КИІМ КӨП, КИЕТІНІ ЖОҚ

КИІМ КӨП, КИЕТІНІ ЖОҚ

Шкафтың есігін ашып, ары қарап, бері қарап, «киетін дым жоқ» деген ойға қалу – барлық әйелдерге тән әдет. Кеше ғана осы сөрелерге жаңа киімдерді сүйсініп отырып жинаған сияқты едіңіз, бірақ, қазір киетін киім жоқ. Себебі не? Киім таңдауда бой алдыратын  бірнеше қателіктерге назар аударыңыз.

 

Сатылымдар

            «Қандай әдемі жейде?! Өзі тым арзан екен. 50 % жеңілдікпен сатылып жатыр. Аламын! Мынаны да аламын! Мұндай мүмкіндік күнде бола бермейді. Ой, мынау тіптен керемет екен, мұны да алайын». Дәл осы жерде тоқтай қалыңыз! Ия, жейделер өте әдемі. Бірақ, оның бәрін немен киесіз? Соларға сай келетін шалбарыңыз не белдемшеңіз бар ма? Мүмкін сізге жейде емес, жаңа аяқ киім не көйлек керек шығар?! Ақшаңыздың сарқылғанын күтпей, өзіңізге қажетті киімді таңдауға асығыңыз.

            Сән қуу

Сәннің соңынан қуып жеткен ешкім жоқ, ілесе де алмайсыз. Және сәнге айналған дүниелер сапасына қарамастан қымбат болады. Анығына келгенде, сән – ақшалылардың ойыны. Бүгін — мынау, ертең — анау, үшінші күні — мүлде басқа. Әйелдерге ең тиімдісі — өзіне ұнамды стилінде гардеробын молайту, жаңарту. Бұл жағдайда үнемі киімдеріңізді ауыстырып киіп отырасыз және «жаңа стилдегі киімдерім жараспай қалмай ма» деген ой болмайды.

            Киім таңдаудағы асығыстық

Киім таңдауда үнемі асығыс шешім қабылдап жатамыз. Сатушы өйтіп-бүйтіп көндірді. Шаршап тұрған құрбыңыздың «әдемі жарасады» деген сөзіне сендіңіз. Анаңыздың талғамына сай келді де, таңдауын қабылдай салдыңыз. «Осынша уақытымды текке кетіріп, үйге құр қол қайтамын ба» деген ойдың жетегімен бір көйлекті алдыңыз. Соңында үйге келесіз де, айна алдында тұрғанда, жаңа киіміңіз көңіліңізден шықпайды.

            Түрлі стилдегі киімдер

Жұқа ақ жейде + джинсы белдемше + ұзын жемпір + спорттық кеудеше + жеңіл аяқ киім = қымбат және ешқайсысын сәйкестіріп кию мүмкін емес. Дүкенге бет алған бойда қандай стилдегі киім алу қажет екенін жоспарлап алған дұрыс. Және сол стилдегі киімдерді ғана киіп көруге тырысыңыз.

            Еліктеушілік

Сәнді журналдарды, керемет жарнамаларды көріп алып, сол қыздың үстіндегі киімді алғанша, тыншымайсыз. Ол киімді не соған ұқсас киімдерді іздеп тауып, сатып аласыз. Ол сізге жараса ма, жоқ па, тағы да үйге келгенде білесіз. Киім сіздің ішкі жан-дүниеңізбен де астасып жатуы тиіс. Адам көркі – шүберек  демекші,  біреудің үстінде әдемі көрінген киімді емес, өзіңізге сай «көрікті» таңдаңыз.

            «Версачи», «Гуччи», «Армани» және «Шанель» — сиқырлы сөздер

Жоғарыдағы брендтер кез келген әйелдің құлағын елең еткізіп, көңілін өзіне бұрып тұрады. Қаншама әйелдің аузының суын ағызған атақты маркалар. «Осыларды мен де мақтана киіп жүрейінші» деген сияқты ойлардан аулақ болыңыз. Сапасы бағасына сай келе ме? Мүмкін бұдан да арзан, бұдан да сапалы, көп киюге жарамды киімдерді табарсыз?! Ойыңызды әбден пысықтап алған жақсы.

 Таңдаған киіміңіз қонымды да жарасымды болсын!

wewomen.ru


ӘДЕМІ ТОРДЫҢ ТАРИХЫ

Гардеробымыздағы мойын орамал, көйлек, жейде, сөмкеміздегі түстері үйлескен торды мақтанышпен киіп жүрміз. Тіпті сәннен әлі хабарсыз болса да, кішкентай сіңлілеріміз «О, мынау Burberry ғой!» деп, жал ете қалады. Ерлер киімінің жағасында, жеңінде, қалтасында «таныс» тордың элементтерін көріп қалсақ, ол жігіттің талғамын жоғары бағалай бастаймыз. Сатушылар да осы тордың қазіргі таңда мол сұраныста екенін ұтымды пайдалануда.
Ал сіз осы Burberry торының қалай кең таралып кеткенін білесіз бе?
Жалпы Burberry брендінің тарихы 1856 жылдан басталған. 21 жасар Томас Барберри атты жігіт өз қаласында дайын киімдер сататын шағын дүкен ашады. Бірнеше уақыттан соң дүкеннің ауқымын кеңейтіп, үлкен киім сату орталығын иемденеді. Өз тәжірбиесінде Томас су өткізбейтін мата – габарин тоқу технологиясын игеріп, одан сырт киімдер тіге бастайды. Сырт киімнің астарын төрт түс үйлескен торлы матадан тігеді. Ол түстер: қызыл, қара, сарғыш және ақ.
Астар болған торлы мата Англия халқына жылы әрі жұмсақ үй пледін еске түсіргендіктен, сұраныс арта түседі. Burberryдің классикалық торы сауда маркасы болып тіркеледі де, халыққа мойын орамал, қолшатыр, қол сөмкесі сынды аксессуарлар ұсына бастады. Өз тауарларының қорын молайту мақсатында Томас 1990 жылдары басқа ірі компанияның дизайнері италяндық Роберто Манчеттиді жанына жұмысқа алады. Манчетти Burberry торына жаңа өмір әкелді. Ол халыққа ерекше үлгідегі киімдер ұсына бастады, бұл әсіресе жас тұтынушылардың назарын аударды.
Burberry торының беделі сән әлемінде шарықтай берді. Он жыл ішінде ең үздік классикалық дизайн, ең үздік заманауи дизайн деген марапаттауларға ие болып үлгерді.
2006 жылы Burberry фирмасы өзінің 150 жылдық мерейтойын атап өтті.
Сіз бен біз ұнататын жылы түске ие Burberry торының тарихы осындай.