Қыс мезгілі келісімен шашымыздың «ауа райы» да өзгере бастайды. Үйдегі, ғимарат ішіндегі жылу жүйесінен бөлінетін құрғақ ауа салдарынан шаш құрғайды, электрленеді, оған көшедегі аяз соққысы қосылады. Нәтижесінде майлы шаштар одан сайын майланып, құрғақ шаштар тіптен өңінен айрылады, ұштанады, көп түседі.
Қыстың қыңыр мінезді күнінде де шашыңыздың жібектей жұмсақ болып, жылтырап тұруын сақтаудың бірнеше амалдарын жадыңызда жаттай жүріңіз.
Бас киім. Аяздан қорғайтын бас киімді киіп жүру өте қажет екенін жақсы білсек те, көбіміз кимейміз, шашымыздың үлгісі бұзылады не жалаңбас жүру әдетке айналғандықтан ұмытамыз.
Бас киім сізді суықтан келетін аурулардан сақтап қана қоймай, шашты төмен температураның зиянынан сақтайды. Бір айта кететіні, бас киім басқа ауа өткізбейді де, бас терлейді, шаштың өсуі баяулайды және ауа аз жететін шаштың өңі қашады. Шашыңыздың электрленіп, киімге, денеге жабысып, ұшып тұруына бірден-бір себепкер – синтетикалық материалдан тігілген, өте қалың бас киімдер. Мүмкіндігіңізше сапалы матамен астарланған бас киім таңдауға тырысыңыз. Бас киім киюді ұнатпасаңыз, басыңызға міндетті түрде мойын орамал (шарф) не орамал орап жүріңіз. Онда шаш арасында қалыпты температура орнап, басыңыз демалады. Қысқа шаштарды бас киім толық жауып тұрса, ұзын шаштың ұшын сырт киім сыртына жіберіп қою өте әдемі көрінгенімен, аязда ашық тұрған шашыңыз ылғалдығын жоғалтып, сынғыш болады, түседі. Сондықтан шашыңызды толықтай суықтан қалқалап жүріңіз.
Шаш үлгісі. Ғимарат ішіндегі жылуды үнемі дала аязы алмастырып, температура тез алмасып отырғандықтан шашымыз «ауырып» қалады. Шашты қыс аясында бояп, химиялық шаш үлгілерін (химиялық жолмен бұйралау, тегістеу) жасау ауру үстіне ауру қосады. Көктемге дейін шашыңызға химиялық қоспасы бар дүниелерді жақындатпай, күте тұрғаныңыз өте дұрыс болады. «Ауырып» жүрген шашыңызға түрлі шаш үлгісін жасау үшін үтіктерді, бұйралағыштарды (плойка) пайдалану жағдайды одан ары ушықтырып жіберетінін түсініп отырған боларсыз?! Әлсіз шаштарыңыз лезде бұзылса, көңіл-күйіңіз де болмайды.
Қыста шашты қалай жуу керек? Қыс мезгілінде шашқа жақсы күтім жасаудың тағы бір жолы – шашты салқын сумен жуу. Шашты кептіруге арналған феннің ыстық температурасы шашқа қандай зиян болса, ыстық су да солай зиян, шаштың қорғаныс қабатын азайтады. Шаш кептіргенде шұғыл жағдай болмаса, фенді қолданбауға тырысыңыз және феннің салқын температуралы ауа желдеткішін қолданғаныңыз абзал. Бірақ, толық кеппейінше, далаға шығып кету – шашыңызға жасалған қастандық.
Арнайы қыс мезгілінде жууға арналған сусабындар мен бальзамдарды қолданыңыз. Аптасына кемінде бір рет емдік маска жағып отырыңыз. Бұлардың бәрі шаштың ылғалдылығын сақтауға көмектеседі.
Металлдан жасалған тарақты қыста ғана емес, өмірде мүлде қолданбаңыз. Әдеттегі пластмасса тарағыңызды ағаш тараққа ауыстыруға тырысыңыз: шашыңыз тез таралады, аз электрленеді. Айтпақшы, шашыңызды себепсізден себепсіз тарай беру де зиян көрінеді. Оның орнына қолыңызбен бас терісіне массаж жасасаңыз, басыңыздың қанайналымы жақсара түседі.
Жаксы акпарат екен
Кандай пайдалы акпарат екен. Енди уктым неге шашим бир турли болып кетти 🙂
ал сонда меним шашым неге тусе берет
шашты калай кутуге болады
Жанагы создерден шашыма кутим жасайтын болам.Шашты калай осируге болат?
Менин шашымнын арасына жара шыгып кете береди,канша емделдим,брак кайтадан шыга береди.не истесем болады?шашымды сол ушин киып тастадым.