БОС БЕСІКТІ ТЕРБЕТПЕЙДІ…

БОС БЕСІКТІ ТЕРБЕТПЕЙДІ...Ата-бабаларымыз ешқандай ғылыми атақ алмай-ақ ата дәстүрімен ұрпақ өсіріп, бала тәрбиелеп сіз бен бізге мол рухани қазына қалдырыпты. Қазақ халқы – өте балажан халық. «Артымда қарайып ұрпақ қалсын, шаңырағымда шырақ жансын» деп ұрпақ жалғастығына зор мән беріп, баланың ат жалын тартып мінер азамат болуы жолында күш қайратын аямаған. Қазақта бала шыр етіп жарық дүниеге келген күннен бастап бірінен кейін бірі ретімен келіп жататын үлкенді-кішілі той-томалақтарының бірі – бесікке салу. Келіннің төркіні ерекше сән-салтанатымен әкелген бесік әкелудің жалғасы нәрестені бесікке бөлеуге, яғни бесіктойға ұласады. Кейбіреулер «баланы қырқынан шығарған соң бесікке бөлейді» деп жүр. Бұл дұрыс емес. Олай дейтінім, қырқынан шыққан бала бос жатып үйреніп қалады, көп жағдайда бесікке жатпай қояды. Ал баланы кіндігі түсе салысымен бесікке бөлеген.

Бесіктой – бала өміріндегі атқарылатын тойлардың маңыздысы. Алдымен бесікті баланың жатқанына ыңғайлы етіп бүкіл жасау-жабдығын салып дайындайды. Содан соң міндетті түрде аршамен, адыраспанмен аластайтын болған. Мұның өзі де тазалыққа жатады әрі жын-шайтан үйір болмасын деген ырым. Жын-шайтан деп отырғанымыз – бір жерге жиналып қалған ауыр энергия. Нәресте тіл-көзді көтере алмайтын нәзік болғандықтан, бесікке періштедей пәк сәби жататындықтан да бесікті аластайтын болған. Сосын бесіктің түбек орнатылатын жерінен (арнайы ойылған ойық тесік) орамалға түйілген қант-кәмпит, құрт-ірімшікті «тышты ма» деп сұрай отырып ары-бері өткізеді екен. Жан-жақтан әйелдер шуылдасып «тышты-тышты» дегеннен кейін  орамалдағы түйілген дәмді ырымдап таласып алған. Бұл – бесікте жатқан баланы дәреті қинамасын деген ырым. Баланы бесікке үбірлі-шүбірлі, немере-шөберелері көп, өсіп-өнген әрі елдің анасы атанған әжелер салған. Бұл әжелер үшін мәртебе саналған әрі олар құрмет пен сый-сияпатқа ие болады.

Бесікті кез келген ағаштан жасамайды. Бұл мүлікті қасиеттеп аршадан, иіуге икемді болғандықтан көп жағдайда талдан жасаған. Талбесік аталуының негізі де осында жатыр. Бұл екі ағаштың әрі әдемі иістері бар, әрі мықты, құрт түспейді, шірімейді. Баланың иіс сезу, көру, есту қабілеттерінің дамуына, яғни баланың денсаулығына да бесіктің әсері мол болған. Қазіргі базарларда сатылып жүрген бесіктер қандай ағаштан жасалғаны белгісіз және түрлі-түсті бояулармен боялған. Бесік қынамен бояса бояған шығар… бірақ әлеміштеп сырламаған. Көрер көзге әдемі болғанымен мұндай құрамында химиялық қоспасы бар әрі кез келген ағаштан жасалған бесіктердің бала денсаулығына пайдасынан гөрі зияны мол екені айтпаса да түсінікті…

                                                                                               Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: akbosaga.citylife.kz