ӨМІРГЕ АДАМ ӘКЕЛУ – ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҚАСИЕТТІ ҚҰБЫЛЫС…

  

ӨМІРГЕ АДАМ ӘКЕЛУ – ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҚАСИЕТТІ ҚҰБЫЛЫС...

 Жеріктіктің құпиясы

Бойына алғаш бала біткен тәжірибесіз жас келіншек бұрын-соңды болмаған сезім-түйсіктерді басынан кешеді. Көңілінің неменеге соғып тұрғанын, тәбетінің қандай асқа ауатынын дөп басып айта алмай, не екенін өзі де түсінбей аласұрып қиналады. Осы бір аса жауапты кезеңде ақыл-кеңес айтып, көмек жасау, мейірім таныту сауабы мол қасиетті іс саналады

Егер келіннің жерік асы табылмаса, босанғанша ішкені бойына сіңбей, әл-дәрмені құрып, басы айналып, көңілі жер тартып, әбден титықтайды. Қазақ мұндайды «итжерік» дейді. Ал осындай жаны мен тәні бірдей азаптанып жүрген адамның жай-күйінің қаншалықты жағымсыз болатыны өзінен-өзі түсінікті. Бұл жағдай тікелей іштегі шаранаға әсер етеді. Өйткені ананың жерігі, ең алдымен, баланың табиғи қажеттілігінен, қандай да бір дәруменнің жетіспеушілігінен туындайды. Жерігі қанбаған анадан туған нәрестенің есейгенше аузынан сілекейі шұбырып, үнемі қанағатсызданып жылай беретін беймаза болады. Сондықтан да келіннің жерік асына аса жауапкершілікпен, үлкен қамқорлықпен қараған жөн.

Тілімізде «жерік асын жегендей балбырады», «жерік асы табылғандай қуанды» дейтін қалыптасқан сөз тіркестері бар. Айтса айтқандай, болашақ ананың аңсары ауған тағамы табылып, соны құмары қанып қабылдаған соң еш нәрсемен салыстыруға болмайтын ғажайып рахат сезім сәттеріне бөленеді. «Тортасынан айырған сары майдай» жан дүниесі еріп, мінез-құлқы жайдарыланады. Айналасы алқызыл гүлдерге тұнып тұрғандай, төрт құбыласы түгелденгендей, өзінен-өзі қуанып, жүзіне нұр ұялайды, езуіне күлкі үйіріледі. Жанындағы адамдарға мейірлене қарайды, қолға алған ісін ықылас-пейілімен тыңғылықты атқарады. Осындай көл-көсір дарқан көңіл күйдің іштегі баланың жетілуіне қандай жағымды әсер ететіні ешбір талас туғызбайды. Өкінішке қарай, қазіргі жас келіндердің көпшілігі «жеріктік» дейтін аса маңызды табиғи іңкәрліктің мән-мағынасын, қадір-қасиетін ұғына бермейді. Оның бала үшін орны толмас салдары болатынын бағалап та жатпайды.

Зейнеп АХМЕТОВА