Жұлдызнама

Ақпарат үшін www.tuszhoru.kz сайтқа рахмет айтамыз. 

Сипаттамасы қызықтыратын жұлдызнама белгісін таңдаңыз:
Тоқты Торпақ Егіздер Шаян Арыстан Бикеш Таразы Сарышаян Мерген Тауешкі Суқұйғыш Балық

Жұлдызнама Тоқты (21.03. – 20.04.)

Бұл белгіде туылған адамдар сырт көзге достыққа өте бейім, бауырмал көрінеді. Кез келген әділетсіздікте бар ынты-шынтысымен шындықты іздеп, бар білгенімен бөлісіп, қызу талқылаудың көркін келтіруі мүмкін. Тоқтылар өз ойын үнемі тіке айтады. Өз қажеттілігін бірінші орынға қояды және ойының бәрі сол көздегені болады, ол кезде айналасындағыларды мүлде ойламайды. Өзінің біреуге ыңғайсыз жағдай туғызып, ренжітіп алатыны жайлы ойламайды, оны сезінбейді де. Ол бөтен ойсыз, табиғатына тән болғандықтан, Тоқтыларға ренжудің де қажеті жоқ. Бұл адамдарда қаталдық деген мүлде болмайды. Айналасында болып жатқан құбылыстың бәріне шын жүрегімен сенеді, өз жағдайын да жасырып қалмайды. Шағымданғанды жаны сүйеді. Өз ісінде ешқашан жоспар құрып, стратегия жасамай, мақсатына тіке бет алады. Бұл белгіде туылған адамдар көз жасын ешкімге көрсетпеуге тырысады. Қызметтік саласында көп табыстарға қол жеткізеді. Тоқтылардан шыдам мен әдептілікті аз көресіз, тіпті мүлде шыдамсыз десе де болады. Салмақты болуға тырысқанмен, жас кезінде ол мүмкін болмайды. Ашықтық пен адалдығы сияқты жақсы қасиеттерін алға тартқанмен, тұрақтылық және жауапкершілік қасиеттерінің кемшілігі көзге ұрып тұрады. Тіс ауруынан қатты қорқады, тіс дәрігеріне бас сұқпай өтуге дайын. Тоқтылардың басым бөлігі толық боп келеді. Айтарлықтай ауру болмаса, өздерін жағымсыз сезініп тұрғанның өзінде жатып, демала қоймайды. Ауруының көбісі шыдамсыздығынан болады. Тоқтыларға әр іске шыдамдылық танытып, сақтаққа бейімделу керек. Өзінен басқа ешкім істі тиянақты атқара алмайтынына сенімді белгі.  Сондықтан үнемі жүйкесі жұқарып жүреді. Еріншек емес. Қолы ашық, жүзі жылып тұрады. Мақтаншақтығы бар, ақша мен атақ тұрса, атақты таңдайды. Кекетіп сөйлегеніне ренжісіп қалсаңыз да, Тоқты тез ұмытады. Өз кінәсін сезінсе, тіпті дұшпанынан кешірім сұрай алады. Өтірікті сирек айтады, өсек-әңгімеге жақын емес. Жеңілістен қашады, үнемі жеңіске жеткісі келеді. Ешқашан оңай олжаны күтіп, қол қусырып отырмайды. Өзі жайлы, өзінің қиыншылығы жайлы көп айтқанды ұнатады. Тоқтылар сенгіш болғандықтан адамдардан көп көңілі қалады. Екінші жартысын бақытты ете алады.

 

Жұлдызнама Торпақ (21.04. – 20.05.)

Бір топ адамның арасынан көп сөйлемейтін адам көрсеңіз, ол – Торпақ. Онымен жақын араласпайынша, сөзге шорқақ адам деп ойлауыңыз мүмкін. Өте салмақты, көп нәрсеге былқ ете қоймайды. Сирек ашуланады, өзіне ешкімнің жөнсіз жанасқанын қаламайды. Қазбалай берсеңіз, тым қатты ашулануы мүмкін. Ашуланғанда, жолына кезіккенді қиратуы мүмкін. Бір жақсысы, бұл – өте сирек болатын жайт. Өте тартымды болады. Сүйгенін қызғанып, артынан аңду дегенді білмейді. Торпақ қонаққа барғаннан гөрі, дастарханға барын қойып, қонақ күткенді қалайды. Танымалдылыққа ұмтылмайды. Махаббатта да, достықта да арақатынасты үзбей, әр қадамды қалай жасау керектігін жетік біледі. Өте тұрақты. Құбылысты сол қалпы қабылдауға дайын. Үй шаруашылығына өте бейім, өз үйін, таныс ортасын қатты жақсы көреді. Үнемі өзінің жеке үйі болғанын армандайды. Табиғатқа өте жақын, жасыл желек, гүл атаулыны өте жақсы көреді. Қала сыртына таза ауа жұту үшін ғана баруға ерінбейді. Денсаулығы мықты, ауыра қалған жағдайда сырқатынан баяу айығады. Оптимизмнің аздығынан да зардап шегеді. Өздерін қатал және өте шыдамды деп ойлайды. Шындығында да өте қатал және тік. Олар жылдар бойы физикалық та, психологиялық та ауыр жүктерді алып жүре алады, ешкімге шығымданбайды да, ешкімді кінәламайды да. Торпақтарда сәтсіздіктер орын алған сайын одан өту үшін күш жинай түседі. Армандарына аз қадамнан болса да, жол салады. Болашағын нық қалайды.

 

Жұлдызнама Егіздер (21.05. – 21.06.)

Бұл белгідегі адамда екі түрлі бейне бар, мінезі ауыспалы. Олар киімді тез ауыстырады, жұмысын да, тұратын жерін де, тіпті өз шешімін де. Үнемі жүгіріп, шауып жүреді. Кітапты оқуы да қызық, соңғы бетінен бастап оқуы да мүмкін. Егіздер пікірталасты тартысты өткізе алады. Көбісі тез сөйлейтін болғандықтан, нашар тыңдаушы. Кертартпа адамдарға шыдамсыз, жүйкесі тез сыр береді. Бірақ, достыққа бейім. Шапшаң қимылдайды. Оларды ештеңемен таң қалдыра алмайсыз, кез келген жағдайдан «құрғақ» шығады. Бәрін тез ойлайды, әзілге бай, басқа белгілерден ақылдырақ.

Егіздер ғашық болса, ғашығын түрлі қылықтарымен таң қалдыруы мүмкін. Олардың уақтылы бір іс атқаруы сирек, үнемі кешігіп жүреді. Өз өмірі жайлы айтқанды ұнатпайды. Бірнеше тіл білуге бейімділігі басым. Өз пікірін тез өзгертеді, ол сырт көзге өтіріктей көрінуі мүмкін. Көп ысырап жасайды. Ұйқысы тым сергек, сондықтан толық демала алмайды. Бұл жүйкесінің тез қозуына әкелуі мүмкін.

Іштей идеал болуға ұмтылады. Өмірдің мағынасын түсінуге тырысады. Үнемі ақша, атақ, байлық, махаббат жетіспей жүреді. Өзі қай жерде жоқ, сол жер керемет боп көрінеді, өзіне таныс емес жерлерді іздейді. Егіздер өзінен басқа ешкімге сенбейді.

 

Жұлдызнама Шаян (22.06. – 22.07.)

Шаяндардың күлкісі әдемі болады. Кез келген кештің көркін келтіруі мүмкін, өте көңілді адам. Өзі әзілдей алмаса, басқаның әзіліне күле алады. Шаяннан асқан әзілсүйгіш болуы мүмкін емес. Бұл белгіде туылған адамдардың салмақты мінезі де бар. Бұлар танымалдыққа ұмтыла бермейді, бірақ оларға өте керек. Олар іштей басқалардың өзіне көңіл бөлгенін қалайды. Шаяндардың  көңіл-күйі керемет болып жүрсе де, өте уайымшыл. Депрессияға бір түссе, барынша беріліп кетеді. Өз уайымын әзілімен білдіртпеуге тырысады, күндіз де, түнде де бір нәрседен қауіптеніп жүреді.

Пессимизм үнемі қасында болады, ол кез келген жоспарын бұзуы мүмкін. Болмашыға жылай салмайды, жүрегіне қатты соққы болған нәрседен ғана көзіне жас алуы мүмкін. Шаяндардың көңіл-күйі бірден түсіп кетсе, оның себебін білу мүмкін емес. Өйткені, олар мазасызданса, үнсіздігімен, ештеңені ашып айтпауымен алаңдатады. Кек қайтаруды біледі, бірақ өте ақырын және құпия түрде. Үнемі үрей мен өзіне деген сенімсіздігі жалғыздыққа алып келуі ықтимал. Сезімге берік.

Өзінің болсын, басқаның болсын өмірінің өрнектерінен сабақ алып жүреді. Патриот келеді. Бұл жандар сіздің құпияларыңызды сенімді сақтап, қайғыңызға ортақтаса алғанмен, өз сезімін жеткізе алмайды. Шаяндар өз өмірі туралы сөз еткенді қаламайды.

Мақсат еткен нәрсесіне қол жеткізбей қоймайды, ол барлығы болуы мүмкін, қызмет, сүйіктісі, не үй керегі. Өз «құрбанын» сақтықпен аңдып, әлсіз тұсында шабуылға шығады. Өзінің қалауына басқа біреудің ұмтылғанын көрсе ғана әрекет етеді. Жүрегі тым жұмсақ, жараланғыш. Біреуге көмектесер алдында «көмек қолын ұсынар басқа біреу табылып қалмас па екен» деген оймен көмек көрсетеді. Тұңғиыққа батып бара жатқаныңызда ғана көмекке келеді. Бірақ, бұл – оның эгоисттігі емес, сақтығы. Үнемі өз ісіне есеп беріп отырады.

Шаяндар өз үйін өте жақсы көреді, оған үлкен құрметпен қарайды. Олар өздерін ешқашан қауіпсіз сезіне алмайды. Үнемі бір нәрсе жетпей тұрады – махаббат болсын, ақша болсын, атақ болсын… оның үнемі уайымшылдығы ауруға ұласуы мүмкін. Аурудан құтқаратын жол – оптимистік пен көтеріңкі көңіл-күй. Бұлар сияқты өз ауруын өзі тауып, өз ауруын өзі жазатын белгі жоқ. Шаяндар ақша жинағанды жақсы көреді, тамақтың қалдығын да тастатпайды, тастамайды. Ыдысыңызға салып берген тамағын өзіңіз тауысу керексіз.

 

Жұлдызнама Арыстан (23.07. – 23.08.)

Арыстан – аң патшасы болса, бұл белгіде туылған адамдар басқалардың үстінен үстемдік еткенді ұнатады. Айбатына мінбей тұрып, енді ашулана бергенде аулақ кеткеніңіз дұрыс. Қараңғылық пен мұңаюды ұнатпайды. Достарын, жанұясын басқаруға ұмтылады. Өз пікірі мен өз құқығын алға тартып, қорғай бастаса, үндемей қоя салған дұрыс. Бірақ, уақыт өткен сайын жұмсара түсетін Арыстандар бар. Жоғары, тік ұстаған басын ешқашан имейді. Қауіп төне қалса, қалай да құтылып шығады. Топ ішінде көзге түседі, өзіне назар аудартқанға құмар. Кеңес беріп, кімнің қайда кіммен тұратынын талқылағанлды жаны сүйеді. Жақсы ұйымдастырушы, керемет басшы бола алады. Арыстандардың арасында сүр бойдақтарын кездестіру қиын, үнемі сезімге беріліп, ғашық боп жүреді. Бірақ, өркөкіректігінің арқасында неке жиі сәтсіз болады. Кешірімшіл. Арыстан әйелдер де, еркектер де өзіне біреудің арқа сүйегенін қалайды, көмектескенді ұнатады. Алайда, сол туралы шағым түсіргенді де жақсы көреді, оған аса назар аудармаған дұрыс.

Ақшаны үнемдеп ұстай алмайды. Сән-салтанатты өмірге құштар. Қыдыру мен бір сәттік ләззатқа бар ақшасын шаша  салуы мүмкін. Қанша шағым түсіріп жатса да, өмір сүруге бейімділігі өте жоғары. Барлық Арыстандар өсек-аяңға құмар. Айналасында не болып жатқанның бәрінен хабардар болып отыру керек. Табиғатынан мақсатқа ұмтыла біледі, бет алған жолынан қайтару қиын. Кейде еріншектік жетектеп, жәй жата беруі де мүмкін. Бір жұмыс істесе, төңкеріп тастайды, демалса, құмары қанғанша демалады. Өте адал дос, шыншыл,әрі өте қауіпті дұшпан.

 

Жұлдызнама Бикеш (24.08. – 23.09)

Бұл белгіде туылғандардың көбі сүр бойдақ пен отырып қалған қыз болуы мүмкін. Ішінде екі рет неке қиятындары да көп кездеседі. Өте тыныш адамдар, шулы ортаны жақтырмайды, одан бөлектеніп жүреді. Адал және шыншыл адамдар, өтірікті аздап айтатын қасиеті де табылады. Барлық істе белсенді, сергек. Бикештердің әдеті мен үйреніп қалған істерінен арыла алмайды. Сын айтқанды ұнатады, аргументтері өте мол болады. Ісі де, заттары да тиянақты. Өте байқағыш. Қонаққа барғанда үй иесіне көмектесіп, ыдыс-аяқ жуып тұрып, диваныңыздың жапқышы жыртық екенін байқап қоюы мүмкін. Бірақ, өз кемшіліктеріне келгенде соқыр. Өзі басқалардан байқағандарын өзінен таппайды, өзіне еш шаң жұқтырмайды. Олар бір орында ештеңе істеместен ұзақ отыра алмайды. Махаббат пен ақшаға келгенде сараңдау. Біреудің өзіне қызмет еткенін қаламайды, сонымен қатар біреуге міндетті болғысы келмейді. Олар жалқауларды, кешіккенді ұнатпайды. Адамдардың бойынан шыншылдығын, үнемдігін, тапқырлығын, нақтылығын бағалайды. Ашық-шашық киініп, лас жүруді ұнатпайды. Дені өте сау, алайда жұмысына беріліп кетуінің арқасында жүйкесіне күш түсіріп алуы мүмкін. Басқа белгілерге қарағанда өз тағдырын бір жолға нық түсіріп, өзіне не керегін анықтай алатын ерекше белгі.

 

Жұлдызнама Таразы (27.09. – 23.10.)

Бұл белгіде туылған жандар өте мейірімді, бірақ, түнеріп кетуі де мүмкін. Өзіне бұйрық бергенді ұнатпайды. Өте интеллектуалды, сонымен қатар өте аңғал. Өзі сағаттар бойы қалай сөйлесе, солай сағаттар бойы тыңдай алады. Өте белсенді болғанмен, асығыс шешім қабылдауы мүмкін емес. Барлық істі тең ұстап тұрғанды қалайды. Бір көргенде сізді керемет әсерде қалдырғанмен, ол депрессияда болуы мүмкін, сыртқа білдірте бермейді. Үнемі көңіл-күйі ауысып отырады. Бір шешім қабылдау керек болса, таңдау жасауы өте қиын. Ұзақ сөйлеп, ұйып тыңдай алады, ұрысқандарды достастырып, сізбен қызу пікірталас жүргізе алады.

Таразы бір ішсе, тоқтамай кетуі мүмкін. Махаббатта та солай, ғашық болса, көзсіз ғашық болады. Бұл белгі «жалқау Таразы» деген атпен де белгілі. Өте тиянақты және қарқынды жұмыс істеп жүріп, кенеттен тоқтап қалады, ол уақытта жалқаулығының кезеңі басталады. Бұл оған табиғатынан тән. Біраз кідіріс жасаған уақытында күш жинап, өздігінен қайта шабыттанбаса, бір істі істету мүмкін емес. Күш жинап болып, жұмысына қарқынмен қайта кіріседі. Эмоцияның адамы. Қуанышқа да, қайғыға да өзінің жеке басына қатысты жағдайлар алып келеді. Бұл белгінің адамдарына ең қауіптісі – кез келген нәрсені теріс пайдалану. Таразылардың мінезі мейірімділік, нәзіктік, адалдық, дәлелдеу, жеңілгенін мойындамау, философиялық логика мен бір шешімге келе алмаудан тұрады. Бір шешімді ұзақ және жан-жақты қарауы күткен адамның ашуын шақыруы мүмкін. Ешқашан асығыс шешім қабылдамайды, ал қабылдаған шешімі соңғы және нақты болады. Жұмысына өте ұқыпты, жауапкершілігі мол, бір жасаған нәрсесін қайта жасамау үшін асқан тиянақтылықпен істейді. Кітап оқығанды жаны сүйеді. Дыбыс пен түстердің үйлесімін қалайды, поэзияға жақын. Таразылардың ісі кері тартып жатса, оптимистік көзқарасы байбаламға ұласады, ал ісі алға басып жатса, барынша жайнайды. Күз мезгілінің белгісі деп бекер айтылмаған, қыс тым суық, жаз тым ыстық болып, күз салқындығы ортада тұратын сияқты әр істе теңдікті іздейді. Тез жалыққыш, не қалайтынын кейде өзі түсінбей қалуы мүмкін. Бұл белгісіз қызық сезім барлық Таразыларға тән.

 

Жұлдызнама Сарышаян (24.10. – 22.11.)

Сарышаян шақса, «өлтіріп жіберуі» мүмкін, қатты мінезді адам. Сарышаян өз мінезін мұқият қадағалай алады. Көзі гипнозға толы сияқты, оның бір қарағана көзінің тұңғиығына батып кетуіңіз мүмкін. Өзінің бағасын біледі және өзі туралы жоғары ойын ешқашан өзгертпейді, бір сөзбен айтқанда, ішкі ЭГОсы мықты. Біреудің масқарасын шығарып, жер қылуы тез, жақсы пікірді де тез айтқанмен, сізге ешқандай әсер етпеуі мүмкін. Өзінің кемшіліктері туралы біреуден естігенді мүлде қаламайды, өйткені, өзі туралы өте жақсы біледі. Сарышаяндар сырт көзге өте аңқау, өте жұмсақ адам боп көрінгенмен, сізді астыртын билеп алғысы келеді. Олардан ешқашан кеңес не пікірін сұрамаңыз, өйткені, таза шындықты есітіп, көңіліңіз түсіп қалуы мүмкін. Ешқашан өтірік айтып, мәймөңкелемейді, сізге жағымды нәрсе айтса, шын жүректен айтқаны. Сарышаяндар тек өзінің қамын ойлағанмен, жақындарына сөзбен де, іспен де көмек бере алады. Оларда шынайы дос та, тісін қайраған дұшпан да кездеседі. Бірақ, дұшпандарының өзі құрмет көрсетіп, жақсы пікір айтуы мүмкін. Сарышаяндар сирек қорқып, қауіпті сирек сезінеді. Адал дос бола алады. Достық үшін кез келген қиындықты жеңе алады. Өзіне жасалған жақсылықты, сыйлықты ұмытпайды, сондай-ақ біреудің тарапынан болған реніш пен сатқандықты ешқашан ұмытпайды. Кек алуды жоспарлап жүріп, орындамай қалуы жиі болады. Мақсат еткен нәрсесінің бәрі де қолынан келеді.

 

Жұлдызнама Мерген (23.11. – 21.12)

Мергендер – өте ашық, бауырмал жандар. Бойында зұлымдық та, жаман қасиеттер сирек кездесетіндіктен ренжіп, өкпелей алмайсыз. Оның әдепсіз, жөнсіз мінез-құлқының астында көбіне мол ақыл мен қатаң ұстанымдар жатады. Өздерінің дипломатиялық адамдар екеніне Мергендердің өздері таң қалады. Олар әр ісін адал, еш арамдықсыз жасайды. 6 жасар бала секілді өте шыншыл келеді. Үнемі қозғалыста болады, жануарларды, жылдамдықты, спортты жақсы көреді.

Мергендер тәуекелшіл келеді. Көп сөйлейді. Үнемі өзін бақытты сезініп, көңіл-күйі көтеріңкі болады. Айналасын жағымсыз адамдар қоршаса, көңіл-күйі түсіп кетуі мүмкін. Күресе алады, сол үшін біреуден көмек те сұрамайды. Барлық Мергендер өзін қорғай алады. Жауапкершілікті сезінсе де, арқалағысы келмейді. Кешесінен бүгіні, бүгінінен ертеңі керемет боп өтеді деген қағиданы ұстанған, өмірге көзқарасы оң. Тез ғашық болып, тез айнып қалады. Отбасын құруға келгенде өте ұзақ ойланып, шешім қабылдауы қиынға соғады.  

Бір жаман қасиеті бар – көп ішеді, көп жейді, тіпті салынып ішіп кетуі де мүмкін. Ақылының өткірлігі сарказм мен құпия сақтай алмаушылыққа әкелуі мүмкін. Мергендер кез келген оқиғадан тез арыла алады. Қолы ашық, әйел Мергендер жетімдерді, қаңғып жүрген үй жануарын асырап алуға бейім болады. Есте сақтау қабілеті де өте ерекше, мерзімдерді, майда-шүйдені мықтап есте сақтайды, сонымен қатар өзінің пальтосын қайда қойғанын ұмытуы да мүмкін. Заттарын көп жоғалтады. Мергеннің табиғаты – қолы ашық, көңілді идеалист.

 

Жұлдызнама Тауешкі (24.11. – 20.01.)

Бұл белгіден туылғандарды түсіну өте қиын. Олар тек алға қарай жылжып, өзінің жетістігіне марқайып отыратындардың қатарынан табылады. Үнемі тек қана алға. Адамдардың назарын өзіне аударту үшін арнайы еш тәсілді қолданбайды, баста байқамауыңыз да мүмкін. Тауешкілермен күресіп, пайда таппайсыз, олар бәрібір өз дегеніне жетеді. Табыс, құрмет, билік – олар үшін сүйікті нәрселер. Ойламаған жерден сын айта салуы мүмкін. Көбіне өзіне қажетсіз дұшпан пайда болмасын деп барын салады, тіпті сіздікі дұрыс болмаса да, келісе салуы мүмкін. Қызғаншақтық, құмарлық, жалқаулық, немқұрайдылықтан өзі емес, басқалар зардап шексе деп ойлайды. Ондай адамдарға аянышпен бір қарап, ары қарай өз мақсатына жол тартып кете береді. Романтиканы жақсы көргенімен, оған барынша берілгісі келмейді. Халық алдында ұрысып не құшақтасып тұра алмайды. Өзінің ата-бабасын идеал көріп, оларға келер ұятты ойлайды. Үлкенді құрметтеу – табиғатына тән қылық. Қоғамда көзге түспеген адамға ғашық болуы екіталай. Көп дайындықтан өтпей, неке құруы да қиын. Туғандарын өте жақсы көреді, оларға бауырмал. Есеппен жүретін, салқын адамдар деп ойлауыңыз мүмкін, негізінде олар өте сақтықпен, бәрін ақылмен жасайды. Бір қарағанда нәзік, жасқаншақ, кішкене қырсықтау, еш зияны жоқ адамды елестетуі мүмкін. Тіпті ең сенімді адам деп қабылдауыңыз мүмкін. Алайда, олар сіздің әлсіз тұстарыңыз бен құпияларыңызды біліп алып, оларды өз пайдасына жұмсайтынын есте сақтаңыз.

 

Жұлдызнама Суқұйғыш (21.01. – 20.02.)

Адамдар кемпірқосақты жақсы көретін болса, Суқұйғыштар өте жақсы көреді. Өмірі де түрлі түсті. Реалист, ертеңгі күніне барынша сене біледі. Негізінде өте салмақты, мейірімді жандар, кейде қоғамдық пікірірлерге араласып, өзінің әдеттен тыс қылықтарымен есте қалуға ұмтылады. Ойламаған жерден оқыс қылықтар көрсетіп, таң қалдыруы мүмкін. Олар аңқау да емес, тым ақылды да емес. Негізгі қасиеті – құпияны білуге ұмтылу. Еркіндікті сүйетін Суқұйғыш көңілді, күлкілі бола алады, жасқаншақ та, нәзік те бола алады. Үнемі топтың ортасында жүруге ұмтылады. Достары көп болғанмен көбіне жалғыздықтан қайғырып отыруы әбден мүмкін. Қандай күйде болса да, еш белгіге ұқсамайтын көрегендігін сақтап қалады. Таныстары мен достарының басында болған жағдайларды қадағалап, қорытынды шығарып отырады. Сізге ойламаған жерден тосын сұрақтар қоюы мүмкін, егер оған қызықсыз боп бара жатсаңыз, қызық болатын басқа нысан іздейді. Достықтағы тұрақтылығына қарамай, Суқұйғышта дос көп болмайды. Ол санға емес, сапаға назар аударады. Бұл белгідегі жандарға бір рет қызық болмай қалсаңыз, олардың қайта бұрыып қарауы екіталай. Ал шын мәнінде қызық болсаңыз, ештеңеге қарамай сіздің қасыңыздан табылады. Оларда ашуланған адамды сабырға келтіретін, жылаған адамды не баланы жұбата алатын ерекше қасиет бар. Өзін жалғыз сезінген кездері жиі және ұзақ болады, ол кездері жалғыз қалдырған дұрыс. Бір іске келісім жасарда ешкім ешкімге қарыз, міндетті болмай, ортақ мәмілеге келгенді қалайды. Ешкіммен айтысып, күресуге бара бермейді. Ол әлсіздігінен емес, дау-дамайды жаны сүймейтінінен. Ұзақ пікір таластырмай-ақ сізбен келісе салуы мүмкін. Сізге бір нәрсені істегелі жатқанын ескертпей-ақ, орындай салуы мүмкін, ол қажет деп тапқанын солай жасайды. Өтірік пен алдауды жек көреді. Қарыз беру мен алуға да дәл солай көзқараста. Егер де қарыз ала қалсаңыз, уақтылы қайтару керексіз, өзі де солай.

 

Жұлдызнама Балықтар (21.02. – 20.03.)

Билік жүргізе білмейді, бірақ арасында шығармашылық пен әртіс адамдар өте көп. Басқа адамдарды басқару мен билікке мүлде ұмтылмайды. Ақшаға да кетәрі емес, бірақ басқабелгілерге қарағанда, Балықтар ақшаның уақытша екеніне сенеді. Олар бай болғысы келмейді, бірақ байлар сияқты өмір сүргісі келеді. Өздері түскен күймен күресуге шамалары жетпейді. Өмірдің қалай ағып жатқаныны бәрібір өзіне ешкім тиіспесе болды. Өзі туралы сырт көздің пікірі де маңызды емес. Жалпы көп құбылыстарға немқұрайдылықпен қарайды. Алайда, Балықтардың мінезі бар. Оны өзінен шығарып, ашуландырса, айналасындағылардың бәрін жайпауы мүмкін. Балықтар «өмір керемет» деген қағидамен өмір сүргісі келеді. Адамдардың жаман жақтары бар екенін білгенімен көз жұма қарайды. Өзінің арманы мен қиялына кіріп алып, соның ішінде өмір сүргенді ұнатады, тіпті ол армандарын іске асыруға талпынбайды. Өмірден соққы алып, сәтсіздікке ұшыраған кезде олардан құтылуға тырысудың орнына, ғажайыпты күтіп, жалған үмітпен жүре береді. Балықтар өзіне айтылған сынды көтере алмайды. Есте сақтау қабілеті өте күшті.он екінші, соңғы белгі болғандықтан барлық белгілердің кейбір қасиеттері кездеседі. Өзіне арнайы көңіл бөлмейді, барлық уақытын достары мен туыстарына көмектесуге жібереді. Аяушылық сезімі жақсы дамыған, әлсіздер мен ауруларға көмек беруге ұмтылады. Көмектесу – басты қасиеті. «Ия, жоқ» деген нақты жауаптардан гөрі «мүмкін» деген сөзді көп қолданады. Балықтардың мінезін нақты суреттеп беру қиын.

Ақпарат үшін www.tuszhoru.kz сайтқа рахмет айтамыз.

Суреттер: astrohit.com