Бүгінде көңіл де сатулы…

Бүгінде көңіл де сатулы...Баланың ана құрсағына біткені,  жарық дүниеге шыр етіп келгені, өсетіні – осының барлығы жаратылыстың өз ретімен келетін кезеңі.Балаға қатысты ендігі кезекте сөз еткелі отырған ырымдар жайлы не білеміз? «Бауырынан табақ алу» ырымы неге еңбектеп жүрген балаға жасалады? «Көгентүпте» не мән бар? «Танабау» жайлы білеміз бе?

Көп еңбектегеннің де пайдасы бар

Әсілі, қазақ халқы табиғаттың құпия сырларын жақсы білген. Жаратылыстың заңдылықтарымен үндесе отырып, соған орай өзінің тұрмыс-тіршілігін сәйкестендіріп, бағыттап өмір сүрген. Қазақтың толып жатқан ырымдары мен салттары жаратылыстың сондай заңдылықтарымен астасып, сәйкес келіп жатады. Әр нәрсе орнымен ғой, мысалы, ағарып таң атады, таңның шапағы көрінеді, күннің нұры түседі, содан кейін күн шығады, сөйтіп, рет-ретімен көктем келеді, жаз шығады, күз түседі, қыс болады дегендей, табиғаттың әрбір сәті, кезеңі өз уақытында, өз орнымен жүреді. Қазақ халқы осы заңдылықтарды терең түсінген, өйткені табиғаттан ажырамаған. Қазір «техника заманы» деп жүріп жаратылыспен байланысымызды үзіп алдық. Адам өміріндегі неше түрлі сәйкессіздіктердің, келеңсіздіктердің, ауру-сырқаулардың көбейгенінің бір ұшы осында жатыр деуге болады.

Бала дүниеге келді, қырқына шықты, езу тартты, талпынды, отырады, еңбектей бастады… Бала еңбектеуден де толық өтуі керек. Өйткені ол да –Алла тағаланың өзі жаратқан пендесінің басынан өткеруі тиіс өсу кезеңі. Қазіргі балалар көп еңбектемейді, өйткені жүруге бейімдейтін арбалар (ходунок) бар. Баланы бірден жүргізуге ұмтылған дұрыс емес. Оның зияны кейін шығады. Сүйектері әлі жетілмеген, буындары дұрыс бекімеген бұл кезеңде бала еңбектеуі керек. Сонда бұлшық еттері де толық жетіледі. Ол біраз уақыт алақандарымен жер тіреп, тізесімен еңбектейді. Еңбектеуге әбден үйренген балалардың  «ерініп» кеудесін көтергісі келмей қоятыны бар. Дегенмен ендігі жерде бала аяғын басып, қаз тұруы керек. Сондықтан «көбірек еңбектеуге үйреніп алып, кеудесін көтермей қоймасын» деп уақыты келгенде  «бауырынан табақ алу» деген әдемі бір дәстүрді ырымдап істейді. Баланың алақаны мен тізесін жерге тіретіп, бауырын көтертеді. Сол кезде оңнан солға қарай қант-кәмпит, құрт-ірімшік толтырылған табақты «бауыры тез жазылып кетсін», «еңсесі тез көтерілсін» деген жақсы тілектерді айтып, жеті рет бауырынан өткізеді. Сосын барып баланы ақырын қаз тұруға, жағалап жүруге үйретеді. Артынан «бала бауырын жазды» деп ауылдың әйелдері табаққа салынған түрлі дәмнен ауыз тиіп, «бауырынан табақ алу» шайын ішеді. Әңгіме шай ішуде емес, тілекте жатыр. Біздің халқымыз – өте тілеуқор әрі батагөй халық. Қиын-қыстау заманды, жаугершілікті, аштықты, зобалаңды, қанқұйлы шапқыншылықты бастан өткерген қазақты  аман сақтап келе жатқан осы тілеуқорлығы мен ниетінің кеңдігі дер едім.

                                                                                              Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: infomed.by

«Жақсы сөз – жарым ырыс»

"Жақсы сөз - жарым ырыс"Алдын ала бұлақтың суын дайындап, оны қайнатып алады. Содан кейін арнайылап алынған жаңа ыдысқа жаңағы суды суытып құяды. Сол суға күмістен жасалған сақина, білезік, сөлкебай сияқты бұйым салынады. Оның себебі халқымыз күмістің қасиетін ерте кезден-ақ білген. Күмістің қасиетіне байланысты «күміс – емдікке, алтын – сәндікке» деп те айтады. Өйткені күміс судың қасиетін арттырады, тазартады, судың құрамындағы көзге көрінбейтін микробтарды жояды. Күміс жағымсыз нәрседен де сақтайды.Қазір қайсыбіреулер алтынды салып жүр. Алтынның сәндікке болмаса, күміс сияқты қасиеті жоқ. Кейінгі кезде теңгелерді салып жүргендерді көріп жүрміз. Мен өз басым мұны қоштамаймын, қанша айтқанмен қолдан-қолға өтетін ақшада тазалық болмайды. Тағы бір айта кетерлігі, теңге таза күмістен жасалмайды, ол – әртүрлі металдардың қоспасы. Сондықтан оны суға салмай-ақ таратып берген дұрысырақ шығар. Бұдан кейін жағалай отырған үлкен әжелер, апалар, яғни  шақырылған кісілердің әрқайсысы арнайы қасықпен екінші бір жаңа ыдысқа жаңағы күміс салынған судан «өмірлі болсын», «бақытты болсын» деп әркім өзінің жүрегінен шыққан жақсы тілегін айта отырып, қырық қасық су құяды. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп айтамыз, «сөздің жаны бар» дейміз, жан дегеніміз – энергия, яғни бұл – күміс салынған бұлақтың таза суына жақсы сөз, жақсы тілек айта отырып, жақсы энергия сіңіру. Әр үйден келіп отырған көпті көрген, немере-шөбере сүйген аналар балаға жақсы тілегін айтып құйылған қырық қасық сумен баланы жуындырады. Тағы бір мән беретін нәрсе, бала денесінің қырық қасық су тимеген жері қалмауы керек. «Баланың денесі бөртіп, «шілдежара» шығатын болады» деп  баланың саусақтарының арасын, құлағының іші-сыртын, мұрнының ішіне дейін жаңағы күміс салынған әрі ізгі тілек айтылған қырық қасық суға шомылдырады. Осы күні сәбидің «қарыншашы» мен тырнағы алынады.                                                                                                                                                                                      

Баланың шашын ер адамдар алған. Оларды аяқасты етпей, ағаштың түбіне көмген. Баланы қырқынан шығарып, жақсы тілек айтқандары үшін той иесі судағы күміс бұйымдармен қоса, өзге де сый-сияпатын әже-апаларға таратып береді. Бір жапырақ мата немесе бір шаршы орамал әркімде бар нәрсе, бірақ, шындап келгенде, бұл да – біздің халқымыздың бір-біріне деген көңіл сыйластығы. Бір-бірінің қызық-қуаныштарына ортақтаса білуі. Қырқынан шығарудың астарында да соншама адамның ағыл-тегіл тілегі сіңген әрі күміспен тазартылған ерекше сумен шомылған балаға жақсылық тілеу мен көл-көсір пейіл, ақ ниет жатыр.

 Әр нәрсе өз жолымен…

Халқымыздың кез келген салт-дәстүрі, той-томалағы негізсіз атқарылмайды. Сәбиді қырқынан шығару да – солардың бірі. Салт-дәстүрге, ырым-тыйымға қатысты білмек болып менен осының жай-жапсарын сұрайтындар көп. Таяуда бір жігіт сәбиді қырқынан шығарудың мән-жайы туралы сұрап хабарласып, ата-анасы шалғайда, өзі іссапарға кететіндіктен баласын қырқынан қаншалықты ерте шығаруға болатыны жайлы білгісі келетінін айтты. «Мешітке хабарласып білгенімде ондағылар «жиырма күннен кейін, яғни күн мен түнді қоса есептеп, жиырма күннен кейін қырқынан шығара беруге болады» деп отыр, қалай істегенім дұрыс?» – деп сұрады. Кейінгі кезде  кіші қырқынан шығару дегенді ара-тұра естіп қалып жүрміз. Бұл – қате түсінік. Бұл – қазақта жоқ, болмаған жағдай. «Дүмше молда дін бұзар» дегендей, дәстүрді бұрмалап түсіндіргеннен көпшілік шатысып жүр. Осындай кертартпа түсініктен белең алып кетіп бара жатқан қазақта жоқ мұндай нәрсені салт-дәстүрге қиянат жасау деп білемін. Қала берді бұл – қазақтың салтына қол сұғу.  Атауының өзінен-ақ бұл рәсімнің қырық күннен кейін жасалатыны белгілі ғой. Айталық, тіліміздегі «тоғыз ай, он күн көтерген» деген тіркес те нақтылықты көрсетіп тұр емес пе?! Ендеше, күн мен түнді біріктіріп есептей беруге болады деген түсінік қалай қалыптасып жүр? Әр нәрсенің өзінің белгілі бір себептерден шығатынына мән беруіміз керек. Осындай білместіктен абай болғанымыз жөн.

                                                                                                          Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: nashkinder.ru 

 

Баланы қырқынан шығарудың өз жөні бар

Баланы қырқынан шығарудың өз жөні барБала шыр етіп жарық дүниеге келген күннен бастап ретімен келіп жататын үлкенді-кішілі – шілдехана, ат қою, бесікке салу сияқты бала өмірінде айрықша орны бар тойлар туралы өткен сандарымызда айттық. Бала өміріндегі тағы бір маңызды шақтың бірі – сәбиді қырқынан шығару.

 Қазақ үшін қырық санының маңызы

Баланы қырқынан шығарудың өзі жайдан-жай шыққан нәрсе емес. Бір ескеретін жағдай, мен ештеңені ойымнан шығарып отырғаным жоқ, халықта бұрыннан барды айтам. Халық – ғаламат бір қазына. Соны білуге талпыну әрі өзің білгенді өзгеге үйрету – адамдық парыз.  Қырқынан шықпаған баланың еті мен сүйегі бірікпегенін білегінен ұстап байқауға болатынын өткен сандарымызда айтып өттік. Олай дейтініміз, қырық күнге дейін баланы «тіл тиеді», «сұқ өтеді» деп тіл-көзден сақтаған, көрсете бермеген, яғни ана үшін де, бала үшін де қырық күн – қауіпті кезең. Қырқынан шықпаған бөпені көруге үлкендер де талпынбаған. Сол сияқты қырқынан шықпаған баланың көзі де біртүрлі тұманданып, қайда қарап тұрғаны белгісіз болып тұрады. Тағы да қайталап айтам, қырқынан шықпаған бала әлі жердің баласы болып есептелмейді. Баланы қырқынан шығарған соң-ақ оның екі көзі жылтырап, жан-жағына көз тоқтатып қарай бастайды. Білегін ұстағанда ет пен сүйегінің біріге бастағаны байқалады, яғни сәбиді қырқынан шығару –  ет пен сүйектің біріккеніне жасалатын құрмет. Сонымен бірге халқымызда қайтыс болған адамның қырқын беру деген бар. Қайтыс болған адамның қырқын беру – аз болсын, көп болсын, біріне-бірі серік болған ет пен сүйектің ажырауына берілетін құдайы, өлімнің артын күту ғұрыптарының бірі. Өйткені дүниеден өткен адамның қырық күннен кейін еті мен сүйегі ажырайды екен…                                   

Әдетте ұл баланы қырық күнге жеткізбей (37-39 күнде), қыз баланы міндетті түрде қырық күн толтырып барып, қырқынан шығарады. Тіліміздегі «әйел қырық шырақты» деген сөз де осы жаймен байланысты айтылса керек. Қалай болғанда да, ұл мен қыздың дене бітімі екі түрлі. Әйел мен ер адамның күш-қуатында, жаратылысында, дене құрылысында өздеріне тән ерекшеліктері бар, бір есептен қыз бала ұлдан қарағанда нәзік қой. Ұл бала болмысынан төзімді, қайсар дегендей, сондықтан ұл баланы қырық күнге жеткізбей шығара береді. Бала өміріндегі кез келген қуаныш тойларының  әрқайсысының ізгі тілегі, мақсаты, танымдық үлгісі бар. Бала мазасызданып жылағанда, дұрыс ұйықтамағанда  әжелеріміз «бала қырқын күтіп жүр» деп жатады. Шынында да, құдайдың құдіретіне шек жоқ, жаңағыдай мазасыз жылаңқы баланы барлық жөн-жоралғысымен қырқынан шығарса, жылауы тоқтап, тынышталатын болған. Мұндағы тағы бір ерекшелік, баланы қырқынан шығаруға арнап шақырылатындар – әйел адамдар, осындағы жөн-жоралғыларды әйелдер атқарады. Бүгінде «әйтеуір қырқынан шығару керек» деген түсінікпен, оның астарына мән бермей жүргендер бар.  

                                                                                              Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: prodetey.ru

Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің…

Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің...Қазіргі келіндерге ұлттық өнегені көрсетіп, тәрбие беретін енелер азайды. Өйткені бүгінгі енелер мен әжелер – кешегі Кеңес өкіметінің келіндері. Олар көпбалалы болудан гөрі қызмет қуғанды қалады, ерлермен теңқұқықты болуға ұмтылды, осылай ерікті және еріксіз түрде ұлттық құндылықтан, тәрбиеден ажырады. Қазіргі жас келіндерді сол үшін де аяймын кейде. Өз басым, ұлттық тәрбиені алдымен өз келініме үйретіп, өз немерелерімнің бойына сіңіруге тырысамын. Өзіміз үйретпей тұрып, жастарды кінәлаудан аулақ болғанымыз жөн. Мақтанғаным емес, екі немереме де бесік жырын айттым. Үлкен немерем Нұрсұлтанның мінезі ауыр, салмақты. Ал Мадиярым төрттен асқанша жастықты тіземе салып, жата қалып, «әлди айт» дейтін. Бүгінге дейін: «Әже, маған әлди айтшы, ұйқым келді», – дейді. Оған өзімнің білетін бесік жырының барлығын, тіпті жанымнан шығарып айтып жүрдім. Ұғынықты әрі жаттап алуға ыңғайлы етіп:

                     Бөпем менің қайда екен?

                     Қыздарменен тауда екен,

                     Тауда неғып жүр екен?

                     Алма теріп жүр екен,

                     Қызыл алма қолында

                     Қыздар оның соңында,

                    Жүгіріп-жүгіріп жүр екен, – деген сияқты есте сақталатындай халық әніне салып айтамын. Ол бесік жырын тыңдап жатып маужырап ұйықтағанды жақсы көреді. Әуен, саз деген – құдірет. Алла тағала жеті дыбысты жаратқан, ал қазақ халқының тумысынан әнші халық екені әмбеге аян. Олай дейтініміз, қазақ баласының тілінің ерте шығып, өнерге үйір болуының бір ұшы осы бесік жырында жатыр.

 

Бесік жырының маңызы

Бесік жыры арқылы баланың тілі ерте шығатынына бүгінде мән бермейміз. Бесік жырын тыңдап өскен баланың есте сақтау қабілеті жақсы жетілетініне көңіл аудармаймыз. Бүгінгі ұрпақ шешендігінен, әншілігінен, ақындығынан, сабырлылығынан, парасаттылығынан ажырап барады. Бұл да – алаңдатарлық жай. Біздің елде ауыздан қалмай келе жатқан аңызға бергісіз әрі біздің әулетке қатысты бір әңгіме бар. Ертеректе бір келіншек бесігінен ажырамай жүрген баласын бесікке бөлеп, әлдебір жұмыстарымен шығып кетсе керек. Отағасы да сырттағы тіршілігімен кеткен. Жолай демалмақ болып тоқтаған бір жолаушы киіз үйдің тұсына келіп: «Кім бар-ау!» – деп дыбыс берген екен. «Кіре бер» деген дауысты естіп, ішке кірген жолаушы аңтарылып тұрып қалады. Үйде бесікте ұйқысынан оянған баладан басқа жан жоқ. «Өреде ашыма бар, өзің де іш, маған да бер» деген екен бала жолаушыға. Қазақтың баласының тілі жатықтығын, ерте шыққанын байқаймыз бұдан.                                                                                                                                  Қазақта «түйе мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі» деген сөз бар, сөйте тұра бүгінде өзге мамандық иелері ән айтса, біртүрлі тосырқап қабылдаймыз. Ән айту қазақтың қанында бар екенін айтып өттік. Ендеше, әншілік өнер қазаққа неге жат болуы керек?! Керісінше, кешегі от ауызды, орақ тілді, сөзге жүйрік бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы тілден айырылған. Мақалдатып сөйлеген былай тұрсын, көрген оқиғасын, оқыған әңгімесін баяндап айта білмейді, әсерлеп жеткізе алмайды. Ойын толық әрі түсінікті қылып, еркін сөйлей алатын, әңгіме айта білетін балалар жоқ. Ендеше, қазақы мінезіміз бен болмысымызға қайта оралу үшін әр ана бесік жырын айтып, сәбиінің бойына сіңіріп өсіруі керек. Бесікке асыла отырып мейірлене бала емізген анадан, бесік жырын айтып отырған келіннен сұлу әйел жоқ шығар, сірә! Осыны естен шығармағанымыз жөн.

Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: moyapsihologiya.blogspot.com

БЕСІКТІ КІМ ӘКЕЛГЕН?

БЕСІКТІ КІМ ӘКЕЛГЕН?

      Біздің қазақта бесік әкелу деген бар. Бұл салт, әсіресе, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жақсы сақталған. Тіпті бұл – Кеңес өкіметі кезінде де осы аталған өңірлерде маңызын жоймай сақталған салт. Бесікті баланың нағашы әжесі әкеледі. Келін босанғаннан кейін өзін-өзі сыйлайтын кез келген ана міндетті түрде құдаларына құтты болсын айтып, қызының қал-жағдайын білуге келеді. Бұл – ана үшін парыз. Өйткені жатжұрттық болған перзентің «ана» атанып жатыр. Ана болудың қандай екенін жүрегінен жұлып қызын ұзатқан әр ана жақсы біледі. Демек, қызының жағдайын білуге, құда-құдағиына құтты болсын айтып баруға әрбір қазақ әйелі міндетті.

Қазақтың жаңа түскен келіні басына ақ орамал салмаған. Олар әдетте көйлегінің түсіне орайластырып түрлі-түсті орамал таққан. Алғашқы перзенті туып, тұңғышын өмірге келтіріп, «ана» деген атқа ие болған кезде қыздың анасы ақ орамалын әдейі арнап алып келген. Тіліміздегі «ақ жаулықты ана» деген тіркес осыдан пайда болған. Жатжұрттық қыз өмірге сәби әкеліп, өзі ана атанғандықтан да басына салынған ақ орамалды «ананың ақ жаулығы, ақ орамалы» деп қасиеттейді.

БАЛА ӘСЕМДІККЕ БЕСІКТЕН ҮЙРЕНУІ КЕРЕК
Бесік әкелудің өзі керемет бір сән-салтанат десек те болады. Келіннің төркіні «іздеушісі, сұраушысы бар екен» дегізіп, бір топ болып келетін болған және де жай келмей, баланың бесік жабдығын түгелімен, түбек-шүмегіне дейін жасап әкелген. Бесіктің жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған. Түбегі мен шүмегінен басқа, қолтық жастық, тізе жастық дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті маталардан тігіледі. Бесіктің басына үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезден бастап үйренуі керек. Бала бесікте көп жатады. Бесік – баланың жылы ұясы. Баланың нағашы жұрты бесікпен бірге, немерелі болып жатқан құда-құдағиға да сый-сияпатын ала келеді. Қызы мен күйеу баласын да құр қалдырмайды. Әрине, мұның бәрі әркімнің қал-қадерінше жасалады, шелектік айраны бар қоңырқай тұрмыстылар өз шама-шарқынша дегендей… яғни белгілі бір тәртібі, қатып қалған қағидасы жоқ, әркім өз шамасына қарай атқаратын болған. Тұрмысы барлар баланың киім-кешегін, жөргегін салатын арнайы кішкентай сандыққа дейін жасап әкелген екен. Сәбилі болып жатқан қызының нәрестесіне бесік әкелу – қыз төркінінің, әсіресе, анасының парызы. Қазірдің өзінде бесік әкеліп жатқан, тіпті болмағанда баланың арнайы төсегі (манеж), арбасы, үстелі дегендей, балаға қажет жабдықты әкеліп жатқан аналар баршылық. Бұл – бір жағынан, құда-жекжат арасындағы үлкен сыйластық. «Бие құлындамаса, ат болады, ағайын-туыс алысып-беріспесе, жат болады» дегендей, бұл – екі жаққа дәнекер ғана. Әйтпесе ешкім алғаннан – бай, бергеннен кедей болмайды. Бесік әкелу құда-құдағи арасындағы көңіл сыйлау болса, екіншіден, жас босанған келіннің көңілі көтеріліп, сағынышы басылады әрі енесіне айта алмағанын анасымен бөліседі, көңілі өседі. Өйткені әр адамға өз анасынан жақын адам жоқ. Ал келіннің жүзі жарқын, көңілі тоқ болса, баланың да денсаулығы мықты болатыны белгілі емес пе…

Зейнеп АХМЕТОВА

 

БЕСІК ПЕН ШАҢЫРАҚ – КИЕЛІ ҰҒЫМ

БЕСІК ПЕН ШАҢЫРАҚ – КИЕЛІ ҰҒЫМ        Халқымыздың дарқан көңілі мен көл көсір пейіліне қарай біздің жеріміз де ұлан-байтақ кең далаға, өзен-көлге, орман-тоғайға бай. Халқымызбен бірге жасап келе жатқан небір әдемі де айшықты салттарымыз жетерлік Соның бәрінің көзін тауып, ретін келтіріп кешегі құндылықтарымызды бүгінгі жақсымен ұштастырып, тұрмысымызға енгізгеніміз дұрыс. Біздің салтта бәрі бар әрі текті, барлығының ізгі ниеті мен астары бар. Өзімізге мүлде жат әрі болмаған өзгенің салтын тықпалағанша, өзіміздің таным-нанымдарымызды насихаттасақ, ұрпақ алдындағы борышымызды өтеген болар едік.

        Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бірімен-бірі байланысып, ұштасып жатады. Осынау қасиетті үш затты қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған әрі күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған. Неге? Өйткені кез келген үй табалдырықтан басталады, отыңның басы сол табалдырықтан бастау алады. Ал бесікпен сенің ұрпағың, әулетің өседі. Бесік – киелі мүлік. Біз өмірге жаңа келген баланы періштеге балаймыз. Дүниеге жаңа келген бала періштедей пәк, таза. Сәби мен періштенің аты қатар аталады, сондықтан да бесікті қазақ таза ұстаған. Бесіктің бірде-бір затын кірлетпейді. Шаңырақпен еңсең биіктейді, түтінің шығады. Кей өңірде тым ескірген шаңырақтан ләйлекке (айст) арнап ұя жасайды. Бабаларымыз, осылайша, бір кездері түтіні шыққан шаңырақты да ендігі жерде балапанын өрбітетін құстың мекеніне, ұясына айналдыра білген. Шаңырақты қиратып кететіндер де болған, «шаңырағын ортасына түсірді, бесігін бұзды» деп жатады. Бұл – дұшпанның ісі.

       Бұрындары адамдар сырттан келгенге «ауылда осынша шаңырақ, осынша түтін бар» деп таныстырып жатушы еді. Түтіні шықпаған, ешкімі қалмаған үйді «оты өшті» деп жатады. Немесе қайсыбір асып-тасып тұрғандарға «әй, шаңыраққа қара» деп жатамыз. «Түтінің түзу ұшсын», «шаңырағың биік болсын» деп бір-біріне жүрекжарды тілегін айтатын да – біздің дана халық. Бүгінде осындай әдемі де астарлы сөздерді «жанұя» деген мағынасыз сөздің басып жатқаны өкінішті-ақ.

   Зейнеп АХМЕТОВА

 

Өзгеге еліктеуден не ұтамыз?

Өзгеге еліктеуден не ұтамыз?

Қазіргі кезде қазақтың ат қоюы өз бағытын жоғалтып барады. Олай дейтінім, өзіміздің ардақтыларымыздың емес, шетелдің танымал адамдарының есімін беру, біз үшін мағынасы жоқ әртүрлі аттарды қою белең алып бара жатыр. Бүгінде Диана, Тансу, Даяна, Алсу, Дамир деген сияқты қазаққа жат жеңіл аттарды қоюға әуестеніп кеттік. Одан кейінгі көңіл қынжылтарлық нәрсе – өзіміздің әдемі есімдерімізге келсін-келмесін «а» әрпін жалғап жүргендігіміз. Анарымыз – Анара, Жанарымыз – Жанара болып мәнін жоғалтып жүр. Ең сорақысы, ауызекі тілде айтылғаны былай тұрсын, құжаттарын солай толтырып жүргендер де баршылық. Сосын әп-әдемі аттарды екіге бөліп жазу «сәнге» айналды. Айталық, Алтын-Ай, Айдар-Бек деген сияқты… Мұны өздерінше жаңалыққа балап жүргендер бар, бірақ шындап келгенде, бұл да соқыр еліктеу ғой. Сондықтан есіміміздің дұрыс аталуы мен жазылуына да мән беру керек. Кеудесінде кішкене болса да ұлттық намысы бар, өзінің халқын, ұлтын мақтан тұтатын әрбір ата-ана баласына ойланып барып ат қойса екен деймін. Жаңа туып жатқан сәби ештеңеден хабары жоқ, өзін қалай атаса да бәрібір, ол біліп жатқан жоқ, бірақ есейе келе бала өз атының қандай мағынаға ие екенін білуге талпынады. Сондықтан ат қоюдағы үлкен жауапкершілік – ата-анада. Баласының өмір бойы көтеріп жүретін есімі болғандықтан алдымен ата-анасы бұған бейжай қарамай, барлық жағын ескеруі керек. Қанша жерден Батысқа еліктеп жаһанданып кетсек те, ата-бабаның киесінен, аруағынан аттап өтуге болмайды. Белгілі бір атты қоясың деп қысым көрсетіп жатқан ешкім жоқ, десе де әр бала есейгенде өзіне қойылған аттан ұялмаса, есімінің қойылу себебін біліп мақтанып жүрсе, атына лайық болып өсуге талпынып жатса жөн емес пе?!

Немеремнің есімі Нұрсұлтан

Момынқұл атамыздың немересі, менің қайным жақында өзі немерелі болды. Ұлының шаңырағында өмірге өздері көптен күткен егіз қыз келді. Олар әкелеріне хабарласып, «немерелі болып жатырсыз, атын қойып берсеңіз» деп өтінген екен: «Андағы жақын жердегі үлкен үйде, қара шаңырақта көкем отырғанда (Бәкеңді айтады) маған ат қой дегендерің не?!» – деп қайным жолды Бәкеңе берді. «Ата, біздің қыздарымызға ат қойып беріңіз» дегеннен Бәкең көп ойланған жоқ қыздардың есімдерін Айғаным, Зере деп қойды. Әрине, бұл – тарихта алтын әріптермен жазылып қалған әжелеріміздің аттары, ерекше есімдер. Бірі – Шоқандай ғалымды, бірі – Абайдай ақынды тәрбиелеген кемеңгер дана аналар. Қос сәбиге бірден сол есімдер қойылды. Бір қызығы, келініміз перзентханадан шығып келген күні телеарналардың бірі Айғаным әжеміз туралы тарихи деректі хабар көрсетіп жатқан екен. Ұзақ уақыт бала көтермей жүріп, қос бірдей (тфә-тфә) қызды дүниеге әкелген келініміз жаңағы хабардың перзентханадан шығып келе сап, бір қызына әжеміздің есімі берілгенде көрсетілгенін де жақсы ырымға балап, қуана хабарлап жатты. Сол әжелердегі қасиет қос періштеге жұғысты болсын деп ырымдадық біз. «Өзің ол әжелеріміз жайлы егжей-тегжейлі біліп алған соң, қыздарыңның бойына олардың даналықтарын сіңіре біл. Жақсы болып өсулеріне осы бастан тәрбиеле», – деп ол келінімізге жиі айтып отырамыз. Өзіміздің отбасымызға келсек, елу жыл Кремльдің құрсауында жатқан атаның алтын жұлдызын, шынын айту керек, Нұрсұлтан Назарбаев қызметіне кірісе сала алып берді. Қарапайым жұрт біле бермейді, бірақ өте көп күш жұмсап, сол алтын жұлдызды алып берген біздің Президентіміз. Елбасы «бір ғана адамды ұсынсақ, ештеңе ала алмай, құр қалуымыз мүмкін» деп атамен қоса Р.Қошқарбаев пен Қ.Қайсенов аталарды да ұсынды. Ең болмағанда біреуіне Батыр атағы берілсе деген тілек қабыл болып, атаның атағы қазақ халқының кеудесіне алтын жұлдыз болып тағылды. Бұған бүкіл ел қуанды. Тілек – халықтікі, еңбек Елбасынікі болды. Бұл – тарихи шындық. Бұл – қалай айтсақ та, тарихта қалатын ақиқат. Сол күндердің бірінде батырдың отбасына Президенттен жеделхат келді. «Бауырым, Бақытжан… – деп басталатын жеделхаттың соңы: – Баукең жұлдызды болған күн – халықтың жұлдызы жанған күн!» – деп аяқталған. Сол әділеттілік орнаған күннен бастап, еліміздің егемендігі бастау алды десек артық емес. Өйткені осыдан соң-ақ Кеңес Одағы ыдырады. Ал Орталықтан Қазақстанға келген соңғы жұлдыз атанікі болды. Сол жылы Назарбаевтар әулетінде дүниеге ұл бала келді. Ол балаға атаның атын беру арқылы батыр атамызға деген ілтипаты мен құрметін Нұрекең екінші рет көрсетті. Сол кездері «алғашқы немерем ұл болса, оған атаның жұлдызын алып берген осы кісінің атын қоямын» деген едім. Ата Махамбеттің өлеңдерін жатқа білетін. Ал Махамбеттің ұлының аты да Нұрсұлтан болған екен. Соның барлығы орайласып келіп, біздің немеремізді Нұрсұлтан деп атауымызға себеп болды. Біз өз шаңырағымыздың Елбасына деген алғысы мен құрметін осылай білдірдік. Кішкентай Нұрсұлтанымызға ататегінің өзіне үлкен жауапкершілік арттыратынын үнемі ұғындырып отырамыз. Ал екінші немереміздің атын нағашы атасы Мадияр деп атады…

 Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: funchild.ru

Атау беруге шебер халық

              

Атау беруге шебер халық

Тегінде біздің халық атау беруге шебер. Қарап тұрсақ, қазақ жеріндегі кішкентай бұлақ, жайдақ төбе, арықтай жыра, жылап ағып жатқан титімдей жылғаға дейін атсыз емес және солар жайдан-жай қойыла салмаған. Белгілі бір ерекшелігіне, қасиетіне, әлденеге ұқсайтын көзге ілінер көрінісіне сәйкес атты дәл тауып қойған. Балаға жыл мезгіліне қарай да есім берген. Мысалы, қыстауда туған баланы – Қыстаубай, жаз жайлауда дүниеге келген баласын Жайлаубек деп атаған деген сияқты… Наурыз айында туған баланы «қасиетті айда туылды, Ұлыстың ұлы күнінде дүниеге келді» деп ерекшелеген. Қызық болғанда, Кеңес өкіметі кезінде қазақтың ырымшылдығы тіпті шектен шығып кетті ғой, оған мысал – Совхозбек, Колхозбай деген сияқты аттардың көбеюі. Клара, Индира сияқты есімдердің көптеп кездесуі де – сол кезеңнің «жемісі». Бірақ қалай десек те бәрібір соның түбінде жақсы ниет жатыр. Бұлардың барлығы шынайы көңілмен қойылған есімдер. Мысалы, өмірден өткеніне жиырма сегіз жылдан асса да, тіпті сонау соғыс кезінен бастап, күні бүгінге дейін атаның есімін қою жалғасып келе жатыр. Бүкіл алты алаштың ардақтысы болған, халқым деп қабырғасы қайысып, елім деп еңіреп, бүкіл бір қоғамдық құрылысқа қарсы шыққандай болып, ұлты, тілі, халқы үшін ешқашан өзін-өзі аямаған қазақ халқының адал перзенті болғандықтан, халық атаның есімін ардақтап, ұрпағына атын беріп жатады. Кішкене болса да киесі жұғысты болсын, ата секілді намысшыл, өр, халқына жанашыр, ұлтын алға сүйрейтін адал азамат болсын деген ниет-тілекпен атаның есімін ұлықтап қойып келеді. Құдайға шүкір, елден, жұрттан айналайын, атаның атын осылай күні бүгінге дейін ұмыттырмай келе жатыр. Халықтың ардақтысы болған адамдардың атын қою – ол адамдардың есімін ұмыттырмау, қайтадан жаңғырту, ұрпақтың есіне салу сияқты үлкен маңызға да ие. «Саған пәленше деген атаның атын қойдық, ол кісі мынадай болған» деп баланы өнегелі етіп тәрбиелеуге мұның да тигізер пайдасы бар. Жаңағы кісілердің қадір-қасиетін арттыру арқылы сәби санасына жақсылықтың дәнін егіп, оны тәрбие көзіне айналдыруға болады. Балаға ардақты адамның есімін бере отырып, соған лайықты етіп тәрбиелемесе, ол – ата-ананың кінәсі. Өйткені сәбиіне үлкен адамның есімін беру үлкен жауапкершілік жүктейді. Бір жағынан, тұлғаның есімін берудің, қазіргі тілмен айтқанда, ғарыштық салмағы болатын болса, екінші жағынан, баланы соған сай етіп тәрбиелеуде ата-ананың парызы мол болмақ.  Айталық, бүгінде Абай атамыздың аты көптеп қойылып жүр, яғни перзентне үлкен адамның атын қойып, соны ұлықтаған ата-ана баласының сол атқа сай болып өсуіне үлкен күш салуға тиіс. Балаға сол аттың қойылу мәнін ұғындырып, оған кішкентай кезінен жауапкершілікті сезініп өсуіне ықпал еткен дұрыс. «Мен пәленше атаның атын көтеріп жүрмін ғой, ендеше, ол атқа кір келтірмеуім керек» деген сенімді жүрегіне ұялатып өсуіне ата-ана себеп болуы керек. Атақты, айтулы адамның атын қойып алып, бала келеңсіздікке ұрынып, жаман жолға түсіп кетсе, ол екі жаққа абырой әкелмейтіні сөзсіз…

Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: prodetey.ru

БАЛАҒА АТ ҚОЮ – АТА-АНА ҮШІН ЖАУАПТЫ ІС


 

БАЛАҒА АТ ҚОЮ – АТА-АНА ҮШІН ЖАУАПТЫ ІС

… Апам әлгіндегі ауыр үнсіздікті бөліп, әңгіме тақырыбын басқа арнаға бұрып жіберді:

    – Немереңе ат қойып бер. Балалар өзіңді күтіп, «атасы қойсын» деп отыр.

    Атам ойланып қалғандай болды.

    – Мен Москваға бара жатырмын. Қазір аяқ астынан қалай болса, солай бірдемені қоя салуға болмайды. Адамны ң аты иттің кличкасы емес. Ойланып өзім хабар берем.


Жарайды деп біз қалдық, хабарласам деп атам кетті. Ол кезде қазіргідей туыла салып атын қойып, перзентханадан куәлігін алып бірақ шықпайтын. Баламыз аты да жоқ,, кім екенін дәлелдейтін қағазы да жоқ, айға жуық жатты. Уақытша бірдеме деп атау керек қой, «Мырқымбай» дейміз, мультфильмдердің кейіпкерлерінің атымен «Умка», «Чипполино», «Гау-гау» дейміз. Әйтеуір қоймаған атымыз қалмады. Бір күні атадан хат алдық. Хатты маған арнап жазыпты. «Балам, мені сыйлағаныңа рақмет! Жолымды саған бердім. Атын өзің қойғын. Марқұм Жамал мен соғыста жүргенде Бақытжанның атын өзі қойған. Балаға туған анасынан жақын ешкім болмайды. Ал саған перзентіңнің қаншалық қымбат екенін дәлелдеулің қажеті жоқ. Атаң, гвардия полковнигі Б.Момышұлы. 12.ІХ.69».   

    Мен немересінің атын Ержан қойдым. Кейін атам: «Бұл да «жан» болды ма? Бірақ қазаққа тән жақсы есім», – деді…

                                                                       («Шуақты күндер»)

Қазақ халқының ерекше бір көңіл бөлетін ғұрыптарының бірі – өмірге жаңа келген бөпеге ат қою. Әрбір ата-ана өзінің баласына әдемі әрі мағыналы есімді қоюды қалайды. Сондықтан болар ырымшыл халқымыз перзентіне қол бастаған батырлардың, сөз бастаған шешендердің, ел бастаған билердің, жез таңдай, күміс көмей әнші-жыршылардың атын қоюға тырысады.

Балаға ат қойған кезде кез келген адамға емес, тағы да сол ырым қылып көпті көрген ел ағаларына, айналасына сыйлы, аузы дуалы кісілерге баласының атын қойғызуды мәртебе санаған. «Қырықтың бірі – қыдыр» деп келіп қалған қонағына да ырымдап ат қойғызған екен. «Бұл баламның атын пәленшекең қойып еді…» деп соны тіпті айтып жүретін болған. Бірақ қанша ырымшыл әрі үлкен адамдардың атын қойғанымен балаға өте киелі, қасиетті, әулие абыздардың атын қоймаған. «Ол өте ауыр болады, бала көтере алмайды» деп түсінген мұны. Халқымызда азан шақырып, ат қою деген сөз бар. Баланың атын қояр кезде үш қайтара «Аллаһу акбар» деп азан шақырып, содан кейін баланың құлағына қойылған атты үш рет айтады. Баланың есінде сол есім қалады, құлағына сол есім сіңеді деген ырым бұл. Ал кейде бала тұрмай жүрген жағдайда «көз тимесін», «тіл тимесін» деп әртүрлі, тіпті құлаққа ерсі естілетін оғаш аттарды да қоятын болған. Отбасында ылғи қыз болғандықтын «ұлды болсын» деген ниетпен қыздарға Ұлбосын, Ұлмекен, Ұлбала деген сияқты аттар қойылған.

 Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: romeolove.ru