Сіздіңше, бұрылып бір қарағаннан ер адамдарды құлату үшін кірпіктерді жоғары қайырып, оны қағып отыру жеткілікті ме?! Қыздың тұңғиыққа толы көзінің тартымдылығына тек бояну емес, қабақ терісін күте білу, сақтау да әсер етеді. Ол үшін не істеу керек? Күнделікті көзіңізге жаққан бояудан бірде-бір дақ қалдырмай, көздің бояуын сүртуге арналған лосьондармен өшіріп отыру керек. Одан кейін жылы сумен жуу жеткілікті. Көзді орамалмен сүрткенде, қатты ысқылап сүрту көздің тым нәзік терісіне әжім түсіреді. Жеңіл қимылмен, салмақ түсірмей сүртіп алыңыз. Ұйықтар алдында көп мөлшерде су ішу – көз қабағын ісіріп жіберетінін де ұмытпаған жөн.
Көз сіздің шаршағаныңызды, ұйқысыздық пен мазасыз күйіңізді сөзсіз айтып беретін күшке ие. Қыз жанарынан әркез нұрдың шашылып тұрғаны керемет емес пе?! Ол үшін күн сайын ұйқы алдында зәйтүн майын жеңіл қимылмен қабақтың үстіне жағып отыруды әдетке айналдырыңыз. Кәдімгі азық-түлік дүкенінен алынған зәйтүн майын косметикалық шыныға құйып, жастығыңыздың астына салып қойыңыз. Бұл ұмытып кетпеу үшін маңызды.
Көздің әдемілігінде ұзын кірпіктердің маңызы басым. Кірпіктерім ұзын болсын десеңіз, оны да тамшы зәйтүн майымен сүртіп қойыңыз. Қасыңыздың артық қылшықтарын теріп отыруды ұмытпаңыз.
Міне, осы қағиданы берік ұстансаңыз, бояусыз-ақ көздеріңіз әдемі болады.
Сурет: klassledy.ru