Жаз айы жай басса, ырғала,
Шақ келсе, сезімдер гүл атқан.
Есіме түседі бір бала,
Бір кезде біреуді ұнатқан.
Ол ару пәк еді, ерке еді,
Ал, әлгі ұл ұялшақ қыз десе.
Сол күндер ғажайып ертегі,
Ертекті жарар ед үзбесе.
Көзіне қарайтын қорғана,
Көздері ең нұрлы болатын.
Мектептен қызды емес, сол бала,
Құрбысын шығарып салатын.
Әлгі қыз сыр бермес болса да,
Қызғансын дегені-ау шамасы.
Қыз жайлы жыр жазды қаншама,
Апта мен аптаның арасы.
Сол кезде екеуі нешеде?
Көрген кез «Махаббат бекетін».
Кездесіп қалса егер көшеде,
Жай ғана бас изеп өтетін.
Қанатын кең жайған құстардай,
Жыл өтті…
Ол жағын тізбелік.
Сол қызға сөз айтпай, тіс жармай,
Мектепті бітірді, күз келіп.
Ол да бір құлыны-ау көгеннің,
Сол ару ойынан шықпады.
Алғашқы махаббат дегеннің
Не екенін алғаш рет ұққаны.
Жол бөлді сезімін таса ғып,
Сөз айта алмауы үшін-ді.
Көзінен ып-ысқтық жас ағып,
Енді оны көрмесін түсінді.
Содан-соң қадамын баста алға,
Сол ару кетті оны ақын қып.
Сүйдің бе, ешқашан жасқанба,
Махаббат талабы – батылдық!
Балалық ең таза қайнар-ды,
Қайнарды бөгеді бұл әлем.
Сол ару өлеңге айналды.
Сол бала біреу емес,
Мына Мен!…
Өлеңді жазған: Азамат Тасқараұлы
Сурет: Интернеттен алынды.