САҒЫНБАҢЫЗ СІЗ МЕНІ…

 

 

Көктегі Ай мен Күндей болды арамыз,
Кешегімнің, кешкенімнің бәрі — аңыз.
Жанды өртеген от сезімді күл қылып,
Бір қырсықтың соңына еріп барамыз.

Хош бол енді! Қарама көз жасыма!
Мен бақыт боп қона алмадым басыңа.
Екі оттың ортасында сенделген 
Сыңар қанат құс едім ғой, расында.

Жаным жүдеп, жүргенінде жүз налып,
Бір құдірет кезіктірді бізді анық.
Маржан тағып қанатымның астына,
Заңғар көкке кетсем дедім Сізді алып.

Аспан жақта бізді күткен бақ бардай,
Арманыма алданған сол шақтарды-ай!
Жазмышымнан оза алмаған жанымды 
Жұбатады арым ғана ақ қардай.

Жанарымда — лағылдай мұң тізбегі…
Жел ұшырған жапырақтай күздегі,
Қалтыраған менің жетім көңілім,
Сізден мәңгі-мәңгі үмітін үзді енді.

Хош бол, менің ерте біткен ертегім.
Сағынбаймын! Сағынбаңыз Сіз мені!!!

Өлеңді жазған: БАҚЫТГҮЛ БАБАШ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗЫ

 
 
 
Ғажаптың бәрі өзінде,
Көзінде сұлу әлемі.
Әдебі әрбір сөзінде,
Жан емі- оның сәлемі.
 
Келбеті күнге келіскен,
Нәзіктен нәзік сыр ұққын.
…Бесіктегі әппақ періштең — 
Бастауы әдеміліктің!
 
Пәк болып туған о бастан,
Мүсіні мыңды арбаған.
Көңілі оның — Көк аспан,
Көркінің құны — бар ғалам!
 
Қыздары олар даламның,
Таусылмас жылы бір лебі.
…Мәншүк пен Әлиялардың
Сүйкімді сіңілілері.
 
Даладай дархан пейілін
Ұлдары РУХ санаған,
Болмысы тұнған мейірім,
Ол — менің әппақ жан анам.
 
Ғасырдан жеткен ғасырға
Ұлтымның ұлы дастаны.
Ол — сенің қарындасың да,
Ол — менің қарындастарым.
 
Жоғалтып бастың салмағын,
Сандалған талай ғашық ұл.
Біреудің болса арманы,
Бір үйдің қазынасы — бұл.
 
Шынайылыққа заты мол,
Пәктіктің өзі турасы.
…Жүрегі жалын ақын — ол,
Немесе ақын музасы.
 
Кессе де ептеп бұрымды,
Бәрібір сұлу, жаны — нұр.
Жүрегі оның бұрынғы,
Қазақтың қызы ол бәрібір!
 
Өзінде бәрі ғажаптың,
Көзінде көркем әлемі.
Ақиқат жалғыз:
Қазақтың
қызының бәрі әдемі!

Өлеңді жазған: РАХАТ ӘБДІРАХМАНОВ