«ӨЗІМЕ ЖЫНЫМ КЕЛЕДІ» немесе ӨЗГЕРУДІҢ ЖОЛДАРЫ

Әдемі, келбеті келіскен сылқымды көрсеңіз, мысыңыз басылып, үнемі көпшілік ортада өзіңізді ыңғайсыз сезініп, кетуге асығасыз ба? Жасаған әрбір ісіңізді ұнатпай, басқаша жасамағаныңызға өкініп, сәтсіздіктерді жаза деп ойлайсыз ба? Айна алдында тұрып, мұрныңыздың жалпақтығына, беліңізде жиналған майға, бойыңыздың қысқалығына көңіл-күйіңізді түсіретініңіз тағы бар. Құрбыңыз «мына көйлек саған керемет жарасып тұр» десе, «ой, қойшы, қайдағы?! Дым жарасып тұрған жоқ» деп жауап беруіңіз әбден мүмкін. Себебі, комплиментті кекету сияқты қабылдауға үйреніп кеткенсіз.
Өзіңізге өзіңіздің көңіліңіз толмай, өзіңізге ұрысудың себебі неде?

Өзіңізді жиі сөгудің себебі балалық шағыңызбен тікелей байланысты. Кішкентай кезіңізде ата-ана тарапынан есіткен сөгістерден, «жұрттың баласын» үлгі тұтуынан, кішкентай жетстігіңіз болса да, мақтаудың жетіспеуінен өсе келе, өзіңізге деген қарама-қайшы көзқарас пайда болады да, сіз үшін «сырттың» мақтауы мен сөгісі маңызды болады. Күткен жылы сөзді, тамсануды есіте қоймаған соң өз-өзіңізді іштей «мүжи» бастайсыз.

Жақсы қасиеттеріңізді бағаламай, өзіңізді жақсы көрмегеннің салдарынан сенімсіздік пайда болады. Ал сенімсіздік кез келген ісіңізді теріске шығаруы мүмкін. өзіңізді сыйламағандықтан айналаңыздағы жандардың құрметіне ие болу да қиын. «Мен бәрінен төменмін» деген ішкі ойыңыздың аяғы күйзеліске ұласады.

1. Айналаңызға жаңаша көзбен қарап, өзіңіздің қаншалықты қадірлі тұлға екеніңізді сезіну үшін ең алдымен өзіңізді басқа адамдармен салыстыруды қойыңыз. Құрбыңыздың аяғы оқтай түзу болса, сіздің одан көзіңіз өте әдемі болар. Бойыңыздағы жақсы жақтарды бағалай біліңіз, өзіңізді жақсы көріңіз.

2. Барлық мақтаулар мен жағымды пікірлерге «артық ештеңесі де жоқ» деген жауапты емес, әдем жымиып, «рахмет» деген жауапты қолданыңыз. Бағалап тұрған мақтау иесіне сіз туралы теріс ойды өзіңіз салып бермеңіз.

3. Көзіңіз жиі түсетін жерлерге, мысалы, тоңазытқыш бетіне, әмияныңыздың кредиттік карта салатын орнына, айнаның жанына, жұмыс орныңызда анық көрінетін тұсқа «Мен ең тартымды жанмын! Өмірде тек бақытқа лайықпын!» деген сөйлемді жазып, көрген сайын қайталап жүріңіз және оған сеніңіз. Миға жатталған бұл сөз өзіңізге деген құрметтің молаюына көмектеседі. Ұйықтар алдында да, оянғаннан соң да үнемі осы сөздерді қайталап жүріңіз.

4. Көңілді жүретін, өзіне сенімді адамдармен көп араласуға тырысыңыз. Әңгімеңіз жарасатын, сізді қолдайтын адам маңызды тұлға екеніңізді дәлелдейді. Кері әсері бар адамдармен алыстан сыйласқаныңыз дұрыс.

5. Өткен өміріңізде қол жеткізген жетістіктеріңіздің тізімін құрыңыз, тіпті кішкентай ғана қуаныш болса да. Және дәл сол жетістікке жеткен уақытыңызды еске түсіріңіз. Ол жетістікке жетудің өзі – бақыт.

6. Өзіңізге ұнайтын іспен айналысыңыз, ән салыңыз, би билеңіз, тігіс тігіңіз, сурет салыңыз. Сүйікті іспен айналысқанда миыңыз тынығып, көтеріңкі көңіл-күйге ие боласыз.

7. Өзіңізге адал болыңыз,сеніңіз. Сөзіңізде тұрыңыз. Қалай өмір сүргіңіз келеді, солай жасаңыз. Сырт көз сізді мақтап жатыр ма, даттап жатыр ма, ең бастысы, сіз жайлы айтуда. Сіз елеусіз жан болсаңыз, сізді олар мүлде танымауы да, елемеуі де мүмкін еді.

8. Әрекет етіңіз! Егер бір орныңызда өзіңізді құрбыңызбен салыстырып отыра берсеңіз, нәтижеге қол жеткізбейсіз. Сұлулыққа ұмьылыңыз, әдемі, әсерлі сөйлеуді, кербездене жүруді, маңғаздана күлуді айна алдында бірнеше рет қайталап, әдетке айналдырыңыз.

Сіз – мүмкіндігі мол, әлеуетті, бірегей тұлғасыз. Осыны ұмытпаңыз!