Қазақ халқы әу бастан-ақ балаларын әдемі, бойына қонымды етіп киіндіріп, сәндік бұйымдарға көп мән берген. Өйткені балаға тікелей қадалатын жанар, көздегі назар күші алдымен киімге, әшекей заттарға түседі. Кейде өте әдемі балаға жөнсалдау, қоңырқай, жұпынылау киім кигізіп қоятын да болған. Қазір, Құдайға шүкір, ақшаң болса, бала киімінің небір түрін таңдап алуға болады. Бірақ кейде орынсыз шектен шығып та жүрміз. Олай дейтінім, 6-7 жасар бүлдіршін қыздарға үлкендер киетін сәнімен тігілген кеудесі кереқарыс ашық, жеңсіз қымбат көйлек, шынтағына дейін капрон қолғап кигізіп жүрміз. Ол аз болса, шашын бойжеткендерше төбесіне түйіп, ерніне – далап, қабағының үстіне – жылтырақ бояу, бетіне грим жағатын әдет шықты. Мұны кез келген той-думанда, балалардың концерттерінде көруге болады. Титімдей кезінен бояу жағылған соң, 16-17 жасқа келмей-ақ терісі ескіріп, олар табиғи нәзіктіктен айырылары анық. Әр нәрсе өз уақытымен, жолымен ылайықты. Жас балалардың бейкүнә періште қалпына, Алла жаратқан пәктігіне ерте қол сұғудың қажеті бар ма?! Қызық үшін басқадан ерекшеленіп, «мәдениетін» көрсету үшін кішкентай өрендерді жасандылыққа үйреткеннен не ұтамыз? Әсіресе жас ата-аналар осыны бір сәт ойлаулары керек-ақ. Айтпай кетуге болмайтын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Бүгінде қасиетті ислам дінін бетке ұстап, қазақтың табиғатында болмаған, салтында кездеспеген арабтардың хиджаб деген киімі жайлап бара жатыр (бұл – үлкен тақырып, бөлек әңгіме). «Бояушы «бояушы» дегенге сақалын бояйды» дегендей, басқамыздан «артық» мұсылман екенін көрсеткісі келген қыз-келіншектер өздерінің тұмшаланғанын аз көргендей, 4-5 жасар кішкентай қыздарына да хиджаб кигізетін болды. Байғұс бала не адымдап жүре алмайды, не асыр салып секіре алмайды. Арқа-жарқа ойнап жатқан балаларға мөлие қарап, шұбатылған қара көйлекке шырмалып тұрады. Әрине, ата-ана өз баласын қалай тәрбиелеймін десе де, еркі біледі. Бірақ өз басым, өзі үшін шешім қабылдай алмайтын бейкүнә бүлдіршіннің қайталанбас балалық бал дәуренін ұрлап, «балалық шағың – патша тағың» деген бабалар даналығын аяққа таптауды мұсылмандық дей алмаймын.
Зейнеп АХМЕТОВА
Суреттер: Интернеттен алынды