Немерелерімнің кіндік шешесі жайында…

 

Немерелерімнің кіндік шешесі жайында...Кеңес өкіметі кезінде «кіндік шеше» деген сөздің өзі жоғалып кетті. Бала тәрбиесінде кіндік шешенің рөлін қайтадан қазақи қалпына келтіру үшін дәрігерлер де баланың кіндігін өзінің сайланған кіндік шешесіне кескізуге рұқсат етулері керек деп ойлаймын. Өз басыма келсем, немеремнің дүниге келетін уақыты жақындағанда кіндік шешені өзім апарсам деп дәрігерден рұқсат сұрамақ болып, перзентханаға барғанмын. Бұл 90-жылдардың ортасы болатын. Мұнда келген кезде менің көзіме сол перзентхананың бір дәрігері жарқ етіп көрінді. Олай дейтінім, оны көргенде өзінен керемет бір шуақ тарағандай әсерде болдым. Үнемі аналардың сәби әкелуіне қолғабысы тиіп, ылғи жаңа туған баланы қолына ұстап, таза энергиямен қуаттанғандықтан ба, маңдайы жарқырап, көзі жайнап тұр екен. Содан сол келіншекке: «Айналайын, менде бар-жоғы – бір тал бала, бір келін. Алғашқы немеремнің келуін күтіп жүрмін. Сен бізге кіндік шеше болып, келінімді қамқорлығыңа ал», – деп өтіндім. Сонда ол қатты толқыды. «Апа, мен мұндай шаңырақтың келініне қамқор болып, аман-есен босандырсам, соның өзі мен үшін үлкен мәртебе болар еді…», – деді. «Мен кіндік шешені өзім таңдаймын, соған рұқсат ет» деп айтпақ болып барғаныммен, Ұлтай Дауылбекқызы атты жүзінен мейірім төгілген сол дәрігер келіншек тңғыш немереміздің кіндік шешесі болды. Кейінгі немереміздің де кіндік шешесі – сол Ұлтай. Ол әншейін кіндік шеше ғана болып қойған жоқ, өзі біздің үйдің қызындай болып кетті, бізді «аға-тәтелеп» жаны қалмай сыйлап жүреді. Біз де оны аялаймыз. Бұл бұрынғы қазақи қарым-қатынасқа ұқсас деуге болады. Ол өзінің кіндік балаларын үнемі көріп тұрады. Денсаулықтарын қадағалап, олардың титтей қуаныштарының өзіне ортақтасып, үнемі келіп-кетіп жүреді. Балам мен келінім де «Ұлтай мамамыз» деп құрақ ұшып жатады. Біздің халық үшін сыйластықтан асқан сый да, дәреже де жоқ. Мұндай сый-құрметтің бастауы өзіміздің ұлтымызға тән қазақы болмысымыздан, ықылас пен пейілімізден басталып, осылай нәр алатын болса керек…         

Зейнеп АХМЕТОВА