Расында, бүгінде көп балаларды «уызға жарымағандар», «емшектің сүтін тауысып ішпегендер» деп айтуға дәлел жетіп жатыр. Шыны керек, әсіресе, Кеңес Одағының кезінде перзентханаларда баланы анасына үш-төрт күннен кейін бір-ақ көрсеткен. Ол екі аралықта ананың уызы кетіп қалады. Арнайы шыны құтыға сауып берген сүтті балаға берген-бермегенін кім білсін… Бүгінде бала туыла салысымен анасының жанында болады, яғни баланы уыз сүтімен тойдыруға толық мүмкіндік бар.
Ертеректе қазақтың келіндері баланы міндетті түрде 1,5-2 жасқа дейін емізген. Неғұрлым сүтті қалдырмай қақтап емсе, ана да сау болады әрі бала да жақсы жетіледі. Бүгінгі келіндеріміз, керісінше, бір-екі айдан соң-ақ баласын емшектен шығаруға асығады. Дәрігерлердің дабыл қағып айтып жүрген төс ауруларының көбейіп кеткені жайлы естіп те, оқып та жүрміз. Түптеп келгенде, бұл – баланы емшектен ерте шығарғаннан пайда болатын кесел. Қазір балаларға арналған жасанды тамақтың түрінің көптігінен де келіндеріміз соған сүйеніп алған, емізгілері келмейді. Соның салдарынан қазір әлжуаз, аурушаң бала көп. Өз басым, ел аузындағы аңыз-әңгімелерде суреттелетін алып батырларымыздың тұлғасын кітаптан ғана оқып қаламыз ба деп қорқам. Өйткені ұрпағымыздың ұсақталып, майдаланып бара жатқаны – уыз сүтке тоймағанның, емшек сүтін ұзақ ембегеннің салдары. Бүгінгі әскер қатарына шақырылғандардың көбінің әскерге жарамсыз болып жатқанының бір ұшы осында жатыр. Қанша жерден өркениетті елміз, білімді ұрпақ өсіп жатыр дегенмен «әжелер университетінің» ұлағаты мол тәлім-тәрбиенің қайнар көзі екенін ұмытып жатамыз.
ЖАСАНДЫЛЫҚҚА БОЙ ҰРҒАННАН ҰТАРЫМЫЗ НЕ?
Он-он бес құрсаққа дейін көтеріп, он шақты баланы дүниеге әкеліп, салт-дәстүрден ажыратпай, ұрпағына тектік қасиетті сіңіріп өсірген әжелеріміздің бүгінгі келіндері жайлы ауыз толтырып айта аламыз ба? Қазақ әйелдерінің өмірге бір-екі бала ғана әкелуінің себебі неде? «Балалы үй – базар» дейтін ата-бабамыздың бүгінгі ұрпағы көпбалалы болудан неге қашады? Құдайға шүкір, бүгінде 4-5 баланы дүниеге әкеп жатқан келіндер баршылық. Бір кездері қазақ отбасыларының, әсіресе қалалық қазақтардың «бір бала – аз, үш бала көптік етеді, екі бала жетеді» деген кертартпа ұғымына қарсы келіп, бала санын шектемейтіндердің қатары, құдайға тәубе, көбейіп келеді. Айналып келгенде, «байлықтың еріп кетер мұз екенін» қазақы болмысымызбен мойындап, соңында қалар ізі – ұрпағының көп болуына саналы түрде мән беретін отбасылар санының көбейгені көңіл қуантады. Бірақ кейінгі кездері белең алып бара жатқан бір жай мені аз ойландырмайды. Ол – бүгінгі келіндеріміздің көпшілігінің «кесер тілігі» арқылы босанатындығы. Мені алаңдататыны – табиғи толғақтың орнын дәрі егу арқылы жүзеге асыратын жасанды толғақтың басып жатқандығы, яғни келіндеріміздің көп жағдайда баланы жарып алуға келісетіндігі. Неге екені, бүгінгі келіндеріміздің көбі «кесер тілігі» арқылы босануға келіседі әрі көп жағдайда дәрігер де соған үгіттеуге «әуес». Бала бойына біткен жас ананың санасына арнайы тіркеуге алынған күннен бастап, солай сіңіріп, баланы жарып алуға бейімдейтіні өкінішті. Ал біздің қазақта жаныңды азапқа салатын толғақ босана сала ұмытылатын «ұмытшақ» ауру болып саналған. Сүйегің сынып кетердей сырқырап, жаныңды көзіңе көрсетіп ауыртатын бұл «ауру» өмірге перзентіңді әкелген минутта-ақ ұмытылады. Бебеулеткен азапты аурудың соңы тілмен айтып жеткізе алмайтын құдіретті сезімге ұласатынын сәбиін тоғыз ай көтеріп дүниеге өзі әкелген кез келген ана біледі. Кез келген ана перзентін дүниеге әкелген сәтте-ақ біраз уақыт бұрынғы бастан өткерген толғақ ауруын ұмытып үлгереді. Өйткені жаңағы адам айтқысыз «ауруды» одан да құдіретті, одан да ғажап ана деген ат, аналық ұлы сезім басып кетеді. Құрсағын жарып шыққан сәбиінің аман-есен өмірге келгенінің өзі-ақ ащы толғақтың азабын ұмыттырып жібереді. Бұрынырақта тұңғышына аяғы ауыр келіндерден әжелеріміз ақыл-кеңесін аямаған. Басынан өтер ащы толғақтың уақытша екенін түсіндіре білген. «Итке кет деме», «түйенің етін жеуге болмайды» деп сақтандырып, ырым қылса, бір жағынан, ақ алғысты атанған келіндерге кемеңгер әжелеріміз «жаратқан оң толғағын берсін» деп батасын беріп, қол-аяғын аман-есен бауырына алуын тілеген екен.
Бір өкініштісі, бүгінде көп келіндеріміз толғақты ауырсынып, табиғаттың құдіретті сыйынан саналы түрде бас тартып жатыр. Мені таңдандыратыны – бар болғаны 21-22 жастағы тұңғыш баласын дүниеге әкелетін жас аналардың осыған келісетіні. Барлығы емес, бірақ көптеген келіндеріміз табиғи түрде өмірге бала әкелуден бас тартады. Олардың дүниеге перзент әкелу сәтінде бастан өткеретін жаратылыстың құпияға толы сырын білуге ұмтылмайтындығы, «кесер тілігіне» оп-оңай келісе салатындығы ойландырады.
Зейнеп АХМЕТОВА
Сурет: vse-pro-detey.ru