Түн…Қала…

Түн...Қала...

Түн…
Тыныш көрінгенмен,
тыным қашқан…
Кешегі әуен бөлек…
Бүгін басқа ән.
Жұлдызға ұмтылады жұмыр басым,
Түбіме жетер менің түбінде аспан…

Үйлермен тіресіп ап биік-биік,
Сұр бұлт тұр кеудеме күйік құйып!
Санамда сонау күнгі қиял-арман,
Заманға тұрса дағы иық тиіп…

Таста мұң…
Тақтада мұң…
Таспада мұң…
Көшесін мұң тербеп тұр астананың.
Ешкімге керек емес ет-жүрегің,
Ешкімге қызықты емес қас-қабағың…

Шамам бар…
Шаттанып ақ көсілер ем,
Мұндайда қоса мұңды досым өлең!
Әлі де бар еді ғой әңгімеміз,
Бәрі де шешілді ме осыменен?

Жүзінен жасырылмас сыры ұшқындай,
Күлімдей қарағанмен күміс нұрлы Ай,
Мұңымды біліп алып ол да менің,
Жырымды қоса оқиды тыныш тұрмай…

Түн…
Тыныш көрінгенмен,
тыным қашқан…
Кешегі әуен бөлек…
Бүгін басқа ән.
Жұлдызға ұмтылады жұмыр басым,
Түбіме жетер менің түбінде аспан…

Өлеңді жазған: Рахат Әбдірахманов

Сурет: gallery.dviger.com