Міне, бүгін сен үй болдың…

Міне, бүгін сен үй болдың...Адамның мінезі деген белгілі бір қалыпқа құйып шығара салатын бұйым емес. Ол әркімнің өзінің алған тәлім-тәрбиесіне, көрген-білгеніне, ақыл-ойына, әр нәрсені салғастырып, өзін тежеп ұстай білуіне байланысты.

Өмірлік серігім деп бас қосқан жарыңды сыйлап, күте білу, оның артық-кемді мінездеріне түсініп, кешірімді болу – кішірейгендік емес, әдептілікке, білімділікке жатады. Ондай әйелдің семьяда, жолдас-жораларының арасында беделі жоғары, басы сыйлы болады. Әйел адам еркекті ашумен, бейпіл сөйлеп, беттен алумен жеңе алмайды. Ондай мінез жақсы жардың жанын жаралап, көңілін қалдырады. Халқымыздың «жақсы әйел жаман еркекті адам етеді, жақсы еркек жаман әйелді адам ете алмайды» дейтін мақалы осындай өмір шындығынан алынған болса керек.

Үлкен кісілер жас келінге риза болған жағдайда: «қосағыңмен қоса ағар, шырағым» деп батасын береді. Бұл сөзде де үлкен мағына жатыр. Бұл – тату-тәтті семья болып, сүйген жарыңмен жарасымды өмір сүру деген сөз. Мен де қыздарыма сол сүйген жарыңмен жарасымды өмір сүре біл дер едім.

Міне, бүгін сен сүйген жарыңа қосылып, өз алдыңа шаңырақ көтеріп, отау үй болдың. Отау иесі болу да оңай мәселе емес. Отау үйдің де, үлкен үйдің де өзіне лайықты әрқилы тірлігі, келетін қонағы, ағайынмен қарым-қатынасы болады. Солардың бәрінің де жөнін біліп, жолынан жығылмай отыру халқының салт, дәстүрін білуді талап етеді. Әрине, ондай салт, дәстүр дегенді адам іштен біліп тумайды, «көре-көре көсем боларсың…» дегендей, күнделікті өмірден, өзінің өсіп-өнген ортасынан, өзі қызмет істеген жердегі коллектив мүшелерімен, құрбы-замандастарымен араласу, бір-бірімен сырласып, ақыл-кеңес алу арқылы үйренеді. «Біз өз алдымызға үй болдық, енді ешкімге бағынышты емеспіз» деп, ұшқан ұяңды, аялап өсірген ата-анаңды ұмытып кетпей, демалыс күндерінде болсын, жұмыстан қалт етіп қолың босай қалған кезде болсын, оларға барып сәлем беріп тұрсаң үлкен кісілер соған да мәз болып, бір жасап қалады. Істелмей жатқан қатты-қайырым жұмыстары болса, істеп беріп кетсеңдер, анда-санда үйлеріңе шақырып, ақ дастарқандарыңды жайып, адал ниетпен дәс татырып тұрсаңдар, ауырып-сырқап қалған жағдайда барып көңілін сұрап, немесе дәрігерге апарып көрсетіп тұрсаңдар ананың ақ сүті мен әкенің адал еңбегін ақтағандарың сол болады.

Отау үйге жастар, яғни өз замандастарың көбірек үйір болады. Ол заңды да. Күйеуің даладан жолдастарын ертіп келгенде, оларды жылы жүзбен қарсы алып, сыйлап жөнелтсең, жігіттің жаны жадырап, көңілі көтеріліп қалады. Ал егер сен олар келгенде қабағыңды шытып, ас үйде аяқ-табағыңды салдырлатып жүрсең, келген қонағың еңсесі түсіп, үйіңнен шығып кетудің амалын қарастырады. Мұндай жағдайда қонақ кеткенннен кейін араларыңа кикілжің туып, жарыңның көңілі суыйды. «Үйге келген қонаққа тамағыңды берме, қабағыңды бер» деген нақыл бекерге айтылмаған. Үйге келген кісіні, мейлі ол туысқаның болсын, мейлі замандасың болсын, жарқын жүзбен қарсы алып, құрметтей білген жөн.

Кейде тіпті үй ішіндегі ұсақ-түйектер – киім-кешек, төсек-орынды таза ұстау, ыдыс-аяқ жуу, ас пісіру сияқты шаруалардың өзі де жас семьяның шырқын бұзуы мүмкін. Ұсақ-түйек дегенмен осылардың өзі де күнделікті тұрмыста қажетті шаруа болғандықтан отау иесінің бұларды да дұрыс игере білгені жөн. Қысқасы, әйел адамға сын да көп, мін де көп. Өйткені, оның үй шаруасында атқаруға тиісті жұмыстарының өзі басындағы шашынан асып жатады.

Қай заманда болса да семья бақыты әйел-анаға байланысты. Сондықтан әрбір әйел өз отының басын қоқытпай, үй ішін сәндеп жинау, ыдыс-аяғын таза ұстау, дәмді тамақ пісіруді өз міндетім деп түсінуі керек.

Жамал Байжанова «Семья бақыты» кітабынан үзінді.

Write a Comment

Your e-mail address will not be published.
Required fields are marked*