Қарындасым жылап тұрған сияқты…

Қарындасым жылап тұрған сияқты...

***

Мен ауылдан кеткен кезде көктем-тін,

Көңіл сонда шыққан және шектен тым.

Қарындас-бұлт мұңын шағып Алтайға,

Суық жасын тас төбемнен төккен түн.

 

Еншісіне бір жылулық тимеген

қоштасуды

О бастан-ақ сүймеп ем.

Лайсаң жолда жылай алмай тұрдым мен,

Жел ғана үнсіз бөрте сайда билеген.

 

Қарындас-бұлт, сені мұңлы демес ем,

Сол түні ауыр күрсініп ең неге сен?!.

…Біздің жақтың қалжыңы ащы, айтпақшы,

«Тақпағыңды қойсаш!..», – деді жеңешем.

 

Көктем еді…

Көктем деген шақ қана,

Үнсіз кеткем, кеткенім жоқ мақтана.

Өмір солай алғашқы рет бір шоғын,

Тастай салды жүрек дейтін мақтама.

 

Ауыл айын еске алам деп қияқты,

Жанарымнан жаһұт күндер жиі ақты.

Кәрі Алтайға мұңын шағып,

Мені ойлап,

Қарындасым жылап тұрған сияқты.

Қарындасым жылап тұрған сияқты...

Өлеңді жазған: Азамат Тасқараұлы

Түнгі өлең

Түнгі өлең Қараңғы түн.
Ай жарық.
Шолпан жарық.
Шегінбессің, қойған соң жол таңдалып.
Көз алдымда бір тамшы дірілдейді,
Көктен түскен әр нұрдан қолтаңба алып.

Әдемі аспан…
Әлди жел..
Ән құмар шақ…
Әлем ғажап…Сүйген сәт-мәңгі бал сәт!
Жан еркем-ау, өзіңді жаныма ертпей,
Жалғыз өзім келемін жаңбыр аңсап…

Кеше шер мен шемен күй берірек –тін,
Елес боп кеп, кешімді керім еттің!
Қара аспанның түнегін қақ жарады-
Қарақаттай көздегі меруерт мұң…

Кімге айналып барамын, кімге айналып,
Қайда апарып соғады мұндай бағыт?
Парағымда жатысың күнде өлең боп,
Қаламыма бір ғажап гүл байланып…

Бір жанады жүрегім… Бір жаралы,
Қашан енді біздің бақ бүр жарады?
Өлең оқып беремін Көктен сұрап,
Ойыңды оқи алмаймын бір жаманы…

Қалау барда бөгеуден тағдыр алшақ,
Жалғыз жүре берем бе жаңбыр аңсап?
…Мұңның бәрі мың жұлдыз асар еді,
Түннің бәрін екеуміз ән қыла алсақ..

Өлеңді жазған: Рахат Әбдірахманов

Сурет: webcommunity.ru