Қарындасым жылап тұрған сияқты…

Қарындасым жылап тұрған сияқты...

***

Мен ауылдан кеткен кезде көктем-тін,

Көңіл сонда шыққан және шектен тым.

Қарындас-бұлт мұңын шағып Алтайға,

Суық жасын тас төбемнен төккен түн.

 

Еншісіне бір жылулық тимеген

қоштасуды

О бастан-ақ сүймеп ем.

Лайсаң жолда жылай алмай тұрдым мен,

Жел ғана үнсіз бөрте сайда билеген.

 

Қарындас-бұлт, сені мұңлы демес ем,

Сол түні ауыр күрсініп ең неге сен?!.

…Біздің жақтың қалжыңы ащы, айтпақшы,

«Тақпағыңды қойсаш!..», – деді жеңешем.

 

Көктем еді…

Көктем деген шақ қана,

Үнсіз кеткем, кеткенім жоқ мақтана.

Өмір солай алғашқы рет бір шоғын,

Тастай салды жүрек дейтін мақтама.

 

Ауыл айын еске алам деп қияқты,

Жанарымнан жаһұт күндер жиі ақты.

Кәрі Алтайға мұңын шағып,

Мені ойлап,

Қарындасым жылап тұрған сияқты.

Қарындасым жылап тұрған сияқты...

Өлеңді жазған: Азамат Тасқараұлы