Қым-қуат өмір. Бәріміздің де иығымызда арқалаған көзге көрінбейтін бір-бір тіршілік қабы бар. «Жұмыс», «отбасы» деп жүріп, кейде айналаңда не болып жатқанына мән бере қоймайсың. Ағайын-туыстың өзімен анда-санда той-домалақта, жаназада кездесіп, бір жасап қалатының бар. Қалған күндері тағы да қарбалас тірлік мойын бұрғызбайды.
Бүгінде қарым-қатынастың орнын телефон алмастырды десек артық айтпаған болар едік. Кейде көп мәселе телефон арқылы шешіліп жатады. Телефон демекші, көп жағдайда қоңырау шалған адамдармен әңгімелесе қалсаң, тілші деп танығандықтан ба, ақтарыла сырын ашып, шер тарқатқысы келетінін байқайсың.
Кешегі күні қоңырау шалған келіншек жан толқынысын ақтарып, күйеуінің көңілдесі бар екенін айтты. Жылап, езіліп, егіліп, мұңын төкті.
Жанары семген зағип жан баспаханаларда дыбыс-жазбалы шығармалардың аз шығатынына шағымданды.
Жол апатына ұшыраған жан дәрігерлердің қызметіне көңілі толмайтындығын айтып, қамықты. Бүгінде оның бар ермегі – кітап оқу.
Әнебір күні көпбалалы ана хабарласып, қаржы тапшылығынан отбасының күйзеліп отырғанын жеткізді.
Көптен хабарласпай кеткен құрбым үйіме келіп, көз жасы көлдей боп алаяқтардың арбауына түсіп қалғанын айтты. Зейнетақы қорында жинақталған сомасын тұтастай алып беруге уәде еткен танысы 30 мың теңге ақшасын алғанда да, қарасын батырған. Бүгінде ұшты-күйлі жоғалған алаяқты қайдан іздерін білмей дал болып отыр.
Айта берсе, үйде де, қызметте де тығырыққа тіреліп, іште шемен бот қатқан сырын ақтарғысы келетін жандармен бетпе-бет кездесуге тура келеді. Олар жан толғаныстарын білдіреді. Ашпа¬ған сырын ашады. Ақыл сұрайды. Ақыл салады.
Бұдан шығатын қорытынды: біздің қоғамда адамның жан-дүниесіне үңілетін, қажет кезде ақыл-кеңес беретін психология саласы жолға қойылмаған. Адамдар тұйыққа тап болғанда, қайда барып, кімнің көмегіне жүгіну қажет екенін білмейді. Кейде өзара дүрдараз адамдардың өзі бір-біріне қандай кінә артатынын айтып бере алмайды. Осындайда екі жақтың өкпе-назын тыңдап, татуластыратын араағайынның немесе психологтың көмегі қажет-ақ. Тіпті әр адамға бір-бір психологтан келсе де, артық болмас. Адам факторы екінші кезекке шыққанда, проблемалар да көбейе береді емес пе?
Дария Ертайқызы
Суреттер: liveinternet.ru; 1day-blog.info