Комплекс жойылсын!

Комплекс жойылсын!«Мен әдемі емеспін», сол үшін мені ешкім жақсы көрмейді. «Мен пысықтығымды көрсете алмаймын», сондықтан мені жұмысқа алмайды. «Мен семізбін», сондықтан ешкімге ұнамаймын. «Мен қалқан құлақпын», бәрі сол жеріме үңіліп қарайтын сияқты. Осындай ойдың бәрі қайдан келеді екен? Мүмкін кішкентай кезімізде ата-анамыз, мектептегі достарымыз мазақтаған болып, миымызға сіңдіріп қойған шығар?! Әрине түрлі-түсті жарнама, «жұлдыздардың» керемет суреттерін жариялаған журналдар, неше түрлі кинолар, сериалдар өз ықпалдарын тигізбей қоймады. Біз өзіміздің комплексті екенімізді байқамасақ та, көпшіліктің ортасында өзімізден өзіміз қысылып-қымтырыла бастаймыз.

              Өзіңіздің сыртқы келбетіңізден кемшілік тауып немесе өзіңізді белгілі бір ортада ұстауда сәтсіздіктер шыға берсе, сенімділік болмаса, туылғаннан жолыңыз болмай, қырсықтықтың бәрі сізді қоршап алған деп есептесеңіз, өз комплексіңізбен күресуге бел буыңыз.

            Мұндай жағдайда ең дұрыс таңдау – өз комплексіңді сол қалпында қабылдау. Өмірде сенің мұрныңнан да үлкен мұрынды, аяқтары тым қысқа, семіздікпен ауыратын, ақылы тым таяз адамдар да бар. Сондықтан өз бейнеңді, тұла бойыңды жақсы көру керек.

            Танымал тұлғаларға қарасаңыз, олардың бойында да кемшілік деп санайтын тұстары өте көп кездеседі. Бірақ, оның бәрі жетістікке жету жолында кедергі келтіріп жатқан жоқ. Сондықтан сіз де өзіңіз туралы төмен ойлардан арылыңыз. Адамды жеке тұлға ретінде сыйлап, жақсы көреді. Сондықтан өз бойыңыздағы «жеке тұлғаны» жақсы көріңіз, басқалары да көзқарасын өзгертеді.

            Өз комплексіңізді жеңудің тағы бір жолы – оған қарсы шығыңыз. Белгілі бір себеппен (мүмкін сырт келбетіңізден, мүмкін іштей қысыласыз) адамдармен жаңа таныстық жасауға қорықсаңыз – керісінше, көп адамдармен танысып, кездесу ұйымдастырыңыз. Өз ойыңызды жеткізуге қорықсаңыз – пікір таластырыңыз, ойыңызды ашық айтып тастауға дағдыланыңыз. Әрине тәуекелге бел буу үшін біраз батылдық керек. Бірінші реттен бәрі де реттеліп кетпейді, сондықтан нәтижеге қол жеткізгенше, алған беттен қайтпаңыз. Есіңізде болсын, сіздің айналаңызды қоршаған жандар – өз комплекстерін жасыра білетіндер, кемшіліксіз, адам болмайды. Комплекс дегеніміз – өзіңіздің жорыта ойлаған кемшілігіңіз, өз бойыңыздағы кез келген жағдай сізге кем көрінгенмен, сырт көзге керісінше, өте тамаша көрінуі мүмкін. Сондықтан өзіңіздің кемшілігіңіз өзгеге көрінбейтіндей болуы керек. Бәрі өзіңізге байланысты.

Сурет: dailylady.ru