МЕРЕКЕГЕ НЕ КИЕСІЗ?

Көктем… Мереке… Жігіттер тарапынан болатын мерекелік ілтипат… Құттықтаулар… Көтеріңкі көңіл-күй… Дос-жарандармен бас қосу… Айналаны гүлдендіретін көктеммен бірге әйелдер де құлпыра түседі. Әрбір шаңырақта қуаныш қонақтап, анасын, асыл жарын, аяулы қызын, сүйкімді қарындасын құттықтап жатқан ерлердің езуінде күлкі болады. Сол мейрамда ерекеше жарқырап жүргенге не жетсін?! Міне-міне келіп қалған біздің мейрамға не киесіз?

Қаталдық. Кеңсе стилін ұнатушыларға сүйікті киімдерін басқа стилдегі көйлекпен ауыстырмауға да болады. Жіңішке белдемшеңіз бен костюміңіздің ішінен кез келген түстегі жейде киіңіз. Ол тым көзге ұрып тұрады деген болсаңыз, ақ түсті жейдені ғана киіп, костюміңіздің сыртқы сәніне назар аударуыңызға да болады. Арнайы өрнектер салынған не фонарь-иық сияқты элементтермен тігілген костюміңіз сізді өте сәндіетіп көрсетпек. Тіптен сүйікті жейдеңіз бен сүйікті костюміңізді ауыстырғыңыз келмесе, жіңішке белдемшеңіздің орнына кең етекті, тізеге дейінгі ұзындықтағы белдемшені кисеңіз де болады. Арнайы аксессуарлар тағуды ұмытпаңыз. Үлкен сырға, таспен көмкерілген белдік, сәнді клатч әрбір сұлудың ажарына көрік қосары сөзсіз.

Батылдық. Бұл мерекеде аруларымыздың арасында кеңсе стиліндегі киімді шешіп, жарқырап киінгісі келетіні де бар. Жарқырау сөзі ауыспалы мағынасында да, тура мағынасынан да қолданылып тұр. Кешке достарыңызбен дастархан басында жиналатын жоспарыңыз болса, батылдықпен алтын түстес не күміс түстес көйлек киюді ұсынамыз. бір айта кететіні, жарқыраған, көз тартатын аксессуар тақпағаныңыз жөн, көйлегіңіздің жарқылымен қосылып, тым артық болып кетеді. Аяғыңызға теріңізбен түстес шұлық және қарапайым ғана туфли киіңіз.

Талғам. Мерекелік әрі танымал түс – ақ. Бұл түс сізді көптің ортасында ерекшелеп қана қоймай, ажарыңызды аша түседі. Кең балақты шалбар, әдемі бешпент (жакет), жібек нымша, кең белдемше, талғамыңыз бен таңдауыңызға қарай ақ түсті киіміңізбен көптің назарын өзіңізге аударарыңыз сөзсіз.

Романтика. Көктем – махаббаттың, құлпырудың, нәзіктіктің мезгілі. Сондықтан бұл мерекеде романтикалық стилде киінгеніңіз да керемет болады. Ол үшін үлбіреген тор көйлектер киюдің де қажеті жоқ, тек ашық түсті, өзіңізге жарасымды түсті көйлек, белдемше, жейде кисеңіз, жетіп жатыр. Мүсініңізді сұлу етіп көрсететін әдемі көйлек киіп, биік өкшелі аяқ киіміңіз бен қолсөмкеңізді ұстап, шашыңызды қарапайым ғана үлгіде түйіп алсаңыз не буып алсаңыз, кештің сұлуы сіз болмақ. Аксессуарды қолданбағаныңыз жақсырақ болады.

МЕРЕКЕГЕ НЕ КИЕСІЗ?

Сурет: video-art-studio.ru