«ЕТЕККІРІМ НЕГЕ КЕШІКТІ?»

"ЕТЕККІРІМ НЕГЕ КЕШІКТІ?" Етеккірдің кідіруі – барлық әйел атаулыға таныс құбылыс. Бұл жағдай қыздарға түсініксіз болып көрінсе, әйелдер бірден «аяғым ауырлап қалды ма екен» деген сұрақты ойына алады. Дегенмен, етеккірдің кідіруіне бірнеше себептер ықпал етеді.

Орта есеппен алсақ, қыздар он екі жасқа келгенде, етеккірдің белгілері басталады. Алғашқы кезеңде етеккірдің келу уақыты бір қалыпқа түспегендіктен кем дегенде жарты жыл бойы ауытқушылықтар болады. Ал кей қыздарда бірден жүйелі түрде келе бастайды. Қыздың жыныстық организмі бір жүйемен қалыптасқанша болатын ауытқушылықтар қорқыныш тудырмайды, оған еш алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл құбылыстан бөлек, етеккір кідіруінің бірнеше себептері бар.

Барлық әйелдің ойына бірінші келетін себеп – екіқабат болу. Бұл – төсек қатынасына түсетін әрбір әйел үшін өзекті жағдай. Тіпті төсекті анда-санда «көретін» әйелдердің өзінде екіқабат болып қалу ықтималдығы бар. Аяғыңыз ауырлап қалды  деген ойда болсаңыз, арнайы тесттің не дәрігердің көмегіне жүгініңіз.

Стресс.  Ия, ол шынымен де әйел организіміне әсер етеді. Ми қабаттары арқылы әйел органдарында ауытқулар болады. Тіпті өтпелі ашу-ыза, жабырқаудың өзі етеккірдің кешігуіне әсерін тигізіп жатады.

Денеге күш түсіру. Мысалы, сіз бірінші рет не ұзақ үзілістен соң спорт залға барсаңыз, етеккіріңіз кешігеді деп күте бергеніңіз дұрыс. Біраз уақыт денеңіз, бұлшықеттеріңіз «үйреніп» алғанша, солай болуы – қалыпты жайдай. Өйткені, сіздің бүкіл денеңіз, ағзаларыңыз «қимылдайды».

Тағы бір себеп – климаттық жағдай. Ұзақ сапар, қаладан қалаға көшу бәрі де әйел организімінің өзгеруіне әкеледі. Қоршаған ауа райы, оның ылғалдылығы мен құрғақтығы  – тікелей әсер ететін сыртқы факторлар.

Тым ұзаққа созылған диета. Егер сіз ұзақ уақыт ашығып не бірден өзіңізді барлық тағамнан шектесеңіз, ішкі ағзаларыңызға қажетті коректер мен дәрумендер дұрыс жетпей, зат алмасу мен ағза қызметінде кедіргілер туындайды. Сондықтан «бірден тереңге сүңгімей, таяздан бастаңыз».

Созылмалы және инфекциялық аурулар сөзсіз әсерін береді. Гинкологиялық аурулар, зоб аурулары да етеккірдің кешігуіне себеп болады. Тіпті, жасанды түсіктен соң да етеккірдің бір қалыпқа келуі біраз уақытты қажет етеді. Бұлардың бәрі әйел гормондарының өзгеріске ұшырауынан. Дұрыс күтініп, дұрыс емделген жөн.

Контрацепциялық дәрі-дәрмектер. Әйелді екіқабат болудан сақтайтын гормондық әсері бар дәрілерді ұзақ қабылдау барысында да етеккір кешігеді. Тіпті біраз айлар бойы жоғалып кететін жағдай да кездеседі. Дәрі қабылдауды тоқтату арқылы циклді қайта қалпына келтіре аласыз.

Қандай жағдай әсер етсе де, етеккіріңіздің кешіккеніне мазаңыз қашса, өзіңіздің сенімді дәрігеріңізге қаралғаныңыз – өте дұрыс шешім.

Дереккөз: Emde.kz – Етеккір не үшін кешігеді?

ЕКЕУДІҢ МҰҢЫ

Арамызда жылдар бар…

Шақырымдар…

Сосын.. «Өзге жан» деген жат ұғым бар.

… Мен Сізге бәрін айтып хат жазар ем,

Дәл соған жетпей отыр батылым да…

(Армандар, ах ұрыңдар!)

 

Арамызда Сезім бар…

Ұяң, нәзік..

(Кетсем бе екен алысқаа.. Қиянға азып?!)

… Өзіме естелік деп Жүрегіме,

Атыңызды мәңгілік қоям жазып.

 

Шаршап жүріп, күлемін. Жылап алам.

(Не қалды сонша мені сынамаған?)

… Арадағы қашықтық….

Түк емес-ау,

Үнсіздікке көнбейді…

Бұған адам.
Көктем келе жатқандай гүлсіз тіпті,

Түсіне алмай дал болдым Жыр, Сіз… Түкті!

Үндемей-ақ қойыңыз…

Үндемеңіз!

Үркітесіз мендегі Үнсіздікті…

Өлеңді жазған: Индира Кереева

ЕКЕУДІҢ МҰҢЫ

ДИЕТА? БАНАН КӨМЕКТЕСЕДІ

ДИЕТА? БАНАН КӨМЕКТЕСЕДІ

Қанша жесең де, семіртпейтін, толтырып жібермейтін не бар екен?  Қалай ғана лезде арықтауға болады? Осы мәселелермен басыңыз қатып жүрсе, сізге диетаның «дәмді» түрін ұсынамыз. Өйткені, банан – көпшіліктің тамсана жейтін жемісі.

Сонымен бірінші, бананмен ашығудың пайдасы неде?

Банан – ашығу кезінде қарныңыздың ашқанын қатты сездірте бермейтін жеміс. Яғни, тоқ жүресіз, «ішегіңізді тез шұрқыратпайды». Екіншіден, банан қант диабеті, асқазан жарасы (язва), гастрит, семіздік сияқты ауруларды емдеуде қолданылады. Демек, біз банан арқылы тек артық салмақтан арылып қана қоймай, организмді тазартасыз және біраз аурулардың алдын аласыз. Банан асқазаннан шырышты сөл бөлінуіне ықпал етеді де, жараның пайда болуынан сақтап тұрады. Банан құрамында табиғи қант, микроэлементтер, дәрумендер мол және мұнда калория көп болғанымен, диеталық тағамдар қатарына жатқызылады.

  1. Сүтті-банан диетасы. Бұл диетада бананды сүтпен не майсыз айранмен біріктіру қажет. Күніне үш банан және үш стақан сүт ішсеңіз, жетіп жатыр. Арасында қантсыз шәй не су ішуге болады. Бұл диета 3-4 күннен аспауы тиіс. Сол уақытта үш килограмнан бес килограмға дейін салмақ тастау мүмкіндігі бар және адамның организмі шлактардан тазарып қалады.
  2. Бананың көмегімен арықтаудың тағы бір жолы. Арықтаудың екінші жолы 5-7 күнге созылуы тиіс. Қай уақытта неше банан жесеңіз де өз еркіңізде, тек күніне 1,5 кг бананнан артық болмауы тиіс. Қантсыз шәйдің мөлшері де шектелмейді. Айта кететіні, банан құрамында белок өте аз, сондықтан күніне екі дана жұмыртқа жеу керек.

Бұл ашығудан соң ішкі организмдеріңіз тазарып, артық салмақтан арылып қана қоймай, бананға деген тәбетіңіз жоғалуы мүмкін. Сонда да мүлде бас тартып жүрмеңіз. Өйткені,  диета аяқтала салысымен баяғыша тоя тамақтанып, тастаған килограммдарды қайта қайтарып алуыңыз да мүмкін.

Сымбатыңыз сұлу болсын!  

Ақпарат www.aryktau.kz

«Құлақсүйінші» немесе құрсақтойдың қасиеті

Ата-ананың арманы
Қазақ – ерекше балажан халық. «Балалы үй базар» деп, баланың көптігінен үйі базардай шуға толып, «миы ашып» жатса да, көп көрмеген. Тіпті ырым етіп балаларының санын бадырайтып айтпаған. Сұрай қалғандарға «құдайға шүкір, біраз жаман қаралар бар ғой…» деп жорта жауап берген. Енді бір сәт әжелер «ғылымына» назар аударып көрейік. Ата-ананың ұрпақ жалғастығы дегенде тілеуі бітпейді. Өз баласын қанаттандырған соң, баланың баласын көруді көксейді. Әсіресе ұлы ержеткен ата-ана отау көтеріп, оң жағын қызартып келін түсіруді армандайды. Тіршілікте тірі адамның арманы таусылған ба, келін түсіп, басына бас қосылған соң, «балам балым, баламның баласы жаным» деп немере сүюді аңсайды. Жаңа түскен жас келінге қойдың ұлтабарын жегізіп ырым етуі де сол ақ ниетті ізгі арманның бір көрінісі. Үлкендердің жас келінге: «Көп жаса, үбірлі-шүбірлі бол! Етегің баладан кеппесін, ұл тап!» деп бата беруі де адам өмірінде ұрпақтың қаншалықты маңызды екендігін білдірсе керек.
Сөйтіп, келін түсіп бір тілегіне жеткен тілеуқор ана күн өткен сайын келіннің бойындағы, жүріс-тұрысындағы кішкентай өзгерістің өзін қалт жібермей, оның себебін турасынан сұрамай, жайлап, қамқорлығын жасай жүріп, бақылауға алады. Тек ене ғана емес, абысын-ажындары, ауылдағы жанашыр аналар «жақсылықтың нышаны қашан байқалар екен» деп күте бастайды.

«Құлақсүйінші» немесе құрсақтойдың қасиеті«Құлақсүйінші» немесе құрсақтойдың қасиеті
Күндердің күні келіннің асқа тәбеті соқпай, қалтарысқа жиі барып лоқсып жүргенін көрген әйелдердің бірі оның енесіне келіп, «келініңіздің құрсағы аққа жарыпты» немесе «келініңіз ақ алғысты болыпты» деп келіннің жерік екенін әдемілеп, астарлап жеткізеді. Қуанышты хабарды алғаш жеткізген адамға жөн білетін ене көңіл ризашылығын білдіріп, «құлақ сүйіншісін» береді. Жайды ұғар жақсы ене көптен күтіп жүрген жүрекжарды хабарды естіген соң бір шаршы ақ орамалды қара шаңырақ саналатын сол әулеттің үлкен үйінің оң босағасына апарып байлайды. Бұл тұңғыш перзенті бойына біткен келінді «ата-бабалар рухы қолдап-қоршап жүрсін» деген ізгі ниеттен туған ырым әрі келіннің аяғы ауыр екенін басқаларға да жеткізіп, жақсылықты жариялау. Сол ақ орамал белгісінен бастап, ауылдың үлкен-кішісі келінге болашақ ана ретінде қарап, көңіл демеуін, қол көмегін көрсетуді өздеріне парыз санаған. Парасатты ене арнайы дастарқан әзірлеп, «құрсақшашу» немесе «құрсақтой» деп аталатын дәстүрлі қонақтыққа ауылдағы әйелдерді түгел шақырған. Шақырылған әйелдер құрқол келмейді, әрқайсысы өз үйлерінен бір-бір тағам әкеледі.
Ондағы мақсат келіннің жерік асын табуға жәрдемдесу. «Құрсақшашудың» мәні де осында жатыр. Егер келін сол дәмдердің бірін сүйсініп жесе, тағамды әкелген әйелдің де қуанышы артып, көңілі асып-тасыған. Мүмкіндігінше келіннің жерігі басылғанша сол асты өзі даярлап берген. «Құрсақшашуда» келіннің аңсары ауған дәм табылмаған жағдайда да, жерік асты іздеу тоқтатылмаған. Ретін келтіріп қалайда табуға әрекеттенген. Бұған тек әйелдер ғана емес, ер-азаматтар да шет қалмай атсалысқан. Әсіресе келіншектің қайнылары, күйеуінің құрбы-құрдастары, дос-жарандары аңның, құстың еті секілді әуес дәмдерді тауып әкеліп, жәрдемдесе білген. Жерік ас кейде тосын, күтпеген нәрсе болуы да мүмкін. Ол болашақ ананың өз таңдауына байланысты емес, еркінен тыс болатын құпиялы құбылыс.
Ел ішіндегі аңыз-әңгімелерде жолбарыстың, қабыланның, аюдың, ұлардың етіне жерік болған аналардан туған балалар кейін алып батыр, ақылгөй дана болғандығы жайлы көп айтылады. Әрине, аңыз тарих емес, алайда әр аңыздың түбінде тарих жатады…

Зейнеп АХМЕТОВА

КЕЛІН ЖЫЛАСА, БАЛА ЖАСЫҚ БОЛАДЫ

КЕЛІН ЖЫЛАСА, БАЛА ЖАСЫҚ БОЛАДЫ

«Тұрмыс құрғаныма көп бола қойған жоқ. Барлығы жақсы. Еш уайымым жоқ. Тек… Қалай айтсам екен… Менің аяғым ауыр. Ішкенім бойыма сіңбей, еш нәрсеге тәбетім тартпай, әбден ығыр болдым. Дәрігерім «токсикоз» деп диагноз қойды. Оның уақытша екендігін, әлі-ақ бәрі жақсы болатынын айтып, жұбатады.
Үнемі көңіл күйім түсіп, жабырқап жүремін, тіпті ашуланшақ болып кеттім. Дәрігері жоқ, перзентханасы болмаған ата-бабаларымыз қалай өмір сүріп, жеңгелеріміз соншама баланы қалай өмірге әкелді екен?! Таңғаламын! Мен әлден шаршап кеттім. Күйеуім де, енем де менің ахуалымды байқамағансиды. Көзімнің жасын оңашада бір сығып алып, «әйелдік» және «келіндік» міндетімді ары қарай арқалап жүре беремін… Бірақ мен болашақ анамын ғой…».

Бұл көптеген сіңлілеріміздің басындағы жағдай. Мұндай әңгімелер бәрімізге де таныс. Әсіресе, қыз-келіншектер қауымына. Ананың көңіл күйі іштегі шаранаға әсер ететіні ғылыми түрде дәлелденген құбылыс. Алайда бала тәрбиесіне ерекше мән берген атам қазақ бойына бала біткен жас келінді тәрбиелеп, күтудің де өзіндік үлгісін қалыптастырған.

Іштен қыңыр туғанды тезге салсаң, түзелмес
Жас ұрпақ тәрбиесі бір сәт босаңсуды, бейқамдықты көтермейтін тіршілік-тынысымыздың аса өзекті тетігі болғандықтан ешқашан күн тәртібінен түскен емес. «Бір баланы адам етіп өсіргенше, бір шаһар опат болады» депті көне Шығыс даналары. Осы салыстырудың өзі-ақ баланың шын мәніндегі адам болып қалыптасуы қыруар тер төгуді, ауқымы кең, жауапкершілігі мол еңбекті қажет ететінін ұқтырса керек.
Қазір ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, сәби жарық дүниеге келмей тұрып, ана жүрегінің астында жатқан кезінен тәрбиені қабылдайды екен. Өзгені қайдам, біздің қазаққа бұл жаңалық емес. Олай дейтінім, ғылыми атақтан ауылы алыс, жазу-сызумен айналыспаған қарапайым әжелеріміз бүгінгі ғылымға азық боларлық, талай кітапқа беломыртқа болатын үлгі-өнеге, жөн-жобаны қалдырып кетіпті. Олар ұрпақ тәрбиесін, бала қамын іште жатқан шағынан бастау керектігін табиғи сезімталдықпен ұққан, бұлтартпай болжаған. Болашақ ананың сана-сезімі, ой-өресі, дүние танымы, айналасымен қарым-қатынасы, реніш-қуанышы, ішкен асына дейін тікелей іштегі шаранаға беріліп, оның туа бітетін мінез-құлқының іргетасы ана құрсағында қаланатынын атам заманнан жақсы түсінген. Яғни бала мінезінің қандай болып қалыптасуы ананың көңіл күйіне тікелей байланысты. Егер аяғы ауыр әйел немесе жас келін көп жыласа, бала жасық болып қалыптасады. «Іштен қыңыр туғанды тезге салсаң түзелмес» дейтін сөздің қос қыртысты астарын тәлім-тәрбие үлгісін тым ертеден бастау қажеттігін білдіреді.

Зейнеп АХМЕТОВА

ХАТ

Қал қалай, Өмірдегі сағынышым?

Хат жазбауға жетпеді тағы күшім.

Сені Өзім іздеймін, сол себепті,

Хабарласып тұрсайшы Жаным үшін….

 

Жақсы ма тірлік күнің, қалай бәрі?

Ақыныңның жанбай жүр оңай бағы…

Өзіңе хат жазбаймын деп ант беріп,

Ұмытам деп жасап ем бар айланы…


Бәрібір…

Сағынышым жоғалмады.

Сосын ба… Дегбірімнің тоналғаны?

Қасымда қаптап жүрген көп қазақтың,

Бірі де дәл өзіңдей бола алмады…

 

Қатені тізіп қойып ісімдегі,

Жек көрші…

Менмендігім үшін мені.

Жанымда жырлап жүрген көп ақынның,

Бірі де дәл өзіңдей түсінбеді…

 

Жә, қойшы…

Өзіңді айтшы, аманбысың?

Өзіңсіз тереңдеттім жарамды шын…Өзімді ұмытып ем, бірақ сені,Ойламауға жетпей жүр шамам, күшім…

 

… Дедім де хатты салып конвертке,

Көңілімді лақтырдым Лағынетке.

Содан бері жыл өтті….

Жауабың жоқ,

Жүрек өлді.

Селқоспын.

Жаным өртте… 

ХАТ

 Өлеңді жазған: ИНДИРА КЕРЕЕВА

Құйрығыңыз (попа) әдемі болсын десеңіз…

Құйрығыңыз (попа) әдемі болсын десеңіз...

Әйел құйрығы (попа) оның сымбатының ең тартымды, көзді арбайтын, сексуалды бөлігі болып табылады. Жігіттер қауымы да қыздың мүсініне баға берерде бірінші бөксесіне назар аударады. Олардың ойынша, әдемі құйрық  дөп-дөңгелек, тартымды, жұмыр былып, қайқайып тұруы қажет және тым арық болмауы керек. Ендеше біз ұсынатын бірнеше кеңестерге назар аударыңыз.

Жуынғанда ұмытпаңыз! Үйде немесе салонға арнайы барып, пилинг жасатыңыз. Теріңіздің өлі қабаттары түсіп, «жаңарып»   қалады. Тіпті әр жуынған сайын ысқышпен (мочалка) әбден ысқыласаңыз да, пайдалы. Душтан шыққан соң денеге жағатын арнайы лосьондарды, майларды жағып қойыңыз. Қан айналымы жақсарған көтеніңіздің терісі балғындай әрі жұмсақ болады.

Арнайы жаттығулар мен жүгіру.Компьютер алдында күні бойы отыру мүсініміздің сұлу болуына кері әсерін тигізбесе, көмектеспейді. Құйрығымыз жалпайып, өзінің домалақ формасынан айрылады, «тегістеліп қалады». Сондықтан үнемі қозғалыста болуымыз керек. Жаяу көп жүруге тырысыңыз. Күніне бір рет аз болса да, жүгіріңіз. Жүгіру қиынға соқса, жылдамдығыңызды арттырып, күніне 30-40 минут серуендеңіз. Бұл бөксеңіздің бұлшықеттерін қатайтады және май қабаттарын азайтады. 2-3 айда нәтижеге қол жеткізесіз.

Массаж .Күнделікті жаттығулар мен пилингке массажды қоссаңыз, тіптен керемет болады. Массажды өзініз арнайы кремдермен күніне 20-30 минуттай жасай аласыз. Сағат тілінің бағытымен, оған қарама-қарсы бағытта уақалаңыз. Массаж жасауға арналған арнайы аппараттарды да қолдануға болады. Ең бастысы, ерінбесеңіз болды.

Іш киімнің де әсері бар.Кейде көтеніміздің терісінде майда-майда бөртпелер пайда болады. Ол синтетикалық іш киімді көп киетіндерде көп  болады екен. Табиғи талшықтардан жасалған матадан, мақтадан тігілген іш киімдерге әуес болыңыз. Ауа алмасып тұруы қажет.

Диета.Өкінішке орай, әйелдердің басым бөлігі майды ішіне, бөксесіне тез жинайды.  Және одан оңайлықпен құтыла қою да мүмкін емес. Диетаға отырып, тамақты тартынып жеп, көктемде мүсіннің сұлу болғанына көңіл бөлген дұрыс.

Күнге қараю, қыздырыну.Күнге қараю (загар) терідегі көп кемшіліктерді жасырады, тіпті целлюлиттің пайда болуын баяулатады. Сондықтан жазда жағажайға барғанда ұзағырақ қыздырынуға тырысыңыз.

 

Қандай жағдайда келін сәлем салмайды?

Қандай жағдайда келін сәлем салмайды?

 Келін сәлеміне қатысты тағы мынадай жайларды баса айтқым келеді. Ата-бабаларымыз аяғы ауыр келінді сәлем салудан уақытша босатқан. Көп жағдайда қайнағалары екіқабат келіндерінің алдынан өтпеуге тырысқан. Себебі келінді ыңғайсыз жағдайға қалдырып, ұялтпауды ойласа (үнемі сәлем салып жүргендіктен бір есептен келін де қысылады, именеді), екіншіден, мұндай кезде келінге келін деп емес, болашақ ана деп қарап, құрмет көрсеткен. Оның аяғы ауырлығын «пәленшенің келіні ақ алғысты болыпты» деп жеткізген екен.
Күйеуі қайтыс болған жағдайда сәлем салудан үлкендер жағы келінді біржола босатқан. «Ендігі жерде басың иілмесін. Жүзің төмен түспесін. Қызымыздай бол» деген үлкендердің тарапынан көрсетілер үлкендік деп түсінген жөн мұны. Әрі отағасынан айырылған жабырқаулы жанды жұбатудың, арақатынастарының алшақтап кетпеуінің белгісі ретінде іш тартудың, әрі ағайын-туыстан алыстап кетпеудің өзіндік үлгісі деп қабылдау керек мұны. Келіннің иіліп сәлем салғаны сияқты күйеу жігіт те қолын жүрек тұсына қойып, тәжім жасаған. Мұның барлығы – сайып келгенде, қазақы тәрбиенің биік шоқтығы, үлкенді сыйлаудың жарасымдылығы…

Зейнеп АХМЕТОВА

СҮЙЕМІН

СҮЙЕМІН

Сарғайып сағыныштан, ғұмырымның
Батады талмаусырап күзгі кеші…
Мен мұңға сіңіп барып, ұмытылдым,
Өтінемін, іздемеші!

Айнам деп, еркелеткен сезіміңнің ,
Жүрекке қадап кеттің сынықтарын…
Ең соңы өзің болып төзімімнің,
Өтінемін, ұмыт бәрін!

Ызғардан тағдырымның түні тайып,
Ертегі сыйлар, бәлкім, көктем кеші…
Тозаққа күйсемдағы ұмытайын,
Өтінемін, тек келмеші!

Шын сүйу – айып екен қыз балаға,
Жоқ шығар үкім, сірә, бұдан ащы…
Жалғыз тастап кетіп ең мұз далаға,
Кешірім сұрамашы!

Дуалап махаббатты өз басыма,
Сорым бұл жалғаннан озбағаным…
Тұңшығып кетсең егер көз жасыма,
Қолыңды созба, жаным!

Өзіңе емес, құбылама қолды жайып,
Тәңірден табармын бір емін…
Алдау үшін оралмашы, мендік айып-
Әлі де сүйемін…

Өлеңді жазған: Ақерке АСАН

КЕШІРІМ СҰРАЙ БІЛЕСІЗ БЕ?

КЕШІРІМ СҰРАЙ БІЛЕСІЗ БЕ?

Өмірде кешірім сұрау керек болатын жағдайлар аз болмайды. Тіпті қателік жасағаныңды біліп тұрып, ашудың буымен де жақыныңның жанын ауыртып алуыңмүмкін. Не керісінше, ойда жоқта төтеннен ағаттық орын алып жатады. Адамдар кешірімді басқа амалы қалмағаннан сұрамайды. Кешірім сұрамаса, жан-дүниесі дамыл таппайтын жандар қаншама…

Әсершіл адамдарды салқынқанды жандардан эмоциясына қарап, бірден танитынымыз белгілі. Эмоцияға ерілетін адамдар кез келген дүниеге жараланғыш келеді. Тәні емес, жаны жараланғыш. Сондықтан, досыңыздың, туысыңыздың, жақыныңыздың жан-дүниесін жаралап алмас үшін кешірімді дұрыстап сұрағаныңыз жөн болады.

  1. Күлдіріңіз. Жоқ жерден дау туындап, әдемі көңіл-күйдің талқаны шықса, бұл ситуациядан құтылу үшін өзіңіз ренжіткен адамды күлдіруге тырысыңыз. Әңгіменің аяғын әзілге ұластырыңыз. Ол үшін жақсы анекдоттар мен қызықты оқиғаардың көмегіне сүйеніңіз.
  2.  Сый жасаңыз. Кешірім сұрап тұрып, сыйлығыңызды құрбыңызға, әпкеңізге, жалпы қыз баласына ұсына аласыз. Жігітке де сый жасауға болады. Романтикалық кешкі асқа шақырыңыз немесе үй ішіндегі міндеттерінің бірін орындап қойыңыз, тіпті болмай жатса, «оның керекмет жан» екенін айтып, жылы сөзіңізді арнаңыз.
  3.  «Кешірші мені». «Кешірші» деген сөзді айту оп-оңай болғанымен, жүректен шықпаса, әсері де аз болып, құны жойылады. Сондықтан ренжіткен адамыңыздың көзіне тіке қарап, СМС арқылы не радио арқылы жеткізсеңіз, нәтижелі болады.
    Теледидардағы жүгіртпе жолдың да көмегі тиеді.
  4. Үнсіз кешірім сұраңыз. Ішіндегі шынайы өкінішін сыртқа дауыстап жеткізе алмайын жандар аз емес. Егер жасаған ағаттығына шынымен де өкініп, өз кінәсін мойындаса, үнсіз де кешірім сұрауға болады. Ол үшін мұңды жанар, терең күрсініс, жасқа мөлтілдеген көз де жетіп жатыр.
  5.  Бастықтар сияқты дауыс көтере, кешірім сұрау. Арақатынастың үзілмеуін тілесеңіз, сіздің кінәңіз болсын, болмасын кешірім сұрайсыз. Ол үшін кішкене дауыс көтеріп, сөздеріңізді нақты айтасыз. Түюлі қабақ, сыпайы, бірақ көтеріңкі дауыс.
  6. Өзіңізді құрбан етіңіз. Жалпақ тілмен айтқанда, бәрін керісінше жасайсыз. Бар кінәні өзіңіз ренжіткен адамға аударып, әр сөзінен астар іздеп, жазаланған жандай күйге түссеңіз, соңында ол адам сізден кешірім сұрайды. Әрине бұл көп жандарға ұнай бермейді. Кей жағдайда оң әсерін беруі мүмкін.

Кешірім сұрағаннан кешіре білген ауыр. Бір-бірімізді ренжітпейік.

 

ӘЙЕЛДЕРГЕ ҚАНДАЙ ЕРКЕКТЕР ҰНАЙДЫ?

ӘЙЕЛДЕРГЕ ҚАНДАЙ ЕРКЕКТЕР ҰНАЙДЫ?

Әйелдер ойша өзіне ұнайтын еркектің образын жасап алғанмен, ұнатқан жігіті ол образдан мүлде басқа болуы мүмкін. Сонымен әйелдерге қандай еркектер ұнайды? Қандай қасиеттерін жоғары бағалайды?

Біріншіден, кез келген мәселені шеше білетін еркектер әрқашанда әйелдер тарапынан құрметке ие. Алдына қойылған мақсатына барар жолды дұрыс таңдай алмай, кездескен кедергілерге шағымдана берсе, әйелінің мәселесі тұрмақ, өз мәселесін әйеліне жүктеп жатса, әрине соңында ол жалғыз қалады.

«Дені дұрыс» әйел орындалмай қалған уәделерді ұнатпайды және жанына өз-өзіне сенімді, өмірдің қиындығынан қыңқ етпей өтетін мықты еркекті көргісі келеді.

Кейбір нәзік жандылар өзіне кішкене қаталдық танытатын еркектерді ұнатады. Бірақ, шектен шығып, пікірімен санаспай, барлық жағынан шектеу қойып тастаған еркекпен шатастырып жүрмеңіз!

Әйелдердің басым бөлігі танымал еркектерге көп құмартады. Өйткені, оған қол жеткізу үшін намысын қайрап, сұлу болудың сан тәсілін қолданады. Нәтиже ойындағыдай шықса, құрбыларының арасында беделі өсіп қалатыны тағы бар. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған».

Мейірімді, еркелете білетін, «тәтті» сөздер айта білетін еркектер әйелге әрқашанда ұнаған және ұнай береді. Өзі туралы жағымды сөздер кімге ұнамасын?! Әйелдер «құлақпен» де сүйеді.

Лидер, топтың алдында жүретін еркектерді жауапкершілігінің молдығы үшін жақсы көреді. Өйткені, болашақ ана, болашақ жарға отбасы үшін барын салатын, сүйеніш болар жан керек.

Әйел үшін жақсы көретін жігітінің немен айналысып, неге қызығатыны да өте маңызды. Өйткені, жанында жүріп өзі де содан ләззат ала білуі керек. Демек, еркектің қызметі, хоббиі аз да болса ықпал етеді.

Сырт келбеті көп нәрсені шешуге ат салысады. Әйелдер еркекті алғаш көргенде көркі мен тұлғасына назар аударады. Араласа, сөйлесе келе ғана, мінезі мен ақылына баға береді.

Тазалықты жаны сүйетін әйелдер де аз емес. Жанында жүрген жігіттің туфтиінде шаң жатпай, үстінде қыл жүрмесе, сол жігіттің бағасы да арта түседі.

Жоғарыда көрсетілгендер – әйелдердің басым бөлігі назар аударатын қасиеттер. Өмірде әр адам өзінің тартымдылығымен бағаланады. Әр әйел қасында өмірінің соңына дейін серік болар, өзін оның жанында бақытты әрі қалаулы жан сезінетіндей, сенімді әрі физикалық қатынаста да сай келетін еркектің болғанын қалайды.

 

Қайынаға иманды болмай, келін ибалы болмайды

Қайынаға иманды болмай, келін ибалы болмайдыКелін сәлемінің тағы бір ерекшелігіне байланысты мынадай әңгіме бар: Ертеректе бір байдың ерке де есер жалғыз баласы біреудің жанынан артық көріп бағалайтын жүйрік атын рұқсатсыз мініп кеткен екен. Оның әлімжеттік жасап, өз байлығын місе тұтпай, өзгенің тәуірін иемденгеніне ыза болған ат иесі әлгі әумесердің отауына қарай ашулана беттейді. Қанша ұрда-жық болса да, ат иесінен именіп, айбатынан қорыққан бай баласы қатты сасқаны соншалық, тысқа шығып, істеген қылығы үшін жауап берудің орнына, көзі алақ-жұлақ етіп, үнсіз бүрісіпті. Күйеуінің сасқалақтағанын көрген байдың келіні сол кезде сыртқа шығады да, ызаға булығып, алдындағысын жайпап кетердей болып келе жатқан ат иесінің алдынан шығып, тізесін бүге иіліп, сәлем салады. Қанша айбат көрсетіп, терісіне сыймай ашуланып келген адам мына көрініске таңғалып, кібіртіктеп қалады. Әрі ашуын тежеп, сабырлы қалыпқа түсіп, келінге батасын береді. Өзін сыйлап, иіліп сәлем салған келіннің ізеттілігі оны осындай күйге түсіріпті. Бай да ұлының айыбын жуып, тұлпарын ғана қайтарып қоймай, ат иесіне шапан жауып, ат мінгізген екен. Бұдан нені байқаймыз? Екі үйдің арасында ұрыс-керіс жанжалдың болмауына келіннің иіліп бір ғана сәлем салғаны себеп болған. Бұл күндері кейде, керісінше, сәлем салған келінге не айтарларын білмей абдырайтындар да кездеседі. Сасқандарынан келіннің қолына жармасатын адамдарды да көріп жүрміз. Тізесін бүге иіліп, сәлем салып тұрған келіннің ибалылығына, кішіпейілдігіне, ізеттілігіне қарай «бақытты бол, қосағыңмен қоса ағар, көп жаса» деп бата берген жарасымды емес пе?! «Қайынаға иманды болмай, келін ибалы болмайды» деген мақалдың шығуына кейде өзіміздің білместігіміз себеп бола ма деп ойлаймын.

 Зейнеп АХМЕТОВА

СІЗ КОКА-КОЛАНЫ ҚАЛАЙ ҚОЛДАНЫП ЖҮРСІЗ?

СІЗ КОКА-КОЛАНЫ ҚАЛАЙ ҚОЛДАНЫП ЖҮРСІЗ?        Қоңыр түсті сусынмен бала кезімізден таныспыз. Сәтті жарнаманың арқасында әлемге кең таралған бұл сусынды жасымыз да, кәріміз де жапа-тармағай ішіп жүр. Енді үй шаруасында да қолдануға кеңес береміз.

  1. Сіз Кока-коланың ауруды уақытша тоқтату (обезболивающее) қасиеті бар екенін білесіз бе? Осы сусынның химиялық құрамындағы кәдімгі дәрілерде кездесетін қоспа бар. Көктем, жаз мезгілдерінде қала сыртына шығып демалғанда жәндік, шыбын-шіркей  шағып алған жағдайда Кока-коланың көп көмегі бар. Денеңізді шағып алса, ашып не ауырып тұрған жерге Кока-коланы құйсаңыз, жеңілдеп қаласыз.
  2. Кока-кола тотты керемет кетіреді. Үйде тот басып, қолданыстан шығып қалған зат болса, сол затты түнде кола құйылған ыдысқа батырып қойыңыз да, таңертең жақсылап ысқылап, жуып-шайып алыңыз.
  3. Кока-кола терезені жақсы жуады. Сусын құрамындағы лимон қышқылы терезеңізді, автокөлігіңізді жуғанда тиімді нәтижесін көрсетеді.  Терезені жуып болған соң, әйнекте шіре қалмас үшін сулы шүберекпен сүртіп алыңыз.
  4. Бұл сусынды тамақ дайындауда да қолдануға болады. Коланы өзіңізге ұнаған соуспен араластырып, дайын болған қосындыны етке жағып қойсаңыз, таңертең маринадталған ет дайын. Тауық етіне мұндай қосынды карамельді дәм мен иіс береді.
  5. Үйіңізде біртүрлі иіс бар ма? Арнайы сұйықтық қосылған шелектегі суыңызға Кока-кола қосып, еденді жуыңыз. Иіс жоғалады. Сонымен қатар, өзіңіздің үстіңізден де қолаңса иіс шығатын болса, коланы үстіңізге құйып, ысқылап, артынан таза сумен шайыныңыз. Иіс жоғалады. Тағы бір айтатыны, Кока-коланың шашқа пайдалы әсері бар.
  6. Кейде үйдегі ыдыс-аяғымыз «товарный видін» жоғалтады. Түбінде болсын, сыртында болсын, сырылған қара сызықтар, қара дақтар пайда болады. Ыдысыңыздың бастапқы көрінісін қайтару үшін ыдысқа бір бөтелке коланы құйып, оны жәй жанып тұрған отқа қойып, қайнатып алыңыз. Бір сағаттан соң ішіндегісін төгіп, ыдысты жуып алыңыз.
  7. Кока-кола дақты жақсы кетіреді.  Егер тиген дақты кетіре алмай, шакфыңыздың бұрышында жатқан киіміңіз болса, кола көмектеседі. Кока-коланы кір жұғыш ұнтағыңызбен араластырып, кір жуғыш машинаңызға салып, күнделікті әдеттегідей кір жуып алыңыз. Тіпті қанның дағы да кетеді. Оған қоса, киіміңізде жағымды иіс болады.
  8. Назар аударыңыз! Кока-кола тойып, асқазаныңызды көтере алмай тұрғанда, жүрегіңіз айнығанда жақсы көмектеседі. Бір стақан кола ішіп алсаңыз, кішкене уақыттан соң жеңілденіп қаласыз. Бұл сусын тамақ ауырғанда, диареяда да керемет көмекші бола алады.

Сондықтан Кока-коланы тек ішіп қана қоймай, үй шаруашылығында да тиімді пайдалана біліңіз.


 

«Современный» қайын енелер жас келінге қандай өнеге көрсетіп жүр?

«Современный» қайын енелер жас келінге қандай өнеге көрсетіп жүр?Салт-дәстүрдің тереңіне бойламай, мағынасын түсінбей, қателесіп жүргеніміз жасырын емес. Олай дейтінім, бұрынырақта той иесі бет ашқан адамға арнайы сый-сыяпатын өзі жасаған. Әл-ауқатына қарай бет ашқан адамды риза етіп аттандыра білген, құр қол қайтармаған. Яғни беташар барысында аты аталып, келін сәлем салған адамдарды әуреге салмаған. Үйлену тойларындағы тағы бір келеңсіздік жас келінге алты-жеті жасар балаға дейін иілтіп сәлем салғызатынымыз. Ескеретін жайт, келін күйеуінен жасы кіші адамға ешуақытта сәлем салмаған. Иіліп сәлем салу – үлкенді сыйлаудың белгісі. Келін түсіру тойындағы тағы бір жағымсыз көрініс келіннің екі жағындағы екі жеңгесіне қатысты. Үлбіреген келіннің екі жағындағы орамал салмаған, жалаңбас, ол аз десеңіз, шалбар киіп алған екі жеңгені «современный» абысындарды бәріңіз көріп жүрсіздер. Олар жаңадан босаға аттаған жас келінге қандай өнеге көрсетіп тұр? Сәлем салғандағы шалбарланған екеудің іс-әрекеті сырт көзге қалай көрінер еді? Міне, осыған мән бере бермейміз. Бұл біздің үлкен қателігіміз. Қазір салт-дәстүрді білмейтін, келінімен жарысып, ашық-шашық киінетін, күйеу баласымен стақан қағыстыратын «современный» енелер де аз емес. Олар келінге дұрыс бағыт көрсетіп, жөн сілтей алмағандықтан, ұрпақ тәрбиесі де белгісіз арналарға бұрып кетіп, зиян шеккізіп жүр.

Үлкенге иіліп сәлем салу арқылы «көп жаса», «бақытты бол, айналайын» деген тәрізді ақ бата, жақсы сөз, игі тілек еститін келіннің бағы артады, алдынан кесіп өтпей, бетіне бедірейіп қарамай, сәлем салған келінге үлкендер жағы да риза болады. Сол кішкене сәлемнің өзі сыйластық қарым-қатынасқа бастар үлкен жол емес пе?! Өкініштісі сол, бүгінде сәлем салуды, келін сәлемін тек кітаптан оқып, кіріптар болып жүрміз…

Зейнеп АХМЕТОВА

БЕЙТАНЫС ЖАН

 

БЕЙТАНЫС ЖАНБейтаныс жан…
Бейкүнә сезімдерім…
Мендегі арман мұңдылау, сезінбедің.
Жаныма шипа сыйлар жабыққанда,
Бейдауа қоңыр салқын күзім ба едің?!

Жаңбыр жауса…жалғыздық…санамда мұң,
Шын бақытты сезінген ғаламда кім?!
Ақ бұлттардан ақ қанат байлап алып,
Қолшатырмен келер деп алаңдадым.

Ойға батсам, көңілдің үлесі мұң,
Сезімге тұмар болып жүр есімің.
Тәңірдің тылсымында қалып қойған
Құранның жазылмаған сүресімін.

Тағдырдың сыйға тартқан жауын жыры,
Тамшы боп таң алдында тамылжыды.
Көңілсіз көшке ерген көлеңкедей
Жылжытып келем алға талай жылды…

Бейтаныс жан…
Жоқ шығар сөзімде мін.
Көңілде алаң болмасын, сезімде мұң.
Таң намазы оқылса алақан жай,
Мен де соны тілеумен көз ілмедім…

Өлеңді жазған: Ақерке АСАН

ӘЙЕЛ БАҚЫТЫНЫҢ 10 СЕБЕБІ

ӘЙЕЛ БАҚЫТЫНЫҢ 10 СЕБЕБІ

«Әйел бақыты» деген ұғымға әлемнің бар сұлу құбылысын сыйғыза аламыз. Әйел – ана. Әйел – жар. Әйел – құрбы. Әйел – әріптес. Тұрмысқа шыққан құрбыңыздың отбасылық керемет суреттеріне қарап, сіз де балдай бақытты отбасыңыздың болғанына асығасыз. Құрбыңыз бойдақ күнін сағынуы әбден мүмкін. Тұрмыстағы өмір мен тұрмыс құрғанға дейінгі әйел өмірінің артықшылықтарын қарастырайықшы.

Сонымен, сіз әлі екінші жартыңызды таппаған болсаңыз:

  1. Екінші жартыңыздың қайда жүргенін, неге телефоны сөндірулі екенін, неге кешіккенін, басқа бір жанға ғашық болды ма, жоқ па, бәрін-бәрін ойлап, мұңаймайсыз.
  2. Құрбыңыздың туылған күніне бару үшін ешкімнен сұранудың қажеті жоқ. Тіпті ескертпейсіз де. Қай қалада, қанша уақыт жүрсеңіз де, ерік өзіңізде. Себебі, көрмесеңіз, сағат санап күтетін адамыңызды әлі кездестірмедіңіз.
  3. Жалақыңыздың тең жартысына ойланбастан аяқ киім сатып ала аласыз және ешкімнің алдында оны өз бағасынан бес есе арзандатып айтудың да қажеті жоқ.
  4. Пультқа таласпастан, кез келген уақытта қалаған сериалыңызды көре аласыз.
  5. Жұмыстан әбден шаршап келгенде тамақ пісіріп, ыдыс жуып, киім үтіктеп жатпастан, бірден төсекке құлай аласыз.
  6. Бірнеше сағаттар бойы анаңызбен, құрбыңызбен телефон арқылы тоқтамай әңгіме айта аласыз және ешкім де сізге «Не айта бересіңдер осы?» деген сұрақты қоймайды.
  7. Ойланбастан, карерьаңызға бар күшіңіз бен уақытыңызды жұмсай аласыз.
  8. Қатты ұйқыңыз кеп тұрғанда «басым ауырып тұр» деген сылтауды айтпайсыз.
  9. «Қайын жұртым, енем» келе жатыр деп, қалбалақтап жүгірмейсіз.
  10.  Ұнатқан адамыңызбен жақын араласып, ғашық бола беруге рұхсат.

Егер тұрмысқа шыққан болсаңыз:

  1. Машинаңыз не компьютеріңіз сынып қалса, күйеуіңізге бір назданып, жаңасын алып беруін өтіне аласыз.
  2. Шашыңызды, тырнағыңызды, бетіңізді «жөндеуге» салондарға жүгірмейсіз. Тіпті косметиканы аз қолдана бастайсыз. Өйткені, күйеуіңіз сіздің табиғи сұлулығыңызды сүйіп үйленді.
  3. Саусағыңыздағы неке жүзігін мақтанышпен тағып жүресіз және «біреу алып қашып кетпей ме» деген үрей болмайды.
  4. Сырласатын, өкпелейтін, тіпті кейде ренжісіп алатын жақыныңыз жаныңызда.
  5. Жаныңызға да, тәніңізге де қалаған уақытыңызда ләззат ала аласыз. Қалап тұрғаныңызды еш қысылмастан айта аласыз.
  6. Құрбыларыңызға күйеуіңіз алып берген де, «алып бермеген де» сыйлықтарын айтып, мақтанасыз.
  7. Сегізінші наурызда сыйлық алатыныңызға өте сенімді жүресіз.
  8. Есіктердің тұтқасы түсіп, пышақ өтпей қалса, «Осы үйдің еркегі қайда?» деп емін-еркін айта аласыз.
  9. Жасыңыздың өтіп бара жатқанын, бойдық құрбыларыңыздың қалмағанын айтып, күйеуге шығу керек екенін үнемі ескертіп жүретін анаңызға енді ашуланбайсыз.
  10. Құрбыңыздың, досыңыздың тойына жалғыз бармайсыз және  қасыңызда үнемі ақылдасатын адамыңыз бар.

 ladydiary.ru

ҚЫЗЫМ МЕНІҢ

 

 

Қызым менің,

Сәуле шашып ойнасын жүзіңде күн.

Өз қолыммен өсірген қызғалдағым,

Қаламаймын гүлімнің үзілгенін.

 

Қызым менің,

Қылығыңды тәп-тәтті жүзім дедім.

Бұл өмірдің бақ тұнған бақшасынан,

Жемісіңді қалаған үзіп жегін.

 

Қызым менің,

Болашағыңды ойлаумен бұзылды өңім.

Қысқа-қысқа тағдырлар құрайды екен,

Тарам-тарам тірліктің ұзын жолын.

 

Қызым менің,

Бой жетерсің, боялып қызылға ерін.

Бұл әкеңнің тілегі: анаңдай бол,

Анаң сенің атанған түзу келін.

Өлеңді жазған: ҚАЛҚАМАН САРИН

КЕЛІН СӘЛЕМІНІҢ СЫРЫ

…Мезгіл түске таяп қалған. Газ плитасына шай қойылып, қайнағанша бүгінгі газеттерді қарап отыр едім, есік сынып кетердей тарсылдады. Үйде жалғыз отырған соң әрі әдеттегіден тыс мына тарсылдың өзгешелігі шошытып жіберді. Тапа-тал түс болса да есікке келіп:

    – Бұл кім? – дедім.

    – Мен! Атаңмын! Бар, киін! – деді күн күркірегендей үн есіктің сыртынан. Алғашқы қорыққаным қорыққан ба, зәрем ұшты. «Бар, киін» деген сөздің байыбын бірден ұға алмай, үйде киіп жүретін халатымның түймесін бір салып, бір ағыттым. Киім салатын шкафқа жүгірдім. Сасқалақтап, киімдерімді жұлмалап, әлекке түстім де қалдым. Дегенмен өзіме-өзім «сабыр-сабырлап» үстіме жеңі ұзын көйлек, басыма орамал, аяғыма шұлық тауып кидім. Барып есік ашып, ата-бабамның салтымен иіліп сәлем салдым.

   – Бақытты бол, балам! – деп қолын болар-болмас басыма тигізіп, бөлмеге кірді. Ата жалғыз емес, қасында бір кісі бар, өң-түсінің қандай екенін көргенім жоқ, бірден басымды көтеруге батылым жетпеді…»

«Шуақты күндер» кітабынан

 Сөз анасы – сәлем

Сәлемдесудің түрі көп. Әр сәлемнің өз үлгісі мен ерекшелігі бар. Соның бірі – келін сәлемі. Келін сәлемінің мәні зор, мағынасы терең. Өз үйінен кетіп, түскен босағасына бірінші рет кіргенде келін шаңыраққа үш қайтара сәлем салған. Жас келіннің екі жағында екі жеңгесі, яғни сол шаңырақтың бұған дейінгі түскен келіндері (абысындары) үлкендерге иіліп сәлем салғызған. Қайын енесі мен абысындары жас келінге әулеттегі үлкен адамдарды таныстырып, сәлем салуды ескертіп, олардың алдынан кесіп өтпеуді қадағалап отырған. Білмегенін үйретіп қамқорлық танытып жүрген.

Беташар кезінде бір жағы – қазақ халқы жеті санын киелі санағандықтан, бір жағы – қысқада-нұсқа етіп, ең қадірлі, ең сыйлы деген адамдарға – ата-ене, қайнаға-әпкелерге, апа-жезделерге арнап жеті рет сәлем салғызған. Өкінішке қарай, бүгінгі беташарда жас келін отыз-қырық адамға сәлем салады. Жаңағы сансыз адамның аты аталып біткенше тойға жиналғандар да жалыға бастайды. Әрі сонша адам өздерінің аттары атала сала бет ашатын өнерпаздың алдындағы табаққа ақша тастауды дәстүрге айналдыра бастады. Ең сорақысы сол, қазіргі кезде жаңа түсіп жатқан келіннің сәлемін осылай сатып алып жүрміз. Біздің келін түсіру тойларымызға осындай келеңсіз көрініс дендей еніп барады.

  З.Ахметова. 

сурет: baq.kz

БАЙ БОЛЫҢЫЗ немесе ҚАЙТСЕ АҚША КӨБЕЙЕДІ?

 

 

 

 

 

«Ақша – қолдың кірі», «Дүние – ағын су» деп, дүниеқоңыздықтан  аулақ болуға қанша тырыссақ та, сананы тұрмыс билеп, өмірімізде «көк қағаздың» маңызы артып тұр. Әрине қалағаныңа еркін қол жеткізе алатындай қаражатың мол болғанға не жетсін. Еңбектің көзін тауып, әр қадамын ақшаға айналдырып жатқандарды көріп, қызығатынымыз жасырын емес. Сол ақша қорын молайту барысында бірнеше кеңестер ұсынамыз.

Ақшаны жақсы көру керек. «Ақшаны кім жақсы көрмесін?» деп отырған боларсыз. Бұл «алған үстіне ала берсем» деген пиғылдан аулақ. Ақшаны жетіспегенінен емес, сізде мол мөлшерде бола алатыны үшін жақсы көре білу керек. Сіз ақша арқылы белгілі бір затқа не білгілі бір дәрежеге қол жеткізе алатындықтан, яғни ақшаны дәнекер құрал бола алғаны үшін жақсы көріңіз. Ақшаңыздың мыжылып қалмауына, әр жерде бөлек-бөлек жатпауына, әмияныңызда қанша қалғанына назар аударыңыз. Үнемі ұқыппен қарап, санап, ерекше көңіл бөліңіз. Сізде теңгенің күн артқан сайын арта түсетініне сеніңіз. Қалтаңызда аз мөлшерде ақша қалса да, «Менде ақша жоқ» деген сөзді мүлде айтушы болмаңыз. Бірақ, жатсаңыз да, тұрсаңыз да тек ақшаны ойлап, өміріңіздің мәнін ақшаға аударып алудан аулақ болыңыз. Ол жағдай дүниеқоңыздылыққа ұласады. Оның жай ғана қағаз екенін ұмытпаған жөн.

«Не ойласаң, сол болады». Бұл қағиданы кей адамдар есітпесе де, ішкі түйсігімен сезеді.Кейде «сандырақ келді» деп жатамыз, ол – ойыңызбен жіберген ақпаратыңыздың орындалуы. Ойыңыз арқылы алда болатын оқиғаны өзіңізге тартасыз. Ақша да дәл солай. Әмияныңыздағы ақша өзінен мол ақшаны шақырып тұрады. Соңғы тиындарыңызды жинап, сарқа тауысатын әдетіңіз болса, одан арылуға кеңес береміз. Белгілі бір мөлшердегі соманы жинап жүруді үйреніңіз. Мол ақшалар тиыннан құралған, жиналған ақшаңыз бір әжетке жарап қалады. Дүкенге барғанда да қымбат, бағалы киімдерді сататын бутиктардан ақшамыз жоқ, жетпейді деп айналып өтеміз. Ол – қате. Барыңыз, көріңіз, киіп көріңіз. Ақшаңыз жетпесе, «Менің келесі жолы осындай киім алатындай қаражатым болады. Қымбат дүкендерден киінемін. «АҚШАМ ЖОҚ» деп емес, «әзірге ақшам болмай тұр» деген сөздерді қолданыңыз.

«Алаған қолым береген». Ақшада энергия бар. Ол кез келген адамға әсер ете алады. Ақшасы мол адам әлдеқайда өзін сенімді ұстайды. Ал энергия деген – қозғалыс. Демек, ақша үнемі қозғалыста болуы керек, көбеюі керек. Сараң болмаңыз. Садаға берсеңіз де, қарыз берсеңіз де, тіпті асханаларда артық тиын-тебен қалдырып кетсеңіз де, ақшаңыз қозғалысқа түседі. Ақша жоғалтып алғанда да еш өкінбестен, үлкен олжа алдындағы «құрбандық» деп есептеңіз. «Ақшам шығып кететін болды», «менің ақшам кетті ғой» деген бойыңыздағы сараңдық синдромдарын жойыңыз. Сараң болмаңыз деді екен деп, ысырапқа жол беруге де болмайды.

artleo.com

Өксітіп… Өкіндіріп… Өкпелетіп…

Өзектен өрлігімді өктем етіп,

Көргенім осы еді ғой көкке бекіп.

Ең асыл адамымды Сүйемін мен
Өксітіп. Өкіндіріп. Өкпелетіп.

Хат беріп жібермедің неге түннен,
Кешірсең,
Кешіксем де, келетін бе ем?!
Сендік мұң- менің күнәм. Түн куәсі…
Жыр оқып берем енді не бетіммен?!

Қысты қойш…
Келеді ғой, күліп көктем,
Әр күні шуағымен үміт төккен.
Жүремін өзімді өзім іздеп күнде,
Күйбеңнің көшесіне сіңіп кеткен.

Таңыма тәубе етпесем, бағыма сын,
Өмірдің өлең дедім мағынасын.
Шөлдеген кездеріңді,
Тұңғиыққа
тұншығып бара жатып сағынасың.

Бүгінгі сезім жалын, кешегі де от,
Кей кезде кезбе алаудың кеселі көп.
Тиер ме ед таңдайыңа тылсымға еру,
Жазылсам маңдайыңа бес елі боп…..

Өзектен өрлігімді өктем етіп,
Көргенім осы еді ғой көкке бекіп.
Ең асыл адамымды Сүйемін мен,
Өксітіп.
Өкіндіріп.
Өкпелетіп…

  Өлеңді жазған: РАХАТ ӘБДІРАХМАНОВ