(қазіргі қоғамдағы аборт мәселесі)
Анам мені алдыруды ойлаған,
Әкемде де мейірім жоқ әкелік.
Дүниеге әлі келе қоймаған
Сәби едім…
Менің атым – қателік.
Әлди айтар әлемге бұл шыға алмай,
Бұлқынумен тар құрсақта тұншықтым.
Мен жылауды білмесем де, уанбай,
Тумай жатып, қарғыс алған қырсықпын.
Әкем үшін әлі ертемін, дерт едім,
Алдымда ажал, жан-жағымда бекініс.
Ал шешемнің шерлі өзегін өртедім,
Шикі өкпемін…
Менің атым – өкініш.
Жарып шығып жан анамның жатырын,
Жарық жалған, сені көрсем бір шығып.
Жанталасқан бір жетімге жасырын,
Төріңді бер, ей, тәкаппар тіршілік!
Әлсіз әке, ақылсыздау анама,
Тілім де жоқ айтар сыртқа теппе деп.
Сөніп барад бір шарасыз шарана
Өгейсіткен өміріне өкпелеп.
Келмей жатып, кең дүниеге сыймаған,
Бір ананың құрсағына сыйса да.
Мен – бәріне мұң мен қайғы сыйлаған,
Жақындары жатырқаған бейшара.
Бауыр еті бөлшектеген, безінген,
«Екеуіне» ел өсегі жоғары.
Селкілдеген бір-ақ сәттік сезімдер –
Бір бейкүнә жетімектің обалы.
Естімеген тірі пенде, бір адам
Іңгаламай іштен тынған шерлімін.
Мен анамның көз жасы боп құлағам,
Ал әкемнің күрсінісі – мендік үн.
Есік көрмей, анам ашқан етегін,
Маңдайымның соры болды сол менің.
Мешіт көрмей, менменсіген әкенің,
Баласы боп, мен де бесік көрмедім.
Уын таттым өзім білмес ғаламның,
Маған жабық бұл әлемге бөтенмін.
Мендік өмір – ащы өксігі анамның,
Ал, қабірім – қателігі әкемнің.
Өлеңді жазған: Ботагөз Мұхиденқызы
Суреттер: Интернеттен алынды.