Қайшымен тұсау кеспеген

Қайшымен тұсау кеспеген  Бала өміріндегі тағы бір ерекше аталып, үлкен той қылып өткізетін салттардың бірі – тұсаукесер. Тұсаукесер – бала өміріндегі үлкен белестің бірі. Өйткені баланың бауырын жазып, қаз-қаз тұрып, бір аттап, екі аттаған кезде тұсауын кеседі. Өзге ұлттың баласының тұсауын кеспесе де жүгіріп кетеді, ал біздің қазақтың баласы тұсауы кесілмесе сүріншек болады екен…

   Ала жіптің сыры

Тұсаукесердің әр жерлерге байланысты кішігірім өзгешелігі болмаса, негізгі мән-мағынасы бір, яғни баланың алғашқы қадамына мән беру, тілек тілеу. Баланың тұсауын ала жіппен кеседі. Ақ жіп пен қара жіптің екеуін айқастыра отырып есіп, ала жіп дайындалған. Бұл – өмір-тіршіліктің нышаны. Өмірде барлығы қос-қостан жаратылған әрі ылғи қатар келіп отырады. Айталық, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық, қараңғы мен жарық, ыстық пен суық, ең бастысы, ер мен әйел… Бұлар қатар жүреді, бірінсіз бірі болмайды.Тек бір Алла ғана жалғыз. Ала жіптің негізгі мәні осында. «Кісінің ала жібін аттамасын, ұрлық қылмасын, қиянат жасамасын, жаман жолға түспесін» деген себеппен ала жіп дайындайды» деген түсінік бар. Өкініштісі, мағынасы тереңде жатқан дүниені осылай біржақты түсініп, «біреудің затын ұрламасын» деп қана «тұсау кесіп» жүрміз. Бұл – жаңсақ пікір. «Жақсылықта асып-тасымасын, жамандық көрсе, жабырқап-жасымасын, қуанышты күндерінде асылық жасамасын, қиыншылық басына түскенде еңсесі түсіп басылмасын, екеуінен тең өтсін» деген тілекпен қос-қостан келетін Жаратылыс заңының белгісі ретінде ала жіп таңдалып, баланың тұсауын кескен. Қазір тұсауды қайшымен кесіп жүр. Бұл дұрыс емес, өйткені баланың өмірі қайшыланып қалады, ал баланың алғашқы қадамын қайшылаудан бастасақ, ары қарайғы өмірі де күрделеніп, кедергілері көп болуы мүмкін. Сол себепті қайшымен кескенді қазақ қош көрмеген, тек өткір пышақпен шорт кесетін болған. Бұған да мән беріп қарайтын кез келді.

  Әжелер тұсау кеспеген…

Қай кезден бастап жаппай үрдіс алғанын білмеймін, бұл күндері қарап отырсаңыздар, тұсауды көбінде жасы үлкен әжелерге, кейуаналарға кескізіп жүрміз. Осыған жете мән беріп көрдік пе? Жүрісі ауырлаған қарт әжеге немесе ілби басатын кейуанаға тұсау кескізгенде, бала қалай жүріп кетеді деп ойлайсыз?! Осындай келеңсіздікті әсіресе телеарналарда көп көрсетеді. Сөз жоқ, ала жіпті көпті көрген, талай немере-шөбере сүйген әжелер әдемілеп ақ батасын беріп, баланың аяғына байлап береді. Ал тұсау кесетін адамды ата-ана алдын ала сайлайтын болған. Қыз бала болса, қимылы ширақ әрі пысық, ақжарқын мінезді, көпке қадірлі, ісін тиянақты әрі тындырымды атқаратын елге сүйкімді келіншектерге, ұл баланың тұсауын «пәленше ағасындай сері болсын, үлкен азамат болсын», «анау ағасындай саятшы, аңшы болсын» дегендей ел аузында, елдің алдында жүрген ер-азаматтарға кескізген. Бір жағынан, халқымыздың ырымшылдығы шығар, бірақ қалай дегенмен өзіміздің ата-бабамыз істеп келе жатқан салттың астарында үлкен мән, әдемі тілек, жақсы ниет жатыр. Ала жіп байланып, баланың тұсауын кесер алдында бір топ баланы жүгіртіп жібереді екен. Сол балалардың алдында озып келе жатқан екі бала таяған сәтте-ақ тұсауын кесіп жіберетін болған. Содан кейін ентігіп жүгіріп келген екі бала екі жағынан баланың алақанын алақандарына түйістіріп, уыстарына толтыра ұстап, дедектетіп ала жөнелген. Өйткені жүгіріп келген балалардың қаны қызып, күш-қуаты тасып, екпіні артып келді. Алақан арқылы осының барлығы тұсауы кесілген балаға, айталық, екпіні, күші, яғни энергиясы өтеді екен.

                                                                          Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: kazakh-tili.ru