БЕСІК ПЕН ШАҢЫРАҚ – КИЕЛІ ҰҒЫМ

БЕСІК ПЕН ШАҢЫРАҚ – КИЕЛІ ҰҒЫМ        Халқымыздың дарқан көңілі мен көл көсір пейіліне қарай біздің жеріміз де ұлан-байтақ кең далаға, өзен-көлге, орман-тоғайға бай. Халқымызбен бірге жасап келе жатқан небір әдемі де айшықты салттарымыз жетерлік Соның бәрінің көзін тауып, ретін келтіріп кешегі құндылықтарымызды бүгінгі жақсымен ұштастырып, тұрмысымызға енгізгеніміз дұрыс. Біздің салтта бәрі бар әрі текті, барлығының ізгі ниеті мен астары бар. Өзімізге мүлде жат әрі болмаған өзгенің салтын тықпалағанша, өзіміздің таным-нанымдарымызды насихаттасақ, ұрпақ алдындағы борышымызды өтеген болар едік.

        Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бірімен-бірі байланысып, ұштасып жатады. Осынау қасиетті үш затты қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған әрі күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған. Неге? Өйткені кез келген үй табалдырықтан басталады, отыңның басы сол табалдырықтан бастау алады. Ал бесікпен сенің ұрпағың, әулетің өседі. Бесік – киелі мүлік. Біз өмірге жаңа келген баланы періштеге балаймыз. Дүниеге жаңа келген бала періштедей пәк, таза. Сәби мен періштенің аты қатар аталады, сондықтан да бесікті қазақ таза ұстаған. Бесіктің бірде-бір затын кірлетпейді. Шаңырақпен еңсең биіктейді, түтінің шығады. Кей өңірде тым ескірген шаңырақтан ләйлекке (айст) арнап ұя жасайды. Бабаларымыз, осылайша, бір кездері түтіні шыққан шаңырақты да ендігі жерде балапанын өрбітетін құстың мекеніне, ұясына айналдыра білген. Шаңырақты қиратып кететіндер де болған, «шаңырағын ортасына түсірді, бесігін бұзды» деп жатады. Бұл – дұшпанның ісі.

       Бұрындары адамдар сырттан келгенге «ауылда осынша шаңырақ, осынша түтін бар» деп таныстырып жатушы еді. Түтіні шықпаған, ешкімі қалмаған үйді «оты өшті» деп жатады. Немесе қайсыбір асып-тасып тұрғандарға «әй, шаңыраққа қара» деп жатамыз. «Түтінің түзу ұшсын», «шаңырағың биік болсын» деп бір-біріне жүрекжарды тілегін айтатын да – біздің дана халық. Бүгінде осындай әдемі де астарлы сөздерді «жанұя» деген мағынасыз сөздің басып жатқаны өкінішті-ақ.

   Зейнеп АХМЕТОВА

 

Leave a Comment