгілі бір себептерден шығатынына мән беруіміз керек. Осындай білместіктен абай болғанымыз жөн.

                                                                                                          Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: nashkinder.ru 

 

БЕСІКТІҢ МАҢЫЗЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

БЕСІКТІҢ МАҢЫЗЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?Бесікте бала жылы әрі таза жатады. Жаңа туған және кіндігі енді ғана түскен сәбиді барынша жылы ұстау керек. Өйткені ол суықты тез қабылдайтын әлсіз әрі нәзік. Ал бесіктегі баланы қайта-қайта ашып киімін ауыстыру қажет емес. Бесіктегі баланың таза жататыны өз алдына. Тіпті сәбидің өз дәреті өзіне шашырап былғанбауы  үшін түбегіне күл салынады. Бесік баланы кездейсоқ қауіп-қатерден, құлап қалып бір жерін майып қылудан да сақтайды. Аттың жалы, түйенің қомында жүріп өмір сүрген көшпенді халық үшін бесік көшуге де өте ыңғайлы болған. Тағы бір мән беретін нәрсе бесікке бөленген баланың мінезіне байланысты, бесікте өскен баланың мінезі жайдары болады. Айталық, сөзге тоқтау, бірін-бірі тыңдау, салмақты болу, сабыр сақтау – барлығы біздің халыққа тән қасиеттер және адамның осылай болып қалыптасуына бесіктің пайдасы ұшан-теңіз. Ал қол-аяғы бос жатқан бала жеңілтек, ұшқалақ, сабырсыз болып өседі. Байқасаңыздар, қазір қазақ халқының мінезінде үлкен өзгеріс бар. Шыдамсыз, бірінің сөзін бірі тыңдағысы келмейтін сабырсыз, кез келген нәрсеге еліктегіш, қызыққыш деген сияқты… Бұл бесікке бөленбей өскен ұрпаққа тән.

Немересіне ертегі айтпайтын әжелер азайып бара жатыр, сәбиін бесікке бөлемейтін келіндер азайды. Мен осыдан қорқамын… (Б.Момышұлы).                     

Бұл – атаның 70 жылдары айтқан сөзі. Өз қолымен жазып қалдырған. Осы бір ауыз сөздің өзінде қаншама ой жатыр. Дәстүрден ажырасақ, ұлттық құндылықты, ұлттық болмысымызды жоғалтатынымызды меңзейді. Нақтылап түсіндірер болсақ, бесікке бөленіп өскен біздің ата-бабаларымыздың мінезі, болмысы қазіргідей болмаған. Мысалы, бесікте жатқан баланы босатқан кезде емін-еркін рақаттанып керілетінін байқаймыз. Ұйқысы тыныш, асты құрғақ әрі таза бала солай өзі керіліп-созылу арқылы өзінің денсаулығын жақсартып тұр. Бүгінде жас келіндердің саналарына толып жатқан әлдебір шетелдік методтар «бала бос жатуы керек» деген түсінік қалыптастырды. Бос жатқан сәби өз қолының қимылынан өз жиі оянатынын, ұйқысының жиі бұзылатынын аңғарамыз, бірақ мән бермейміз. Ал мұның өзі жаңадан қалыптасып өсіп келе жатқан бала мінезінің ұшқалақ болуына кесірін тигізбейтініне кім кепіл?! Мұның өзі біз қазақы болмысымыздан, салмақтылығымыздан, ұлттық  мінезімізден ажырап бара жатқанымыздың бір көрінісі емес пе?! Сайып келгенде, салт-дәстүр, әдет ғұрып жайлы өзіміздің ұлтымызға ғана мәселені сөз етіп келе жатқаннан байқағанымыз – еш нәрсенің негізсіз емес екендігінде, бірімен-бірі астасып жатқандығында, тұтас бір ұлттың ұлттық құндылығы саналатындығында. Бесікті де соның бір айқын бір дәлелі деуге болады.

ЕЛ БОЛАМ ДЕСЕҢ…

 Бұл күндері мерекелік іс-шараларда, әсіресе Наурыз мейрамында міндетті түрде салт-дәстүр үлгілері көрсетіледі. Оның жасандылығы бірден байқалады. Мұндай шараларда кәдімгі бала бөлейтін бесікке қуыршақ салып тербетіліп, ананың әлдиі, бесік жыры айтылады. Осындай көріністерді сахналардан жиі көріп жүрміз. Біздің қазақ халқы бесікті қасиеттейді, ешқашан бос бесікті тербетпейді. Ол – жаман ырым. «Бос бесік тербетіп қалды» деп перзенті шетінеп кеткен ананы айтады. Бәрінен сорақысы – он екіде бір гүлі ашылмаған қыз баланың бос бесікті тербетіп, бесік жырын айтатыны. «Ойын көрсеткенде тұрған не бар» десе де, бұл қазақ ұғымына қайшы келеді, халық педагогикасына жатпайды. Салт-дәстүрді насихаттау деген желеумен бұрмаланып жатқан істеріміз, өкінішке қарай, баршылық. Көзге де, көңілге де томпақ көрінетін көріністерді байқағанда «әттеген-ай» деп қоя салуға да болады. Бірақ біліп тұрып айтпаса, ол да күнә дейді. Ал біз үшін біреулер сырттан келіп балаларымызды ұлтттық өнегемен өсіріп бермейді. Өйткені жас ұрпақ – өзіміздікі, егемен еліміздің иесі – солар! «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген Мұқаңнан (М.Әуезов) артық не айтуға болады?! Өйткені ұлттық мінез бесіктен қалыптаспақ…

                                                                                                Зейнеп АХМЕТОВА

 

БЕСІКТІ КІМ ӘКЕЛГЕН?

БЕСІКТІ КІМ ӘКЕЛГЕН?

      Біздің қазақта бесік әкелу деген бар. Бұл салт, әсіресе, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жақсы сақталған. Тіпті бұл – Кеңес өкіметі кезінде де осы аталған өңірлерде маңызын жоймай сақталған салт. Бесікті баланың нағашы әжесі әкеледі. Келін босанғаннан кейін өзін-өзі сыйлайтын кез келген ана міндетті түрде құдаларына құтты болсын айтып, қызының қал-жағдайын білуге келеді. Бұл – ана үшін парыз. Өйткені жатжұрттық болған перзентің «ана» атанып жатыр. Ана болудың қандай екенін жүрегінен жұлып қызын ұзатқан әр ана жақсы біледі. Демек, қызының жағдайын білуге, құда-құдағиына құтты болсын айтып баруға әрбір қазақ әйелі міндетті.

Қазақтың жаңа түскен келіні басына ақ орамал салмаған. Олар әдетте көйлегінің түсіне орайластырып түрлі-түсті орамал таққан. Алғашқы перзенті туып, тұңғышын өмірге келтіріп, «ана» деген атқа ие болған кезде қыздың анасы ақ орамалын әдейі арнап алып келген. Тіліміздегі «ақ жаулықты ана» деген тіркес осыдан пайда болған. Жатжұрттық қыз өмірге сәби әкеліп, өзі ана атанғандықтан да басына салынған ақ орамалды «ананың ақ жаулығы, ақ орамалы» деп қасиеттейді.

БАЛА ӘСЕМДІККЕ БЕСІКТЕН ҮЙРЕНУІ КЕРЕК
Бесік әкелудің өзі керемет бір сән-салтанат десек те болады. Келіннің төркіні «іздеушісі, сұраушысы бар екен» дегізіп, бір топ болып келетін болған және де жай келмей, баланың бесік жабдығын түгелімен, түбек-шүмегіне дейін жасап әкелген. Бесіктің жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған. Түбегі мен шүмегінен басқа, қолтық жастық, тізе жастық дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті маталардан тігіледі. Бесіктің басына үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезден бастап үйренуі керек. Бала бесікте көп жатады. Бесік – баланың жылы ұясы. Баланың нағашы жұрты бесікпен бірге, немерелі болып жатқан құда-құдағиға да сый-сияпатын ала келеді. Қызы мен күйеу баласын да құр қалдырмайды. Әрине, мұның бәрі әркімнің қал-қадерінше жасалады, шелектік айраны бар қоңырқай тұрмыстылар өз шама-шарқынша дегендей… яғни белгілі бір тәртібі, қатып қалған қағидасы жоқ, әркім өз шамасына қарай атқаратын болған. Тұрмысы барлар баланың киім-кешегін, жөргегін салатын арнайы кішкентай сандыққа дейін жасап әкелген екен. Сәбилі болып жатқан қызының нәрестесіне бесік әкелу – қыз төркінінің, әсіресе, анасының парызы. Қазірдің өзінде бесік әкеліп жатқан, тіпті болмағанда баланың арнайы төсегі (манеж), арбасы, үстелі дегендей, балаға қажет жабдықты әкеліп жатқан аналар баршылық. Бұл – бір жағынан, құда-жекжат арасындағы үлкен сыйластық. «Бие құлындамаса, ат болады, ағайын-туыс алысып-беріспесе, жат болады» дегендей, бұл – екі жаққа дәнекер ғана. Әйтпесе ешкім алғаннан – бай, бергеннен кедей болмайды. Бесік әкелу құда-құдағи арасындағы көңіл сыйлау болса, екіншіден, жас босанған келіннің көңілі көтеріліп, сағынышы басылады әрі енесіне айта алмағанын анасымен бөліседі, көңілі өседі. Өйткені әр адамға өз анасынан жақын адам жоқ. Ал келіннің жүзі жарқын, көңілі тоқ болса, баланың да денсаулығы мықты болатыны белгілі емес пе…

Зейнеп АХМЕТОВА

 

БЕСІК ПЕН ШАҢЫРАҚ – КИЕЛІ ҰҒЫМ

БЕСІК ПЕН ШАҢЫРАҚ – КИЕЛІ ҰҒЫМ        Халқымыздың дарқан көңілі мен көл көсір пейіліне қарай біздің жеріміз де ұлан-байтақ кең далаға, өзен-көлге, орман-тоғайға бай. Халқымызбен бірге жасап келе жатқан небір әдемі де айшықты салттарымыз жетерлік Соның бәрінің көзін тауып, ретін келтіріп кешегі құндылықтарымызды бүгінгі жақсымен ұштастырып, тұрмысымызға енгізгеніміз дұрыс. Біздің салтта бәрі бар әрі текті, барлығының ізгі ниеті мен астары бар. Өзімізге мүлде жат әрі болмаған өзгенің салтын тықпалағанша, өзіміздің таным-нанымдарымызды насихаттасақ, ұрпақ алдындағы борышымызды өтеген болар едік.

        Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бірімен-бірі байланысып, ұштасып жатады. Осынау қасиетті үш затты қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған әрі күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған. Неге? Өйткені кез келген үй табалдырықтан басталады, отыңның басы сол табалдырықтан бастау алады. Ал бесікпен сенің ұрпағың, әулетің өседі. Бесік – киелі мүлік. Біз өмірге жаңа келген баланы періштеге балаймыз. Дүниеге жаңа келген бала періштедей пәк, таза. Сәби мен періштенің аты қатар аталады, сондықтан да бесікті қазақ таза ұстаған. Бесіктің бірде-бір затын кірлетпейді. Шаңырақпен еңсең биіктейді, түтінің шығады. Кей өңірде тым ескірген шаңырақтан ләйлекке (айст) арнап ұя жасайды. Бабаларымыз, осылайша, бір кездері түтіні шыққан шаңырақты да ендігі жерде балапанын өрбітетін құстың мекеніне, ұясына айналдыра білген. Шаңырақты қиратып кететіндер де болған, «шаңырағын ортасына түсірді, бесігін бұзды» деп жатады. Бұл – дұшпанның ісі.

       Бұрындары адамдар сырттан келгенге «ауылда осынша шаңырақ, осынша түтін бар» деп таныстырып жатушы еді. Түтіні шықпаған, ешкімі қалмаған үйді «оты өшті» деп жатады. Немесе қайсыбір асып-тасып тұрғандарға «әй, шаңыраққа қара» деп жатамыз. «Түтінің түзу ұшсын», «шаңырағың биік болсын» деп бір-біріне жүрекжарды тілегін айтатын да – біздің дана халық. Бүгінде осындай әдемі де астарлы сөздерді «жанұя» деген мағынасыз сөздің басып жатқаны өкінішті-ақ.

   Зейнеп АХМЕТОВА

 

ӘЖЕЛЕР «УНИВЕРСИТЕТІ» – ТӘЛІМ-ТӘРБИЕНІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

 

ӘЖЕЛЕР «УНИВЕРСИТЕТІ» – ТӘЛІМ-ТӘРБИЕНІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Қазақтың өзіне ғана тән салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы жылдар бойы халықпен бірге жасасып келеді. «Әйеліңнің аяғы ауыр, салмағын өзің көтеріс» дейтін дана сөзді де біздің кемеңгер әжелеріміз айтқан, яғни бала дүниеге келмей жатып, ер-азаматқа да осылай жауапкершілік жүктеген екен. Өмірде «уызына жарымаған…» дегенді жиі естіп жатамыз… Осы сөздің астарына үңіліп көрдік пе?..  

Уыз сүттің қасиеті

Әжелеріміз бала дүниеге келе салып құйрықмаймен ауыздандырған. Алғаш аузына алып татқан дәмі май болғандықтан да, қазақтың баласының асқазаны ауырмаған. Кейде ер балаларды қасқырдай қайсар болсын деген ниетпен қасқырдың қылымен де ауыздандыратын болған. «Қара суға қарап қалады» деган сеніммен ешуақытта сумен ауыздандырмаған. Бүгінде «америкалық тәсіл» дегенді жиі естиміз. Ол не тәсіл екенін қайдам, біздің қазақ ежелден-ақ өмірге келе салысымен сәбиді анасының бауырына салған. Анада аналық сезімі баласын емізген кезде пайда болады. Алғаш сәбиін қолына алып омырауын тосқан ананың алпыс екі тамыры шымырлап, өзгеше бір сезімге бөленеді. Қазақ әйелі ешқашан шашын қобыратып, орамалын байламай баласын қолына алмаған. Үнсіз оңаша отырып емізетін болған. Көргенді ене «балаңның жүзіне мейірлене қарап, іштей тілеуіңді тілеп отырып еміз, сонда балаң мейірімді әрі сенің қадіріңді біліп өседі» деп үнемі келініне айтып отырған. Баланы өзгелер қанша күтіп-бақса да, ананың мейірімі мен ақ сүтіне ештеңе жетпейді. Нәресте бүкіл өміріне жететін иммунитетті екі күн еметұғын уыздан алады екен. Қазақта «уызына жарымаған» дейтін сөз бар. Мысалы, уыз ембеген жетім қозылар тез өліп қалады. Тіпті тірі қалған күнде басқа қозылармен салыстырғанда, шөкімдей болып, өспей қалады. Адам баласы да сондай. Біз ананың екі-үш күн ғана болатын уызында тектік қасиет болатынын біле бермейміз. Ал тектік қасиет дегеніміз – ұлттық қасиет. Ата-бабаларымыздың уызға аса қатты мән бергенінің себебі – осы. Мейіріммен берілген сүт баланың бойына дәрумен болып, шипа болып сіңеді. Құр әншейін қарын тойғызу емес, мейірлене емізу арқылы балаға күш-қуат құйылған. Тіпті мұның астарында да үлкен тәрбие жатыр, бұл да негізсіз емес. Ештеңеге жаны ашымайтын қатыгез ұрпақтың көбейіп бара жатқанына баласын мейірлене емізбейтін аналар себеп пе деп ойлаймын кейде. Олай дейтінім, бүгінде тоғыз ай көтерген баласын ойланбай-ақ сәбилер үйіне тастап кететін безбүйрек аналар көбейді…

Зейнеп АХМЕТОВА

БАЛАҒА АТ ҚОЮ – АТА-АНА ҮШІН ЖАУАПТЫ ІС


 

БАЛАҒА АТ ҚОЮ – АТА-АНА ҮШІН ЖАУАПТЫ ІС

… Апам әлгіндегі ауыр үнсіздікті бөліп, әңгіме тақырыбын басқа арнаға бұрып жіберді:

    – Немереңе ат қойып бер. Балалар өзіңді күтіп, «атасы қойсын» деп отыр.

    Атам ойланып қалғандай болды.

    – Мен Москваға бара жатырмын. Қазір аяқ астынан қалай болса, солай бірдемені қоя салуға болмайды. Адамны ң аты иттің кличкасы емес. Ойланып өзім хабар берем.


Жарайды деп біз қалдық, хабарласам деп атам кетті. Ол кезде қазіргідей туыла салып атын қойып, перзентханадан куәлігін алып бірақ шықпайтын. Баламыз аты да жоқ,, кім екенін дәлелдейтін қағазы да жоқ, айға жуық жатты. Уақытша бірдеме деп атау керек қой, «Мырқымбай» дейміз, мультфильмдердің кейіпкерлерінің атымен «Умка», «Чипполино», «Гау-гау» дейміз. Әйтеуір қоймаған атымыз қалмады. Бір күні атадан хат алдық. Хатты маған арнап жазыпты. «Балам, мені сыйлағаныңа рақмет! Жолымды саған бердім. Атын өзің қойғын. Марқұм Жамал мен соғыста жүргенде Бақытжанның атын өзі қойған. Балаға туған анасынан жақын ешкім болмайды. Ал саған перзентіңнің қаншалық қымбат екенін дәлелдеулің қажеті жоқ. Атаң, гвардия полковнигі Б.Момышұлы. 12.ІХ.69».   

    Мен немересінің атын Ержан қойдым. Кейін атам: «Бұл да «жан» болды ма? Бірақ қазаққа тән жақсы есім», – деді…

                                                                       («Шуақты күндер»)

Қазақ халқының ерекше бір көңіл бөлетін ғұрыптарының бірі – өмірге жаңа келген бөпеге ат қою. Әрбір ата-ана өзінің баласына әдемі әрі мағыналы есімді қоюды қалайды. Сондықтан болар ырымшыл халқымыз перзентіне қол бастаған батырлардың, сөз бастаған шешендердің, ел бастаған билердің, жез таңдай, күміс көмей әнші-жыршылардың атын қоюға тырысады.

Балаға ат қойған кезде кез келген адамға емес, тағы да сол ырым қылып көпті көрген ел ағаларына, айналасына сыйлы, аузы дуалы кісілерге баласының атын қойғызуды мәртебе санаған. «Қырықтың бірі – қыдыр» деп келіп қалған қонағына да ырымдап ат қойғызған екен. «Бұл баламның атын пәленшекең қойып еді…» деп соны тіпті айтып жүретін болған. Бірақ қанша ырымшыл әрі үлкен адамдардың атын қойғанымен балаға өте киелі, қасиетті, әулие абыздардың атын қоймаған. «Ол өте ауыр болады, бала көтере алмайды» деп түсінген мұны. Халқымызда азан шақырып, ат қою деген сөз бар. Баланың атын қояр кезде үш қайтара «Аллаһу акбар» деп азан шақырып, содан кейін баланың құлағына қойылған атты үш рет айтады. Баланың есінде сол есім қалады, құлағына сол есім сіңеді деген ырым бұл. Ал кейде бала тұрмай жүрген жағдайда «көз тимесін», «тіл тимесін» деп әртүрлі, тіпті құлаққа ерсі естілетін оғаш аттарды да қоятын болған. Отбасында ылғи қыз болғандықтын «ұлды болсын» деген ниетпен қыздарға Ұлбосын, Ұлмекен, Ұлбала деген сияқты аттар қойылған.

 Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: romeolove.ru

Кіндік жайлы не білеміз?

 Кіндік жайлы не білеміз?

Бұл күнде қыздарымыздың белдері ашық-шашық жүреді. Бүйректеріне суық тиетінін, бүйректің суықты бірден қабылдайтын өте нәзік әрі сезімтал мүше екенін білмейді. Кіндікті көрсетіп жүргенді сән көріп жүрген қаракөз қыздарымыз жетерлік. Ал біздің қазақ кіндікті өте қасиетті деп санаған. Бұрын ұл баланың жолдасын алты қырды асырып, ал кіндігін табалдырықтың астына көмген. Әжелеріміздің «табалдырықты баспа» дейтіндері сондықтан. Ұл – шаңырақтың иесі, елін-жерін қорғайтын ертеңгі азамат, болашақ жауынгер әрі түздің адамы. Ал қыз баланың жолдасын да, кіндігін де оттың басына көмген. Олай болатыны, ол – қай жерге бармасын, қазан-ошаққа ие болар болашақ келін, ұрпақ өрбітетін болашақ ана. «Оттың басына түкірме» дейтін тыйымның мәні осында жатыр. Жетпіс жыл бойы біздің кіндігімізді кім кеспеді, түскен кіндіктің қайда тасталғаны да бізге белгісіз. Күл-қоқысқа лақтырылып, ит пен мысық жегендіктен де, бірімізді біріміз тыңдамай, сөзімізді көтере алмай, итше ырылдасып жататынымыз осыдан болуы да мүмкін ғой… Кім біледі… Былай қарасаң, кіндік – соншама қадірлеп әрі дәстүрлеп көметіндей емес, тырнақтай тері. Бірақ ата-бабаларымыз кіндікке соншама мән беріп, қасиетін бағалағандықтан да жаужүрек ұлдары, үлкеннің алдынан кесіп өтпеген ибалы келіндері болды. Ата-бабамыздан бізге осыншама кең-байтақ жер қалуының бір сыры осында жатса керек. «Кіндік қаны тамған жер» деп те айтып жатамыз… Қалай десек те, бұл негізсіз емес. Бұл күндері, Құдайға тәубе, баланың кіндігі түспей жатып үйге шығарып жібереді. Белгілі себептермен перзентханада ұзағырақ жатып қалса, кіндікті сұрап алып, адам аяғы баспайтын ағаштың түбіне көміп тастайтын отбасылар қатары көбейіп келеді.Бір өкіндіретін жайт – дұрыстап түсіндірілмейтіндіктен, белін жалаңаштап, кіндікті көрсетіп жүретін қыздарымыздың қатары көбейгендігі. Бұл қыздарымыз өз денсаулықтарына үлкен зиян келтіріп жүргенін білмейді, жете түсінгісі де келмейді. Бұрындары жігіттерге қыздардың қолынан ұстау арман болса, бұл күнде керісінше, құпия қалмай бара жатыр. «Қытығы кетеді» деп ұяттың жоғалатынын ескеріп, қолын беріп амандаспаған қазақтың қылықты қызы бүгінде кіндік көрсетіп жүруге ұялмайтын болды. Бұған қазақ қызының ұяты деп қана емес, бүкіл бір ұлттың болашағы деп қарайтын кез келді. Ұлттық намысты, қазақ қызының санасын оятатын кез жетті…

Зейнеп АХМЕТОВА

сурет: ithegirl.ru

Көп аздан көлемді көп жиналады

Көп аздан көлемді көп жиналады

Қазақ халқының бала дүниеге келгеннен кейінгі атқаратын жөн-жоралғысының барлығы — жеке адамның басына тиесілі нәрсе емес, бұл ұлттың келешегіне байланысты өнеге. Бұған немқұрайды қарауға болмайды. Мұның барлығы жиналып келіп ұлттық қадір-қасиетті құрайды.       

Өз басым, өзім білмейтін нәрсеге жоламаймын. Көзіммен көрген, ананың тәрбиесімен келген, қанымда бар, әдет болып қалыптасқан жақсылықтарды ғана насихаттауға ұмтыламын. Біз көп жағдайда жастарды кінәлап жатамыз. Біздің басты кемшілігіміз – өзіміз жастарға ештеңе көрсетпей тұрып, үйретпей жатып, оларды кінәлайтынымызда. Өзіміз көзіне көрсетіп, қолына ұстатпаған соң, жастарға «ештеңе білмейді» деп орынсыз өкпе артатынымыз да дұрыс емес. Мысалы, өз келінімді босанған соң екі немеремді де қырық күннен асырып күттім. Тіпті айналамдағы араласып жүргендер қайран қалды. Бірінші немеремде келінім: «Ой, апа, өзім жуамын, өзім істеймін», – деп қатты қысылып, ыңғайсызданды. Ол түсінікті де. Үлкенді сыйлай білетіндіктен де біздің келіндеріміз енесінің күйбеңдеп жүргеніне шыдамайды, көп жағдайда үлкен адамның өзіне қызмет еткеніне ұялып, қабылдай алмайды. Анарым да алғашында сөйтті. «Қозғалма, сенің жұмыс істейтін кезің алда. Қазір мен саған қызмет етейін, балам, есесіне, сенің денің сау болады. Сенің денің сау болса, немерем де аман, менің де көңілім шат, біз де марқайып жүреміз. Сондықтан сен мені дұрыс түсінгін. «Апам жұмыс істеп, мен қарап жатырмын» деген нәрсені ойыңнан шығар. Мен саған келін болмаймын бәрібір, өз тірлігіңді өзің істейсің. Бірақ қазіргі міндет – менікі. Ол – менің ата-бабамнан қалған салт. Менің әжем, менің анам істеген салт, мен соларды көргенмін. Сондықтан мен осыны істеуім керек», – дедім келініме. Тамағын дайындап, белін байлап, қадағалап жүрдім. Жылы жүруіне қатты мән бердім. Қазіргілерге бұл тіпті басқаша көрінуі мүмкін. Бірақ біле білген адамға, бұл жерде, мен, алдымен немереме қамқорлық жасадым. Анасы арқылы өз немеремнің аман-есен өсуіне ықпал етіп тұрмын. Өйткені ол – Момышұлы  әулетінің көптен күткен, аңсап күткен ұрпағы. Содан кейін «қашан келін алар екем», «қашан немеремнің жаялығын жуар екем» деп армандап жүрдім ғой. Алла тағала арманыма жеткізіп, маған немере сүйгізіп, мені – «әже», Бәкеңді «ата» атандырып отырғанда мен ата-бабамның салтын істемеуім, келінімді күтпеуім дұрыс емес. Тіпті өзіме күнә санар едім… Өкінішке қарай, көп енелер білместікпен келіндеріне осындай қамқорлық көрсете алмай жатады. Білгенімізді үйретіп, естігенімізді айтып отырсақ, бүгінгі ұрпақтың ештеңеден ұтылмасы анық.

Зейнеп АХМЕТОВА

сурет: stranadetok.ru  

ҚАЗАҚТЫҢ ЫРЫМЫ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КҮШКЕ АЙНАЛЫП КЕТКЕН…

 

ҚАЗАҚТЫҢ ЫРЫМЫ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КҮШКЕ АЙНАЛЫП КЕТКЕН...Бұл күндері, Құдайға шүкір, өз дәстүр-салтымыз бен әдет-ғұрпымызға мойын бұрып, шамамыз келгенше ұлықтап-ақ жүрміз. Әсіресе, жастар жағы. Бүгінгі үйлену тойларының арақ-шарапсыз өткізіліп жатқандығы, әр-әр жерде торттың орнына «келін шайының» беріліп жүргендігі осының айғағы болса керек. Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ырым-тыйымы ұлттық кодқа, энергетикалық күшке айналып кеткендігін іштей мойындасақ та, жеме-жемге келгенде кежегеміз кейін тартып, үркіп тұратын кезіміз көп. Дегенмен бүгінде сәбилерін бесікке бөлейтін, тұсаукесерге мән беретін отбасылар көбейді. Бұл – көңіл қуантарлық жағдай. Өз таным-нанымымыз өзімізге ғана жұғысты болатынын түсіне бастағандаймыз.

 Шілдехана тойының қандай маңызы бар?

Бала алғаш дүниеге келген күні қазақ шілдехана тойын жасайды. Шілдеханада түнімен ән айтылып, күй тартылған, яғни жаңа туған нәрестенің алғаш құлағына естілетіні қазақтың әні мен жыры болған. Осыдан соң қазақ қалай әнші болмайды дейсің?! Бұрындары жас босанған әйелді түн күзететін болған. Сол түні ән мен жыр, күмбірлеген күй түні бойы бір толастамаған екен. Ол, бір жағынан, «жаңа туған баланы жын-шайтан иектемесін» деген ойдан шыққан. Өйткені ән салған адамның жаман ой ойлауға мүмкіндігі болмайды. Ал әнде үлкен құдірет бар. Сол дыбыс, әуен, саз жаңа туған нәрестенің құлағына сіңеді. Тек шілдехана жасалған күні болмаса, баланы қырқынан шығарғанша үйге көп адамды топырлатып шақырмаған екен. Ол екі аралықта балаға «бауы берік болсын» айта келгендердің өзі келін мен баланы көруге талпынбаған. Өйткені «келінге көз тиеді», «балаға сұқ өтеді» деп түсінген. Қазақ жаңадан туған ботаның өзін жетілгенше тасада ұстап, ешкімге көрсетпеген ғой, сол сияқты «біреу қолға алып, жүзіне көз салып қараса, соның өзі жас балаға ауырлық әкеледі» деп қауіптенген. Бір жағынан, бұл да дұрыс. Өйткені біздің өзіміз де бізде қандай энергия, қандай биоөрістер бар екенін біле бермейміз. Ал адамдар әртүрлі. Балаға жамандық ойламаған күннің өзінде бейсаналы түрде зиян тигізуі мүмкін. Сондықтан ересек адамдар мүмкіндігінше жас босанған келіні бар, жаңадан туылған бөпесі бар үйге бара бермеген. Өйткені қырық күн толмаған сәби жердің баласы деп есептелмеген. Бір есептен, «жердің баласы емес» деуге негіз де бар. Мұны қырқынан шықпаған баланы білегін ұстап көріп, еті мен сүйегі бірікпегенінен-ақ байқауға болады…

Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: babyzzz.ru

Немерелерімнің кіндік шешесі жайында…

 

Немерелерімнің кіндік шешесі жайында...Кеңес өкіметі кезінде «кіндік шеше» деген сөздің өзі жоғалып кетті. Бала тәрбиесінде кіндік шешенің рөлін қайтадан қазақи қалпына келтіру үшін дәрігерлер де баланың кіндігін өзінің сайланған кіндік шешесіне кескізуге рұқсат етулері керек деп ойлаймын. Өз басыма келсем, немеремнің дүниге келетін уақыты жақындағанда кіндік шешені өзім апарсам деп дәрігерден рұқсат сұрамақ болып, перзентханаға барғанмын. Бұл 90-жылдардың ортасы болатын. Мұнда келген кезде менің көзіме сол перзентхананың бір дәрігері жарқ етіп көрінді. Олай дейтінім, оны көргенде өзінен керемет бір шуақ тарағандай әсерде болдым. Үнемі аналардың сәби әкелуіне қолғабысы тиіп, ылғи жаңа туған баланы қолына ұстап, таза энергиямен қуаттанғандықтан ба, маңдайы жарқырап, көзі жайнап тұр екен. Содан сол келіншекке: «Айналайын, менде бар-жоғы – бір тал бала, бір келін. Алғашқы немеремнің келуін күтіп жүрмін. Сен бізге кіндік шеше болып, келінімді қамқорлығыңа ал», – деп өтіндім. Сонда ол қатты толқыды. «Апа, мен мұндай шаңырақтың келініне қамқор болып, аман-есен босандырсам, соның өзі мен үшін үлкен мәртебе болар еді…», – деді. «Мен кіндік шешені өзім таңдаймын, соған рұқсат ет» деп айтпақ болып барғаныммен, Ұлтай Дауылбекқызы атты жүзінен мейірім төгілген сол дәрігер келіншек тңғыш немереміздің кіндік шешесі болды. Кейінгі немереміздің де кіндік шешесі – сол Ұлтай. Ол әншейін кіндік шеше ғана болып қойған жоқ, өзі біздің үйдің қызындай болып кетті, бізді «аға-тәтелеп» жаны қалмай сыйлап жүреді. Біз де оны аялаймыз. Бұл бұрынғы қазақи қарым-қатынасқа ұқсас деуге болады. Ол өзінің кіндік балаларын үнемі көріп тұрады. Денсаулықтарын қадағалап, олардың титтей қуаныштарының өзіне ортақтасып, үнемі келіп-кетіп жүреді. Балам мен келінім де «Ұлтай мамамыз» деп құрақ ұшып жатады. Біздің халық үшін сыйластықтан асқан сый да, дәреже де жоқ. Мұндай сый-құрметтің бастауы өзіміздің ұлтымызға тән қазақы болмысымыздан, ықылас пен пейілімізден басталып, осылай нәр алатын болса керек…         

Зейнеп АХМЕТОВА

Кіндік шешенің бала тәрбиесіндегі орны

«Жарыс қазан» қайдан шыққан?Кіндік шешенің бала тәрбиесіндегі орны
Ертеректе перзентхана болмағандықтан, әйелдердің үйде босанғаны белгілі. Келін толғатқан заматта әйелдер қазанға ас салған. «Қазан қайнағанша бала дүниеге келсін», «толғағы жеңіл болсын» деп қазан менен толғақты жарыстырған. «Қазан қайнағанша аман-есен босанып қалсын» деген тілек жатыр мұның астарында. Бір жағынан, жаңадан босанған ананың сорпа-суы, әрі қуанышқа жиналғандарға дайындалған ас деп қарауға болады. «Жарыс қазан» деген дәстүр осыдан шықса керек…

Тіліміздегі «қол-аяғын аман-есен бауырына алды», «аман-есен жеңілденді» деген сөздер келіннің дүниеге перзент әкелгеніне қатысты айтылған. Қазақ еш уақытта «туды» деп айтпаған. Бұл сөз аңға, малға, жан-жануарға қатысты айтылады. Жақсылық хабарды жеткізушілер «атұстар», «құрықұстар келді» деп – ұл баланың, «шай қайнатарың келді, үкіңді дайында» деп қыз баланың дүниеге келгенін жеткізіп, бір-бірінен сүйінші сұрасқан. Осыдан-ақ әрбір сөздің айтылатын жері болатынын әрі қазақ халқының тектілігін аңғаруға болады.

Кіндік шешенің бала тәрбиесіндегі орны

Қазақ халқында кіндік шеше ерекше орны бар өте қадірлі тұлға деуге болады. Баланың өзінің туған анасынан кейінгі ардақтап құрметпен қарайтұғын анасы – осы кіндік шеше. Келіннің бойына алғаш бала бітіп, «ақ алғысты» болып, жерік болып жүрген кезінен бастап, енелері балаға кіндік шешені іздеп, іштей таңдай бастаған екен. Ол аралықта «мен болайын» деп қолқа салушылар да көбейеді. Солардың арасынан енелер болашақ кіндік шешені өздері таңдаған. «Ой, ана пәленшенің мінезі биязы, өзі үнемі жайдары жүреді», «түгеншенің қолының ісмерлігі бар» деп келіншектердің жақсы қасиеттерін жинақтай келе, кіндік шеше алдын ала белгіленеді.

«Болашақ немереміздің кіндік шешесі өзің бол, ниетіңе жет» деп келіннің енесі қолқасын айтқаннан кейін кіндік шеше келінге қамқор болады. Ол аяғы ауыр болашақ анаға бойын күтуді, жүріп-тұруды, тіпті қалай тамақтану керектігіне дейін – барлығын үйретіп, іште жатқан шарананың өзіне әу бастан-ақ осылай қамқорлығын жасаған. Арасында үйдің тірлігіне де келіп көмектесіп жүрген. Бұрынғы кіндік шешелер келіннің босанатын күнін міндетті түрде білген. Өйткені «ай толғақ», «апта толғақ» деген сияқты босанғанға дейін болатын толғақтардың әр күнін санап, келіннің қай кезде босанатынын алдын ала болжап отырған.

Кеңес өкіметінің кезінде туылған балалардың барлығы деуге болады, өзінің кіндік шешесін білмеген. Өз алдымызға дербес мемлекет болмай тұрған жетпіс жылдың ішінде қазақ баласының кіндігін кім кеспеді дейсің… Қазақ «бала кіндік шешеге тартады» деп бекер айтпайды. Өйткені жаңадан шыр етіп жарық дүниеге келген баланың тірі тәнін қолымен ұстап тұрып, кіндігін кесу арқылы әрбір адамның бойында болатын биоөріс пен адам бойындағы қасиеттер белгілі бір мөлшерде балаға беріледі. Бала да бірден қабылдайды оны. Сондықтан баланың ата-анасына, ата-әжесіне тартпаған кейбір мінездері міндетті түрде кіндік шешесіне тартады. Кіндік шешені ардақтап, қадірлейтіні де, оған үлкен мән беретіні де сондықтан.

«Ой, ол пәленшенің кіндік баласы ғой, әне, мінезі аумай қалған» дегенді естіп жататынымыз сол себепті. Біздің қазақ халқының психологиясының, мінез-құлқының өзгергені, кәдімгідей басқа жаққа қарай ауыңқырап кеткені осы жетпіс жыл бойы кіндігімізді кім көрінгеннің кескендігінде жатыр ма деп те ойлаймын кейде. Бұл негізсіз емес. Өз басым, баламның кіндік шешесінің кім екенін білмеймін. Сонау 1968 жылдары перзентханаларда қазақ дәрігерлері, қазақ медбикелері бірлі-жарым ғана болатын.Әсіресе, Алматыда. Перзентханаларда көбінде кілең басқа ұлттың өкілдері істеді. Қазір бір қуанарлығы, аналар өз баласының кіндігін кім кескенін біліп жатады.

«Баламның кіндігін кескен адам» деп сый-сияпатын да жасап жатқанын көріп жүрміз. Бірақ олар – дәрігерлер, олар жас аналарды өздері босандырып, кіндігін өздері кесіп жатыр. Осы орайда «неге ұлттық перзентхана ашпасқа» деген ой мені жиі мазалайды. Ата-аналар өздері қалаған, өздерінің көңілдерінен шыққан, алдын ала сайлап қойған адамын перзентханаға апарып, арнайы медициналық бетперде мен халат кигізіп, неге кіндік кескізбеске, дәрігермен бірге жас босанған ананың жанында болмасқа?!

Дәрігер өзінің міндетін атқарса, ал кіндік шеше баланың кіндігін кессе… Кейбір дәрігерлер «олай етуге рұқсат жоқ, бала босанатын жерге бөтен адамды кіргізуге болмайды» деп жатады. Ал енді кейінгі кезде әйелі босанып жатқан жерге күйеулері камерамен кіретұғын бір «мода» шықты. Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің, «былай тұрыңызшы, түсіріп алайын» деп гинеколог дәрігер мен акушерлерді былай ысырып жүретін сорақы жағдайлар кездеседі. Сонда олар қалай кіріп жүр? Қалай кіргізеді оларды? «Бір аяғы – көрде, бір аяғы – жерде», адамнан адам шығып жатқан қауіпті сәтте күйеулері сол жерде жүреді. Жасыратын ештеңе жоқ, бұл – талай перзентханаларда болып жатқан нәрсе. Олай болса, неге кіндік шешені де кіргізбеске?

Дәрігерлерге мың да бір рақмет, ана мен баланың өміріне жауап беріп, олардың денсаулықтарының қауіпсіздігін мойнына алып жүр. Олар өз міндеттерін атқарып жатыр, ал кіндік шешелік парыз мүлде басқа ғой. Бүгінде өзін босандырып алған дәрігерді «кіндік шеше» деп қабылдап жүр, ол да – дұрыс. Бастысы, баласының кіндік шешесін біліп жатыр. Көп жағдайда баланың кіндігін кескен адам басқа болғанымен, мына жақтан ата-ене сайлаған кіндік шешесі гүлін көтеріп, перзентханадан кіндік баласын шығарып алып та жатады. Шындап келгенде, бұл көзбояушылық емес пе… Ырым етіп, ниет қылғаны жақсы шығар, бірақ шынайы болғанға не жетсін?! Кіндігін кеспей, сырттай сайланған кіндік шешелер баланың тәрбиесіне қандай қолғабыс беріп жатыр? Ешқандай.

Ары кетсе, жылына бір рет баланың туған күнінде сыйлықтарын әкеледі. Ара-арасында ойыншығын көтеріп келетіні болмаса, бәлендей жауапкершілікті сезінбейді. Ал бұрынғы кіндік шешелер баланың тәрбиесіне көп күш салған. Жас ана қол-аяғын бауырына алғанша, әбден үйренгенше баланы суға шомылдыру, керіп-созу, күту – соның барлығын енесінен бұрын кіндік шеше мойнына алып, өзі үйреткен.

Балаға қатысты өткізілетін қырқынан шығарудан үйлену тойына дейінгі барлық игі шаралардың басы-қасында кіндік шеше ең бір қадірлі тұлға болған. Баланың ата-анасымен қатар, кіндік шешеге көрсетілер құрметтің орны бөлек. Қыз алысып, құдандалы болып жатқанда да, ата-анасымен аты бірге аталып, кіндік шешеге төрден орын берілген. Кейін бала да ержеткенде «кіндік ананың парызы» деп өз парызын өтеп жүретін болған. Қазақ кіндік шешені осылай қастерлеген, дәріптеген…